- КҮНІБҰРЫН ОЙЛАНУ. Бүгінде ертеңін ойлау маңызды қасиет. Көрегендігімен оған жеткілікті көңіл бөлетін адам мақтансын; алды-артын ойлағандарда кездейсоқтық, қор жинағандарда — ауыр күндер болмайды. Су алқымыңа келгенге дейін күтпе, ертерек кет; толысқан ойлармен соққылардың алдын ал. Бөрене астында оянғаннан, бөрене үстінде ұйықтаған жақсы. Біреулер істерін істеп алып ойланады — сәттілікті емес, ақталуды іздегендей болады, ал кейбіреу мүлде ойланбайды. Дұрыс жолдан таймау үшін өмір бойы ойлану керек. Ойлана отырып, алдыңдағы өмірді болжай білесің.
- ҰТЫЛҒАН ОРТАҢНАН АЛЫС БОЛ, тым жақсыдан да, тым нашардан да қаш олардың жанында ізгі атың шықпайды. Қасиеті көп адамды көбірек құрметтейді; басты рольді ол орындайды да саған қатардағы роль тиеді, мақтау да алдымен соған бұйырады. Ай жұлдыздардың арасында сәулесін төгіп тұрады, бірақ нұрын шашқан күннің шығуымен ол не батып кетеді, не солғын тартады. Өзің көлеңкесінде қалатын адамға жабыспа, керісінше, өзіңнің қалқаңда қалатын адамдармен бол. Марциалдың ақылды Фабулласы өзінің салдыр-салақ құрбыларының арасында осылай сұлу көрінді. Дегенмен нашар ортадан да сақтан, сондай-ақ өзіңнің жақсы атыңа бола басқаға зияның тимесін. Табысқа жету үшін көрнектілермен, оған қол жеткен соң қатардағылармен аралас.
- БОС КЕҢІСТІКТІ ТОЛТЫРУҒА ҰМТЫЛМАУ. Мұны күткендегіден асып түсетініңе сенімді болсаң ғана қолға ал. Ізашармен теңесе алу үшін, одан озар қасиеттерің екі есе көп болуы тиіс. Соңынан сені сағынышпен еске алатындай өзіңе мұрагер таба білу айлалы әдістің бірі, сондай-ақ жол салушының көлеңкесінде қалып қоймау үлкен шеберлік. Бос кеңістікті толтыру оңай емес, өйткені, өткен шақ әрдайым жақсы болып көрінеді; мұнда тең болу жеткіліксіз, онда басымдық өзіңнің алдыңдағыда болады. Оның атын ығыстыру үшін, қасиеттерің одан асып түсу керек.
- СЕНІМ БІЛДІРУГЕ, ЖАҚСЫ КӨРУГЕ АСЫҚПАУ. Сенім білдіруде асықпау толысқан ақылды көрсетеді, жалғандық бүгінде сондай үйреншікті, онда сенім ерекше болсын. Сенім көрсету жеңіл, бірақ кейін салдары өкінішті болып жүрмесін. Дегенмен, сенбегендік түр көрсетпе -бұл сыпайы емес, тіпті көргенсіздік: сен онда сұхбаттасыңа не оның алдап тұрғанын, не — өзіңнің алданып қалғаныңды білдіресің. Бастысы тіпті бұл емес, мәселе сенімсіздік өтіріктің белгісі екенінде; өтірікшінің екі қырсығы бар — оған да сенбейді, ол да сенбейді. Ал тыңдап отырған кезде бір түйінге келуге асықпа, “Бірден жақсы көру де ақылсыздықтың белгісі” деп Цицеронның айтқанын ұмытпа. Сондай-ақ сөзбен ғана емес, іспен де алдайтыны есте болсын, бұл алдау одан да зиянды.
- АШУДЫ БАСА БІЛУ. Парасатты ойлау мүмкіндігінше қызбалықтың алдын алсын — ақылдыға бұл қисын емес. Ашуға беріле бастағаныңды байқау оған ие болудың алғашқы қадамы, оны белгілі бір шектен асырмауды ойлау ашуыңды басуға себеп болады. Уақытында, әдеппен тоқтап дағдылан — қатты шауып бара жатқан атты ауыздықтау бәрінен қиынырақ. Ашуға булыққан кезде де ақылға тоқтай білу -парасатыңа сын. Тым қызбалық әрқашан дұрыс жолдан тайдырады: осыны еске сақтаған адам ешқашан әділдікке қиянат жасамайды, парасат шегінен шықпайды. Қызбалықты басып қана оған ие бола аласың, сонда сен бірінші “ат үстіндегі зерделі» боласың*.
/*Испан мәтелі: “Ат үстіндегі зерделі болмайды”/.
- ДОСТАРДЫ ТАҢДАЙ БІЛУ. Досың алдымен ақыл емтиханын тапсырып, Сәттілік сынағынан өтсін: сонда оған сезіммен бірге ақыл да өз дипломын тапсырады. Дегенмен достар өмірдегі аса маңызды игілік болғанмен, көпшілік оған онша мән бермейді: күйбең тірлік өз дегенін істейді. Адамды оның достары арқылы бағалайды, ал білімді надандармен достаспайды. Іш тартудың бәрі жақын тұтуды білдірмейді, танысыңның тапқыр сөздері әсерлі болуы мүмкін, бірақ бұл оның сезімдеріне деген сенім туғызбайды. Заңды достық бар, заңсызы да кездеседі: бірі — рахат үшін, бірі — жемісті істер үшін. Шын достар сирек, көбі — жағдайдың досы. Сондықтан кездейсоқтық емес, таңдау шешуі тиіс. Ақылды адам реніштен қаша біледі, бірақ ақымақ дос оны отырғызып кетеді. Егер достарыңды жоғалтқың келмесе, оларға ұлы сәттілік тілеме.
- АДАМДАРДЫ ТАНУДАН АЛДАНБАУ. Адасудың кең таралған осы түрі ең қауіптісі. Тауардан алданғанша, бағадан алданған жақсы; ал мұнда кісінің ойын көре білу ерекше маңызды. Өмірді түсіну мен адамдарды тану — әртүрлі нәрселер. Мінездерді танып, көңіл-күйді аңғара білу — ұлы даналық. Адамдарды да кітапты оқығандай оқи алу қажет.
- ДОСТАРДЫ ЕБІН ТАУЫП ПАЙДАЛАНУ. Мұнда да өзінің ерекшеліктері бар: достардың бірі алыстан, бірі жақыннан жақсы; онша әңгімелесе алмайтындары хат жазуға келгенде шеберлік танытады. Қашықтық жақын араласқанда шыдатпайтын кемшіліктерді байқатпайды. Достардан рахат қана емес, пайда да алуға тырыс. Достықта шын игіліктің үш сапасы болуы тиіс, атап айтқанда, бірлік, жақсылық, шынайылық; достан осының үшеуі де табылады.
Нағыз достар сирек, ал оларды таңдай білмейтіндерде шын достар одан да аз кездеседі. Дос тапқаннан оларды сақтау әлдеқайда қиын. Тұрақтыларды ізде: алғашқы таныстық, мүмкін, біртіндеп шын достыққа ұласады. Дегенмен де сынау үшін алынған мол тұзды бірге бөліскен достар ең жақсы достар екені анық. Доссыз өмір қу шөл сияқты; достық игілікті көбейтіп, қырсықты азайтады; ол — жан қуанышы, зұлым тағдырға қарсы жалғыз шипа.
- АҚЫМАҚТАРҒА ТӨЗЕ БІЛУ. Оқымысты адамдар әдетте шыдамсыз; біліміңді көбейте отырып, төзіміңді азайтасың; ақылды жағынудан аулақ жүреді. Эпиктет* бойынша, өмірдегі аса маңызды ереже -шыдамдылық, ол: даналықтың жартысы шыдамдылықта, — деген. Иә, бар ақымақтыққа төзе білу үшін үлкен шыдамдылық керек! Кімге көбірек тәуелді болсаң, соған көбірек төзесің — мұнда өзіңе өзің ие болуға жаттығу өте маңызды. Шыдамдылық жердегі жоғарғы рахат — тыныштықтың кепілі. Ал өзіңде мұндай қасиет таппасаң, оңашалыққа көш. Осының өзіне өзіңе — өзің төзе білу қасиеті қажет.
/*Эпиктет — римдік философ-стоик, бұл жерде оның «шыда және тартын» деген белгілі сөзіне сілтеме жасалған/.
- ӘҢГІМЕДЕ АБАЙ БОЛУ ҚАРСЫЛАСТАРЫҢНАН САҚТАНУ ҮШІН, басқалармен қатынаста — әдептілік үшін керек. Айтылған сөз -атылған оқ. Әңгіме де қалдырған өсиет сияқты — сөз аз болса, дау-шар да көп болмайды. Болмашы нәрселер туралы әңгімелесе отырып, маңыздырақ істер үшін негіз ізде. Жасырындықта жұмбақ ұлылық бар. Әңгімеде өзін жеңіл жайып салатындарды сендіріп, жеңіп шығу қиын емес.
- ӨЗ ҚҰШТАРЛЫҚТАРЫҢДЫ БІЛУ. Мүлтік-мінсіз адам да олардан кенде емес, қайта оларды мәпелеп, күтеді. Олар біздің ақылымызда аз емес және ақыл неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсырақ байқалады. Себебі, біз оларды ұнатамыз. Дегенмен, ұсақ құштарлықтарға бой алдыру үлкен кемшілік. Олар жетілгендіктің, кемелдіктің реңін кетіретін дақтар сияқты, өзімізге қанша ұнамды болса, маңайдағыларға сонша сүйкімсіз. Олардан құтылып, өз қасиеттеріңді құтқарып қалу -игілікті іс. Әлсіздіктер бірден көзге түседі: сені енді мақтай бастаған біреу әлсіздігіңді байқаса, үнсіз қалады және қасиеттеріңе көлеңкесін түсіріп тұрған кемшіліктерді бетке басады.
- КҮНШІЛДІК ПЕН АРАМ НИЕТТЕН БИІК ТҰРУ. Бүгінде жек көруден гөрі сыпайылықпен көбірек кек аласың. Жауы туралы жақсы сөз айтатын адам кез келген мақтаудан жоғары тұрады; қаhарман жалақордан өзінің айбыны мен ерлігі арқылы кек алады, осы қасиеттер күншілдікті де жеңіп шығады. Өйткені сенің әр қуанышың ашу-ызаның алқымын қыса түседі; саған жұмақ, қарсыласың үшін тозақ. Оған да сол керек, өзгенің тәттісінен өзіне у жасап несі бар. Күншіл бір рет емес, қарсыласы қанша мақталса, сонша рет өледі; басқаның даңқы жер жарып жатқанда, біреудің азабы арта түседі; алғашқы рахатқа батады, соңғы қайғыда болады. Даңқ кернейі біреуге өшпес ат сыйласа, біреуге күншілдік тұзағында тұншығуды жазады.
- БАҚЫТСЫЗДЫ АЯЙМЫН ДЕП, ЖОЛЫ БОЛҒЫШТЫҢ ҚАҺАРЫНА ҰШЫРАМАУ. Біреулердің бақыты басқалардың бақытсыздығынан басталатын кез аз емес; біреулер жеңіліс таппайынша өзгелер жоғары көтерілмейді. Жолы болмайтындар әдетте аяушылық тудырады — осы бір қайырымдылықпен біз Тағдыр жазасының орнын толтырғандай боламыз. Тасы өрге домалап тұрғанда бәріне жек көрінішті болған адам бақытсыздыққа ұшырағанда барлығының аяушылығын тудыратыны тағы бар: шарықтағанда жек көрушілік құлдырағанда аяушылықпен ауысады. Бірақ көреген адам тағдырдың не жазатынын қадағалағаны жөн. Тек жолы болмайтындармен араласу, кеше атқа мінер болғаны үшін ұнамсыз көрінгендермен жақындасу мінездің кеңпейілдігін көрсеткенмен, ақылдың парасатын білдірмейді.
- ТАМЫРЫН БАСЫП КӨРУ. Осы амал өзіңнің ниетің қаншалықты орынды екенін білмегенде әжетке жарайды. Табысқа қол жеткізесің әрі істі бастау немесе одан бас тарту жөнінде шешім қабылдауға уақыт қалады. Өзгелердің ойы осылай анықталады және есті адам неге сүйенуі керек екенін білетін болады: бұл — өтініш жасаудағы, махаббаттағы және басқарудағы маңызды сақтық.
- ҰРЫСТЫ АДАЛ ЖҮРГІЗУ. Парасатты кісіні де ұрысқа мәжбүр етуге болады, бірақ ол абыройсыз ұрысқа аяқ баспайды, әркім мәжбүр етуге қарай емес, өз табиғатына сай әрекет істеуі тиіс. Жарыста парасаттылық мақтарлық жай: жеңу ғана емес, сондай-ақ қалай жеңу де маңызды. Арамдықпен жеңіске жету — жеңіс емес, ұтылыс. Кең пейілділік -артықшылық. Парасатты адам біткен достық басталған жаулыққа тыққыштайтын тыйым салынған қаруды қолданбайды, яғни бұрынғы сенімді пайдаланып сатқындық жасамайды; сатып кету ізгі атқа дақ түсіреді. Ал жоғары атағы бар адамдарды болмашы дақ та ұятқа қалдырады: нағыз лайықтыны кез келген опасыздық түршіктіреді. Егер жер бетінде әдептілік, кең пейілдік және берілгендік жойылып кететін болса, оларды қайтадан сенің кеудеңнен тауып алатынын мақтаныш ет*.
/*Бұл Француз королі Франциск 1-нің сөзі/.
- СӨЗДІҢ АДАМЫ МЕН ІСТІҢ АДАМЫ. Өзіңнің нағыз достарыңды ажырата білген сияқты, оларды айыра білген де маңызды. Істе жақсы болып, сөзге шорқақ болған нашар; бірақ сөзге ұста болып, істе ебедейсіз болу одан да жаман. Бүгінде сөзбен тойдыра алмайсың, сөз -желмен бірдей; сыпайыгершілікпен де асырай алмайсың, сыпайы алдау құстарды айнамен шағылыстырып ұстаған сияқты. Тек даңғой ғана ауаға тойынады. Істердің кепілі ретінде ғана сөздердің бағасы болады. Шірік ағаш жапырақ жайғанмен жеміс бермейді, қайсысының пайдалы екені өзөзінен белгілі емес пе?
- ӨЗІҢЕ ӨЗІҢ КӨМЕКТЕСУ. Қырсыққа ұшырағанда батыл жүректен артық жақсы жолдас жоқ, ал ол әлсірегенде оған бас көмектессін. Ерлік тағдыр соққыларын жеңіл көтереді, ал Тағдырдың жетегінде кету мүлде төзгісіз болады. Қиыншылық салмағын көтере алмасаң, оны ауырлата түсесің. Өзін білетін адам күші жетпеген жерде парасатын көмекке шақырады. Ақылды адам жазмышты да өз дегеніне көндіреді.
- АҚЫМАҚТЫҚТАН ТУЫНДАЙТЫН РАҚЫМСЫЗДАР: Мен оларға менменшілдерді, даңғойларды, қырсықтарды, қыңырларды, маньяктарды, дарақыларды, бәлсінгіштерді, у тілділерді, өсекшілерді, даукестерді, көпшіліктен қол үзгендерді, қысқасы, шамасын білмейтін, тоқтамға келмейтіннің барлығын жатқызамын. Дененің көріксіздігінен жан кедейлігі ауыр, өйткені ол Жоғары Сұлулықтың әрін кетіреді. Бірақ адамдарды жаппай есуастықтан кім құтқарады! Парасат жоқ жерде ақылың аяқ астында қалады, кінәлағанға ұялу мен өкінудің орнына менмендік пен дандайсумен жауап береді.
- БІР СӘТСІЗДІК ЖҮЗ СӘТТІЛІККЕ ЖҮК БОЛАДЫ. Жарқырап тұрған күнге ешкім қарай алмайды, бірақ тұтылуы мұң екен бәрі көреді. Тобыр сенің сәттіліктеріңді санамайды, есесіне әрбір сәтсіздігіңді бірден байқайды. Жақсыларды мақтағаннан гөрі нашар адамдарды көбірек біледі, әрі қаттырақ жазғырады; көп адам қылмысқа барғанша белгісіздікте болады. Сенің бар сәттіліктерің болмашы қателікті түзеуге жетпейді. Сондықтан, елікпе, арам ниет сенен жақсылықты емес, тек жамандықты көреді.
- РЕЗЕРВ ҚАЛДЫРУ. Бұл жеңіс кепілі. Бәрін бірден шығарма, бар күшіңді сарқа жұмсама. Тіпті, білімді де запаста ұстаған дұрыс — осы арқылы оның бағасын көтересің, әрқашан жағдайға бірдеңе сақтаған жақсы. Ұрыста ер жүректіліктен гөрі резерв маңыздырақ; ол өжеттілік пен сенімділік береді. Есті адам жаза баспай тірлік істейді. Осы тұрғыда “Жарты тұтастан үлкен”* деген таң қаларлық парадокс ойға оралады.
/*Жеті данышпанның бірі Питтактың сөзі/.
- АРҚА ТҰТАРЫҢ БОЛСЫН. Маңызды достар — маңызды істер үшін. Олардың үлкен тілектестігін ұсақ-түйекке айырбастама, босқа жұмсама — бұл қайырымдылықты ысырап етушілік болады: кемедегілер өте қажет кезде ғана қолданатын қасиетті якорьды үлкен қауіпке сақтайды. Ұсақ-түйекке көп жұмсасаң, үлкен істерге не қалады? Бүгінде қамқоршыдан керегірек ешкім жоқ: ол дүниедегі барды жасап, бұзады, тіпті дарын сыйлап, одан айырады; оның даналарға берген даңқы Тағдырдың қызғанышын туғызады. Сондықтан маңызды достарың болып, оларды сақтай білу ақшаң болғаннан артық.
- БӘРІН ЖОҒАЛТҚАН АДАММЕН КЕРІСПЕ. Ұрыс тең болмайды. Қарсыласың ұрысқа жалтақтамай ұмтылады, өйткені оның жоғалтары жоқ, тіпті ұят та қалмаған, сондықтан ашына шабуылдайды. Ал сен жылдар бойы жинаған абыройыңды мұндай қауіпке салма, бір артық қимыл не бейпіл сөз оны айрандай төгеді. Бір тіл тигізу жетіп жатыр, сенің бар еңбегіңнен дәнеңе де қалмайды. Парасатты адам ұрысқа асықпайды, жоғалтары бар. Ол абыройын қадірлегендіктен қарсыласын бағалайды, дауға абайлап кіреді және жақсы атын сақтауға уақыт қалу үшін баяу қимылдайды. Ұрыста жеткен жеңісің оған киліккеннен туатын қырсықтардың орнын толтыра алмайды.
- АДАМДАРМЕН АРАЛАСУДА ШЫНЫ СИЯҚТЫ МОРТ БОЛМАУ. Әсіресе — достықта. Кейбіреу іші қуыс болған соң да жеңіл шытынап шыға келеді; өзін өкпелеумен, өзгелерді ренішпен толтырады. Шыбық тимес, шыңқ етерлер болады; оларға әзілдеп те тиісе көрме. Мұндайлармен үш есе сақ бол, олардың әлсіз жері есте болсын, өркөкіректігін ая — абыройына түскен титтей сызат оларды құтыртып шыға келеді. Мұндайлар көбіне есерсоқ болады, өздерінің абыройы үшін бәріне дайын, олар тәкаппарлықтың құлы. Асыл тастардың ішінде алмас өзінің ұзаққа шыдайтынымен және беріктігімен құнды.
- АЛДАҒЫҒА АСЫҚПАУ. Бәрінің өз уақыты бар және бәрі саған қуаныш сыйлайды. Бақыт тым қысқа болатындықтан да, көп адамдарға, өмір өте ұзаққа созылатын сияқты: қуанышты ерте қолдан шығарып алады, мейлінше сайрандамайды, соңынан қайтарып алғысы келгенмен, жете алмайды. Олар желіп бара жатқан уақытқа өздерінің асығыстығын қосады; өмір бойы қорыта алмайтынын бір күнде жұтуға дайын; қуаныштарды жылдар бұрын көргісі келеді, асығыс-үсігісте жүреді, және бәрін ысырап етеді. Тіпті білімде де мөлшерді білген дұрыс, білуге тұрмайтын білімдер бар. Өміріміз рахатқа толы сағаттардан әлдеқайда ұзаққа созылады. Асықпай рахатқа кенел, бірақ шабан қимылдама. Іс бітсе жақсы; қуаныш таусылса жаман.
- ТИЯНАҚТЫ АДАМ. Мұндай адам жеңілтек адамдарды ұнатпайды. Жоғары қызметте тиянақтылық болмаса қырсық жолдас болды дей бер. Адам сияқты көрінетіннің бәрі — адам емес; орындалмас қиялдан бастап, сандырақтар тудыратын елес қуушы адамдар болады; соларға ұқсас, оларды қолдайтындар да бар; бұлар шындықтың дұрыс, бірақ аз пайдасынан гөрі жалғандықтың қате, есесіне қомақты түсімін артық көреді. Ақыр аяғында орынсыз тілектердің күлі көкке ұшады, өйткені адалдыққа негізделмеген. Тек шындық қана ізгі даңқ, тиянақтылық қана -пайда әкеледі. Бір алдау соңынан екіншісін ерте келеді, бірақ бар ғимарат орындалмас қиялдан, іргетасы ауадан қаланғандықтан, ол міндетті түрде күйреп құлайды. Қисынсыздық қартайғанша өмір сүрмейді; жомарт уәделер көп ұзамай күдік туғызады, ал дәлелдің көптігі шүбә келтіреді.
- ӨЗІҢ БІЛУ НЕ БІЛЕТІНДЕРДІ ТЫҢДАУ. Өзіңнің не өзгенің ақылынсыз өмір сүре алмайсың; дегенмен көп адам өзінің білмейтінін білмейді, ал біреулер білмесе де білемін деп ойлайды. Ақымақтық дертінің жазылмайтын себебі, надандар өздеріне жетіспейтінді іздемейді. Біреулер ғалым болдым деп ойламағанда, ғалым болып шығар еді; өзіне риза олар даналық бастауын табу қиын екенін білгенмен табысқа масаттанып, ешкімді тыңдамайды. Кеңес сұраудан қысылма — бұл сенің кісілігіңді кішірейтіп, ақылыңа ұят келтірмейді: кеңесті тыңдай білу ақылдан хабар береді. Бәрін таразылап қана ақылға қонымды іс бітіресің.
- АҒАЙЫНШЫЛДЫҚТАН ҚАШУ. Өзің де орынсыз арсалаңдама, басқаларға да жол берме. Ағайыншылық парасатты адамға тән артықшылықты, соңынан оған деген құрметті жояды. Шырақ алыстан жақсы көрінеді. Ғажайып қастерлеуді талап етеді, қатардағы көзге түспейді: неғұрлым көбірек көрсе, соғұрлым азырақ бағалайды; байқалмайтын кемшіліктер жақын араласқанда көрінеді. Ешкіммен жақын қатынаспа; бұл жоғары тұрғандармен қауіпті, төмендегілермен — ұнамсыз, әсіресе ақымақтықтан арсыз келетін тобыр өзіне көрсетілген қайырымдылықты болуы тиіс нәрсе ретінде қабылдайды. Қатынаста тым қарапайым болуға болмайды.
- ЖҮРЕККЕ СЕНУ. Әсіресе тәжірибелі жүректің айтқанына тоқтай біл. Онымен айтыспа, маңызды істерде ол шындықты көре біледі: бұл үйдегі көріпкелің. Көпшіліктің түбіне өздері қауіптенген нәрсе жетті -қырсықтан сақтануға тырыспаса, қауіптенуден не пайда? Табиғаттың ерекше сыйы — аян беретін жүректер бар, ол әрқашан ескертеді, ал тар жол, тайғақ кешуде дабыл көтереді, құтқарар әрекетке асықтырады. Қырсыққа мойынсұнып көнуге болмайды, жоқ, оларды жеңіп шығу үшін күреске түсу керек.
- ҰСТАМДЫЛЫҚ — МАҢЫЗДЫЛЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ. Ашық көңіл жайылған карта сияқты. Үлкен құпиялар тереңде орналасады, өйткені онда бар құндылықтар сақталатын тұңғиықтар бар. Ұстамдылық өзіне-өзі ие болудан келеді, өз қызбалығыңды жеңу үлкен жеңіс. Сырыңды кімге ашсаң, соған жан басылық төлейсің. Ішкі тыныштық парасатқа шипа. Тұйықтыққа мезі етушілік өш: ол шыдамнан шығару үшін ұстамдылықтың жынына тиіп бағады. Істеу керек нәрсе туралы айтып керегі жоқ; ал айту керек нәрсені істеп қажеті жоқ.
- ҚАРСЫЛАСЫМДЫ ӨЗІМ БІЛЕМГЕ САЛЫНБАУ. Ақылсыз ешқашан ақылды ойлағандай іс жасамайды, өйткені ақымақ қалай істеуді түсінбейді. Зерек күткендегіден өзгеше қимылдайды. Сондықтан әрбір істі өзіңе тартпай, екі тұрғыдан қарастыру керек, екі жақ үшін талқылау қажет. Адамдардың шешімдері әртүрі; сендегі біреуге іш тартуды білмейтін әділдік безбені болуы тиіс нәрселерді ғана емес, сондай-ақ болуы мүмкін құбылыстарды да ескерсін.