Өлім
Бесік пен бейіт бір ұғым,
Бейіт те сенің сыңарың.
Алшақ деп әсте ойлама,
Арасы жақын бір адым.
Бес күндік мына жалғанда,
Тәңірдің ескер сынағын.
Жалғанмен жаның қоштасса,
Қара жер болар тұрағың.
Белінде болып бабамның,
Жатырға дән боп тасталғам.
Топырақтық болмысқа,
Рух болып түстім аспаннан.
Өмірге келген қонақпын,
Бесік пен бейіт – қос далам.
Баратын жерім – қара жер,
Екінші менің баспанам.
Ақын өлді, көрпесі көрдің құмы,
Білмейтіні осы ғой елдің мұны.
Шарана-жыр тербеткен шайырларды,
Шаршататын жалғыз-ақ елдің мұңы.
Сары көйлек сары даламды сүйгем анық,
Тыңда далам, тыңда жұрт, тыңда халық!
Тіріде тырбанбасам не тындырам,
Есіксіз, терезесіз үйге барып.
Алтыны жоқ, жырымның жезі қалса,
Білмеймін, өмір сүрер кезі қанша?
Ақынға ұзақ жасау міндет емес,
Артында өлмейтұғын сөзі қалса.
Ел үшін шырылдайық, шырылдасақ,
Енесінен айрылған құлынға ұқсап,
Елдің мұңы жеп жатыр жүрегімді,
Жемтікке үймелеген шыбын құсап.
Кектесу
Әкем қойшы, қойларға пайдалы адам,
Кезінде оқу кезбей ай қараған,
Әлсізді басқа теуіп ойнайтұғын,
Замананың боларын ойламаған.
Ағам едің жайылған аты аянға,
Мансабың да жетерлік марқаярға,
Иә, сенде атақ та, ақша да бар,
Мен әкемнің басына шалқаям ба?
Өтірік ел ертеңін көп тілейсіз,
Шындығың, даңқым өссін деп тілейсіз.
Бәрі де қара халық қамы үшін деп,
Құлағын неге жұрттың тепкілейсіз.
Мен үшін мәрттігі мол ғұмыр ұлы,
Мұқалмаспын арым бар одан ұлы.
Мансабына масайған сіздейлердің,
Мұрынымда билесін жұдырығы.
Жағаласпа жарқыным, жындыменен,
Мен де өзіңдей өзімді құнды көркем.
Сен мені бітеу жұтып май қылдырып,
Салақтатып қоймақсың кіндігіңнен.
Иә, саған не дейін қара батқа,
Қаралай бер арымды қарап жатпа.
Қыларыңды қылып қал бұл жалғанда
Мен сенімен сөйлесем ана жақта.
Алла жазса!
Сені сүю – әлемге маңдайдан нұр тарату
(Тыныштықбек)
Сені ойласам, ойым – он сақ, миым – у,
Сені армандау – бір тәңірге сиыну.
Пенделермен өмір сүрген періштем,
Сені сүю – күпірліктен тиылу.
Сендегі отқа тау менен тас балқыған,
Сен күлгенде көл менен көк шалқыған.
Сенің айдай жұпар сіңген тәніңнен,
Аққу иіс ана сүті аңқыған.
Ей, кербез қыз, күн шашақты кекілі,
Мендегі тіл жеткізе алмас көркіңді.
Сені сүю – бір тәңірге сиыну,
Жерде жүрген хор қызының өкілі.
Сендік сөзден мамыр туып, май өнген,
Сендегі әнге қолат ұйып, сай ерген.
Сен қуансаң, әлем бірге қуанып,
Сен қайғырсаң, күн тұтылып, ай өлген.
Жас
Мен кетемін… тақап қалды-ау жарты күн,
Жарты күннің қайтсем екен артығын.
Сен естелік қалдыр дейсің қиылып,
Не қалдырсам екен саған, жарқыным?!
Мен өзіммен ала кетем сан сырды,
Талай жасым топыраққа жаншылды.
Сағынғанда саулық тілеп тартар деп,
Тасбих қылып тастап кеттім тамшымды.
Өмір өзі-ақ түсіреді сабаға,
Сен де мені алтыныңдай бағала.
Ашыққанда таңғы шықтай тамшымды
Тары қылып қуырып же табаға.
Сен – биіксің, сен – ғажапсың десе де,
Сен мендегі махаббатты еселе.
Шөлдегенде шөл басарың болсын деп,
Көз жасымды сауып кеттім кесеге.
Көрініс
Томар бастар немене тындырады,
Көбік сөзбен көңілді сындырады.
Бір көкемнің тойымсыз жанарынан,
Мың момынның дауысы шыңғырады.
Көкбет қатын келеді өштесумен,
Көнтақы ұлды айырып текке есінен,
Келіні ата-енесін сойғызады,
Күйеуін айтақтатып бөксесімен.
Ол айтатын көп үміт артамын деп,
Кім ойлаған күйігін тартады деп,
Шал сақалын жұлады немересі
“Айқайласаң шешеме айтамын” деп.
Топастардың тобырын толықтырып,
Сайтан уақыт сырғиды соны ұқтырып.
Бассыз дүние барады бастыларға
Бармағын ауызына тоғыттырып.
Тұйықталса тірлікпен жарты ғалам,
Жалпақ жүріс жазылмас артығынан.
Қара таспен қапталған дүниенің
Қан сауғалап барады қаңқылынан.
Алқымдадым өмірдің жиырмасын,
Мейлі, енді өмірім қиындасын.
Сексен жасап сегіз сөз қалдырмаған,
Әлдекімнің өмірі бұйырмасын.
( М. Мақатаев)
Жиырмадамын, қалайша жай табамын?
Әлсізбін, әспеттемей айта аламын.
Құдай-ау, жиырма жылдық өмірімнің
Ақысын неменемен қайтарамын?
Кеудеме ақындықты сыйдырғалы ,
Осы болды атқарған сыйдың бәрі.
Мешітке өлең деген сыңарымның
Бара жатырм некесін қидырғалы.
Екеуміз некелестік шешім қылып,
Мен – сендікпін, сүйемін есім құрып.
Өлетінім рас-ау, өлсем егер,
Сені қалай тастаймын жесір қылып?..
Ауызымнан аққу ұшқан сұңқылдап…
Дауыс
I (М.Ешекеевке)
Алты қырдың астынан ұйтқып бір соққан дауысы
Алты қанат боз үйді шайқалта соғып кернеген.
Сол бір ащы дыбысқа
Қоғалы көлдің қуы мен шағала құсы шөлдеген.
Мына жеті қат ғаламның
Жеті нотасын меңгерген,
Менің топырағымның әр шөбі
күй болып кісінейді
құба дөңдерден,
Қоп-қоңыр домбырамнан аумаған
қоңыр желменен.
Күрп-күрп еткізіп күй шалсам,
Нұрланып жан іші,
Өзгеріп қанымның ағысы,
Әсеттей қомданып,
Қиқулап ән салсам,
Ауызымнан төгілген
аспанның дауысы.
Мен едім осындай даланың тағысы.
Осы дыбыстар даламның зары шын,
Қос ішек толғатқан
қасірет-қайғысын.
Киік қол қариялардың
Сар желген саусағынан тірілген қағысын,
Һәм домбыраның
қоңыр бұйра дауысын,
Есер эстрадашыл бұл қоғам
Енді қайдан танысын?!
Қос өмір ағады қос ішек қылымен
Түйсікпен қабылдап,
Түсінгем мұны мен.
Жүректің дыбысын сөндірген соқырлар,
Соқырлар сөйлейді дүние тілімен,
Көздердің шелімен,
Кеуденің желімен.
Солар ғой біздерді бауыздап тастаған,
Қанжардай шалбардың қырымен.
Әттең, шіркін!
Аспан денелі алыптар қалдырған
«Сарыарқа» күйлерім,
Самғауық әндерім,
Сендермен мәңгі едім.
Аздың сен білемін
Тап-тақыр далам-ай,
Ауызымен өзгенің.
Жердің жыныққан жұлдызқұрттарын
«Жұлдыз» деп ойлайтын
Әумесер күндерім.
Менің қоп-қоңыр домбырамды неге қорладың?
… Енді иесіз қалдым ба?
Киесіз қалдым ба?
Білмедім…
Қоңыр
II (Қ.Жантілеуовке)
Қоңыр-қоңыр таулардың
Қолтығынан қой өріп,
Қоңыр үйдің ішінде
Қоңыр салқын ой өріп,
Маңырауық маңдайым
Ой дүретіп неше мың
Жасыл маңдай қыраттан
Жасыл сөз боп есемін.
Жасыл ойым саз еді
Жазиралы жаны ізгі,
Қоңыр сазға гүл атқан
Қара тастың қауызы.
Қайтқан құстың қаңқылын
Өзегіне толтырып,
Тырна жілік, төрт ойық
Сұңқылдайды сыбызғым
Аспан аңқып ауызы.
Мен осылай аңқыдым
Қос ішекке қондырып,
Қоңыр қаздың қаңқылын.
Солқылдатып күй шалған
Әй, шалдар-ай, шалдар-ай
Сезім кешіп неше мың
Керегенің астынан
Күй тұнады күмбірлеп
Ернеуіне кесемнің.
Кім түсінер күй ұқпай,
Бұл пәнидің баянын,
Күймен бірге жөңкідім,
Жерге тимей аяғым.
Жан еріген сол сәтте
Маңдайымнан күн шығып,
Таңдайымда ай туып,
Күй кілкіген кесемді
Ұрттап-ұрттап қоямын.
Қайда кетті сол шағым
Қоңыраулы қоңыр үн?
Қоңырымды жоғалтып,
Тас көшені торыдым.
Жаңбырына жанардың
Омырауым боялып.
Қайнай-қайнай қаңсыды
Алпыс екі тамырым.
Тоғыз перне бетінен
Толқып соққан самалмын,
Толқын-толқын самал боп,
Сағасынан ағамын.
Қос ішектің үстіне
Құс дауысын жусатқан,
Сен аман бол, қоңыр үн
Сен аман бол, шанағым!
Сурет
Түн.
Өзгелер уыз ұйқы ұртап алған,
Кірпігім сусар басын шыққа малған.
Ойларым зеңгір көктен ою тіліп,
Шолпанның шуағымен бұлт жамаған.
Қаңтар қақап тұрғанмен қабағымда,
Тамыз түлеп тұрады жанарымда.
Бәлкім, менің арманым бүр атып тұр,
Ақпандағы ақ гүлдің сабағында.
Жылжымалы кеңістік тұрсын қайтып,
Күн мен түннің келгенін жүрсін айтып.
Кешкілік қызыл күрең күн астынан,
Көлеңкелер келеді бүршік атып.
Өлең іздеп жатқанда үркер өңді,
Бүйірімнен ақ шүлен бұлт өреді.
Бұғы мүйіз қара түн осы сәтте,
Қабырғамның тұсына сүйкенеді.
Жел қанат сөз болмасам егер де мен,
Күні ертең кемеңгерге теңелер ме ем.
Кеудемде найзағайлы күн күркіреп,
Жанарым жасыл жаңбыр себелеген.
Жирен жыр жүрегімде аңқылдаған,
Бөрте күн бүйірімде салқындаған.
Төсімнің тұнығына құс шомылып,
Қаз үні тамырымда қаңқылдаған.
Құйқадан қиял сауып күн өткерген,
Неге құштар екенмін түнекке мен.
Үркердің үрпісінен көмейіме,
Күп-күрең жыр ағады шүмектеген.
Тулаған тамырымның бүлкілі мен,
Қай қайғымды айтайын, шіркін, өлең?!
Біз деген тамшы сынды тағдырмыз ғой,
Жалғанның жас боп аққан кірпігінен.
Дүние
Дүние!
Иленудемін иіңе,
Төсекжады ұлдан қайыр жоқ,
Тұтқаңа болмақ кім ие?
Көк теңге!
Жетпеген де бар, жеткен де,
Буыңа сенің буынып,
Қылқынып жатыр көп пенде.
Көк теңге!
Тойым жоқ екен тек сенде,
Бұралқы қылып қызымның
Пұшпағын жырттың жетпей ме?
Ұятым!
Шара жоқ сені тиятын,
Дөкейді жалап жантықтар
Тесік таппай жүр сиятын.
Тірлігім!
Тірліктен тәнім үркиді
Кеудемде нелер кілкиді.
Кеденсіз кеңірдектерден
Кедейдің иісі мүңкиді.
Жалған-ай!
Мұңды ғып қойдың, жындығып
Мен сенің келтелігіңді
Егер де айтсам шыңғырып,
Кеуделі неме кетпей ме
Кеудеме дәрет сындырып?!