Астана
Астана жұртын айналған…
(Махамбет)
Анау…
Орхон мен Енисей бойында,
Жебемнен жел тұрып,
Жеті айлық жорықтан
Тұлпарым ентігіп,
Мынау Еуропа
Етегін жабалмай жүргенде,
Менің рухым жазылған
Көне тастарға
Күлтегін тілінде кертіліп.
Мен содан
Бұрқырап жөңкілгем бұлттардың көшімен,
Найзағай ойнатып
Найзамның ұшымен,
Күп-күрең күн жанып
Кеудемнің ішінен,
Күмбірде-күмбірде күн озған кезімде
Тарихым жазылған таулардың исімен,
Мен содан…
Тас болып кісінейім.
Мен өзі кім едім?!
Қобыздан құлаған
Қорқыттың сөзі едім.
Кәуірдің мөңіреген төрт қырлы жебесін
Есіктей кеудеммен бөгедім.
Қазақ боп оянып,
Азат боп көз ілдім.
Ей, менің киелі Астанам,
Сен –
түркінің тұяғы
Оғыздың көзі едің.
Бұл Астана –
Сақтардың тағдыры,
Ғұндардың әмірі,
Осы өлке мына жер
Солардың қабірі,
Бұл – менің жеңісім,
Бұл – менің зарығым,
Иә, мен…
Шаһарға айналған
Шаһиттің қанымын.
Астана!
Асан Қайғының арманы,
Арманға төгілген
Қанменен қайғының
Қанша екен салмағы?!
Әттең, осын-ау
Топырағынан тек қана азаттық аңқыған,
Алланың аманат борышын
Билікпен,
Биік үйлермен өлшеген пақырлар,
Сенің атыңды –
аласа ойларға
Құрбан ғып алмаса болғаны.
Шеше
Біздің өмір – қара тірлік, қара нан,
Қара түннің қауызынан зар алғам.
Мен о баста жерге келмей тұрғанда,
Жатыр деген жарты әлемде жаралғам.
Бір тамшыдан пайда болсам басында,
Қайда барам, қайдан келдім расында.
Келген жерім – аяғымның үстінде,
Кетер тұсым – табанымның астында.
Құрсақ деген нұрлы әлемнен таралған,
Бір анадан жетеу едік жаралған.
Мен әкемнің тамырынан қан алып,
Мен анамның омырауынан ар алғам.
Төрт тұлымды, үш кекілді өсірген,
Менің анам дария сынды есілген.
Төсіндегі сүт емізген бүршіктің,
Қағбадағы қара тастан несі кем.
Егер менің арымды ақша алдаса,
Құдай сөйтіп қаңғыртпай ма қорласа.
Онда менің жануардан нем артық,
Екі аяғам бар дегенім болмаса.
Адамдар-ай, адамдар-ай, адасқан,
Бес күндіктің бет-ауызын жаласқан.
Кішілері күштілерге жұтылып,
Дүние деген қу сүйекке таласқан.
Мына жалған, жалған емес, зар екен.
Жақсылыққа Жалғыз Ием жар екен,
Пенделерін сыйғызбаған қара жер,
Хауа ананың құрсағынын тар екен.
Пенделерді таластырған қу жалған,
Шеше-ау, сенің құрсағыңнан тар екен…
Хат
Кеудеңдегі мамырлаған дүрсілден,
Менің тайқы маңдайыма нұр сіңген.
Жан дүнием жап-жасыл боп бүрлеген,
Жанарыңның исінен.
Қаңтарымның қара шашын тарқатып,
Сені сүйдім сәуіріңнен от алып,
Сүйдім сосын, он сегіз мың ғаламды,
Омырауыма қотарып.
Жанарымнан жасыл бояу ағылып,
Құлын мүше, құс үніңді сағынып.
Бозамық таң бозарғанда көз ілем,
Кірпігіңді жамылып.
Алыстасың… арамызда күн өткен,
Сағыныстық сары түсті жүрекпен,
Сенің хатың – тағдырымның пейіші,
Періштесін дүреткен.
Сенің хатың талып жеткен қанатын,
Салқындатып қарашығыма малатын.
Жан дүнием жазуыңдағы жұпарға,
Сыбызғысын шалатын.
Хатың келді…
Дәтім шыдап айталман,
Өзегіне өкініштен зар толған,
Жазуынан жан әлемі қорланып,
Жанарынан қан тамған.
Боз жусаны бүрлегенде жанымның,
Қалқам, неге қанатымды қайырдың?
Қасіретімді кертіп жаздым сол түні
Қабығына қайыңның.
Қаңбақ шалдай қаңғытқан соң сынақ күн,
Өн бойымды өлең етіп жылаттым.
Көңілімдегі қыл қобыздың бір талын,
Көз жасыма тұтаттым.
Солай жаным, сол қабырғам тұсында,
Мен қысылдым, сол қызыл ет қысылса.
Кісенделіп, беу, періштем, сен тұрдың,
Кірпігімнің ұшында.
Тайқы маңдай ғаріп басты сенделтіп,
Жастығыма жазықсыз жас жерлетіп.
Кетсең-дағы есіміңді келемін,
Ерінімде тербетіп.
Ықылас Ожайұлы
Жел шашақты жылқы күндер жосыған,
Айтатұғын арызым бар, тоқташы.
Қара жұрттың қалтасымен жазылған,
Қайран менің,
Мемлекетімнің ақшасы.
Жүрегінен Жаратқанды өшірмес,
Тиын емес,
Тәңірінің құлымын.
Алмастырсам, сірә, мені кешірмес,
Аяғымның астындағы ғұмырым.
Дүниеге шатын жыртқан пенденің,
Көргем талай көк қағазбен сүйісін.
Арам-арам ақшалардан сезгенмін,
Ажалымның иісін.
Оған ләззат – жылап ғұмыр кешуің,
Құдай болуды армандайтын адам көп.
Амалың не, еңкіш болса есігің,
Еңкеймеске шараң жоқ.
Тәңір дейді,
Теңгесі көп адамды,
Соған бәрі жағатсыған, күйлеген.
Өйткені бұл дөп-дөңгелек ғаламды,
Төрт бұрышты көк қағаздар билеген.
Қос көзімді еңіреткен қоғам шын,
Айталмас ем жаралғанда басқа боп.
Жанымдағы жалғыз ғұмыр ол да өтер,
Жанарымның жапырағын жастанып.
Ей, қара өлең!
Қиялыңнан сүзілген,
Қаралы ойдың қауырсыны мен едім.
Бурыл айдың бұтағынан үзілген
Бурыл сәуле сен едің.
Көк үйрегім қайтқан тұста ай кезбе
Көкірегіме бір ғажайып күй еніп,
Қарашық боп қалғым кетем сол кезде
Қара түннің қанатына сүйеніп.
Екі өмірдің алғашқысын құса ғып,
Тәңір бізді туыс қылған уайымға.
Тірлігіңде-ақ тіркеп қойған мүше қып,
Қара жердің астындағы қауымға.
Әй, жігіттің сұлтандары, кеш білмен.
Ғазалдардан қалған дұрыс ой алып.
Бір күн сен де өтіп кетпе бес күннен
Қара қолың қызыл қанға боялып.
Мен кешегі жылдары
Кеудемді шалқақ ұстаған,
Жақпардың жалқұз басы едім.
Орақ тілім от бүркіп,
Омырауыма кек тұнған
Көк бөрінің жасы едім.
Мен бұрнағы жылдары
Дүрия көрпе астында
Аққуға тәнін сүйгізген,
Некелескен жартымның
Тал мойынын талдырып,
Ақ тамағын идіргем.
Мен кешегі жылдары
Қаймана жұртпен қайғырып,
Жүдесе бірге жүдедім.
Жылағанды жұбатқан
Миуалы ағаш іспетті
Күн жүректі ұл едім.
Мен бұрнағы жылдары
Жанаттан ішік жамылған
Паң едім, әрі ақ едім
Белдемемнің тұсынан
Бесіктің табы кетпеген
Күнәсіз сәби пәк едім.
Аһ, дариға-ай, кеше мен
Бұлан санды бура едім,
Кеудеме намыс қайнатқан.
Ақ тобық аттың үстінен
Бұршақ-бұршақ тер сауып,
Желкесін желге шайнатқан.
Мен кім едім, кім едім?!
Тілінен сұңқар түлеген,
Тілегін хаққа түзеген,
Махамбет сынды жампоздың
Тұяғыменен тоқылып,
Артында қалған ізі едім.
Ақын
(С.Томановқа)
Арамтамақтар,
Адамсымақтар,
Басынан аспас көмегі.
Көкірегінде иманы жоқтар
Құдай болғысы келеді.
Есектектілер,
Наркескен төсті басуды тілеп,
Көзіңнен аңсар жасыңды.
Аймамық арға сасығын илеп,
Табанға таптар басыңды.
Илана білсең,
Ибасыз кеудең,
Қан менен жынның ұғымы.
Біреулер үшін тіршілік деген –
Ішек-қарынның шұрылы.
Өлмейсің кәні,
Өмірден алған,
Кебіннің ғана түсі аппақ.
Жалғаннан Жерге жосимыз әлі
Қу сүйегімізді құшақтап.
Кеңірдек барда,
Керіс пен егес,
Өстіп өтерміз шамасы.
Тіршілік үшін қызыл төбелес
Бесік пен Бейіт арасы.
Келте ғұмырың
Жасын боп өтті-ау,
Сен емес ындын күйттеген.
Есіл ерлердің есесі кетті-ау,
Екі аяғы бар иттерден.
Қаныңды шайқап,
Қайғыңды алған,
Арыстан жалды ақын ең.
Тірліктің соңын топырақ қылған
Дүние-ай, неткен ғапыл ең.
Қанында халық,
Демінде дала,
Біз ақын деген асыл ек.
Жалпақ жалғанға сыймадың ба, аға,
Сыйдырсын қайдан қасірет?!