БІЗ АУЫЛҒА БАРҒАНДА

Сәтбаев атындағы совхозға ұша алмай үш күн жүрдім. Жезқазған қаласының аэропортына соңғы рет келгенде, кәсіподақ төрағасы Файзулла Әжібеков пен сол ауылдың сыйлы қарияларының бірі, отыз жылдай сауда қызметінде істеп, екі-үш жылдан бері пенсияға шыққан Нұрпейіс Құрманбаев жолыға кетті. Күннің шайдай ашық екенін, пәленің бәрі аспанда емес екенін, пәленің бәрі Сәтбаев атындағы совхоздың аэродром коменданты Мұхтар шалда екенін солардан біліп алдық.

– Біздің Мұхтар күннің ашық-жабығына қарамайды, – дейді Нұрекең.

– Самолетті қабылдауға ерінсе, «әлеу, Сәтбаевта көз көрінбейтін боран соғып тұр» деп хабарлайды да, шалдармен бірге үй жағалап шеке жеуге жүре береді…

Қалжыңпаз, айткыштығымен аты шыққан Нұрекеңнің шыны ма, әзілі ме, ұға алмай қалдым… Сол екі ортада самолет бүгін де ұшпайтын болыпты деген хабар тиіп қалды. Бізден басқа жол тосқан он бес шақты адам тағы бар. Шұбырып аэропорт бастығының кеңсесіне бардық. Аэропорт бастығы Асқар Мақанов қабылдау бөлмесіндегі бізбен өз кабинетінде отырып, телефон арқылы тілдесетін болды. Бұл біздің жағдайымызды мүлдем қиындатып жіберді. Қашанда шағымды шуласып айтқан жеңіл емес пе… Телефон біреу-ақ…

Трубканы Нұрекеңе бердік:

– Асқар шырағым, біз мынау Сәтбаев совхозының адамдары едік… Иә-иә… келіннің дені сау ма?

– Сәтбаев совхозының адамдарымыз дегенді қайтсін, – деп сөзге қабаттасты Файзолла. – Арамызда Алматыдан келген журналист бар деңіз!

– Иә, ауылдан келгеніміз бар, Алматыдан келгеніміз бар, отыз адам үш күннен бері Сәтбаевқа ұша алмай жүрміз. Күн болса мынау, ап-ашық. Баяғыда, баяғыда деймін-ау, кешегі 45-ші жылы, көз көрінбейтін тұманда да дәл осы арбакеш самолеттер фашистердің төбесінен түспеуші еді…

– Ойбай, Нұреке, соны айтыңыз. Ұлы Отан соғысына қатысқаныңызды, ордендеріңіздің бар екенін неге қоспайсыз?! КСРО сауда қызметінің үздігімін деңіз…

Менің Алматыдан келгенімнің салмағы шамалы екенін сезді ме, Файзолла Нұрекеңнің өз абыройын алға тартты. Аэропорт бастығы қатқылдау жауап берсе керек. КСРО сауда қызметінің үздігі, пенсиядағы қарт коммунист Нұрпейіс Құрманбаев та нығыздыңқырай сөйледі:

Алматыдан келген тілшімен есептеспесеңіз, ол өз шаруаңыз. Бәрінен бұрын, біз осы совхоздың төрт адамы, кәсіподақтың тегін жолдамасымен Болгарияға туристік саяхатқа жүрмекші едік. Документтерімізді әзірлеп, өткізіп болғанымыз осы. Енді үй ішімізбен дидарласып, айтпақшы, үйде Балсары деген жеңгең бар, ана жылы өзің көріп ең ғой, иә сол Балсары жеңгеңнің рұқсатын алып, екі күнде ауданға қайта оралуымыз керек… Путевка күйіп бара жатыр. Осыны бір ойланшы, шырақ… Біздің Болгарияға жүретінімізді обком да біліп отыр…

Нұрекеңнің қай сөзі өтімді болғанын қайдам, жарты сағаттан кейін АН-2 самолетімен ұштық та кеттік.

– Айналайын обком, құдіретің күшті-ау! – деп шүкіршілік айтты Нұрекең, самолет Сәтбаевқа қарай анық бет түзеген кезде.

Жұмысшылар комитетінің төрағасы Файзолла Әжібековпен бұрын онша таныстығым жоқ еді, сөмкесін ашып, ішінен Мұқағали Мақатаевтың бір томдығын алды да:

– Біздің ауылдың баласы болсаңыз да, кітабыңыз біздің облысқа келген жоқ, – деді. – Мына кітапқа қолтаңба беріңіз…

Ішім жылып қоя берді… Нұрекең аудандық «Октябрь туы» газетінің соңғы нөмірін қолыма ұстатты. Жергілікті журналистің «Медпункт жабық тұр» деген мақаласы бар екен. Соны оқы деді. Оқыдым. Сәтбаев совхозындағы медициналық қызметтің өте нашар екенін, учаскелік ауруханада медицина сестраларының жетіспейтінін, бөлімшелердегі медициналық пункттердің 7-8 айдан бері біржола жабық тұрғанын, ал Жезқазған медициналық училищесін бітірген 7-8 адамның ауылда бөгде жұмыспен айналысып жүргенін жазыпты. Соның бәріне бас дәрігер Сайлау Сәбитов кінәлі көрінеді. Ауруханадан өзіне жақпаған қызметкерлерді қудалап, мамандығы болмаса да, өз туыстарын жұмысқа алған. Жедел жәрдем машинасын өз шаруасына пайдаланып, істен шығарып тастапты.

– Мақаланы жазған адам – білмейтін адам. Сайлау өз шаруасын да ондырып жүргені шамалы. Қасқыр аулаудан қолы тимейді. Соны жазу керек еді, – дейді Нұрекең. Туған ауылымның жағдайынан біраз хабардар едім, көңілім жүдеп қалды.

Екі сағаттан соң Сәтбаев совхозының орталығына келіп қондық. Жал-жал қарды күреп, қоналқа жерді ашып қойыпты. Аэродром басы қарақұрым кісі. Ауданмен де, облыспен де жол қатынасы жоқ, бір ғана АН-2 нің қанатына қараған ауылдың бар жүргіншісі осында көрінеді…

Сәлден кейін біз мініп келген АН-2 қайта гүрілдеп, көкке көтерілді де лезде көзден ғайып болды. Алыстағы ауылдың тып-тыныш аспаны тосындау көрінеді. Қыбырлаған көлік жоқ. Қозыкөш жердегі ауылға жаяулап шұбырдық. Топтың алдында – Нұрекең. Балсары жеңгемізге асығып бара жатыр-ау…

… Ауылда болған үш-төрт күн көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Былтырдан бері ат ізін салмаған ауылдың барша тіршілігі бүкіл болмысымен қайтадан алдыма тартылғандай…

… Арал Қарақұмының Байқоңыр даласымен ұштасатын талмау тұсындағы шөлейт аймақтан Сәтбаев атындағы совхоз отау тіккелі биыл тура он жыл болды. Осы шаруашылықты тоғыз жыл бойы облыстағы айтулы директорлардың бірі Ереже Шоланов баскарған да, соңғы бір жылда Жұматай Қасымбеков тізгінді қолға алды. Бұл екеуі – коллектив басқарудың бір-бірінен мүлдем алшақ екі стилін ұстанған жандар. Ереже Шоланов көбіне өзі біліп, өзі шешетін, қатты сөйлеп, қауырт қимылдайтын, қиын деген шаруаларыңыздың өзін тізеге салып, омыраулап жүріп-ақ орындап жүретін аса қажырлы адам еді. Жұматай болса, көбіне мамандарға, қоғамдық ұйымдарға арқа сүйеп, адамдардың өздеріне ерік беріп, сенім білдіргенді тәуір көреді. Қатты сөзі жоқ, сынық мінезді, аса сыпайы, интеллигент адам. Істің бәрін ақылдасып-кеңесіп шешуге бейім. Ереженің үзілді-кесілді бұйрықтарына бой үйретіп, басшының тегеурініне сеніп қалған ауыл адамдары Жұматайдың осы мінезін әлі күнге сан-саққа жүгіртеді.

Біреулер иі жұмсақ, жібі бос деп кінәласа, екінші біреулер жаңа директордың мұнысын үлкен тәсілге жориды.

Бұрын дәл осы совхозда бас зоотехник, партия ұйымының секретары боп қызмет істеп, шаруаға көзі қаныққан Жұматайдың Ережеге ұқсағысы келмегені деп ұғады. Ауылдағы әңгіменің түтіні әр жерден көрінетіні содан:

– Басшы адамның кесіп-пішіп айтпағанының несі жақсы дейсің…

– Алды-артын болжап барып бір-ақ айтады да, сонысынан айнымай қалады. Білетін бала!

– Біздің ауылға әзір ысқырынып тұрған басшы керек. Әйтпесе, бетімен кетіп калады…

– Не дегенмен, партия ұйымында тәрбиеленген жігіт кой, сыпайылығымен-ақ мысыңды басып жүре береді…

– Асықпа, еті үйренген сон, бұл да дікілдеп тұратын болады…

Бір қызығы, осындай алып қашпа әңгіме кеңсе маңындағы, ат үстіндегі адамдардың арасында ғана болып қоймайды, үлкен істен шеттей бастаған шал-шауқанның да аузына көп түседі. Ондай сөзді кейде Нұрпейіс, Мейрам секілді қарттар басып тастайды:

– Бір директорды басасауы бар дедіңдер, ендігісін жуас деп кінәлайсындар. Бұл ауыл ма, бұл ауылға жағу қиын!

Бірақ елдің аузына қақпақ қоя алмайсың. Ауылдағы үлкенді-кішілі шаруаның барлығына директорды қатыстырмай сөйлемейді. Көбіне мал жайы тілге тиек болады. Биыл қар жылдағысынан қалың түсіп, мал ертерек колға қарады да, шөп маялары лезде ошарыла жөнелді. Елу мың бас тебінге шықпаған соң, шөп шақ келер емес.

– Жылда үй қарасын көрмейтін осы ауылдың шөпшілері биыл жаз бойы киік аулаудан артылмай қойды. Директор күнде зер салып тұрмаған соң қайтушы еді… – деседі.

Шындығында дайындалған шөптің көлемі жылдағыдан артық болмаса, кем емес. «Қоянқарта», «Киік» сияқты үлкен шабындықтарды аралағанда, мұрты бұзылмаған үлкен маяларды көзіміз көрді. Соны қол созым жердегі қыстақтарға тасып беру қиын болып тұр екен. Ең бастысы, техника, техника емес – адам күші аз. Совхоздағы он К-700 тракторының алтауы былтырдан бері тоқтап тұр. Жүргізуші жоқ. «Киіктегі» негізгі маяның басынан бөлімше меңгерушісі Жандарбек Әбіловты жолықтырдық. Кара жер қозғалса, қозғалмас дейтін сабырлы жігіт еді, сабасына сыймай күйініп тұрғанын бірінші рет көрдім. Сөйтсем, шөп тасуға шыққан екі тракторшы – Абдол Жаналин мен Карақұмбай Қайратов тал түсте «тойып» алыпты. Бір қолын екі ете алмай отырғанда, екі інісінің жерге қаратқаны књйдірмей қайтсін…

Әупірімдеп жүріп К-700-дің екі тіркемесіне шөпті сірестіре тиеп, бесін кезінде Абдолды Коскөлге баратын күреме жолға түсіріп жіберген соң барып Жандарбектің қабағы ептеп ашылайын деді. Көз байланған кезде екінші К-700 жолға шықты. Рульде – Қожамұрат Есенов. Мен Қожамұратпен бірге жүрдім. Бір класта оқыған сырлас досым еді. Мұның да тракторшы болғанына 15-16 жыл болып қалыпты. Қысы-жазы үй қарасын көрмейтін, жұмыс десе бәрін тастап жүре беретін, соның арқасында алғысты да, абыройды да жинаған, аса орнықты жігіт. К-700-дің ұядай жып- жылы кабинасында сырттағы уілдеген боранды ұмытып, біраз сыр шертістік. Шаруашылыққа адам күшінің жетпей жатқаны совхоздың басшыларын ғана емес, тұрғындарын да мазалайтын көрінеді. Майдангер азаматтар мен олардың өкшелестері қазір жаппай пенсияға шығып жатыр. Ендігі жерде бар шаруаны атқаруға тиіс болса, олардың көбі мектеп бітірісімен қалалы жерге тайып тұрады. Онда да тындырып жатқаны шамалы… Әйтеуір, ауылда берекелі еңбек етіп жүрген жастарды саусақпен санауға болады. Мұқаш Сарбасов, Иманбек Көбегенов, Өмірзақ Кенжеахметов, Боранбай Тазабеков, Әбдіхамит Қызыров, Бүркітбай Жаналиев, тағы төрт бес жігіт. Бірі – механизатор, бірі – шопан, бірі – шофер. Жастарды ауылда орнықтырудың бірден-бір жолы деп жыл сайын мектеп бітірушілерден комсомол-жастардың шопандар бригадасы ұйымдастырылады. Жыл сайын тарап кетеді. Өткен жылы да Сайлаубек Құлманов бастаған 7-8 қыз-жігіт біріккен екен, бәрінің жабылып бағып отырғаны 700 тоқты. Мұның экономикалық тиімділігі қай деңгейде болмақ деген сауал бірден көлденеңдейді… Дегенмен шаруашылықты рентабельді негізге көшірудің біраз талаптары жасалып жатқаны сүйінтеді. «Қоянқартадан» ашылған мал бордақылау пункті сондай игі шараның бірі ме дедік. Социалистік Еңбек Ері Әбілқас Сыздықов пен Иманбек Көбегенов басқарған шағын топ қыс ішінде бордақылық етке тапсырған тай-құнанның, кәрі жылқының әрқайсысы салмақ басып, еңбектері жаныпты. Осындай өрелі істер Сәтбаев атындағы совхоздың экономикасын өрге бастырып жатқаны аян. Жыл сайын жоспардан тысқары мыңдаған қозы, ондаған бота мен құлын табынға қосылады. Соның нәтижесі – 1983 шаруашылық жылын совхоз 900 мың сом таза пайдамен аяқтап шықты. Қожамұрат Есеновтың да, өзге өндіріс озаттарының да көңілін тасытып жүрген мұндай игілікке шынымен қуанады екенсің.

Қожамұрат екеуіміз жолшыбай Қойшыбай мен Кәрібай Нұркеевтің жылқы қосына, Қуанышбай Досжановтың қой отарына соқтық. Қай ауылда болсын қоғам малы үшін табиғат кәріне қарсы тұрып жатқан еңбеккер адамдардың жүзі жарқын, ісі өнімді.

Түннің бір уағында, Шұбаркөлдің тұсынан өте бергенде, тоқтап тұрған манағы Абдолдың К-700 тракторын қуып жеттік. Күндізгі «серуеннің» желігі басыла қоймаған Абдол кінәлі ме, әлде техниканың өзінде бір кінәрат болды ма, әйтеуір трактор айдалада өшіп қалыпты. Жол бойы жағалай шашылған шөпті көріп, күндікке ыза болып келе жатқан Қожамұрат әуелі кабинасында мүлгіп отырған Абдолды біраз сілкіледі. Сақылдаған сары аязда дірілдеп жүріп, өз тракторына Абдолдың тракторын тіркеп, сүйрелеп, бір сағаттың шамасында әрең от алдырды да, тағы да жолға салып берді. Түн жарымы кезінде ел қарасына іліктік. Қыстың көктемге ұласар осы бір күндері Сәтбаев совхозы үшін барлық ауыртпалығымен, қат-қабат қиындығымен қоса келді. Қарлы боран ауданға баратын жолды да, мал қыстақтарына баратын күремелерді де сипап өтті. Қақаған аяз жылу жүйесін де істен шығарды. Аурухана, мектеп пен интернат, кеңсе ызып қоя берді. Оның үстіне, бірер отардың шөбі таусылып қалды. Жеке меншік мал ұстайтын үйлер де албарының ортайғанын айтып, кеңсе келгіштеп кетті. Осы шаруалардың бәрінің барып тірелер жері Жұматайдың алды… Жас директор байбалам-күйгелеңі жоқ, байсалды мінез танытып, орнықты істерге мұрындық бола білді. Оның осындай сабырлы қалпы мамандарға да сенімді сүйеу болды. Сапар Қайратов, Сенбі Жиенбаев, Жандарбек Әбілов, Иманбек Көбегенов секілді өңшең жөн білетін жігіттер бар шаруаның басы-қасында жүріп, қайрат көрсетті. Олармен тізе қосып жанқиярлық танытқан қанша шопанның, механизатордың табандылығы осы күндері елдің аузына ілікті. Осының бәрі директордың да арқасын кеңейтіп, қолын ұзарта түсті.

Қыс қаһарының беті қайтты дегенде облыстағы ең үздік шопан деп саналған Мейрам Жақаев қария тағы бір шаруаны күні бұрын болжап отырғанын сездірді.

– Бұл үргін-сүргін жылда көріп жүрген жағдайымыз ғой. Әні-міне дегенше қардың да көбесі сөгіліп қалады. Осы совхозда көктемгі көші-қонға қажет бензин-солярканың қоры бар ма екен. Соны ескеріп пе Жұматай? – деді. Шынында да, бұрынғы директор жанармай билігін өз қолына ұстап, тістей қатып, жылдың қай мезгілінде болса да 20-30 тонна бензинді іркіп отыратыны бњл ауылға мәлім еді. Жұматай май тізгінін бас инженер Серікбай Бимағамбетовке берген. Ол да үлкен шаруаға енді араласқан жас жігіт. Артын ойлай алды ма екен…

Осы жүнін директорға ескертпекке Мейрам Жақаевқа ілесіп, кеңсеге мен де бардым. Жұматайды шұғыл түрде ауданға шақыртып кетіпті. Ол екі арада почтадағылар Мекеңе әскердегі баласы Серіктен келген хатты табыс етті. Азаматтық борышын өтеп бітіп, май айында ауылға келеді деп отырған Серік бір екпінді құрылысқа көңілі кетіп жүргенін айтып, әкесінен рұқсат сұрапты.

– Атасының басы! – деді Мекең күйініп. – Екпінді жұмыс іздесе, осында келмей ме! Оз ауылын төрт аяғынан тік қоймай тұрып, екпінді құрылыс іздеген несін алған?!

– Әлгі біздің ұлға телеграмма жіберші! – деді почта бастығы Бәкірге: – Былшылдамай мерзімі біткесін тез ауылға қайтсын. Осы Қарақұмның бейнетін кешкеніміз аз ба, көп пе?! Ендігі кезек соныкі, солай деп жаз. Әй, тоқта жазбай-ақ қой. Менің айтқанымды айна-қатесіз жеткізетін орысша саған қайдан келіп қалыпты? Үйге барып, өз қолыммен хат жазайын.

Мекең почтадан маркасы жоқ конверт алып, үйге қайтқан кезде, кең даладағы оқшау селоның үстінен бір айналған АН-2 самолеті қонуға беттеп бара жатыр еді. Ауылдың біраз адамдары аэродромға қарай шұбырыпты. Болгарияға туристік саяхатқа баратын үш жерлесін ерткен Нұрпейіс Құрманбаев оларға бір бүйірден қосылып барады…

Автордан:

Кезінде «Қазақ әдебиеті» үшін жазылып, әлдебір себептермен жарияланбай қалған бұл очерк менің архивімде тоғыз жыл жатқан екен. Уақыт қандай жүйрік десеңші! Осы шағын ауылдың бейнесіндегі өзгерістерден-ақ замана желінің қалай ұйытқығанын жазбай тануға болатындай: совхоз да жоқ, обком да жоқ…

Шаруашылық ұжымы бар. Соны леп, тыныс бар. Алыстағы ауылға көтерме жол салып, күнара автобус қатынайтын болды. Теледидар барды.

Адамдарды айтсаңызшы! Күлкіден езу жидырмайтын ағамыз – Нұрпейіс Құрманбаев дүние салды. Өзгелері сау-саламат, қайта құру дейтін бір дүрбелең дәуірді де шығарып салып, енді баюдың көзін таба алмай, сабылып жүр. Ереже Шоланов болса, қазір осы ауданның әкімі. Жұматайдан хабарым жоқ. Иманбек Көбегенов құрдасым бірер жыл рабкооптың бастығы болып, түкірігі жерге түспей жүр еді, қазір қайтадан «шопыр» болып қалды. Жер қозғалса қозғалмайтын Қожамұрат бір жолы басшыларға қатты ашуланып, тракторымен кеңсені итеріп тастаймын деп, жұмыстан шығып қалып… Қазір қайтадан трактор айдап жүр. Қарақұмбай қой бағып кетті. Мейрамның әскерден келген баласы Серік те бір мәшиненің асты-үстіне түсіп жүрген көрінеді.

Осының бәрі – Өмір.

ЖҮРСІН ЕРМАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *