ДҰРЫС ТАҢДАУ – ТАРИХИ ШЕШІМ


Қазанның жиырма жетісінде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы жарлыққа қол қойды. Тәуелсіздік тарихындағы тарихи шешімдердің бірегейі деп айтуға болатын үлкен қадам. Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру стратегиялық тұрғыдан өз-өзін ақтап шығатынына кәміл сенемін. Себебі, Қазақстан әлемдік ғылым-білім кеңістігіне енуді латын әліпбиі арқылы алғышарт етіп алып, тереңдетуді көздеп отыр. Әлем елдерінде әліпби реформалары ешқашан қарсылықсыз, талқылаусыз, пікірсіз бірден қабылданған жоқ. Бізде де қалыптасқан кирилл әріптерімен жазып, өзгеріссіз, өркениетке ермей, үйренген жолдан шықпай отыра беруді көздейтіндер бар. Бірақ латын әліпбиі заман талабы, бүгінгі әлемдік кеңістік қажет ететін дүние екенін уақыт көрсетіп келеді.

Әліпбиді реформалау Еліміз ұстанған ұзақ стратегиялық жоспардың, Рухани жаңғырудың бір бөлігі ғана деп ойлаймын. Бірақ Рухани жаңғыру тұтас бағдарлама екенін, бір жері бір бөлігін толықтырып тұратынын атап кетуіміз керек. Мысалы, ұлттық сана мен ұлттық код тілден басталады. Тілдің тазалығы әліпбиге байланысты екенін ұққанымыз жөн. Осы бағытта жаңа әліпби ең әуелі тіліміздің тазаруына, біздің кітапханамыздағы кеңестік кезеңнің кейбір керек емес әдебиетінің жаңа кітаптарға орын босатуына септігін тигізеді. Ең бастысы жаңа әліпби ғаламторымыздағы ақпаратты қайта сараптауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар басқа да артықшылықтары бар. Мысалы, бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде  5 миллионға жуық қазақ тұрады. Олардың жартысынан көбі латын әліпбесін пайдаланады. Біздің, олардың отанының латын әліпбиіне көшуі бар қазақтың басын қосуға бағытталған тағы бір игі іс болатыны даусыз. Қарсы пікір айтушылар жаңа әліпбиге көшу көп қаржыны қажет ететінін де тілге тиек етіп жүр. Бұл да бір дәлелсіз, дәйексіз қарсылық деуге болады. Кирилл әрпімен жазылған көркем шығарманы, кітапты онлайн конвертерлер бес минутқа жеткізбей латыншаға аударып беретінін тәжірбие дәлелдеп берді. Әрине, кемшіліксіз дүние болмайды. Бірақ латын графикасына байланысты аздаған кедергілер мен кемшіліктер  уақыт өте келе түзеледі деп ойлаймын.

Латын әліпбиіне  елдігіміз бен егемендігімізді айқындайтын көрсеткіш деп қарауға болады. Сондықтан күн тәртібінде өткір тұрған, қоғамда, зиялы қауым ішінде қызу талқыланып жатқан латын әліпбиі мәселесі жөнінде оң пікір білдіру әрбір қазақстандықтың парызы!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *