ШЕШЕ МЕН БАЛА
Шешесі қыз баласынан сұрады:
—Берген ақшамды қайда қойдың?
Бала:
—Біреуге бердім.
Шешесі:
— Кімге?
Бала:
—Бір тентек балаға бердім.
Шешесі:
—Мұнан былай тентек болма деп берген шығарсың?
Бала:
—Рас, әже, екінші рет тентек болма дедім. Құс та Құдайдың жәндігі ғой, әже?
Шешесі:
— Біз де, құс та, бөтен жан-жануардың бәрі де Құдайдың жаратқан жәндігіміз.
Бала:
— Әлгі бала Құдай-тағаланың жаратқан кішкентай құсын ұстап алып, сатайын деп жүр екен. Құс кісі аярлық болып, шиқылдап тұрды. Сонда алып жүрген бала тұмсығын қыса береді, бейшара құстың дауысын Құдай-тағала есітеді деп қорыққан шығар деймін.
Шешесі:
— Онда сен неғылдың?
Бала:
—Мен балаға ақша беріп сатып алып, құсты ұшырып қоя бердім. Менің бұл ісім сауап емес пе?
Шешесі:
— Әрине, сауап, бейшараларға қайырымды болғаның.
Бала:
— Ол бала, кім біледі, кем-тарлықтан құсты сатуға жүрген-ау?
Шешесі:
— Мен де солай ойлаймын.
Сонда сөйлеп отырған бала сіңлісіне қарап:
— Мана ақшамның бәрін бергенім жақсы болған екен,— деді.
Сіңлісі шешесіне қарап:
— Апаммен екеуміз мана бәстесіп едік, ол балаға апам құсыңның бәсі не деп те сұрамай, ақшасының бәрін берді. Мен айттым: Құстың бәсі не? — деп сұрау керек еді деп, қайсымыздікі дұрыс?
Шешесі үлкен қызына қарап айтты:
— Сенің де бұл істеген ісінді дұрыс демеймін. Егер тағы бір манағындай бала жолықса, ақшаңның бәрін бастапқы балаға беріп қойдың, соңғыға не берер едің?
Үлкен қызы:
— Онда мен тағы да саған келер едім.
Шешесі:
—Егер менде де мал, ақша болмаса қайтер едің?
Бала:
— Онда… деп, не дерін біле алмады.
Шешесі:
—Көбірек жақсылық етуге шамам келсін десең, әр нәрсеге күтімді болу керек. Құстың бәсін сұрап, кемге бермеймін десе, сонда ақшаңның бәрін беру керек еді. Ол құстың өзі не құс екен?
Баласы:
— Мен сұрағаным да жоқ, әже, өзің айтушы емес пе ең, жақсылық еткен жаныңның атын да сұрама деп.
Шешесі күліп:
— Солай, солай, шырағым, — деді.
Баласы:
— Әже, сен көрсең еді, құсты қоя бергенімде, әуелі қуанғаннан тіпті ұша алмады. Сонан соң құсты сатқан баладан уәде алдым, екінші рет ұстама деп.
Шешесі:
— Қызым, жақсы іс істепсің, мінекей саған тағы да теңге.
Қызы:
— Алла разы болсын, әже.
Шешесі:
— Шырағым, қызым, әрдайым осындай рақымды бол, саған мұның үшін Құдай рақым етер, — деді