БІР УЫС МАҚТА
Бір кішкентай қыз әкесінің шапанын жамап отыр екен, шешесі қасына отырып, ақыл айтты:
— Балам, дүниедегі жаратылған жәндік-жансыздардың ешқайсысының да керексіз болып, жерде қалатыны болмайды,— деп.
Сол сөзді айтып отырғанда, қыз бала киімін жамап болып, жердегі мақтаның қиқымын терезеден лақтырып, далаға тастады:
— Әже, осы қиқымның ешнәрсеге керегі бола қалмас, — деп.
Шешесі:
— Балам, сол да жерде қалмайды, — деді.
Осылайша сөйлесіп, терезеден қарап отырса, манағы мақтаны жел көтеріп ұшырды. Мұны бір торғай көріп, қуып барып, мақтаны тұмсығына тістеп қана алып, ұшып кетті. Қыз әжесінен:
— Манағы мақтаның қиқымын бір торғай алып кетті, оны неғылады? — деп сұрады.
Әжесі айтты:
— Көрдің бе, балам, күн айналмай манағы айтқан сөздің келгенін. Ол кішкентай мақтаны торғай ұясына төсеп, жас балапандарына мамық етеді, — деді.