Ықылас Ожайұлы.
Жоқ едім басында,
Алланың бұйрығы мөрленіп,
Маңдайдың тұсына.
Ғаламның көгінен жұлдыздай сорғалап,
Сөз болып ояндым қаламның ұшында.
Кертолғау жырдың зарымын
Тарих
Бөкен жон, бөрте қыраттар астында
Шөптермен жабылған,
Ақсөңке сүйектер сөйлейді,
Не түйдік аруақтар зарынан?!
Менің тарихым – ап-ащы, күп-күрең,
Себебі ол, анамның жасымен,
Атамның қанымен жазылған.
Қария қыраттар сөйлейді күңіреніп,
Қобыздың тілімен,
Бір әуен талықсып жетеді құлаққа
Торғын жел үнімен.
Қан бөккен даламның қайғысын сеземін,
Жылқының жалы мен жусанның бүрінен.
Қайран, қабылан бабалар
Басының ішінде күн жанып,
Шуағы жүзінен байқалған.
Орхонның көк мәрмар тасына кертіліп,
Ерлігі айтылған.
Түз жүрек, тау мінез түркінің
Астында қара жер теңселіп,
Ауызында көк аспан шайқалған.
Ойхой, Орхонның жазуы,
Сен едің расы –
Бабамның жәдігер мұрасы.
Тамырымда күркіреп ағатын,
Қайда сол көк тастың көгілдір дұғасы?!
Көгілдір дұғамды
Кеудеме кісінетіп,
Боздадым зарлы үнмен,
Боздадым қазақы тағдырмен.
Сөйттім де,
Жылқының иісіндей бұрқырып,
Тұлпардың тостақтай көзінде
Тұңғиық шер болып қалдым мен.
Мадақ
Әлемді жаратқан, Алла,
Әкемді жаратқан, Алла,
Адамды жаратқан, Алла,
Анамды жаратқан, Алла,
Саған мадақ болсын, мадақ!
Ей, Алла!
Сен жатырға салған жалғыз дән,
Қара жер бетінде қоғадай қаулаған.
Аз ғана ғұмыры ақшаға сатылып,
асқазан алдаған,
Қосаяқ құлыңның қылығы
Әлгі… қара шыбындардан аумаған.
Бесіктен бейітке жосылып,
Өтсе де ғасырлар неше мың.
Хикмет кітабын меңгермей,
Аспадық тағылық кеселден.
Құдайсыз жүректі түленге билетіп,
Тоғышар тұрғыны боп алдық,
Кеңірдек дейтұғын көшенің.
Көзімнен көгілдір жапырақ бүрлетіп,
Жыладым…
Жалаңаш көшелер жанымды кірлетіп,
Қара жер үстінде күп-күрең тіршілік,
Адамзат адасып барады
Барады тағы да
Екі аяқ үстіне жемтігін сүйретіп.
Бөксе мен бөтелке түбінде,
Жыныққан дүбірге.
Шырмалып бұл пәни
Көшсе де көрпелік ілімге…
Табиғат сөйлейді,
жап-жасыл, тұп-тұнық
Құдайдың тілінде.
Сол тілді түйсінер жүректі шаң басып,
Неге мен құлаттым еңсемді?
Тағдырым – тамшының өлшемі,
Жоқ едім, бар етіп,
Құрсақта жүздіріп,
құрлықта тұрғызған, Раббым,
Сол үшін сүйемін мен сені.
Жоқ едім басында,
Алланың бұйрығы мөрленіп,
Маңдайдың тұсына.
Ғаламның көгінен жұлдыздай сорғалап,
Сөз болып ояндым қаламның ұшында.
Бес күнім берілген адамдық пішінде,
Алтыншы уақытты көремін түсімде,
Сол түсті іздедім шарқ ұрып жалғаннан,
Сөйтсем ол жүр екен «аруақтар» ішінде.
Құсни ғаламның құс жетпес шегінде,
Қауышып қаралы өлімге,
Адами қауызың аспанға бүр атар,
Алтыншы уақыттың демінде.
Біз сөйтіп,
ертең бе, бүгін бе?
Табыттың бұлдырап түбінде,
Көгілдір әлемге көш түзеп,
Сөйлейміз мүбәрәк
Бір ғана Құдайдың тілінде.
Құса
Қарғам, маған қайғылы деп кінә артпа,
Тұл тірліктен тұншықпаудың айт емін,
Кіл мұңсыздың тірі өлігін көргенде
Тітіркенбей, қайтейін.
Қоңыр кештен қою-қою ой ұрттап,
Серт байласқам іңірмен.
Қайырымсыз пенделерден қамығып,
Қарашығым хат жазады түнімен.
Тәңірінің тамшысынан жаралғам,
Әй, есер ел, табаныңда езілдім.
Ұятыңды ұшықтасам деп едім,
Мөлдірімен көзімнің.
Құсалықтан қобыз мұңның мендегі
Қыл ішегі дір еткен.
Күрсіністің күлбілтесін маздаттым,
Тағдырыңды түйсігіме түнетсем.
Күн батыстың күйреуінен жалықтым,
Сосын тағы айтпақ сөзді іркідім.
Олар маған көрсетпекші өнер деп,
Көрпесінің бүлкілін.
Көрпесіне күнә жаққан, «анашым»!
Қара жұртты қайда тастап барасың?
Ем қонбайтын ессіздерге не дейін,
Ермек қылған екі аяқтың арасын.
Жердің беті толған пенде тәубәсіз,
Енді оларға ештеңе деп айталман.
Жалғыз Ием, жар бола гөр құлыңа
Адам тектес шайтаннан.
Биік-биік мінбелерден сөйлейді
Қарыны тоқ құмайлар.
Кісі жегіш кеңселердің ішінде
Отырады құдайлар.
Сол құдайлар сорпа жұтып сорымнан
Жылатады мен бейшара ғаріпті.
Ожданымды отқа жағып ойсыздар,
Обалымнан ойыншық жасап алыпты.
Күлдір-күлдір күңірендім не пайда?
Күн тұтылып ішімде.
Талқан болған тағдырлар-ай, қайтейін,
Тіршіліктің тісінде.
Мамырстан
Ауасы аққу аңқып сай гүлдеген,
Мамырдың қай жерінен қайғы көрем.
Жарықтық, жасыл көйлек жаз туғанда,
Жұлдыз жусап, аспанда ай бүрлеген.
Жібек жел майда лебін маңыратқан,
Самалынан қас сақтың зарын ұққам.
Алагеуім туғанда ақшам қария,
Көлеңкесін ауылға жамыратқан.
Қырқадан құлан иек таң ағарған,
Мамық жер мамыр келіп майға оранған.
Табиғат таңғы шықтан шолпы тағып,
Ақ қайың балтырына ай оралған.
Көкқасқа көлдерім-ай шағалалы,
Кірпігіне күн қадап барады әні…
Бұтағы бурыл айдың бұлттан өтіп,
Сәулесі су бетінде таранады.
Елігім, арқар күйіс қоңыр далам,
Сен менің арманымсың орындалған.
Мен әлі-ақ жана алмаған жұлдызымды,
Аққудың омырауына шомылдырам.
Жұмекенге
Қазадан қара басты ап қашуға,
Әмірің қайда Тәңірмен соттасуға.
Сен анаңның туғанда құрсағынан,
Атың тұрған ажалдың тақтасында.
Маңдайдан жыр түлетіп өскен ерсің,
Мейлі, сені мынау жұрт кештеу білсін.
Асандар қасіретіңді қайдан ұқсын,
Үсен болып тағдырды кешпегесін.
Тілегін ұшықтатып теңгеменен,
Үкім айтып үр жалған дөңгелеген.
Қара жердің үстінде, қайран, аға,
Қайтіп өмір сүргенсің пенделермен.
Теңгесі көп немені текті көрген,
Кеуделерге жаншылдың көк тіреген.
Қос қанатың құсадан қайырылып,
Өксігіңе өртеніп кеттің білем.
Мен өзі адам деген жемір едім,
Алдында жұтқыншақтың жеңілгенмін.
Табыт жасап сатқаннан пайда тапты,
Тәубәмді ұмытқалы кеңірдегім.
Табанға таптататын бар асылын,
Мен де сол, бір пенденің баласымын.
Қызыл құрт қу дүние қымбат екен,
Құзғынға айналғанда қарашығың.
Бүгін сенің атыңды жар қылғандар,
Кеше сенің жаныңды жазғырғандар.
Өлтіртіп ап өтірік жоқтау айтты,
Көз тіріңде көріңді қаздырғандар.
Жұмекен-ай, Жұмекен, дерті күшті,
Дертке ұшырап менің де бөркім ұшты.
Қадіріңді білмеген тас қоғамда,
Қабіріңді жырладым… өкінішті.
Нама
Айкезбе болған пенде едім,
Қос көлімнен қан аққан,
Қос жағымнан зар аққан,
Күрсінісіме күн сіңіп,
Көкірегімнен таң атқан,
Мен – ақын деген шерлі едім.
Аққуда құстың қанымын,
Кертолғау жырдың зарымын.
Қара өлеңіме қададым,
Қарашығымның мамығын.
Аспани қанат қиялдан,
Тәңірісі жебеп сый алған.
Құс мүсін өлең дүр еткен,
Көмейіндегі ұядан,
Мен – ақын деген шерлі едім.
Көзінде теңіз тулаған,
Көгінде қиял шулаған.
Анаға тәні сыйғанмен,
Далаға тәні сыймаған.
Тілінен нөсер септірген,
Жұпар дауысы Көк тілген.
Таңдайын нұрға тоғытып,
Маңдайын желге өптірген,
Мен – ақын деген шерлі едім.
Кеудеме қонған үйректің,
Көзінен тамшы бүрлеттім.
Омырауынан ой саудым,
Қара өлең деген дірдектің.
Тәңірі деген биімнің,
Сөз деген ғажап сыйымын.
Домалақ баспен көтердім,
Дөңгелек жердің күйігін.
Есінен өлең есілген,
Көк үйрек ұшқан төсінен.
Қап-қара жерде тұрғанмен,
Қағазда ғұмыр кешірген,
Мен – ақын деген шерлі едім.
Мен – ақын деген әулие,
Ар-иманнан кенде емен,
Пайғамбар жолын жөн көргем.
Сыйыспадым тірлікте,
Сырты – тері, іші – боқ,
«Адам» деген пендемен.
Көкірегі желдеген,
Кеуделерден сенделгем,
Мен – кедей деген жұрттанмын,
Креслоның астында
Көзімнің жасы жерленген.
Тура бір жолды сүйіп ем,
Жағыну келмей қолымнан,
Ол-дағы болды сорымнан,
Иілмеп едім ит тірлік
Жалғыз да қалдым, жалған-ай,
Жағымпаздығымның жоғынан.
….Бота тірсек, киік күн,
Запыран жұттым күйіктен.
Заманым былай болғасын
Иығымдағы жұмырдың,
Екі інгенін иіттім.
Дүние-ай, бүгін мұңдымын…
Бұрымдымды құл еткен,
Бұралқы етіп жүдеткен.
Есіл дүние-ай, не дейін,
Ерке қызың нан тапты,
Етекке біткен бір етпен.
Бес күндік жалған сынадан,
Тәнінен тоят сұраған.
Бөксеге басы шырмалып,
Бөтелкеден құлаған.
Ей, қазақ еркек кіндігің.
Ғұмыры келте шешілген,
Шарана кетпес есімнен.
Кінәсіз менің періштем,
Пышаққа тумай кесілген.
Алжасқан мидың мастығы,
Жетімдер үйін ашқызды.
Талайды әлі істетер,
Жүрегіміздің тастығы.
Адамнан жаздық азасын,
Алладан болған қазасын.
Уақытша ғана ғұмырдың
Қасіретіне байладық,
Құнанбайдың да баласын.
Осыны қазір ойласам,
Қасқалдақ қаным мұздаған,
Қабылан сүйек сыздаған,
Тәңіріні сүй, әйтпесе
Қоңырсыған қу тірлік,
Кімдердің арын бұзбаған.
Адам Ата баласы,
Төсіңе табан бастырма,
Тірлікке бола қас қылма,
Сіз мекен қылған ғұмырдың
Бес күні жердің үстінде,
Шексізі жердің астында.
Мен бөгдеге сенбеймін,
Бір күні қайғы шектірер,
Қабырғаңды сөктірер,
Ол ертең туған тұқымға
Бабаңнан қалған мүрденің,
Бас сүйегін тепкізер.
Санаңа шіре салдырып,
Қабағына қаратар,
Келекеге жаратар,
Кеудеңнен намыс кеткен күн
Айуандығын асырып,
Аяқтың күсін жалатар.
Құрсақты жұртым пәктегін,
Рухы сонда ұлтыңның,
Қайнары сонда құтыңның,
Есіңде болсын есіл ел,
Жат сарып кеткен жатырдан,
Жақсы боп тумас тұқымың.
Өр қазақтың тұяғы,
Күлдір де, күлдір, күлдір де,
Күлкіні басқа ілдір ме,
Алланың нұрын аңсасаң
Кірпиязыңды кірлетіп,
Көрпеңе күнә сіңдірме.
Хауа Ананың жалғасы,
Болмысыңнан бүтін ең,
Бес күндікке түтілмен,
Абыройыңды үркітсең,
Ұшынбай ма ұрпағың,
Омырауыңның сүтінен.
Хаһнамамды айтсам қаумана,
Өлеңдей кие үркектің,
Көкірегіне күн төктім,
Шыңыраудан сөз сауып,
Қыбын бір тапсам деп едім,
Қызыл тіл деген шикі еттің.
Мен – ақын деген пірәдәр,
Солай да, солай мұң шақтым,
Анығымды айтсам бір сәтпін,
Бұйрығыменен Тәңірдің
Ақ қағаздың үстіне,
Ақбөкен ойды жусаттым.