Мұғалімдік мамандық-бұл адамтану,адамның күрделі және қызықты,шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер-ол даналықты жүректен ұға білу болып табылады.
В.А.Сухомлинский
Биыл- Жастар жылы! Қуанышымда шек жоқ. Елбасымыздың биылғы жылды «Жастар жылы» деп атауы біздей жас мамандарға армандарымызды жүзеге асыруға қанат бітіріп, үлкен-үлкен белестерді бағындыруға жол ашты.
Мен де кез келген мамандық иелеріндей жаңғыру жолында өз саламның білікті маманы болуды армандайтын жастардың бірімін. «Жаңа заман тәуелсiз ел мұраты — жастардың бiлiмi мен бiлiктiлiкке талпынып әрекеттенуiн, еңбектенiп өсуiн талап етiп отыр»,-дейді Елбасымыз.
Мұғалімдік жолды таңдау маған көп қиындық тудырмады. Өйткені нәр алған қайнар бастауым-өңірімізге танымал ұстаздар әулеті. Сондай ортада өскен мен бала кезімнен ұстаздық жол- менің де жолым екенін түсіндім.
Өмірге келмесем де мақтан үшін
Мұғаліммін,осы атақ мақтанышым,-
деген ұлағатты ұстаз болған атамның қойын дәптеріндегі осы бір жазуға қарай отырып, болашақта мен де өз мамандығымды шексіз сүйетін мұғалім болсам екен деп армандайтынмын. Ол арманым бүгінгі таңда орындалды.
Жас маман ретінде мен еліме қандай қызмет етемін? Мұғалім ретінде жас ұрпақты тәрбиелеуде қосар үлесім қандай болмақ?
Мұғалім- адамды қалыптастыратын, адамды адам етіп тәрбиелейтін мамандық. Бүгінгі дамыған, жаңа технологиялық бағыт өрістеген уақытта жаңаша ойлау, оқыту мен тәрбиені ізгілендіру бағытын ұстану- кез келген мұғалімнің басты мақсаттарының бірі.
Мұғалімнің қызметі өте күрделі әрі көп салалы.Бүгінгі таңда мұғалімдік қызмет менің жан-жақты білімді,педагогикалық шеберлікті, адами қасиет, табанды ерік-жігерді,парасатты мінез –құлық пен ұстамдылықты талап етеді.
«Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді»,-деген екен өркениет философы атанған әл-Фараби. Жаңғыру жолындағы жас маман ретінде өзім көптеген білікті ұстаздардан, жаңартылған білім беру курстарынан өтіп, үнемі ізденіс үстіндемін. Ізденіс мені шексіз шығармашылық әлеміне жетелейді.
Жаңаша оқыту-еліміздің барлық ұстаздарын толғандырып отырған басты мәселе. Жаңаша оқыту мені қандай жетістікке жеткізбек? Сол білімімді жетілдіре жүріп, өз ісін сүйетін мұғалім адамды, оқушысын тани біліп,өте епті,сезгіш, шыдамды, сергек болу керек екенін түсіндім.Жаңғыру жолында нәтижеге апаратын басты жол-мұғалімнің балаға шынайы сезіммен, құрметпен қарауы, бірін-бірі сыйлау,сенімді сезімін тудыратын ұстанымы.
Менің өзіме қояр талабым — өз оқушыңа сен, әр оқушыны жеке тұлға ретінде сыйла, бірақ оларға талап қоя біл, олармен қуаныш пен қайғыны шынайы бөліс. Өзіңе талап қой, шыдамдылық таныт, олардың бойынан жақсы қасиеттерін ізде, оқушыларды жақсы іске ұмтылдыр, танымдық кабілетін дамыт, өз оқушыңа өзін мақтауға мүмкіндік бер.
Балалық шақ — бала жүрегінен мәңгілік орын алатын таңғажайып әлем, болашаққа жетелейтін жарық нұр болса, ал ол ертең бала, ұрпақ үшін қандай болмақ? Осы сұрақтардың жауабын табатын жан-мұғалім.Мұғалім өмірінің мәні-оқушыда.
Мен –жаңғыру жолында болашақ ұрпақты биік белестерге ұмтылуға бағыт-бағдар беретін мұғаліммін. Менің таңдаған мамандығым бүкіл өмірімнің мән-мағынасы болып табылады. Менің мақсатым-әр балаға өмірдегі өз орнын табуға,бойындағы қабілетін ашуға көмектесу. Мен әр баланың өзгеге еліктемей,өзіндік қайталанбас жеке тұлғасын сақтап қалуына көмек беремін.
Менің ұстанатын қағидам – баланы өзіне сене білуге үйрету.
Өз пәнім мені әрқашанда ойландырады . Ағылшын тілі пәні мұғалімі ретінде мен ең бірінші оқушыларма не үйретемін? Оларды нендей жетістікке жетелей аламын? «Баланың ынтасын ояту үшін оқытатын нәрседе бір жаңалық болу керек»,-дейді көрнекті жазушы Ж.Аймауытов. Оқушыларыма ағылшын тілін үйрете отырып, алдымен оларға өз ана тілін құрметтеуге,ұлтымыздың рухани құндылықтарын дәріптей білуге үйретемін. Менің алға қойған мақсатым: сөз құдіретін меңгерту, туған тілі мен әдебиетін сүйетін, оның бүгіні мен келешегін ойлайтын азамат,дана бабаларымыз өсиет еткен сөз өнерін қастерлей білуге тәрбиелеу. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында оқушыларыма ағылшын тілін меңгерте отырып, еліміздің көрікті де көркем, тарихи шежіреге толы қасиетті елді мекендер туралы,мәдениетіміз туралы сыр шерте отырып, олардың тілді еркін меңгеріп кетуіне мүмкіндік беремін. Оқушыларым ағылшын тілінде өз туған елі туралы еркін әңгімелеп тұруы мен үшін үлкен бақыт.
Сабақ — пікір алмасу, шындықты іздеу, қиыншылық пен қуаныш, жеңіс пен жеңіліс уақыты.
Сабақ — жаңа бір нәрсе ашуға ұмтылдыруға мүмкіндік беретін әлем. Ізденгіш мұғалімге кез келген сабақ шексіз шығармашылыққа жол ашады. Сол сабақта жаңа шығармашылық ізденістер пайда болады. Мұғалімнің педагогикалық шығармашылығы сол бұлақтан бастау алады.
Қай ғасырда болмасын даналар, ойшылдар тәрбие мен білім беруге ерекше мән берген. Бір дана мұғалімдерге: «Балалардың жанына адамгершілік дәнін себе біліңдер және оның қашан өсіп-өнетінін күтпеңдер. Күндердің күнінде өз жемістеріңнің нәтижесін көресіңдер» деп өсиет еткен екен.
«Мұғалім» деген сөзді «шәкірт» деген сөзсіз елестету мүмкін емес.Жас маман ретінде мен де өзім оқытып, тәрбиелеп отырған оқушыларымның жетістіктерін,өз еңбегімнің жемісін көріп келемін.
Ежелгі грек философы Сократ мұғалімді жаңбыр тамшысына теңеген екен. Нұрлы жаңбыр тамшысы жердегі әр тіршілікке нәр берсе, мұғалім ретінде мен өз оқушыларымның бойынан дарындылығын танып,оны аша білуге ұмтыламын.
Әрқашан өз шәкірттерімнің талай белестерді бағындырып жүретін жеңістерін мақтан етіп жүремін,олар жеткен табыстармен мақтанамын, олардың болашақта да түрлі білім сайыстарында жеңіс тұғырынан көрініп, Қазақстанның көз қуанышы бола беретіне сенемін.
Осының барлығы маған қанат бітіреді, күш сыйлайды. Жан-жағымда қаумалаған оқушыларым тұрғанында жүрегім қуанышқа толады.
Бір хан өз елін қайткенде бақытты ете аламын деп даналардан сұраған екен. Сонда олар ханға үш сұрақ қойыпты: «Дүниеде қандай уақыт ең маңызды? Өмірдегі ең басты адам кім? Өмірде қандай іс ең маңызды?» Хан бұл сұрақтарға жауап таба алмапты. Сонда даналар ханға былай жауап берген екен: «Ең маңызды уақыт- дәл қазіргі уақыт, жаныңда дәл қазір жүрген жан -ең басты адам, дәл қазір атқарып отырған ісің- ең маңызды іс».
Абай атамыз айтқан бес асыл іс адам бойындағы ізгі қасиеттерге жол ашса, Мұқағали ақын жырлаған үш бақыт ұрпақтарды Отанға, халқына, туған тілге деген сүйіспеншілікке жетелейді. Ал мұғалім бақыты — осы ақындар жырлаған қасиеттерді бала жанына жеткізу, олардың жүрегіне адамдық дәнін себу. Оқушыларымды әр сабағымда білім нәрімен сусындату — бірінші бақытым. Мен үшін ең маңызды адам –оқушыларымды жақсы азамат етіп тәрбиелеу — екінші бақытым. Үшінші бақытым- оларға жүрек жылуымды арнау. Оқушыларымның кішкентай жүректеріне қызмет ету- өмірімдегі қияға қанат қақтырар үлкен шың.
Ардақгүл Әмірханова