Бальтасар Грасиан

Ақыл қалта

Испанның ұлы жазушысы Бальтасар Грасиан лайықты өмір сүрудің тәсілдерін зерттеп, кейінгіге мәңгі мұра боларлық ақыл кітабын қалдырған. Кітап бұдан үш жарым ғасыр бұрын жазылғанына қарамастан бүгінгі күнге үндес. Себебі барлық дәуір, барлық ортада адамгершілік қағидалары бірдей. Кітап көп елдердің тілдерінде бірнеше қайтара жарық көрген. Ол әлемдік пәлсапаның інжу-маржандарының бірі.

Аударған: Мырзагелді Кемел

АҚЫЛ ҚАЛТА

немесе парасат сабағы, мұнда Лоренсо Грасианның шығармаларынан алынған нақылдар жиналған

  1. ҚАЗІР БӘРІ ЖЕТІЛГЕН. ӘСІРЕСЕ — ЖЕКЕ ТҰЛҒА. Ежелгінің жеті данасымен* салыстырғанда, қазіргінің бір данышпанынан көп нәрсе талап етіледі және бір кездегі тұтас халықпен дұрыс қатынаста болудан бүгінгі бір адаммен қалыпты араласу көп шеберлікті қажет етеді.

/*Ежелгінің жеті данасы деп Фалес, Питтак, Солон, Клеобул, Периандр, Хилон, Биант алынған/.

  1. МІНЕЗ БЕН МӘДЕНИЕТ — бойдағы бар абырой айқын көрінетін екі негіз. Бірінсіз бірінің орны толмайды. Білім аздық етеді — дарын керек. Бірақ наданның соры сол, ол өмірдегі бейімділігін, айналысар ісін, туған өлкедегі, достарының арасындағы алатын орнын білмейді.
  2. ЖАСЫРЫН ӘРЕКЕТ ЕТУ. Күтілмеген жағдай — табыс кепілі. Ашық ойыннан пайда да, қуаныш та болмайды. Өз ниетіңді білдірмесең қызығушылық тудырасың, әсіресе бұл жоғары дәрежедегі адамдарға қатысты. Тіпті түсінікті болғың келген кездің өзінде, сырыңды жайып салуға асықпа және көлденең көк аттыға өзіңнің жан дүниеңе кіруге мүмкіндік берме. Үнсіз ұстамдылық — ізгілік ордасы. Ниетіңді жариялау оны тұншықтырғанмен бірдей: онда одан күні бұрын кемшіліктер табады, ал сәтсіздікке ұшыраса екі есе бақытсыз боласың. Сонымен, өзіңе әрдайым көп көңіл бөлінсін десең, өз әрекетіңде кемелдікке ұмтыл.
  3. ДАНАЛЫҚ ПЕН АЙБЫН — ҰЛЫЛЫҚ НЕГІЗІ. Аты өлмейтіндер өшпес істер сыйлайды. Адам қаншалықты көп білсе адамдығы соншалықты болмақ; көп білетін адам құдыретті. Надан үшін дүние -қараңғы түнек. Ақыл мен күш — көз бен қол; қажыр-қайратсыз даналық жеміссіз ағаш сияқты.
  4. СЕНІ ҚАЖЕТ ЕТСІН: Табынатын адамды мүсінші емес, оны құдайындай көретін адам жасайды. Саған алғыс айтқаннан гөрі, сенен өтінсін. Оңбаған ризашылыққа сену — ізгі үмітті жоғалту: алғашқы тез ұмтылады, соңғысы есте сақталады. Сыпайыларға қарағанда тәуелділер пайдалырақ: шөлін қандырған соң бұлақты елемейді, сөлін сығып алған апельсинді лақтырып тастайды. Мұқтаждық біткенде достық, онымен бірге қызмет те бітеді. Өзіңе деген мұқтаждықты сақтап отыру, оны толық қанағаттандырмау сенің күнделікті бірінші ережең болсын, сені үнемі қажет етсін. Бірақ тым тұйықтықпен жақын адамыңды адасуға мәжбүр етіп, оған өз игілігің үшін жамандық жасамаған жөн.
  5. АДАМНЫҢ ТОЛЫСУЫ. Адам бірден кемеліне келіп тумайды, бірақ күннен күнге жеке басын жетілдіріп, өз ісінде шеберлік шыңына өрмелей отырып, ол лайықтылық пен артықшылықтың жоғары сатысына көтеріледі, бұл талғамның нәзіктенуінен, ақылдың сұңғылалығынан, пайымдаудың тереңдігінен, тілектердің мүлтіксіздігінен көрінеді. Бәз біреулер толысуға қол жеткізе алмай-ақ қояды, оларға әрқашан бірдеңе жетіспей тұрады; ал кейбіреулер оған кеш жетеді. Сөзі дана, ісі ізгі, кемел кісіні әрдайым парасатты адамдар құшақ жая қарсы алады, олар онымен тіл табысуды аңсайды.
  6. ЖОҒАРЫДА ТҰРҒАНДЫ ЖЕҢУДЕН САҚТАНУ. Жеңу дегеніміз -өзіңе жек көру туғызу, ал өз мырзаңды жеңу жөнсіз, тіпті қауіпті нәрсе. Өзінен басым болғанды ешкім ұнатпайды, әсіресе мәртебелі адамдар. Өз басымдығыңды қажет кезінде, әдемілікті нашар киіммен жасырғандай көрсетпеуге болады. Көп адамдар, әсіресе осы дүниенің мықтылары ақылдан басқа сәттілікке, кез келген дарынға қатысты өзгелерге жол беруге ықыласпен келіседі: ақыл бар дарынның үстінен салтанат құрады, оны аз ғана ренжіту — оның ұлылығын қорлағанмен бірдей. Кім биікте тұрса, одан да жоғарырақтан үстемдік еткісі келеді. Олардың мәртебесі басымдық емес, көмек тілейді; өздеріне берілген кеңес оларға түсініксіз нәрсені түсіндіру түрінде емес, ұмытылғанды еске түсіру ретінде айтылса ғана ұнайды. Жұлдыздар бізге көрнекі сабақ береді: күннің сәулелі перзенттері ешқашан оның шұғыласын қалқаламайды.
  7. ӨЗ ҚҰШТАРЛЫҚТАРЫНА ИЕ БОЛУ — РУХТЫҢ ЖОҒАРЫ ҰЛЫЛЫҒЫНЫҢ ҚАСИЕТІ. Мұның өзі рухты оған лайық емес төмен қылықтардан сақтайды. Өзіңе өзің ие болғаннан, өз құштарлықтарыңды бағындырғаннан артық жоғары билік жоқ. Дегенмен құштарлық бойды билеп алса, оған дәрежеге жетуге жол бермеу керек: міне қамықпаудың оңай тәсілі, міне ізгі даңққа апарар қысқа жол.
  8. ӨЗ ЖЕРЛЕСТЕРІҢЕ ТӘН КЕМШІЛІКТЕРДЕН АРЫЛУ. Су өзі ағатын топырақтың қасиетін өзіне жұттырып, ащы немесе тұщы болуы мүмкін, ал адамның өзі туылған ортаға байланысты жақсы не нашар қасиеттері болады. Біреулер игі ниетті аспан астында туғандықтан да басқаларға қарағанда отанына көбірек қарыздар. Әрбір халыққа, тіпті ол білімдар өнегелі болса да, қайсыбір табиғи кемшілік тән; көршілері оны әдетте әжуалай немесе табалай көрсетеді. Бұл кемшіліктен арылу немесе оны жасыру оңай шаруа емес: мұндай адамның өз жерлестері арасында өзгешелігімен даңқы шығады, ал не сирек болса, сол қымбат. Сондай-ақ, тектік, тектік-таптық, лауазымдық, жасқа байланысты кемшіліктер болады, егер осылардың бәрі жиылып, ал адам олардан құтылуға тырыспаса, онда ол кісі төзгісіз құбыжыққа айналады.
  9. БАҚЫТ ПЕН ДАҢҚ. Алғашқысы қаншалықты тұрақсыз болса, соңғысы соншалықты өзгермейтін болып келеді. Бақыт осы өмірде, даңқ өлгеннен кейін келеді, біріншісі көре алмаушылықты, екіншісі ізсіз жоғалуды жеңеді. Бақытты тілейді, кейде оған қол жеткізеді; даңққа еңбек сіңіреді. Ізгі даңқты аңсауды қажыр-қайрат тудырады. Даңқ әрдайым ұлылардың еншісінде болып келді және бола береді, ол кереғарлықтың серігі: ғажайып немесе құбыжық, тамсандырады, не, жүрек айнытады.
  10. ӨНЕГЕ АЛУҒА БОЛАТЫН КІСІМЕН АРАЛАСУ. Сен үшін достарыңмен араласу білім мектебі, ал әңгімелесу — ұнамды үйрену болсын: достарыңа ұстаз ретінде қара және оқудан келер пайданы әңгімеден алар ләззатпен ұштастыр. Ақылдылардың достығы өзара пайдалы: әңгіме айтушы тыңдаушының мақтауын естіп көңілі өседі, ал тыңдаушыға ақыл қосылады. Бірақ әдетте біз мұны ұмыт қалдырамыз, өйткені менменшілдігіміз оған бөгет жасайды. Есті адам күйкі тірліктің емес, өнегенің мекені болатын жарқын жүзді адамдармен араласады. Көзі қарақты сөзімен және ісімен өздері ғана өнеге беріп қоймайды, сондай-ақ олардың төңірегіндегілер де ізгі істерімен ерекшеленеді.
  11. ТАБИҒАТ ПЕН ӨНЕР, МАТЕРИАЛ МЕН ЖАРАТЫЛЫС. Сұлулықтың өзіне де көмектесу керек: көркем нәрсенің өзі егер оның кемшілігін жасырып, артықшылығын асырып отырмаса ұсқынсыз кейіпке түседі. Табиғат бізді тағдыр тәлкегіне тастаған екен — өнерге жүгінейік! Онсыз керемет болмыс та мінсіз бола алмайды. Мәдениетсіз адам жарты абыройынан айрылады. Жақсы мектептен өтпеген кісіден дөрекіліктің иісі шығып тұрады: оған кемелдікке жету жолында өзін үнемі жонып отыру керек.
  12. НИЕТКЕ САЙ ӘРЕКЕТ ЕТУ. Адам өмірі — адамның арам ойларымен күресін білдіреді. Қулық қастық ниетті қолдана отырып күреседі: күткен нәрсені жасамайды; алдарқату үшін шеберлікпен күш көрсетеді және кенеттен, ойламаған жақтан соққы береді, есін шығаруға тырысады. Қарсыласының ойын тексеру үшін басқа ниетін алға тосады, одан кейін жалт бұрылып, шалт қимылдайды да абдырап қалған жауын жеңіп тынады. Алайда сұңғыла ақыл оның тіміскілеуін көре біледі, оны қабақ астынан бағып отырады, оның сендіргеніне қарсы нәрсеге иланады да алдамшы жүрісті сезе қояды; алғашқы қаскөй шабуылдан соң екіншісін, одан кейін үшіншісін күтеді. Сыры мәлім болғанын байқаған қаскүнемдік алдау үшін шындықтың өзін пайдаланып, күшін еселей түседі. Енді ойын ережелері өзгереді, әдістер де өзгеше болады — қулық шынайылықтың киімін киіп, зұлымдық ақ көңілділіктің бет пердесін жамылады. Ондайда көмекке байқағыштық келеді; тереңде жатқан мақсатты көре білген ол беткі жарықтың арғы жағынан қараңғылықты байқайды, неғұрлым ашық жатса, соғұрлым құпия сақталатын арам ойды әшкерелейді. Пифонның түнек бұлттары* Аполлонның нұрлы сәулелерімен осылай күреседі.

/*Пифонның түнек бұлттары Аполлонның нұрлы сәулелерімен күреседі — бұл космологиялық түсінікте Күннің /Аполлон/ Жерден /Юнона/ көтеріліп, Күннің қарындасы Айды көзден қалқалайтын бұлттармен күресін бейнелейді/.

  1. МӘН МЕН МӘНЕР. Істің мәні — оның жартысы ғана; істің қалай бітуі одан да маңызды. Дөрекілік бәріне, тіпті әділдік пен естілікке де зардабын тигізеді; сыпайылық барлығына көрік береді: жоқты бар, ақиқатты бал етеді, тіпті кәрілікті жасартады. Сыпайылық достық ролін табысты ойнап, өмірге сән береді.

15.АҚЫЛДЫ КӨМЕКШІЛЕРІҢ БОЛСЫН. Билік басындағылардың бір артықшылығы — оларда төңірегіне ақылды адамдар жинауға мүмкіндік болады, бұл адамдар биліктілерді надандық қараңғылығынан алып шығады, ең қиын дауда да жеңіске жеткізеді. Даналардың көмегіне жүгіну — ұлылардың қасиеті; бұл жеңілген патшаларды құл еткен армян патшасы Тигранның тағылығынан гөрі әлдеқайда мақтарлық іс. Біздің көзі ашық заманымызда қожалық етудің жаңа түрі пайда болды — бұл табиғат дарын сыйлаған адамдарды қызметшілерге айналдыру. Қысқа ғұмырда көп білуге мүмкіндік аз, ал білімсіз өмір — өмір емес. Сондықтан білім нәрінен қиындықсыз сусындайтынның, көп жайды білетіндерге қарағанда көп үйренетіннің, бәрінің даналығына қанығатынның өнері үлкен. Кеңеске қатыса отырып, ол көпшілік атынан сөйлейді, ежелгі даналардың нақылдарын тілге тиек етеді, өзгенің төккен тері арқасында ол шешендік даңқына бөленеді. Ақылды көмекшілер оған ғылымдағы бар жақсыны сүзіп береді. Ал даналықты өзіне қызмет еттіре алмайтындар, оны достары арасынан іздесін.

  1. АҚЫЛДЫ ІЗГІ МАҚСАТПЕН ҰШТАСТЫРУ — көп табыстың кепілі. Кемел ақыл мен жасық жігер зорлап қосқан жұбайлар сияқты. Арам ниет — білік абырой үшін у сияқты, ол ақылдың көмегімен зұлымдықты одан сайын шеберлікпен жасай түседі. Арам мақсаттар үшін пайдаланылған үлкен ақыл жек көруге лайық! Санасыз ақыл есуастықтан да жаман.
  2. ӘДІСТЕРДІ ӨЗГЕРТІП ОТЫРУ КЕРЕК, бұл басқалардың назарын алаңдатып, бұрып әкету үшін қажет. Әрекеттің алғашқы тәсілін ұстанба -біркелкілік ойыңды біліп қоюға, тіпті ниетіңнің бей-берекетін шығаруға мүмкіндік береді. Түзу ұшып бара жатқан құсты атып түсіру жеңіл, ал айнала қалықтап ұшқанды құлату — қиынырақ. Екінші тәсілді де аяғына дейін ұстанбаған жөн, өйткені бір сәтте бар пиғылың мәлім болады. Зұлымдық қайда деме — аяқ астында. Оған шалдырмау үшін сұңғылалық қажет. Тәжірибелі ойыншы қарсыласы күтіп отырған жүріске аяқ баспайды.
  3. ЫҚЫЛАС ПЕН ДАРЫНДЫЛЫҚ. Бұларсыз ұлылық мүмкін емес, ал кісі бойынан осы екі қасиет те табылған кезде ол кемелдікке кенеледі. Ынтасыз дарындылыққа қарағанда, ыждаһатты орташалық көп нәрсеге қол жеткізеді. Даңқ құны еңбектің бағасымен өтеледі; жеңіл келген нәрсе қадірсіз болады. Тіпті жоғары қызметте де ынта керек: ол әдетте кісінің қабілеттілігін көрсетеді. Жай істе бірінші орынды қанағат тұтпай, жоғарғыдан тым болмаса ортаңғы орынға ұмтылатын адамды оның ұмтылысының ізгілігі үшін кешіруге болады; бірақ қатардағы шаруада көзге түсе алғанымен, жоғарғы істегі орташа орынды қанағат ететін кісіге кешірім жоқ. Сонымен, мінез бен өнер керек, ал олардың одағын ынта нығайтады.
  4. КӨП НӘРСЕДЕН ҮМІТТЕНІП БАСТАМАУ КЕРЕК. Шамадан тыс мақталған нәрсе көп жағдайда үмітті ақтамайды. Көңіл көк дөненнен де жүйрік, арманға берілу жеңіл, оған жету қиын. Қиялдың тілекпен қосылуынан өмір ауқымына сыймайтын нәрселер туады. Қол жеткен табыстар қанша татымды болғанмен, олар рухты қанағаттандыра алмайды және ерекше үміттердің билігіндегі ол қуаныш әкелуден гөрі, көңіліңді қайтарады. Үміт шындықтың өңін айналдыруға шебер; парасатың оны сабырға шақырсын. Әуелі ынта тудыру үшін біраз несие берген дұрыс, дегенмен қолдағы барыңызды жайып салмаңыз, шындық күткеніңізден асып түссін. Бірақ ақымаққа мұндай ереже жарамайды, тіпті мұнда асыра сілтеу пайдалырақ: ниет іске аспаса да бәрі риза және бұрын сұмдық көрінетін нәрсе енді қанағат етерліктей болады.
  5. АДАМ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗАМАНЫ. Аса дарынды адамдардың өздері өз заманына тәуелді болады. Көп адам өзіне лайық кезеңге тап келе алмайды, ал тап келгендердің көбі оның биігінен көріне алмайды. Кейбіреу заманынан озық туады, жақсылық әрқашан салтанат құра бермейді: әр нәрсенің өз уақыты бар, тіпті аса көрнектінің өзі сәнге байланысты болады. Бірақ даналықтың бір артықшылығы, ол мәңгілік; егер бұл ғасыр оның заманы болмаса, онда алдағы ғасырлар оның еншісіне тимек.
  6. БАҚЫТТЫ БОЛУ ӨНЕРІ. Мұның бірқатар амалы бар, бірақ ақылды адамға оның бәрі бірдей жарай бермейді. Іскерлік табысқа әкеледі. Біреулер сәттіліктен үміт күтеді. Ақылдырақтары алға ұмтылады және өзіне сеніп әрекет етеді. Өйткені қажыр-қайрат қанатында бақытқа кездесуге болатынын біледі. Дегенмен бақытқа апарар төте жол — ізгілік пен ынта-ықылас жолы, өйткені ессіздіктен өткен бақытсыздық болмайтындай, саналылықтан асқан бақыт та жоқ.
  7. ЖАҒЫМДЫ БІЛІМ. Саналы зиялы оқымыстылыққа ие; ол көп жайдан хабардар және нәзік мәнерде ой жүгіртеді; одан әрдайым тапқыр сөздердің, керемет істердің үлгілерін табуға болады және ол оларды орынды жерінде қолдана біледі. Адамдар көсемсіген ғибраттан гөрі, тапқыр сөздердің астарында берілген кеңесті ынтамен тыңдайды. Еркін де өнегелі әңгімелеу өнері кейбіреуге басқа барлық жеті өнерге* қарағанда көбірек пайдасын тигізеді.

/*«Жеті өнер» немесе «ғылым» — грамматикадан, риторикадан, диалектикадан, арифметикадан, геометриядан, астрономиядан және музыкадан тұрған. Пәндердің мұндай бөлінуі алтыншы ғасырда енгізіліп, Еуропа университеттерінде он бесінші ғасырға дейін сақталды/.

  1. ӨЗІҢНІҢ ЕЛЕУСІЗ КЕМШІЛІГІҢЕ ДЕ ТӨЗБЕ. Бұл кемелдіктің белгісі. Рухани немесе дене кемшіліктерінсіз адамдар сирек кездеседі, бірақ көбіміз осы кемшіліктерден арылу жолын іздемейміз. Қасиеттердің керемет үйлесуін кейде болмашы кемістік бұзатынын көру ақылды адамды қапаландырады — бір тұтам бұлт та күнді қалқалай алады. Ізгі даңқ нұрындағы дақтарды адамдар бірден байқайды және табанды түрде оларды нысанаға ала бастайды. Өз кемшілігін жасырып, оны артықшылыққа айналдыра білу өнері ерекше бағалы. Мысалы, Цезарь басының қасқасын лавр веногымен жасыру мақсатында Сенаттан венокты күнде киіп жүруге рұқсат алған; оған дейінгі дәстүр бойынша венокты тек салтанатты жағдайларда киетін еді.
  2. ӨЗ ҚИЯЛЫҢДЫ ЕРКІҢДЕ ҰСТА. Керек кезінде тежей біл, ал қажет жерінде қамшы бас өйткені ол біздің бар шаттығымыздың ұясы; сананың өзі кейде оның жетегінде болады. Ол — тиран. Армандауды қанағат тұтпай, әрекетке араласады, біздің өмірімізге қожалық етеді, оны өз қалауы бойынша қуанышты не мұңды қылады: біздің өзімізге риза -риза емес екеніміз көбіне оған байланысты. Ол біреулерді уайым-қайғыға батырады, ал басқаларды ләззат пен рахатқа бөлейді. Оны жоғары синдересис* ауыздықтамайынша, одан кез келген нәрсені күтуге болады.

/*синдересис — дұрыс интуициямен үйлесетін нәзік түсінік/.

  1. КӨРЕГЕНГЕ МАДАҚ. Бұрындары ой жүгірту дағдысы бәрінен жоғары саналатын; енді бұл аздық етеді — қазір алдауды байқай білу, ең бастысы оны әшкерелей алу маңызды. Алды-артын көре білмейтін адамды ақылды деп айту қиын. Көңіл түкпіріндегіні біліп қоятын сәуегейлер болады. Біз үшін ең маңызды шындықтар тек жартылай ғана айтылады, бірақ зерек түйсік оларды тұтасымен қабылдайды. Егер саған мархабат етсе, өз сеніміңнің шылбырын бос ұста, ал егер саған жаулық ниет көрсетсе, делбеңді қағып, айдай жөнел.
  2. ӘРКІМНІҢ ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАБА БІЛУ. Адамдарды басқару өнерінің мәнісі осы. Оған өжеттік емес, ысылғандық, адаммен тіл табыса алу дағдысы керек. Әр адамның өз құштарлығы бар және олар әртүрлі, өйткені олардың табиғи бейімділіктері бірдей емес. Барлық адамдардың өз ардақтысы болады: біреулер қадір-құрметті ұнатады, біреулер — пайданың құлы, ал көпшілігі рахатқа берілгенді қалайды. Мәселенің мәнісі кімнің нені ұнататынын білуде және осыған орай оның көңілін табуда. Алғашқы себепті ізде: ол әрқашан жоғары мәнге ие бола бермейді, өйткені парасатты кісілерден гөрі, әдепсіз адамдар көп. Кісінің үстінен аңдаусызда шығып, оның жанды жерін таба білу және шабуылды нақ сол құштарлығына қарай бағыттау керек, сонда өз дегенімен жүретін адамды да жеңіп шығасың.
  3. БІРДЕН КӨП НӘРСЕГЕ ҰМТЫЛМАЙ, ТЕРЕҢГЕ БОЙЛАУ. Ұлылықтың мәні санда емес, сапада. Асыл нәрсе әрқашан сирек кездеседі; көп нәрсе қадірсіз болады. Адамдардың арасында да бойы биік алыптардың әдетте ақылы қысқа болып келеді, Кейбіреулер кітаптарды олардың көлеміне қарай бағалайды, кітаптың қолды жаттықтыру үшін емес, бастың ойлануы үшін жазылатынын ескермейді. Тек көлденеңіне қарай өссең, қарабайырлықтың ауқымынан шыға алмайсың. Әмбебап адамдардың соры сол, олар бәрінен хабардар болуға ұмтылатындықтан, түбінде ештеңені жөнді біліп шыға алмайды. Тереңдік қана шынайы басымдық береді.
  4. АРЗАНДЫҚТАН, КӨПШІЛІК ҚОЛДЫЛЫҚТАН САҚТАН. Әсіресе талғам жағынан. Оу, өзінің шығармалары көпшілікке ұнағанын білгенде қапаланған данышпан ғана ұлы*. Жаппай мадақтау ақылдының жүрегін айнытады. Хамелеондар ауамен қоректенетіні сияқты кейбір адамдар да тобырдың бас ұрғанынан ләззат алады, тобырдың жағымсыз иісі олар үшін Аполлонның саф демінен артық. Түсінік те осы сияқты: надандарды тамсандыратын немесе қорқытатын ғажайыптарға таңданба, тобыр ақымақ келеді, парасатты ойлау тек таңдаулылардың үлесі.

/*Бұл сөз Сенеканың «Луциллияға адамгершілік хаттар» деген еңбегінен алынған/.

  1. ӘДІЛЕТТІ АДАМ. Ол үнемі еш қорқынышсыз әділдік жағында болады — тобырдың айғайы да, тиранның зорлығы да оны әділдік шеңберінен шығуға мәжбүр ете алмайды. Табандылықтың сол фениксі қайда екен? Шындыққа табынатындар аз. Көпшілік оны мадақтаумен ғана шектеледі, басқалар оны қауіп жоқ кезде ұстанады, ал жан алқымға келгенде оңбағандар одан тайқып шыға келеді; қу адамдар шындыққа адал болып көрінгісі келеді. Шындық достарға, билікке, өз пайдасына тайсалмай қарсы жүреді, осы сынақта көбіне оны сатып кетеді. Мекерлер жоғарғыдағылардың мүддесіне тимес үшін одан танады. Тек тура сөзді адам ғана әрбір жалғандықты сатып кету деп бағалайды; қырағылыққа қарағанда, өзінің табандылығын мақтан ететін ол әрқашан шындықты ұстанады. Егер шындық өзінің соңынан ергендерді тастап кетсе, тұрақсыз ол емес, олар; өйткені олар одан бірінші болып безіп кетті.
  2. ӨЗІҢДІ БОС ІСТЕРМЕН ӘУРЕЛЕМЕУ. Әсіресе бұл қылжақбастыққа қатысты, ол құрметтен гөрі, жек көру туғызады. Еркелік шіркеуінде секталар көп, бірақ өзін қадірлейтін адам олардың бәрінен бас тартады. Әдеттен тыстың да әуесқойлары бар, естілер қашатын нәрсенің бәрі оларды тартып тұрады; олар үшін ең жақсы рахат — өзгелерге ұқсамау; рас, мұнымен олар танымал болады, бірақ құрметтің емес, күлкінің объектісіне айналады. Тіпті ілім дәрістерінде де шектен шықпаған жөн.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *