МЫРЗАГЕЛДІ КЕМЕЛ

  1. ӨТІРІК АЙТПАУ ӘРІ БАР ШЫНДЫҚТЫ ЖАРИЯЛАМАУ. Шындыққа жеңіл қарауға болмайды, ол жүректен шығады. Шындықты айту мен ол туралы үндемей қалу біраз дағдыны қажет етеді. Адал адамға атын жоғалту үшін бір рет өтірік айту жеткілікті. Алданып қалғанды аңқау, алдаушыны оңбаған дейді, соңғы алдыңғыдан әлдеқайда жаман. Бар шындықты айтуға болмайды: бірін өзің үшін, бірін — өзге үшін жасыр.
  2. БӘРІНДЕ ӨЖЕТТІК ҰШҚЫНЫ БОЛУ — парасаттың маңызды өсиеті. Адамдар туралы ұстамдылықпен ой түй, оларды тым жоғары қойма, қиялың жүректі қорқытып жүрмесін. Біреулер жақын танығанша Құдайдай көрінеді; жақын таныстық көбіне құрметтен гөрі түңілушілік туғызады. Әлі ешкім адамдықтың тар ауқымынан шыққан емес; әркімнің өз “бірағы» бар, біреудің дарыны ақсап жатады, біреудің мінезінен кемшілік табасың. Лауазым сыртқы абыройды ғана береді, оған жеке бастың қасиеті сирек ұштасады: тағдыр әдетте жоғары орын үшін жанның бишаралығымен өш алады. Біздің қиялымыз алға жүгіргенді, бәрін асыра суреттегенді ұнатады: бар нәрсені ғана емес, болуы мүмкін жайды да қамтып жатады. Демек, тәжірибелі ақыл түзету жасауы керек. Бірақ түсінбеушілік батылдыққа ие болып, ізгілік жасқаншақ болып жүрмесін. Егер өзіне сенушілік ақ көңілдікке көмектессе, оның сіңірген еңбек пен білімге қаншалықты жәрдемдесетіні айтпаса да түсінікті болады.
  3. ҚАСАРЫСПАУ. Барлық ақымақтар — қыңырлар, барлық қыңырлар — ақымақтар және пікір неғұрлым дұрыс болса, қыңырлық соғұрлым күшті. Тіпті айқын жағдайдың өзінде жол беру артық етпейді, сенің туралығың онсыз да түсінікті, сыпайылығың мойындауға тұрады. Айтыста қасарысып жеңгенмен ештеңе ұтпайсың, сен шындықты емес, өзіңнің тәрбиесіздігіңді қорғайсың. Тоңмойындар болады, оларды бетінен қайтара алмайсың; ал қыңырлық есерсоқтықпен ұштасқанда, оларға міндетті түрде ақымақтық қосылады. Қайтпас қайсарлық пікірдің емес, еріктің белгісі болуы тиіс. Рас, ерекше жағдайлар бар: өзіңді құтқару керек болғанда, өзіңді айтыс пен істе екі рет жеңуге жол бермеу қажет болады.
  4. БӘЛСІНГІШ БОЛМАУ. Сарайдағы этикеттің сақталуын өте қатал қадағалаған Арагон королі Педро ІV-нің паңдығы да дарақылық ретінде мазаққа ұшырады. Көкірегін көтерген ешкімге жақпайды, осы әлсіздік етек жайған тұтас халықтар кездеседі. Ақымақтық жасауы тәкаппарлық жібінен тігіледі. Қадірлегенге ұмтылу — мақтауға тұрады, бірақ бәлсінгіш атану абырой әпермейді. Бұл үшін биік қасиеттер керек екені сөзсіз. Сыпайылықты асыра сілтеуге де, оған немқұрайды қарауға да болмайды. Ұсақ-түйекшіл өзінің ұсақтығын көрсетеді.
  5. БІР ҒАНА ТАЛАПТАНУМЕН ШЕКТЕЛМЕ: өйткені егер оның сәті келмесе, сенің істі жеңбегенің болады. Бір рет, әсіресе алғашқыда, қателесу жеңіл: адамның әрқашан жолы бола бермейді, әр нәрсенің өз уақыты бар. Сонымен, тағы бір талаптанып көр, егер мұның сәті түссе, алғашқы соңғының өтемі болады. Әрдайым жақсыға ұмтыл, дегеніңе жет. Кез келген іс көп жағдайға байланысты болады, табыс — жиі келмейтін бақыт.
  6. ЕШТЕҢЕДЕН ҚАЙМЫҚПАЙ КЕМШІЛІКТЕРДІ КӨРЕ БІЛУ. Әділ көздерден ешқандай кемшілік таса қалмайды, ол алтынға оранып, мәуітіге малынып алса да білінбей қала алмайды. Қошемет көрсеткен адамы қанша жоғары болғанмен, жағымпаздықтың өзі мүсәпір күйде қалады. Кемшіліктерді ажарлап қоюға болады, бірақ олар ешкімге көрік бермейді. Бір мықты осындай да осындай істер жасапты дейді, бірақ олардың қалай жасалғанына көңіл аударылмайды. Дегенмен, жоғары тұрғанның үлгісі дәлелді көрінетіні сонша, ол лайықсызды да тартымды етеді: жарамсақтық ұлылыққа бет-әлпетінің ұсқынсыздығы жағынан да еліктейді, бірақ ұлылыққа жарасатын нәрсенің мүсәпірде жиренішті көрінетінін ескермейді.
  7. ҰНАМДЫНЫ ӨЗІҢ, ҰНАМСЫЗДЫ ӨЗГЕЛЕР АРҚЫЛЫ ЖАСАУ. Бірінші сені сүйкімді етсе, екінші жек көру туғызбайды. Ізгі жандарға жақсылықты қабылдағаннан оны жасаған ұнамды, олар осыдан ләззат алады. Ұнамсыздықты істей отырып, біз оны не аяушылықтан, не ұялғандықтан өз басымыздан өткізбегенімізді, сирек болса да, сезінеміз. Жоғарғы себептердің әрекеттері мойындаушылық пен наразылықты қатар туғызады, олар жақсылықты тікелей, жамандықты жанама жасасын. Сонда наразылықтың жек көру мен жазғыру жебелеріне арналған нысана болады. Құтырған ит сияқты тобыр себептерді түсінбей жатып соған бас салады және басты кінә онда болмаса да, нысана соққыларды өзіне қабылдайды.
  8. МАҚТАУҒА ТҰРАРЛЫҚТЫ АСЫРА МАҚТАУ. Бұл жақсыға тәрбиеленген, оны бағалай білетін талғамның куәсі. Мінсізді көрген ғана оның мінсіз екенін айыра алады. Мұндай адам әңгімелесу мен еліктеуге тұратын нәрселерді ұсынады әрі бір мезгілде ұнамды мағлұматтардан хабардар етеді — бұл да отырғандардың абыройын көтерудің бір тәсілі. Басқалар, керісінше, тек кінәлауға бейім және отырғандарды мақтап, келмегендерді даттап отырады; мұндай жағынуға үстірт адамдар ғана мәз болады. Біреулер бүгінгі қарабайырларды кешегі шамшырақтардан әдейі жоғары қояды. Бірақ көреген кісі жылпостардың бұл әдісін бірден біледі, оны біреудің асыра мақталуы таңырқатпайды, өзін көкке көтергенге де немқұрайды қарайды, ол бұл адамдардың өзінің жауларына да ертең осындай қылық көрсететінін түсінеді, тек онда бәрі керісінше айтылады.
  9. ӨЗГЕНІҢ ІСІ ТҮСУІН ПАЙДАЛАНУ. Реті келген тұста бұл — кез келген істі ашатын ең жақсы кілт. Философтар мүддеге мән берген емес, ал саясатшылар оны құрметтейді және қалай пайдалануды біледі. Біреулер өз мақсатына жету үшін басқалардың ниеттерін өзіне баспалдақ етеді. Олар жағдайды мүлт жібермей пайдаланады. Олар салқын ұстамдылықтан гөрі, қызу ұмтылыстан көп үміт күтеді — ындынын құртқан нәрсе алыстаған сайын олардың тілегі қоза түседі. Ниетіңді жүзеге асырғың келсе, өзіңе деген қажеттікті қолдап отыр.
  10. БӘРІНІҢ ӨЗ ЖҰБАНЫШЫ БАР. Мүсәпір, бейшаралар оны алданыш етеді. Жаманның да өз жақсысы болады, ақымақтар сәттілікті көңілге медеу тұтады — “бақыт ақымақтарға» деп текке айтпаған ғой. Құнсыз болсаң ұзақ өмір сүресің, сызаты бар ыдысқа тозу жоқ, әрі ол қарауға көріксіз де! Тәрізі, Тағдырдың өзі көрнекті адамдарды күндейтін сияқты, өйткені мүсәпірлерге ұзақ өмір, ұлыларға қысқа ғұмыр сыйлайды. Керек адамдар бұл өмірден тез кетеді, есесіне түкке тұрғысыздар ғасырды босқа өткізеді. Кейде бишараға бақыт пен өлім өзара сөз байласып, мұны ұмытып кеткен сияқты көрінеді.
  11. ӘСІРЕ СЫПАЙЫГЕРШІЛІККЕ СЕНБЕУ. Бұл алдаудың бір түрі. Біреулер фессалия шөптерінсіз* де арбай біледі — ақымақтарды, менменшіл даңғойларды қалпақпен ұрып алады. Олар сенің абыройыңның бағасын өздері белгілеп, төлемін желдей ескен жарамсақ сөздермен төлейді. Бәрінен емексіту — құр дәметтіру; уәделер аңғалдарға арналған тор. Шын сыпайылық — борыш; жасанды, әсіре сыпайылық — алдамшылық, ол әдептіліктің емес, жеке бас ерекшелігінің қамын жейді. Жағымпаз саған емес, сенің жағдайыңа жағынады, қасиеттеріңе қошемет көрсете отырып, өзінің пайдасы туралы ойлайды.

/*Ежелгі Грецияның бір облысы Фессалия өзінің бақсы-балгерлігімен аты шыққан/.

  1. БЕЙБІТШІЛДІҢ ӨМІРІ ҰЗАҚ. Тыныш өмірді қаласаң, өзгелердің өмір сүруіне кедергі жасама. Ынтымақшылдар өмір сүріп қана қоймайды, олар одан ләззат алады. Бәрін де көр, біл, есті, бірақ үндеме. Күнің дау-шарсыз өтсе, ұйқың тәтті болады. Ұзақ та қуанышты өмір сүру -бейбітшіліктің жемісі. Өзіне қатысты емеске мұрнын тықпайтын жан көп рахат көреді. Болмашыдан мәселе шығару — мағынасыздық. Сол сияқты, өзің үшін маңыздыға саусағыңды қимылдатпай, өзіңе елеусізге жан-тәніңмен қайғыру да ақымақтық.
  2. ӨЗГЕНІҢ МҮДДЕСІН ЖАМЫЛЫП, ӨЗ ДЕГЕНІНЕ ҰМТЫЛАТЫНДАРДАН САҚТАНУ. Қулыққа көрегендікті қарсы қой. Олардан екі есе ақылды бол. Біреулер өз пайдасын өзгенің мүддесі сияқты көрсетеді; мұндай арам ниетті тани алмасаң, әр кез өз қолыңды күйдіріп, оттан басқаларға игілік әперіп отырасың.
  3. ӨЗІҢ ТУРАЛЫ, ӨЗІҢНІҢ КҮШІҢ ЖӨНІНДЕ ТУРА ПІКІРДЕ БОЛУ. Әсіресе жастық шақта. Барлық адамдар өзі туралы жоғары пікірде болады, кісі неғұрлым ұсақ болса, өзін соғұрлым жоғары қояды: ғажайып бақыт туралы армандай отырып, өздерін табиғаттың кереметі көреді. Үміт көп дәметтіреді, өмір ешқайсысын орындамайды, сөйтіп менменшіл қиялдың шын өмірді түсінуі ауыр азапқа айналады. Мұндай адасуларда парасатың өзіңе серік болсын, жақсыны көксегеннің айыбы жоқ, бірақ тағдырды салқынқандылықпен қарсы алу үшін жамандыққа дайын бол. Шебер мерген көздей отырып сәл жоғары атады, бірақ тым жоғары да кетіп қалмайды. Іске кіріскен кезде өзің туралы пікірге мұндай түзету енгізу өте қажет, өзін дәріптеушілік тәжірибенің жоқтығынан абайламаушылыққа бейім келеді. Ақымақтықтың барлық түріне қарсы парасатты ақылдан артық шипалы дәрі жоқ. Әркім өз әрекетінің ауқымын анықтауы тиіс, сонда ол өзі туралы пікірді шындықпен үйлестіреді.
  4. БАСҚАЛАРДЫ БАҒАЛАУ. Бір нәрсеге үйрете алмайтын адам жоқ, сол сияқты басқа шебер асып түспейтін шебер кездеспейді. Әркімнен пайдалы нәрсеге үйрену — өте маңызды дағды. Ақылды бәрін бағалайды, өйткені әркімнен жақсы нәрсе байқай біледі және жақсыны жасаудың қандай қиын екенін түсінеді. Ақылсыз ешкімді бағаламайды, өйткені жақсыны көрмейді және тек нашарды байқайды.
  5. ӨЗ ЖҰЛДЫЗЫН БІЛУ. Үлестен құр қалған бишараның да өз жұлдызы бар, оның бақытсыздық күйге түсуінің себебі оны білмейтіндігінен. Біреулерге — неге екені белгісіз — монархтар мен әміршілердің жанынан орын бұйырды, тағдырдың өзі оларға қайырымдылық жасады, ал енді оларға тек ыждағаттылық көрсетсе жетіп жатыр. Кейбіреу даналардың ықыласын аударады; біреуді бір ұлт басқаға қарағанда көбірек мойындайды, біреу бір қалада өзге қаламен салыстырғанда көбірек құрметке бөленеді. Кейде адамның бір істе басқа жұмысқа қарағанда көбірек жолы болады. Талайымыз тағдыр қолында; әркім өз жұлдызы мен болмысын білсін, осыған оның өзін құртатыны не атын шығаратыны байланысты. Жұлдызыңа сен және оған көмектес; өзіңнің Темірқазығыңнан ауытқып, көрші Кіші Аю жұлдызына кетіп қалудан сақтан.
  6. АҚЫМАҚТАРМЕН БАЙЛАНЫСПАУ. Ақымақтарды тани білмейтін де ақымақ, ал оларды танығанмен жанынан кетпейтін одан да өткен ақымақ. Олар үстірт араласуда қауіпті болса, жақын қарым-қатынаста тіпті құртады. Әуелі оларды өздерінің қаупі мен маңайындағылардың қамқорлығы тежейді, бірақ соңынан не ақымақтық істейді, не аңдамай сөйлеп қояды. Өзі құрметке ие болмаған, оны басқаға жасай қоймас. Ақылсыздың ақымақтықтан да жолы болмайды — екеуі де жұққыш келетіні есте болсын. Бір нәрсе ғана оларда нашар емес: ақылдылар олар үшін пайдасыз болса да, олардың өздері ақылдыларға бірқатар пайда әкеледі — не өмірді тануға көмектеседі, не ғибраттық сабақ болады.
  7. ОРЫН АУЫСТЫРУДАН ҚОРЫҚПАУ. Бірдеңеге, әсіресе жоғарғыға қол жеткізгісі келгендердің жат елге кеткені жақсы деп есептейтін халықтар бар. Отан-ана кейде тіпті көрнекті адамдарға да өгей болады: онда бала кезінен таныс жанды күндеу жиі кездеседі; жерлестері оның жеткен жетістіктерінен гөрі кемшіліктерін қазбалағыш болады. Түйреуіштің де Ескіден Жаңа Дүниеге өтіп бағасы артты; осында ауысқан шыны да алмастан артық бағаланды. Өзгенікі құрметті: себебі не алыстан келеді, не дайын, өңделген күйде болады. Өзінің меңіреу түкпірінде жек көрінішті болған адамдардың жат елде жерлестерінің де, жат жерліктердің де құрметіне ілінгенін көргенбіз, алғашқылар алыста жүргендіктен, соңғылар жат жерлік болғандықтан сыйлайды. Қасиетті тұғырдағы ағаш мүсінді оны бұрынырақ орманда бөрене күйінде көрген қастерлемейді.
  8. ӨЗІНЕ АРСЫЗДЫҚПЕН ЕМЕС; ПАРАСАТПЕН ЖОЛ САЛУ. Құрметке бөленудің дұрыс жолы — еңбек сіңіру, ал алғырлық айбынмен ұштасқан кезде бұл табысқа апарар ең төте жол. Адал болу ғана жеткіліксіз, бірақ жабысқақ болу ұят, онда сіңірген еңбегіңе кір келеді, ізгі атыңа дақ түседі. Оған істеген еңбек пен көзге түсу дағдысын қатар ұштастыру арқылы жетуге болады.
  9. ӘРҚАШАН БІРНӘРСЕНІ ТІЛЕУ — бақытқа тойып, бақытсыз болмау үшін керек. Дене тыныс алады, көңіл аңсайды. Аңсағанның бәрі қолымызда болса, нағыз іш пысу сонда басталады: ақылдың өзіне, әуесқойлық тудыратын, оған белгісіз жайды сақтап қою керек. Үміт шабыт береді, зерігіп, жалығу — құртады. Тіпті марапаттай отырып, толық қанағаттандырма; қалайтын түк қалмаса, жамандық күте бер: бұл сорлы бақыттылық. Тілек біткен жерде қауіптену басталады.
  10. АҚЫМАҚ КӨРІНЕТІНДЕРДІҢ БӘРІ ЖӘНЕ АҚЫМАҚ БОЛЫП КӨРІНБЕЙТІНДЕРДІҢ ЖАРТЫСЫ АҚЫМАҚ. Дүниені ақылсыздық жаулап алды, ал егер жерде даналық түйірін кездестіргеннің өзінде, ол ғарыш даналығының жанында есалаңдық. Өзін ақылдыға, басқаларды ақымаққа жатқызатын нағыз топастың өзі. Дана болу үшін ақылды болып көріну жеткіліксіз; өзінің білмейтінін түсінген — біледі; басқалардың түсінетінін ұқпайтын — түсінбейді. Дүние ақымақтарға толы, бірақ ешкім өзін ақымақ санамайды.
  11. СӨЗДЕР МЕН ІСТЕР МҮЛТІКСІЗ АДАМДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ. Сенің сөздерің ізгілікпен, істерің абыроймен толықсын: алғашқысы кемел ақылды, соңғысы биік рухты білдіреді; екеуі де өр көңілден шығады. Сөздер — әрекеттің көлеңкесі ғана; сөздер — әйелге, істер — еркекке тән. Сен мақтағаннан сені мақтаған лайықтырақ: айту жеңіл — істеу қиын. Іс-әрекет — өмірдің мәні, ол сөздер — оның сәні; биік істер қалады, биік сөздер ұмытылады. Іс-әрекет — саналы ықыластың жемісі, біреулер — ақылды, біреулер — әрекетшіл.
  12. ЗАМАНЫҢНЫҢ ИГІ ЖАҚСЫЛАРЫН БІЛУ. Олар көп те емес; бүкіл дүниеде бір феникс, бір ұлы қолбасшы, бір орақ тілді шешен, бір данышпан ғасырда бір рет туады, ал абырой-атаққа лайық монарх одан да сирек. Қарабайырлықты табу жеңіл, бағалау да қиын емес; ұлылық — сирек, өйткені ол мінсіздіктің үлгісі; ал дәреже неғұрлым жоғары болса, оған көтерілетін шың соғұрлым биік болмақ. Көп адам Цезарь мен Александрдың “ұлы» атағын пайдаланды, бірақ әрекетсіз атақ — құр дыбыс. Сенекалар аз кездеседі, ал жұрт пікірі Апеллестың ғана атын шығарды.
  13. ЖЕҢІЛ ІСТІ ҚИЫН, АЛ ҚИЫН ІСТІ ЖЕҢІЛ СИЯҚТЫ ҚОЛҒА АЛУ. Бірінші жағдайда, сенімділік алаңсыздыққа ауыспайды; екінші жағдайда сенімсіздік тартыншақтық тудырмайды. Іс бітірмеудің басты себебі — оны күнібұрын бітті деп есептеу. Керісінше, ынта-ықылас мүмкін еместі мүмкін етеді. Ұлы бастамаларды тіпті ойластырып керегі жоқ деген Юлий Цезарьдың ережесіне сәйкес іске кіріскен жөн, әйтпесе қиындықты байқап жүрегің шайлығады.
  14. ЕЛЕМЕУ ОЙЫНЫ. Көздеген мақсатқа жетудің ең жақсы тәсілі -елемеу. Бірдеңені іздесең ешқашан таппайсың, ал ол туралы ұмытқанда, өзі қолға түседі. Осы дүниедегінің бәрі мәңгілік әлемнің көлеңкесі болғандықтан, онда көлеңкенің қасиеті кездеседі — қуған адамнан қашады және қашқан адамды қуады. Ескермеу, сондай-ақ, ең айлалы кек. Есті адамдардың бірінші ережесі — өзін ешқашан қаламмен қорғамау: ол із қалдырады және қарсыласқа өрескелдігі үшін жазаның орнына батылдық даңқын әкеледі. Кейде Мүсәпірлер атын шығару үшін ұлыларға тиіседі: егер қарсыластары атақты болмағанда, көп адам белгісіздікте қалар еді. Ең жақсы кек — ұмыту, ол жауыңды оның түкке тұрғысыздық күлінде жерлейді. Есуастар тарихқа қандай жолмен болса да кіруге ұмтылады, атын шығару үшін әлемнің кереметін өртейді*. Өсек атын өшіру үшін оған назар аудармау керек: дауласа бастасаң өзіңе жаман, сенің жақсы атыңа кір келеді. Қарсыластарыңа шыдай біл; тіпті ғайбат сөздің көлеңкесі мүлтіксіздік нұрын өшірмесе де, солғын етеді.

/*Эфестегі Артемида храмын өртеген Геростатқа жасалған ишара/.

  1. ҚАРА НИЕТ БАРЛЫҚ ЖЕРДЕ КЕЗДЕСЕТІНІ ЕСТЕ БОЛСЫН, оны тіпті ежелгі Грецияда жоғары мәдениетімен даңққа бөленген Коринфтің өзінде, атақты жанұядан да табасың. Әркім мұны тіпті өз үйінде сезінеді. Бірақ жай тобыр бар да, қара тобыр бар. Қара тобырда жай тобырдың қасиеттері кездеседі (айнаның сынығы сияқты), бірақ ол одан да қаскүнем; оның пікірлері тұрпайы, талқылауы арсыз келеді; ал надандықтың ынталы оқушысы, ақымақтықтың қамқоршысы, жаланың серігі. Оның сөздерін тыңдама, әсіресе сезімдеріне берілме. Одан босау үшін оны білу керек: өйткені кез келген надандық тобырдан келеді, ал тобыр надандардан тұрады.
  2. ҰСТАМДЫ БОЛ, кез келген жағдайда кездейсоқтықтан жоғары тұр. Қызбалық екпіні парасат үшін тайғанақ жар, жығылып жүрме. Бір сәттік ашу не қуаныш салқынқандылық сағаттарына қарағанда әріге әкетеді; сәтке ерік берсең соңына қынжылып жүресің. Қаскүнемнің арам ойы ниетті байқау үшін парасатты осылай азғырады; сөйтіп көңіл кілтімен сырыңды ашып, ең құнды қазынаңды ұрлап әкетеді. Ұстамдылықпен қорған, әсіресе тұтқиылдан, кенет болатыннан сақтан. Қызбалығың ауыздығымен алыспас үшін үлкен табандылық керек; ат үстінде де парасатын жоғалтпайтынға баға жетпейді. Қауіпті білетін абайлап қозғалады. Сөз айтқан адамға жеңіл, тиген кісісіне ауыр.
  3. АҚЫМАҚТАРДЫҢ СЫРҚАТЫМЕН АУЫРМАУ. Даналар көбіне көп парасаттың жетіспеуінен, ал ақымақтар, керісінше, ақылдың тасуынан азап шегеді. Ақымақ тым білгішсінуден өледі. Біреулер қайғырғаннан бақилық болады, біреулер қайғырмайтындықтан жер басып жүр. Сонымен, біреулер қайғыдан өлмейтіндіктен ақымақ, біреулер қайғыдан өлетіндіктен ақымақ. Тасыған ақылы түбіне жететін адам да — ақымақ. Демек, біреулер бұрыс түсініктен өлсе, біреулер түсінбестіктің арқасында тірі жүр. Дегенмен, көп адам ақымақтар сияқты өледі, өлген ақымақтар аз.
  4. ЖАҢСАҚ ПІКІРДЕН ҚҰТЫЛУ. Бұл ерекше дұрыс ойлаушылықты қажет етеді. Жаңсақ пікірлер өте тұрақты, терең тамыр жайған; әдеттен тыс адасуларға бой алдырмаған көптеген адамдар үйреншікті адасудан қашып құтыла алмайды. Жаңсақтық, мысалы, әркім өзінің жақсы тағдырына көңілі толмаса да, өзінің қарабайыр ақылына риза. Өз тағдырына наразылар өзгенің бақытын күндейді. Бүгінгі адамдар әрқашан кешегі күнді мақтайды, бір елдің тұрғындары өзге халықтың игілігін көксейді. Өткен шақ әрдайым жарқын; не алыс болса, сол қалаулы. Бәрін мазақ ететін адам мен бәрінен қынжылатын кісінің екеуі де ақылсыз.
  5. ШЫНДЫҚТЫ ЕБІН ТАУЫП ПАЙДАЛАНУ. Шындық қауіпті, бірақ абырой іздеген адам оны айтпай тұра алмайды: мұның да өз өнері бар. Сөйтіп, жанды шебер емдеушілер бұған да амал тауып, шындықты тәттірек етті, өйткені шындық біздің көзімізді ашқанда, одан ащы нәрсе болмайды. Сыпайыгершілік мұнда өз әдістерін қолданады: бір шындық біреуге ұнаса, біреуге жақпайды. Бүгінгі адамдармен сұхбатта ежелгі адамдар туралы әңгіме шерт. Зерделіге ишарат та жетеді, ал ишара қонбаса үндемеген абзал. Әміршілерді ащы дәрімен емдеуге болмайды, сондықтан оны тәттірек ету өнеріне жүгінген жөн.
  6. ЖҰМАҚТАҒЫНЫҢ БӘРІ — ҚУАНЫШ, ТОЗАҚТАҒЫНЫҢ БӘРІ — АЗАП, ортадағы біздің дүниеде екеуі де кездеседі; біз екі кереғарлықтың арасында өмір сүреміз, екеуіне де қатысымыз бар. Тағдыр тұрақсыз: өмір кілең бақыттан не ылғи бақытсыздықтан тұрмайды. Біздің әлем өз бетінше түкке тұрғысыз, Аспанмен тіркесіп құны толады. Өзгергіштікке немқұрайды қараған дұрыс, дана адам ештеңеге таң қалмайды. Біздің тірлігіміз комедия сияқты басталады, оның жақсылықпен аяқталуын қадағала.
  7. ӨЗ ӨНЕРІНІҢ АСҚАН ҚҰПИЯЛАРЫН САҚТАУ. Бұл ұлы ұстаздардың әдісі — белгілі бір өнерге үйрету кезінде олар артықшылығын сақтап, жетекші болып қалу үшін осы амалды пайдаланады. Шеберлікпен шебер бөлісе білу керек, сонда білім бұлағы сарқылмайды. Осы арқылы жақсы атыңды сақтап қаласың. Әрі қарай таңырқатып, одан әрі жетілгендік көрсеткің келсе, осы маңызды ережені ұмытпа. Кез келген істе, әсіресе мәнді істерде резерв өмір сүріп, жеңе білу ғылымының құрамына кіреді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *