АЙТТЫМ CӘЛЕМ
Айттым сәлем қаламқас,
Саған құрбан мал мен бас,
Сағынғаннан сені ойлап,
Келер көзге ыстық жас.
Абай.
Мен өзгеше жазамын,
Мен өзгеше назамын.
Көтеремін сен үшін
Жер-дүниенің азабын.
Сәлем, сәлем, қаламқас,
Саған – мал, бас, ықылас.
Құрбан болды сені ойлап,
Сансыз саңлақ балғын жас.
Болмаса да тілінде дүлділ күші,
Өз сырының әр таңдай бұлбұл құсы.
Жаям саған жанымды, о перизат,
Жиырмасыншы ғасырдан жүз жыл кіші.
Жастық соңы, қарттықтың алды, мүмкін,
Сені көріп жүрегім талды бір түн.
Жер ғана емес, анау Ай бетінде де
Қалың малың болғандай қалды мүлкім.
Қалды мүлкім – тіршілік жалғастары,
Мен арқылы уақыттар алмасты әрі.
Мен арқылы күн шығып өз орнынан,
Мен арқылы сендерге жол басталды.
Жүрдім өмір – елімнің қиясында.
Қызыл қандай сол күннің сиясы да.
Мен болмасам Жер деген жұмыртқа доп
Жүзер ме еді осынау ұясында?
Замандарда бұлыңғыр бырқыраған,
Кетер еді ол ұршық боп зырқыраған.
Мен апаттың қолынан ұстай алдым
Төнген шақта дүмпуіл күркірі оған.
Мен ажалды өзіңнен бұра бердім.
Жер-ұршықты көтеріп тұра бердім.
Күліммен де өңдеймін өлсем оны,
Сен бақытты болсын деп, мұрагерім.
Мен дегенім – романтик, жыр достары,
Жиырмасыншы ғасырдың құрдастары.
Мен дегенім – Октябрь түлеткендер,
Жайлағандар жайлау қып нұрлы аспанды.
Қайтем саған өзімді таныстырып,
Жатқан жоқ па жүректер табыстырып?
Оқисың ғой сен өмірбаянымды
Бар болғаны бір ғасыр алыс тұрып.
Басым қатқан менің де шежіреден.
Қайдағы бір хан-патша ежірейген
«Бізді біл» деп, қорқытты «ескілікпен».
Мен өйтпеймін, қалқатай, без үрейден.
Менің өмірбаяным жыр секілді,
Шыңыраудан ғарышқа бір секірді.
Уақыттардың ысырып шымылдығын,
Жүрегіңе кіремін пір секілді.
Қарсы жүрші сен маған, соған бола.
Қазылған жоқ, әлі ерте саған мола.
Домбыраның шегіндей сайрар сонда
Сым самсаған сымпылдақ бағандар да.
Саған деген сезімім өлшенбейді.
Жер астының отындай – ол сөнбейді.
Көбелектей кептіріп кітапқа сап,
Жесір жырым ұсынар өлсем мені.
Қыз, қымыздан үзеді кім күдерін?
Қызықтырар біртүрлі гүл түрлі ерін.
Жаңғырығы секілді келешектің
Естіледі сиқырлы күлкілерің.
Ішпей-жемей ол мені тойғызады.
Қойшы, қойшы, аяшы, қой, қыз, әрі!
Саған беттеп желбегей жүрсе қиял,
Қан шараптай көпіріп, бой қызады,
Бал шарапты теңесе қызға бұрын,
Ұлы ақындар білген-ау қыз қадірін!
Өлгендердің тәтті-ащы махаббаттан
Мүсіркейміз, жебейміз біз қабірін.
Тұрсын дүние тұрғанша шарап пен қыз!
Бірін сусын, біреуін жар еткенбіз.
Перзентіміз Адам мен Хауа ананың,
Дей алмаймыз құдайдай дара өткенбіз.
Сөкпе мені, сұлуы ертеңгінің,
Құрбыңдай көр бір сәтке, бер теңдігін.
Тұңғыш жырлар дәптері өз алдына,
Шүберектей алаулап өртенді үнім.
От ішінде сыналды жігіттік те,
Жас үмітті жүрдік біз түйіп түпте.
Винтовканы қолтықтап қыз орнына,
Бойдақ қанмен окопты жібіттік те.
Сол күндерде, жас шақта ақым кетті,
Уақыт ерте есейтті, «ақылды» етті.
Жауда өші кеткен жоқ жігіттіктің,
Қалай алар жылдардан ақын кекті?
Өмір екі келуге ерінеді,
Бір-ақ рет жастық та беріледі.
Көңіл құрғыр жоқтайды әлденені,
Алар кезде асаудың ерін енді.
Көріңдерші кәзіргі бозбаланы,
Қалай ғана қарауға көз қанады?
Сұлулық пен шаттықтан жаралғандай,
Кейде еріксіз қызғаныш қозғалады.
Біз бала едік шөңгелеп тезек терген,
Таршылық пен тапшыдан өзек күйген.
Отызыншы жылдардың студенті ек,
Бір костюмді онымыз кезек киген.
Қызық еді мінез де, бөлек еді.
Ортақшылдар бізге тек енеге еді.
Шолжаңдықты шонжардың салты дедік,
Өлеңіміз күрестің өлеңі еді.
Өзімізге өзгеден қатал едік.
Арман еді үлкен іс, аталы ерлік.
Арман еді төңкеріс жер жүзілік,
Асқақ-асқақ қиялға бата бердік.
Жыртығына балақтың арланбадық,
Жоқты жомарт іздедік, барға алдандық.
«Болдырамыз болмаса!» дедік біздер,
Комсомолия – тап ұлы, тарлан халық.
Сөйте тұрып біз едік ұялшақ та,
Қызарғанбыз үй болып, сый алсақ та.
Сүйіспедік көшеде көз алдында,
Жанымызбен жалындап сүйе алсақ та.
Әр ұрпақтың, уақыттың заңдары бар,
Әр таудың да асуы, заңғары бар.
Әр сапардың, әр жолдың ақыры бар,
Әрбір күннің кеші бар, таңдары бар.
Өзімізбен қатарда, бір қапталда
Келе жатыр мирасқор ұрпақтар да.
Біліктірек, бәлки, сәл қанаттырақ,
Тіпті шығып кеткендей шырқап та алға.
Мұнша қызық, апыр-ай, болар ма адам?
Қызығамын оларға, олар – маған.
Тілейді ұрпақ аға мен ата жолын.
Өмір екі алайда оралмаған.
Адам шіркін туа ма өлу үшін,
Жаралмай ма өмірді өру үшін?
Мен аңсаймын келешек көкжиегін,
Армандарды ақталған көру үшін.
Қалқам, қабыл құй алғын, құй алмағын,
Сол үшін де мен сені қиялдадым.
Төмпешікпін бұл хатты оқырда сен,
Қос ғасырға – ғұмыр аз – сыя алмадым.
Шаңдай көру ескіні – құлқы жастың.
Жазуы да тозған-ды құлпытастың.
Не жазғанын білмеймін өзім дағы,
Таста оны, жырлап сыр құлпын аштым.
Ешбір белгі басында жоқтар да көп,
Ағып жатқан жұлдызды жоқтар ма көк?
Жұлдыздан көп жоғалған жолдастарым,
Жоқтар едім, мезгіл сәл тоқтар ма тек?
…Жолықты кеп бір әйел кеше маған,
Ескі достай, сұрасты «есен-аман».
Тұрғандаймын шырайын шырамытып,
Түсті ме әлде назарым көшеде оған?
Қандай отты әдемі қара көзі!
Өңменімнен өтіп-ақ барады өзі. –
Танымадың, – деді әйел бір күрсініп, –
Ұмытыпсың жас шақты, бала кезді.
«Бала кезді» деді ме? Сабыр, сабыр!
Сыры бар ғой, мені іздеп сабылса бір.
Ширек ғасыр небәрі шегінген жөн,
Еске түссе, есімі табылса бір.
Өзі айтар деп бір сәтке қарайладым,
Кескініне сөйттім де қарай қалдым.
Бойшаң келген, талдырмаш, ақ сұр әйел,
Бурыл түп шаш самайдың орайды алдын.
Ұзын кірпік, қаламқас, қыр мұрынды,
Сірә бірі сұлудың бұл бұрынғы.
Оймақ ауыз, әдемі еріні де,
Қандай жігіт сүйді екен құрғырыңды?
Төбесіне бұрымын түйіп алған.
Киімі де сыпайы киіп алған,
Езу тартса, күлкі жоқ жанарында,
Өңі сынық – адамдай күйік алған.
Маңдайында ноқаттай қара меңі,
Еске түсір дегендей, қара мені.
Алып келді алыстан әлдекімді
Көзі тура көзіме қарап еді.
Сап, сап, бұл көз, бұл меңді қайдан көрдім?
Керсем жалғыз көктегі айдан көрдім!
Айдай еді-ау, дариға-ай, әсем еді-ау,
Әттең, Сарман, арманда майданда өлдің!
Сол бір есім аузымнан шығып кетті.
Енді әйел де алғандай ұғып көпті.
– Шолпанмын ғой, ия мен, – деді баяу,
Төңкергендей төбеме жығып көкті.
Шолпан! Сарман! Достары жас шағымның!
Кімдер ұстап көріпті жаз сағымын?
Сағымсыңдар сендер де жеткізбеген.
Алла да азғын дей қалса, аз сағындың.
Қатар атап түсімде аттарыңды,
Жарым айтар еңіреп жатқанымды.
Қуаныш пен мұңымды ортаға сап,
Қанша сырым сендерге ақтарылды!
Ақ Жайықтың жағасы, Хан орманы…
Біз бас қоссақ, қызыққа қанар маңы.
Аспанында ән болып шарықтайтын
Қанатты шақ, жас көңіл, жан арманы.
Кейде үшеуміз отырып жарда биік,
Құлаш ұрдық алысқа, арға күйіп.
Мұз тұтқыннан құтқарып «Челюскинді»,
Аспан кездік, Айға ұштық шарға мініп.
Алқам-салқам шегінді балалық шақ,
Жылдар қалды жолшыбай далаға ұқсап.
Жерде жалғыз болса да таң Шолпаны,
Арамызға көрген жоқ алалық сап.
Шолпан! Шолпан! Атыңа сай-ақ едің!
Миуа бақтай бір өзің – саялы едің.
Тоты құстай түрленіп таңнан таңға,
Қанатыңды еркіндеп жая бердің.
Ақ сұр емес, онда сен аппақ едің,
Кристалдың кіршіксіз шақпағы едің.
Түндей дара көзіңде күн нұры ойнап,
Жүрген жерге шырағдан жақпақ едің.
«Теңмін» деуге саған жан бата алмады,
Саған жазды, сенен бір хат алмады.
Ағып жатты сыңғырлап айна бұлақ,
Тұнығынан ешкім тек тата алмады.
Айта алмас ем соны сен білмедің деп,
Жұрт назарын көзіңе ілмедің тек.
Тәкаппарлық емес ол, табиғаттың,
Ал «жыныңа» тигенге тілді едің бек.
Үшеумізді кім білсін не қосқанын,
Студент боп есімде дөң асқан күн.
Тербетіліп бесіктей толқындарда,
Шатыр еттік Шағанның көк аспанын.
Бөліскендей қара нан, қара суды,
Салатынбыз ортаға бала сырды.
Біз ержетіп байқаусыз, сен бой жеттің.
Сонда, бәлки, жүректер аласұрды.
Аласұрды айта алмай қалағанын,
Тамағымда түйілді қара наным.
Ойланғанда оңаша еске түсті –
Біреумізге дәйім көп қарағаның.
Өзімнің де көңілім бар болса да,
Өзің жоқ жер табыттай тар болса да,
Сарман үшін қуандым ақ жаныммен,
Әлдилейді әлпештеп жар болса, о да.
Пар болса тек – саған пар Сарман ғана,
Өзгенікі құр әуес, арман ғана.
Адалдықты аңсаған бір жан еді.
Ғашығы еді өзен, тау, орман, дала.
Сарман сырттай сұлу да емес еді,
Өзі өзгеден ерекпін демес еді.
Ұзын тұра, дудар бас, қара бала,
Көрер көзге әркім-ақ теңеседі.
Бірақ ғажап күш бар-ды зердесінде,
Не оқыса, сол мәңгі жүрді есінде.
Бар болса ше, тигендей еді оған
Жолдасшылдық, жомарттық жүлдесі де.
Ол оншама сәнді де киінбейтін,
Болған да емес басы артық тиын дейтін.
Шешіп берер досына көйлегін де,
Кесіп берер, тілесең, тілімге етін.
Тым қайырымды әлсізге, тілекші еді,
Өз мұңындай өзгенің жүрек шері.
Тәкаппар да бір беткей, қайсар еді,
Тұрса біреу мықтымсып іреп сені.
«Ойламаймын, – дейтін ол, – өлмесем деп,
Көксеймін тек көз жасын кермесем деп.
Түске енеді ер жүрек испан халқы,
Елестейді өр ерлік, өлмес еңбек».
Бір ақынның Сарманға жыры ұнады:
«Гренада, сүйікті Гренада!..»
Барамын деп қорғауға мен де соны,
Комсомолдан сан рет сұранады.
Ол сөйлейтін әр уақыт ар үнімен,
Ақын еді жанымен, дарынымен.
Асқақ қиял, адуын сезім құлы,
Жүруге қас біреудің сарынымен.
Кейде бәрін өлеңге бастырады,
Көтерілсе, дауылдай састырады.
Домбыраға қосылып балқып бірде,
Жанарында жаудырап жас тұрады.
Ал көбіне ақ жарқын салдырлаған,
Сайқымазақ, әзілге шалдырмаған.
Күлген сайын әдеті – қойып қалып,
Күні де жоқ қарымды талдырмаған.
Жарқылындай жасынның бұрқыратып,
Жалынымен жүрсе де жыр тұтатып,
Жолдастықты сезімге жеңдірмеді,
Қиналтпады Шолпанды бір тіл қатып.
Жүрек – би ғой, үнсіз-ақ ұғыстырар,
Бірі жоғын бірісіз – ұғысты олар.
Өлмегенге күткен күн алыс емес,
Осы алдағы күз өтсе, бір қыс қалар.
Жеткізбеді арманға тағдыр ханы,
Махаббатты, саз берген таңды ұрлады.
Екі араға сұстанып соғыс кірді,
Сынағалы, бейнебір талдырғалы.
Ел қорғауға Сарман да сұранады,
Ер басына күн туды, Гренада!
Бізден кейін Шолпан да шинель киген,
Қару алмай қандай жан тұра алады?
Сап түзеді солдат боп ұлы халық,
Майдан жолы әкетті іліп алып.
Шөпке түскен инедей сіңіп кеттік,
Өлмеу қиын екенін біліп анық.
Төрт жыл бойы өрт өртке, дерт дертке өтіп.
Жатты небір саңлақтар мерт-мерт кетіп.
Біздің штык ұшында тұрды Азаттық,
Таңғы шықтай дірілдеп мөлт-мөлт етіп.
Тіршіліктің біз болдық сенері де,
Берілгендей батырлық шені еліме.
Тыр жалаңаш әйелдей Европаңыз
Тығылды кеп Советтің шинеліне.
Фашизмді тек сол ма тапа деген?
Жалынды ғой жік-жапар қапалы әлем.
Большевикті бөрідей көргендер де
Лақтай болды қасқырды апа деген.
Дерсің бе оны жылдардың жасырды ізі,
О жиырма бірінші ғасыр қызы?
Сендерді ойлап Сармандар, сары Ивандар,
Аяғына дұшпанды бас ұрғызды.
Қалдық биік адамдық тағымызда,
Салдырмадық еш сынық сағымызға.
Жүз жасаған қарттардың көрмегенін
Көрдік сөйтіп бозбала шағымызда.
Сұрапылда қала өрт, дала жалын,
Алды уақыт біздерден алажағын.
Әке болып, жар болып көрмей жатып,
Ұқтық ата сезімін, ана жанын.
Өмір жайды құшағын өлмегенге,
Махаббатқа, еңбекке шөлдегенге,
Ұлы бақыт секілді боп көрінді
Тыныш ұйықтап төсекте көлбеген де.
Әттең, ол күн талайға жеткізбеді.
Жеңіс тойын Сармансыз өткізді елі.
Шолпанды да қайтпады деп естідім,
Әлдекімдер мерт болды от қыз деді.
Шолпан біздің, білемін, жетім еді.
Еш адрес қалдырмай кетіп еді.
Сұрау салдым, із-түзін таба алмадым,
Біраз болды «өлдіге» бекігелі.
Отыр міне сол Шолпан қарсы алдымда,
Қайран досты қазақша қарсы алдым ба?
Көздің еті өскендей танымадым,
Сөйтемін бе Сарман кеп қалса алдыма?
Күлейін бе шаттықтан, жылайын ба?
Аяғына жалп етіп құлайын ба?
Ширек ғасыр шіркеу боп тұр арада,
Жатырқау бар, жүрсе де кіл ойымда.
«Шолпан!» деймін, ерінім қыбырлайды.
Дауысым да шықпайды, сыбырлайды.
Сескенемін, өлікпен кездескендей,
Сұрай алмай тірілген ғұмыр жайлы.
Ол осындай жайымды сезді білем,
Сөз бастады сұраусыз, өздігінен:
– Мен де сені тосыннан танымас ем,
Жастық шақтың кескіні көзде кілең.
Уақыт шіркін кімді де көнертеді.
Өткен күндер – ол бейне көне ертегі –
Тыңдайсың да тебіреніп, күрсінесің,
Тек түсіңде оралып келер, тегі.
Өлгенім жоқ. Өміржан, өле алмадым,
«Кім ақтайды біз өлсек, өлі арманын?»
Деп өсиет ететін Сарман өзі,
Қалай өліп, қалайша оны алдармын?
Жолдарымыз майданда қатар жүрді.
Бір бөлімде өткіздік қатер жылды.
Ол жыл – қырық үшінші алапат жыл,
Жауқазынын жанымның қатал жұлды.
Қатал жұлды қопарып жүрегіммен.
Ең бақытты жанмын деп жүр едім мен.
Сонда, сонау Днепр жағасында
Қош айтыстым жас көңіл күдерімен.
Сол арада төмпе боп Сарман қалды,
Жарқын күлкі, жалын жыр, арман қалды.
Мен мылтыққа сүйеніп, тәлтіректеп,
Әрі кеттім, тіріше қарманғалы.
Әрі кеттім, солдаттың бірімін деп,
Қара бастың мұңынан ірі міндет.
Көзбен көріп Жеңісті мәз болсам да,
Қуанғам жоқ, нансаңыз, тірімін деп.
Қанша күтіп сол күнді қиялдадық?
Көп жұбатып көңілді, жиі алдадық.
Аңсап құрбы, достарды, Ақ Жайықты,
Кейде көздің жасын да тыя алмадық.
Сөйткен Сарман, сол Сарман, қайда қалды?
Қалды жапан жағада, жайдақ алды.
Алас-қапас көмілді оқ астында,
Бәлки, көрін ит-құстар жайлап алды.
Солдаттықтан босай сап келдім соған,
Асықпадым енді мен елге аңсаған.
Қалып қалдым күзетіп дос қабірін,
Дедім: Сарман, өмірді бердім, саған.
Өз хәлімді сендерге паш етпедім,
Күттім мезгіл, қыз дәурен жасы өткенін.
Жерортаға бейхабар жетіп алдым,
Қауіпсіз ғой екінші басы өткелдің…
Маңдайыма басса да уақыт сызын,
Дей алмас ем оншама бақытсызбын.
Дәрігермін сол жерде бір селода,
Аулақ менен жалғыздық, бағытсыз күн.
Айнала дос, ағайын әлпештеген,
Жиырма жылда бірі жоқ шәлкес келген.
Сарманға олар ескерткіш орнатысты.
Сонда өткізем әр таңды, әр кешті мен.
Қарсы бетте, Днепр жағасында,
Ұқсап біздің Сарманның ағасына,
Тұр биікте атақты ақын Тарас
Жырын басып жанымның жарасына, –
Деп күрсініп қарады Шолпан маған.
Бұл даурықпа сөз емес шолтаңдаған.
Құрбан қылып қызығын әйелдіктің,
Табиғаттан талақ боп жол таңдаған.
Жымиғысы келеді, зорланады,
Булығады, демін де зорға алады.
Бота көзі мөлтілдеп дөңгеленіп,
Тұманданып, кірпігі торланады.
Қабағын да еріксіз басты бір бұлт,
Қатты алдады дегендей жастық үміт.
Тіл қата алмай тұнжырап отырмын мен,
Тамаққа тас, жанарға жас тығылып.
Өтіп ауыр минуттар әрі-сәрі,
Әр қилы ойлар тежеусіз алысады.
«Бұлар сірә майданда үйленген-ау,
Асыл Шолпан Сарман деп арыса әлі?..»
Осы лезде ол тағы селт еткізді: –
Тағдыр, – деді, – «тойымды» ерте өткізді
Шын сүйсе де қос жүрек бірін-бірі,
Бір сүйісіп үлгіртпей, жер тепкізді.
Ойладық па тудық деп өлмек үшін,
Уәде байлап көрмедік ең кемі, шын.
Дене бөлек болса да жан бір еді,
Жаралғандай мен оған, ол мен үшін.
Қалды сөйтіп жастық шақ, сауық деген,
Бекер екен нәпсіні қауіп деген.
Жар болудың ләззатын татпасам да,
Жесірі боп жұбаныш тауып келем.
Келдім Сарман сәлемін артып елге,
Туған өлке еріксіз тартып енді.
Ақ Жайықтың жағасын, Хан орманын
Шарлап қайту ол үшін – шартым еді.
Сол арада көңіл бір қопырады,
Шегінді уақыт, шабысы тоқырады.
Сәлем бердім Сарманның қарттарына,
Сәлемдеме – ұлының топырағы…
Жүрек сыры сонда сан толғатылды,
Жарқын жаздың жетпеді талма түні.
Қайтып барам туған жер иісін ап,
Сарман үшін бір көріп Алматыны.
Ұғушы еді ол екі дос дегенді,
Бір жүрек деп, бір жан деп қос денелі.
Жатқан шығар тағатсыз күтіп мені…
Соқтым саған, көрісіп «қош» дегелі…
Қош бол, Шолпан, қош мәңгі, қайран Сарман!
Қош жастық шақ, аз уақыт сайран салған!
О, жиырма бірінші ғасыр қызы,
Сен не дер ең, осылай айрылса арман?
Ал мен болсам шытырман шақтан өтіп,
Айтам саған соларды мақтан етіп.
Бұдан артық білмеймін махаббатты,
Бұдан артық қайтемін бақ дәметіп!
Ләйлі – Мәжнүн, Қозы мен Баяндардан
Олар биік екені аян маған.
Олар – менің достарым, замандасым,
Бақыты үшін басқаның аянбаған.
Отқа күйді, жығылды орға да олар,
Махаббатты, өмірді қорғады олар.
Бар болса да бірі үшін бірі өлуге,
Өлімге бас игенді қарғады олар.
Еншісі емес ешкімнің мұншама ерлік,
Біз, Шолпандар, Сармандар мың сан едік.
Жігіт дәурен, қыз ғұмыр жүз оралса,
Жүзін де біз күреске жұмсар едік!
Жұмсар едік қанымыз сарқылғанша,
Қарт сұңқардай соңғы рет шарқ ұрғанша.
Күн астында семсердей жалтылдаған,
О дариға, жастық шақ жарқын қанша!
Ұқпаңдар тек біздерді әулие деп,
Қашаннан да данаға, дәуге ие көп.
Біз кәдімгі советтік жастар едік,
Бұл дүниеге келген бір дау дүние боп.
Өгей десе бізді енді күлмес кімдер?
Ия, қалқам, бір шындық бұл да ескерер.
Бізді, біздер орнатқан тың дүниені
Заңсыз туған бала деп білді ескілер.
Жоқ заңдымыз, біз құрттық заңсыздықты,
Жер бетінен аластап сан сұмдықты.
Біз тұтатқан әділдік шамшырағы
Жүрегінде жарқылдап жансын мықты…
Кешір, қалқам, кетсем бір ақыл айтып,
Қарттық деген келмейді, ақыры айтып.
Коммунистік Заманның адамына
Қалайша ақыл айтамын бақырайтып.
Ендеше мен қайтемін алаң болып,
Ару емес, тыңда сен балам болып.
Сәлемімді жігітше бастасам да,
Тамамдайын баяғы бабаң болып.
Мен айтпай да білесің Сармандарды,
Сен арқылы ақталды армандары.
Сенсің біздің аңсаған жас шағымыз,
Сен биіксің біз білген ардан да әрі.
Жастық соңы, қарттықтың алды, мүмкін,
Сені ойлап жүрегім талды бір түн.
Жер ғана емес, анау Ай бетінде де
Қалың малың болғандай қалды мүлкім.