Он сегіздің жырлары
Деп келдім
«Тар жол, тайғақ кешумен»
қазағым қайғы көп көрдің,
Шерленіп жүрді жүрегім
шегінде жүріп шет жердің.
Алыста жүріп аңсадым,
ата-жұртым мен сені,
Елдігім – қазақ, ертеңім –
отаным, жұртым деп келдім.
Жүрегімде қазақы
махаббат бар тек менің,
Шырғалаң кеткен шындықты
елестетсем кектендім.
Абақтыда жаншылған
Алаштың мұңын арқалап,
Ұйқыда жатқан ұлтымды
оятайын деп келдім.
Тау жығарлық тебінмен
құбылаға беттедім,
Мен өйткені,
түркілік түбіме тартқан текті едім.
Қатепті қара нар сынды
қараша жүгін арқалап,
Танытайын әлемге
қазағымды деп келдім.
Сенсең жұртым, осылай
сенім бердім, серт бердім,
Отанымсың, ұямсың ,
Қазақстан тек менің.
Тәңірім тартқан тамшыдай
қамшыдай ғана ғұмырда,
Ел үшін жаным садаға,
сен үшін өлем деп келдім.
Кешіргей бізді, бабалар!
Өзімде барды сыйламай
өзгеге жалынғанымды-ай,
Өтірік өмір өткізіп
сайқалға салынғанымды-ай.
Кешіргей бізді бабалар,
кешіргей бізді, Жер-ана!
Қазақ деп қызар қанымның
инеге бағынғанын-ай.
Алыстан емес дұшпанның
қасыңнан табылғанын-ай,
Беттеместей бет қайтып
тауымның шағылғанын-ай.
Кешіргей бізді бабалар,
кешіргей бізді, Жер-ана!
Аралға емес басымның
араққа ауырғанын-ай.
Жанарым жасқа малынып
балаша жылағанымды-ай,
Қыбы бір қанып жауымның
шаттана қуанғанын-ай.
Кешіргей бізді бабалар,
кешіргей бізді, Жер-ана
Асаудан асып құламай
құсыққа құлағанымды-ай.
Азаттық үшін қанымның
қаншама шашылғанын-ай,
Белдесе түсер сәтімнің
белінен басылғанын-ай.
Кешіргей бізді бабалар,
кешіргей бізді, Жер-ана,
Ауырып өлмей ажалдан
арқанға асылғанымды-ай.
Құр сүлде қылар күн күткен
күмәнді күншілдерім-ай,
Адамзат үшін даламның
қаймығып күрсінгенін-ай.
Кешіргей бізді бабалар,
кешіргей бізді, Жер-ана,
Жұртым деп соғар жүректің
құлқын деп дүрсілдеуін-ай.
Кешіргей бізді, бабалар!..
Абайға
Жұп-жұмыр болған жырлары
жылдармен бірге жылжыған,
Салиқалы сөзімен
құламас қамал салдырған.
Қара орман қазақ тегімен
артына қалған жұртына,
Қағазға қабірі қазылмас
қазасыз өлең қалдырған.
Бұлжымас құбылнама ғой
шарана дүние ұғымы,
Жер текті менің жалғызым,
кім ұқсын жұмбақ сырыңды.
Қарғасы қалың қоғамның
қыраны жалғыз қашанда,
Бөрібайларға тәуелді
Құлагерлердің ғұмыры.
Өрелі туған данамды
өксітіп өмір өткен-ай,
Үлбіреп тұрған өзекті
өзімнен келіп тепкен-ай.
Орыны бөлек ойшылым
опынып өтті-ау өмірден,
Құрсаққа сыйған ұлыңның
қазаққа сыймай кеткен-ай.
Жатырға сыйған ұлыңның
ақылға сыймай кеткен-ай…
Толғақ
Ұйқымен кірпігімді құлыптап ап,
Мен бейшара, жатқанда ашық ауыз.
Жаратқанның сәулесі жырға айналып,
Көкірегіме кетіпті жұмыртқалап.
Оянам, құтыламын қайда қашып,
Сол кезде қағанаған өлең жарса.
Мен сонда қуаныштан көрпе астында,
Көлеңкеммен сүйісем аймаласып.
Жұпарына жүйкемді жұлқылатып,
Аспан жаққа қараймын пәк жүрекпен.
Сүмбіленің мөп-мөлдір сәулесінен
Сүт иісін сімірем бұрқыратып.
Жұлдыз сіңір жұпарды аршып алып,
Әлегімді әлемге паш еткенде.
Құлының қуанышына ортақ Тәңір
Нұрын төгер тіліме тамшылатып.
Таң тіріле түседі ауызданып,
Қара өлеңім тұрғанда қауыз жарып.
Міне, солай, қара түн қаза болды,
Қаламсаптың басында бауыздалып.
Өлең
Жамағатқа жазғанша күлкілі өлең,
Тақыр шабын тағдырдың түртіп өлем.
Адамзатқа арғымақ жыр түлетем,
Жүрегімің жып-жылы үлпілімен.
Қыз емшек тау тұлғалы мендегі өлең,
Марал маңдай тағдырға елжіреген.
Көңілім көл суымен шағылысып,
Арманым ай астында мөлдіреген.
Қайтейін, бөкен балтыр, аталы арман,
Менің де жаным – мәңгі, тәнім – жалған.
Құс кеудемде көк үйрек шайқалғанда,
Қос көзімнен қуаныш боталаған.
Айға бата жасасам қан шырайлы,
Қабырғамды қайратым қамшылайды.
Үркердің тұяғынан үп еткен шаң,
Көкірегіме өлең боп тамшылайды.
Астанам саған
Анадан адал сүт еміп,
Қасиет құтыңды білдік.
Атадан адал қан алған,
Көк түркі тұқымы едік.
Барыс төс батырлар өткен,
Түгі бар жүректерінде.
Ескірмес есімің қалды,
Бабалар сүйектерінде.
Текті жер астанасы едің,
Тарих сырларын емген.
Күн текті көркіңнен сенің
Анамның дидарын көрем.
Жалбыз иіс жаңбырың жерге
Бабамның намысын сепкен.
Майда леп самалды желің
Құлагер шабысын шерткен.
Бұлан сан буыршын едің,
Жауыңның батылы жетпес.
Үлпілдек пейілің сенің
Үкінің мамығы тектес.
Мендік тіл көркіңе жетпес,
Жердегі «жәннаты» мекен.
Мүбәрәк жырымды жаздым,
Періште қанатыменен.
Періште қанатыменен
Астанам саған.
Оркестр
Қоңыр дауысын құбылтып,
Жайлаудың желі гуледі.
Гулеген желге ырғалып,
Ақ қайың ару биледі.
Тасыған өзен гүрілі
Табиғат сырын түрледі.
Сыбызғы тартып сары қурай
Ән салды қырдың гүлдері.
Шырайын беріп шам жақты
Тамыздың тұнық түндері
Көде мен жусан-қобыздың
Ішегін тартып күйледі.
Сілтідей тынып мен қалдым,
Құлақтан кетпей үндері
Не деген мынау ғажайып?!
Не деген мынау ғаламат?!
Дәл сендей ешкім күй тартпас
Даланың оркестрлері.
Хаққа сенем, ал басқа неге сенем?
Және жәми жалғанның кеңесінен,
Ант етемін адамзат ешқашан да,
Аса алмаған өзінің өңешінен.
Алланың хикметін кім түсінген?
Бүгінде тексізі көп тектісінен.
Құранды көрден кейінгі өміріңді
Көрге дейін түсінсін деп түсірген.
Ол мінсіз, ол ғажайып қазыналы,
Аллаға айт, адамға айтпа базынаңды,
Тәңірдің тағдыр деген несібесі,
Адамның ниетімен жазылады.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп.
( Абай)
Бір ғана Тәңірінің,
Жаралған құлдар едік.
Хауа ана — Адам Ата
Ұлы мен қыздар едік.
Тәнімді топырақ қып,
Жанымды көктен берді.
Көктетіп әр тарапқа,
Ұлыс пен ұлтқа бөлді.
Бір ата тегі болсақ,
Татулық тамырым едің.
Адам боп жаралған үшін,
Адамзат бауырым менің.
Жалбыз иіс жұпармен жудым,
Жап-жасыл жанымның ішін.
Халықтың барлығын сүйдім,
Қазақ боп туғаным үшін.