1. ЕҢ ЖАҚСЫ ҚАСИЕТТЕГі ҮЗДІКТІК. Көптеген қасиеттердің ішінде біреуі басты болуы тиіс. Кез келген белгілі адамның өзіне тән бір қасиеті болады; ал қарабайырлық ешкімді қызықтырмайды. Тек бір нәрседе артық болу ғана топтан шығарып, көрнекті адамдардың қатарына қосады. Қарапайым істе ерекшелену елеусіздіктен дұрыс: бірақ оңай жерде даңқ та аз болады. Ұлы істерде көзге түсу патша айбыны сияқты -таңырқату туғызып, жүректі шымырлатады.
  2. ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІ ТАҢДАЙ БІЛУ. Біреулер оңбаған көмекшілерінің барлығын мақтан етеді. Қатал жазаға лайық қауіпті мақтаныш! Қызметшінің адалдығы мырзасының қасиетін кеміте алмайды: сәтті кездегі бар абырой да, сәтсіздіктегі бар мазақ та соған бұйырады. Даңқ бастықтарға ілеседі. Ол: “Біреудің жақсы немесе нашар қызметшілері болыпты» демейді, “Әлдекім өз ісінде ақылды не ақымақ болған екен» дейді. Сонымен, өз атыңның өшпестігін кімнің қолына сеніп тапсырасың, таңда.
  3. АЛҒАШҚЫ ҚАРЛЫҒАШ БОЛУДЫҢ АРТЫҚТЫҒЫ. Әрі ол ұлы болса, артықтық екі еселенеді. Алғашқы жүріс басымдық береді. Егер оларды басқалар басып озбағанда, көп адам өз ісінің фениксі болар еді. Даңқты іліп әкететіндер алғашқылар, басқалардың еншісіне аянышты түйірлер ғана қалады — қанша тер төксең де еліктеуші атынан құтылмайсың. Өз қабілетіне жаңа жолдар аша білетін дарынды дұрыс істейді. Даналар жаңалықтарының сонылығымен, жолдарының саралығымен өздерінің өшпес атын қалдырып кетті. Кейбіреу бірінші қатарда екінші болғаннан, екінші қатарда бірінші болғанды қалайды.
  4. ӨЗІҢДІ ҚАМЫҒУДАН САҚТАУ. Іштей мүжілуден сақтану әрі көңілге қонымды, әрі пайдалы. Естілік көп нәрседен құтқарады; ол Луцинаның* бақыты, демек — ризалығы. Ұнамсыз хабарларды таратпа да тыңдама: олардың есігіңнен кіруіне тыйым сал. Біреулер тәтті қолпашты күні-түні естуге, ал кейбіреу өсек-аяңды жалықпай тыңдауға дайын, сондай-ақ Митридаттың усыз тұра алмағаны сияқты**, күн сайын ренжіспесе көңілі көншімейтіндер де бар. Басқаға, мейлі ол ең жақсы досың болсын, жағыну үшін бір рет жасалған қылықтан өз басыңа өмір бойғы қайғы тілеп алсаң — тыныштығыңа одан өткен зиян жоқ. Кеңес беріп, өзі тысқары қалатынның ризалығы үшін өз басыңа қарсы ешқашан күнә жасама. Осындай кез келген жағдайда парасат үнін ұмытпа: соңынан өзің оңбай опық жегеннен, қазір басқа біреу ренжісін.

/*Луцина — Юнонаның лақап аты, дүниеге келетін жаңа өмірдің жебеушісі. Римдіктер ерекше құдай ретінде оның құрметіне храмдар мен алтарьлар салған/.

/**Римдіктердің қас дұшпаны, Понт патшасы Митридат VІ Евпатор денесін уға үйретіп, уланушылардан қауіптенбес үшін удың белгілі бір мөлшерін күнделікті қабылдап отырған/.

  1. НӘЗІК ТАЛҒАМ. Ақыл сияқты талғам да мәдениетті қажет етеді. Кім нәзік сезіне білсе жақсыны қаттырақ аңсайды. Түсінік тереңдігі ұмтылыстың биіктігінен байқалады. Үлкен ыдысты толтыру үшін көп сұйық кетеді; қырғауыл тойымсыз қомағайлар үшін дәмді тамақ, ал нәзік талғамды адамдарға — әсемдік белгісі. Рас, батыл ойлардан қорқамыз, тіпті айқын қасиеттердің алдында күдіктенеміз: жарық жұлдыздар сирек — тым болмаса мақтауға сараң бол. Талғамдар жұққыш, қатынасу мен тұқым қуалау арқылы беріледі; сондықтан жақсы талғамды адамдардың ортасына түсу — үлкен бақыт. Дегенмен, бәрін шетінен сынауды әдетке айналдырмаған жөн — бұл, әсіресе зәрін шашудан емес, қылымсудан туса, жек көру туғызады. Біреу басқалардың таң қаларлық қиялына сүйсініп, Құдай әсемдіктің жаңа ғажаптары бар жаңа әлем* жасар ма екен депті.

/*Птоломей кестелеріндегі аспан денелері қозғалысының өте шиеленіскен жүйесімен танысқан Кастилия мен Леонның королі Альфонс Х, аңыз бойынша, егер ғаламды мен жасасам, оны әлдеқайда түсінікті етер едім депті. Әсемдіктің жаңа ғажаптары бар жаңа әлем дегенде осыған мегзелген/.

  1. СӘТТІ АЯҚТАУ ТУРАЛЫ ОЙЛАНУ. Кейбіреу мақсатқа жету туралы ойланудың орнына, о баста ұстаған бағыттан ауытқымаудың қамын жейді; бірақ ойдағыдай бітпеген іс үшін жазғыру әрқашан ынта-ықыласты мадақтағанды жоққа шығарады. Жеңімпаз ақталуды керек етпейді. Көпшілік жағдайды дұрыс бағалауға қабілетсіз және тек жақсы не нашар салдарды көреді; сонымен, мақсатқа қол жеткізген екенсің, демек ізгі атыңа нұқсан келмейді. Сәтті аяқтау бәріне оң сипат береді, ал оған жету тәсілдерінің қандай болғаны онша қаперге алынбайды. Ақылдылардың ережесі — өзге жолмен бастағанды аяқтау мүмкін болмағанда, нормаға қарсы жүру.
  2. МАДАҚТАЛАТЫН ІСТЕРМЕН АЙНАЛЫСУ. Өмірде көп нәрсе адамдардың пікіріне байланысты. Гүлдер римдіктердің батыс желі -фавонийды қалай керек етсе, қабілеттер де мақтауды солай қажет етеді. Бәрі құрметтейтін істер бар, сондай-ақ басқа, жоғары тұрса да онша көрінбейтін істер болады; алғашқылар бәрінің көз алдында болатындықтан, барлығы оған сұқтанады; соңғылар таңдаулы әрі сирек кездеседі, тұңғиық тереңде жатады, оларды қадірлейді, бірақ ардақтап, даңқын шығармайды. Патша ағзамдардың ішінде жеңімпаздары атақты болады, сондықтан да Арагонның жаулаушы — конкистадор корольдерінің даңқы шарықтап кетті. Ұлы қайраткер даңқ әкелетін істермен айналысады, халық мақтауы оның атын өшпестей етеді.
  3. ОЙ САЛУ. Бұл еске алуға алып келгеннен күрделірек. Кейде еске салу керек, кейде кеңес беру қажет. Адамдар көбіне ойланбайтындықтан да қажетті қадамды жасамайды; бұл жағдайда достық кеңес берген орынды. Ақылдың бағалы қасиеттерінің бірі — маңызды нәрсені уақытында ұғыну. Мұндай қасиеті жоқтар көп сәтті қолдан шығарып алады. Зерек көмек берсін, аңқау оны пайдалансын; бірі пайымды, екіншісі ықыласты болсын. Ой салу өнері ол бағытталатын адамға пайда әкелген жағдайда өте құнды болады. Мұны жеңілдікпен жасау керек, бірақ қажет кезде табандылық танытқан да дұрыс. “Жоқ» деу оңай, “иә» деу қиын: көбіне таппайды, өйткені іздемейді.
  4. АУМАЛЫ-ТӨКПЕЛІ КӨҢІЛ-КҮЙГЕ БЕРІЛМЕУ. Орынсыз тілектерді уысында ұстайтын адам тегін емес. Парасат өзің туралы ойлануға, қазіргі жағдайыңды бағалап, оны түзеуге үйретеді. Өзіңді бағыттау үшін өзіңді таны.* Тұрақсыздық құбыжықтары болады, олардың көңіл-күйлері мен құштарлықтарында бүр болмайды; өзіне ие бола алмайтын олар үнемі басын тауға да, тасқа да соғып жүреді. Мұндай өзгергіштік жігерді жасытып қана қоймай, пайымдауға әсер етеді, тілекті де, түсінікті де бұрмалайды.

/*“Өзіңді өзің таны” — Дельфтағы Аполлон храмының маңдайшасындағы жазу. Нақыл Милеттік Фалеске, Лакедемондық Хилонға, сондай ақ Приендік Биантқа телінеді/.

  1. БАС ТАРТА БІЛУ. Үнемі бас изей беруге болмайды. Бұл да көну, жол бере білу сияқты маңызды, әсіресе билік басындағыларға маңыздырақ. Мына жайды ұмытпа: біреулердің “жоқ» дегені басқалардың “иә» дегенінен жайлырақ естіледі, құрғақ келісуден гөрі сыпайы қайтару жанға жеңілірек. Көпшіліктің аузында әрқашан “жоқ» тұрады және ол бәріне күйініш туғызады; “жоқты» олар бірінші айтады және кейін келіскенмен, бұл енді бұрынғы реніштің әсерінен бағаланбайды. Бірден бас тартпа, біртіндеп көңілі қайтсын; үзілді-кесілді бас тартуға да болмайды, бұл қатынасқа көлеңкесін түсіреді. Үміт ұшқыны қалсын, олар қабыл алмаудың күйінішін басады. Сыпайылық рақым етудің кемшіліктерін жасырады, жақсы сөздер жоқ істерді ауыстырады. “Жоқ» не “иә» деп айта салу қиын емес, алдымен жақсылап ойланып ал.
  2. ҚҰБЫЛМАЛЫ БОЛМАУ, ЕСЕРЛІКТЕН ҚАШУ — жібі түзуліктің белгісі. Есті адам тұрақты болады, бұл даналық кепілі. Ол көзқарасын себепсіз өзгертпейді. Үлкен істерде тұрақсыз болу — кемшілік. Өзіне бір күн де ұқсамайтын адамдар бар, тіпті олардың тілектері мен көңіл-күйлері тұрмақ, ақылдары да құбылмалы: кеше сізді “иә» деп қарсы алса, бүгін “жоқ» деп түнереді. Оларға адам сенуден қалады.
  3. БАТЫЛ АДАМ. Батылсыздық іске шамасы келмеуден де нашар. Ағын су емес, тұрып қалған су бұзылады. Біреулер басқалар түртіп қалмайынша бір де қадам жасамайды; себеп ақылдың топастығында емес, босаңдығында. Қиындықты көре білу үшін ақыл керек, ал одан шығудың жолын табу үшін кемеңгерлік қажет. Біреулерді ешнәрсе де абыржытпайды, бұлар — ұлы, табанды ақылдың адамдары; олар үлкен істер үшін туылған, түсіну айқындығы іс-әрекеттің жылдамдығын қамтамасыз етеді және бар іс оларға жеңіл тиеді. Олардың кейбірі бұл дүниенің істерін бір жақты қылып, о дүниенің шаруасымен де айналысып үлгерді*. Өз жұлдызына сене отырып, олар іске бар батылдықпен, табандылықпен кіріседі.

/*Мұнда 1555 жылы тақтан бас тартып, монастырьға кеткен император Карл V айтылып отыр/.

  1. ЖАЛТАРЫП КЕТУ. Парасатты адамдардың әдісі. Тапқыр әзілмен олар ең шиеленісті жағдайдан шыға алады. Олар ең бір қызу таластан күлкімен шығады. Ұлы капитандардың ұлысы* осы қасиетімен даңққа бөленді. Тікелей бас тартпаудың сыпайы тәсілі әңгіме желісін өзгерту; кейде түсінбеген сыңайда болудан артық ақылдылық жоқ.

/*Мұнда Италияда француздарға соққы беріп, испан тәжі үшін Неаполитан корольдігін басып алған жеңімпаз науқанда даңқы шыққан атақты испан қолбасшысы Гонсало Фернандес де Кордова айтылып отыр/.

  1. МЕНМЕН БОЛМАУ. Халқы көп қалаларда екі аяқты хайуандар да кездеседі. Өзіне жақындатпау — өзін танымағандардың кемшілігі; құқық көп болған сайын мінез де шырт келеді. Өзіңді құрметтесін десең, тіл тигізуден бастама. Долылыққа әрқашан дайын тұратын мына бір типке көз салып көрші! Кім оған тәуелді болса, соның басынан қайғы арылмайды, онымен әңгімелесуге жолбарысқа барғандай сақтықпен жақындайды. Ол өз орнына жеткенше бәрінің бабын таба біледі, жетіп алған соң осынысының есесін қайырып, барлығының ызасына тиеді. Қызметі жағынан олар бәрімен болуы тиіс, бірақ олардың дөрекілігі мен дандайсуы барлығын бездіріп жібереді. Мұндайлардың әдепті жазасы — олардан бойыңды аулақ ұстау.
  2. БАТЫРЛЫҚ ҮЛГІСІН ТАҢДА: еліктеу үшін емес, жарысу үшін. Ұлылықтың, даңқтың тірі шежірелерінің дәлелдері аз емес. Соңынан ілесу үшін емес, басып озу үшін өз істеріңде алғы шептегілерге қара. Александр өлген Ахиллеске емес* әлі ерліктер жасамаған өзі үшін жылады. Атаққұмарлықты өзгенің даңқ кернейінің үнінен артық ештеңе қоздырмайды. Ол қызғаныш та тудырады, жігер де береді.

/*Плутархтың баяндауынша Илиондағы Ахиллестің моласына венок қойған Александр Ахиллесті бақытты санайтынын мұңая айтқан, өйткені оның өмірде — адал досы (Патрокл), өлгеннен соң — өз даңқының ұлы жыршысы (Гомер) болды/.

  1. ӘРҚАШАН ӘЗІЛҚОЙ БОЛУ ЖӨНСІЗ. Парасаттылық шын істерде танылады, ол әзілқойлыққа қарағанда жоғары бағаланады. Үнемі қалжыңдайтын адам — бос адам. Мұндай адамдар өтірікшілерге ұқсайды: оған да, бұған да сенбейсің — біреуінен алданып қалудан қорқасың, екіншісі мазақ етер дейсің. Олардың әзілдеп тұрғанын не шын айтып тұрғанын ешқашан білмейсің, демек олармен әңгімең жараспайды. Үнемі қызық-думанда болу іске кедергі. Біреулер қалжыңбас атын иеленеді, бірақ ақылдылардың құрметін жоғалтады. Тамаша-сайранның өз сағаты бар, қалған уақыт — іске арналсын.
  2. ӘРКІМГЕ БЕЙІМДЕЛУ. Протей ақылды еді — ғалыммен ғалымша, әулиемен әулиеше араласатын. Көңілді таба білу ұлы өнер: ұқсастық тілектестік тудырады. Мінездерді танып, соларға орай бейімделу әсіресе бағыныштылар үшін ерекше маңызды. Тұрмыстық бұл өнер көп білімді қажет етеді, ол ақылды әрі туа біткен талғамы бар әмбебап адамға қиынға түспейді.
  3. БАСТАУ ӨНЕРІ. Ақымақтық ойланбастан қимылдайды, ақымақтар — шетінен батыр. Олар өздерінің аңғалдығынан істің басында кедергілерді көрмейді, есесіне соңынан сәтсіздікке көп қайғыра да қоймайды. Парасаттылық іске абайлап кіріседі, оның тыңшылары, Болжау мен Ойлау, бөгетсіз жүру үшін жолға барлау жасайды. Асығыстықты Байсалдылық сәтсіздікке бұйырған, дегенмен кейде оны Сәттілік құтқарып қалады. Терең деп ойлаған жерден сақ өт: Көрегендік су түбін сезе біледі, Парасаттылық жағалауға жетелейді. Бүгінде адамдармен араласу кезінде қайраңға шығып қалу жеңіл, лотты жиі түсіріп отыр.
  4. ТАУЫП АЙТУ ДАРЫНЫ. Шамадан шықпасаң, бұл кемшілік емес, қасиет. Аздаған ащылық астың дәмін кіргізеді. Тіпті ұлы адамдар да өткір сөзбен шаншып алудан қашпайды, бірақ әдептілік пен сыпайыгершілік ауқымынан шықпайды. Біреулер әзілді амал ретінде пайдаланады, өйткені кейбіреу оларды шын қабылдағанмен, қайсыбір нәрселерге қалжың тұрғысынан қарау дағдысы бар. Рухтың мұндай сабырлылығы — жүректер үшін еліктіргіш.
  5. КӨП СЕНЕ БЕРМЕУ. Басқалар туралы көргенімізден естігеніміз көп болады; біз естігенімізбен өмір сүреміз. Есту шындық үшін қосалқы есік те, өтірік үшін басты есік. Шындықты біз көбіне көреміз, бірақ аз естиміз, ал таза күйінде мүлде естімейміз дерлік: онда біреудің қоспалары болады. Әсіреқызылдық жанаған нәрсенің бәрін өз түсіне бояйды; ол үшін бастысы — әсер туғызу. Біреуді біреу мақтаған кезде, әсіресе жазғырған уақытта сақ бол. Айтушының ниетін білуге, оған не түрткі болғанын түсінуге тырысып бақ. Ойлану сені ақымақтықтан да, ұждансыздықтан да қорғасын.
  6. ӨЗ АБЫРОЙЫҢДЫ ЖАҢАРТЫП ОТЫР. Феникстің артықшылығы. Ұлы нәрсе де ескіреді, онымен бірге оның даңқы да азаяды. Әдет таң қалуды кемітеді, ал жаңа қарабайырлық ескі атақты қалқалайды. Сонымен, қайта түле — айбыныңды, талантыңды, жеңісіңді, бәрін жаңарт; әр кезде күн сияқты жаңа нұрға бөлен, бір жерде сенің болмауың өзіңді қалаулы ету үшін, ал бір жерде сонылығың қуаныш тудыру үшін тұғырларыңды ауыстырып отыр.
  7. ЖАМАНДЫҚТА ДА, ЖАҚСЫЛЫҚТА ДА ШАМАНЫ БІЛУ. Бір данышпан бар даналықты шамаға сайыпты*. Шектен шығу шындықты да бұрмалайды; апельсинді сыға берсе қышқыл ағады. Егер талантты ысырап етсе, ол тез таусылады. Ұятсыздықпен сауа берсең, сүт орнына қан шығарасың.

/*Бұл ойды ежелгі жеті данышпанның қатарына кіретін Клеобул немесе Солон айтқан болуы мүмкін/.

  1. ҰСАҚ САЛАҚТЫҚТАРҒА ЕРІК БЕР. Кейбір кемшілік қасиеттеріңді ашып көрсетеді. Қызғаныш үнемі тіміскілеп жүреді. Ол кемелдікке оның мүлтіксіздігін кінә етіп қояды, ешқандай кемшілік таппағандықтан, бәрін сынауға көшеді; ол Аргусқа* айналады, кереметтен кемістік іздеп, содан алданыш табады. Жамандау, найзағай сияқты, неғұрлым биік абыройға түседі. Сондықтан да Гомер кейде қалғып алсын**, талант немесе ерлік істерде аздап ұқыпсыздыққа ерік берсін: уға біртіндеп толып, жарылып кетпес үшін ашуды тыныштандыру керек. Сен осы арқылы мәңгілікті құтқару үшін, күншілдік бұқасына шапаныңды лақтырғандай боласың.

/*Аргус — жүз көзі бар, оның жартысы әрқашан ашық тұратын аргив патшасы. Қызғаншақ Юнона оған Юпитердің сүйіктісі, сиырға айналдырылған Ионды бағуды тапсырады, бірақ Меркурий сыбызғы үнімен Аргусты ұйқтатып, оның басын алады. Сонда Юнона оның көздерін тауыстың құйрығына ауыстырады/.

/**Горацийдің сөзі/.

  1. ЖАУЛАРЫҢНАН ПАЙДА КӨРЕ БІЛУ. Кез келген нәрсені дұрыс пайдалану керек: қылыштың жүзінен ұстасаң, қолыңды қанатасың, сабынан ұстасаң — өзіңді қорғайсың. Ақымаққа достарынан гөрі, ақылдыға жауларынан келетін пайда көбірек. Игі ниеттілік өте алмайтын қиындықтарды кейде дұшпандық жеңілдікпен тегістеп тастайды. Көп адамға олардың жаулары даңқ әкеледі. Жағымпаздық жек көруге қарағанда қауіптірек; бірі кемшіліктерден құтылуға көмектеседі, бірі оларды жасырады. Парасатты адам жұрттың ашу-ренішін өзіне айна ретінде пайдаланады және әшкерелеуге тойтарыс береді не кемшілігін жөндейді. Бақталастықпен, теріс ниеттілікпен көрші болғанда әрқашан абай болғын.
  2. ТӨМЕНШІК БОЛМАУ. Көркем де әсем нәрсе көп қолданылса солғын тартады. Әуелі оны аңсайды, қолға түскен соң жалықтырады. Ештеңеге жарамсыз болу үлкен бақытсыздық, бірақ бәріне жағымды болуға ұмтылу одан кем түспейтін бақытсыздық; сараң болсаң, бәрін жоғалтасың, бұрын сені бағалағандар алдымен сырт айналады. Мұндай арзанқолдар кез келген істе кездеседі, бұрын оларға ғажайып ретінде сұқтанса, енді тұрпайылық сияқты жек көреді. Артық болудың бір тәсілі -көзге түсуде шаманы білу; кемелдігің кемерінен аса берсін, бірақ кербездікте ұстамдылық керек. Шырақ неғұрлым қатты жанса, соғұрлым тез өшеді. Ысыраптағы сараңдық құрметтеу проценттерімен марапатталады.
  3. ЖАМАН ӨСЕККЕ ТАҢЫЛМАУ. Тобырда бас көп, демек жаман көздер мен улы тілдер де жеткілікті. Өсек бір тараса, жақсылыққа күйе жағып, масқара лақап таңады, ізгі атпен қоштаса бер. Оған кез келген ағаттық немесе күлкілі кемістік себеп бола алады, бұлар улы тілдер үшін шабыт көздері. Кейде қауіпті қарсыластар кемшіліктерді ойдан шығарып, жұртқа жайып жібереді; ғайбат ауыздар ұлы даңқты ашық батылдықтан гөрі, өсек-аяңмен жамандағанды ұнатады. Жаман атқа қалу жеңіл, ал одан құтылып көр! Есті адам мұндай қырсықтан бойын аулақ ұстайды, әдепсіз дөрекілікке сылтау бермейді, ауруды емдегеннен, оның алдын алған жеңіл.
  4. МӘДЕНИЕТ ПЕН ЫСЫЛУ. Адам жабайы болып туылады: тәрбиеден соң ол өзіндегі тағылықтан арылады. Мәдениет кісіні адам етеді және ол неғұрлым көп болса, соғұрлым елеулі болады. Мәдениетті Греция басқа әлемді тағы деп атауға құқы болды. Мәдениетсіздік — надандықтан: мәдениет үшін ең алдымен білім керек, бірақ ысылудан өтпесе, оқымыстылықтың өзі дөрекі болады. Ой да, тілек те, тіл де, бойдағы бар нәрсе әсем де сыпайы болуы тиіс. Бір адамдар табиғатынан ішкі және сыртқы сұлулығымен ерекшеленеді, ойлары мен сөздері мүлтіксіз болады. Біреулер, керісінше, ысылмағандықтан, олардың бар табиғи ерекшеліктері, оның ішінде озық қасиеттері тағы тұрпайылықтың әсерінен солғын тартады.
  5. ҚАТЫНАСТА САБЫРЛЫ БОЛУ, КЕҢПЕЙІЛДІК КӨРСЕТУ. Ұлы адам күнделікті тұрмыста да ұсақ болмайды. Ұсақ-түйекке араласпа; кейде, рас, оны байқаған да пайдалы, бірақ әдейі емес, аңдаусызда білгендей бол. Көзқарас кеңдігі — тәрбиелілік негізі. Басқаларды басқарғың келсе өз сезімдеріңді жасыра біл. Үй ішіндегілердің, достарыңның, әсіресе жауларыңның көп істеріне немқұрайды қара. Қазымырлықты ешкім ұнатпайды, ал мінезде ол басым болса төзгісіз болады. Ұнамсыз жайға үнемі қайта оралып, мінеп отыру көргенсіздіктің көкесі. Әдетте, әркімнің мінезі оның жүрегінің үлкендігімен анықталады.
  6. ӨЗІН ӨЗІ ТАНУ. Өз мінезіңді, ақылыңды, пікірлерің мен құштарлықтарыңды таны. Өзіңді танып болмайынша, өзіңе ие бола алмайсың. Бет үшін айна бар, ал көңіл түкпірін ештеңемен көруге болмайды; осы жерде өз парасатың саған көңіл айнасы болсын. Өзіңнің сыртқы әлпетің туралы ұмытуға болады, бірақ әрқашан жан жайсаңдығын естен шығарма, оны жақсарт, жетілдір. Өз парасатыңды, іс-әрекетке қабілеттілігіңді тексер; қызбалығыңды сына, жан тереңіне бойла, қабілеттеріңді екше.
  7. ҰЗАҚ ӨМІР СҮРУ ӨНЕРІ ЛАЙЫҚТЫ ӨМІР СҮРУДЕН ТҰРАДЫ. Екі нәрсе адамның шаруасын тез бітіреді: бірі — ақымақтық, бірі — азғындық. Біреулер өмірін сақтай алмағандықтан онымен қош айтысты, кейбіреу өмір сүргісі келмегендіктен де көз жұмды. Жақсылық сияпат десек, бұзықтық — жаза. Бұзықтық жағдайында өмір сүргісі келетіндер ажалын тез табады; ал өзін жақсылыққа арнағандар ешқашан өлмейді. Жан-дүние денсаулығы денеге беріледі, әділдердің өмірі істеген істерімен де, жасаған жылдарымен де ұзақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *