САФУАН ШАЙМЕРДЕНОВ

СЫРЛАСУ

Сұрақ: Жазушы болмысы дегенді қалай түсінесіз?
Жауап: Көпке мәлім, жазбайтындардың ішінде жазушы болмайды. Табиғат саған қабілет-талант бергені рас болса, сен өзіңді өнер жолына бағыштап, ат жалын тартып мінген соң
– аз ба, көп пе, әйтеуір бірдемелерді жазып жүруің әбден кәміл. Осы
ретте жазушы алдынан екі сауал, екі проблема келіп шығады: Нені
жазу керек? Қалай жазуың керек? Ұлылығың да, сорлылығың да осы
екі сұраққа жауапты қалай бере алатыныңнан көрінбек. Қалай жазу
керек – бұл шеберлік мәселесі. Ал нені жазу керек дегенге дүниетанымың, өмір сүрген ортаң, көзбен көріп, бастан кешкен өмірлік жолың, іс-тәжірибең жатады. Бір сөзбен айтқанда, мұны тақырып таңдай білу дейді. Ал екеуі қосылып талант дәрежесін анықтамақ.
Егер сен халқыңның тағдырындағы көкейкесті мәселелерді көтере алып, соны оқырман көкейінен шығарар болсаң, әне, талантыңның күш-қуаты сонда. Ал күйкі тірліктің болымсыз күйбеңімен айналысып, жазғаныңды оқырман көкейіне қондыра алмасаң бейшаралығың. Жазушы және тақырып. Бұл екеуінің арақатынасы тіпті қызық. Кейде тақырып шіркінің жазушыны өзі іздейді. Кейде жазушының тақырыпты іздеп жүретіні де болады. Қызық деп отырғаным – өзі
келген тақырыпты жазушының Ол кезде Инеш секілді қыздар некен-саяқ ғана болса, қазір мыңдап саналады. Және де жаңағы мыңдап саналатын бүгінгі жаңашыл
қазақ қыздарының қасында елуінші жылдардың Инештері жіп есе
алмай қалды. Бірақ бұл жерде анықтай кететін бір гәп – сыртқы
сұлулық, ішкі сұлулық дегендердің үйлесімі. Айталық, ішкі жан
дүниесі бай, білімді, адал қыздар әдемі киініп, боянып жүрсе –
оның несі ерсі? Әрине, түк ерсілігі жоқ. Ерсілігі жоқ емес-ау, қайта
жарасымды. Бұл менің бүгінгі ұғымым. Ал елуінші жылдардағы
менің, мен секілді жолдан өтіп келген, өмірбаяны маған ұқсас жас
азаматтардың ұғымы басқаша еді ғой. Дөрекілеу болса да айтуға тура
келеді, «битке өкпелеп, тоныңды отқа салма» деген дана мақалды
ол кезде ескерген ешқайсымыз болмаған-ды. Іші тұнып тұрған
алтын болса да, сыртына қарап бағалай салатынбыз. Мансұқ ете
салатынбыз. Бір қызығы, осы күні үңіле қарасам, жеке басымның
көзқарасы әлгіндей болғанымен, іштей наразы болып отырсам да,
Инешті өзім жек көрмеппін. Сол себепті Инеш образы сәтімен
бедерлі шыққан. Оның қасында ізгіліктің үлгісі ретінде алған
жағымды образым – Мәулен әлдеқайда солғын, тар шеңберде
қалып қойыпты. «Инеш» романының жарық көргеніне отыз жылдан асты. Осы жылдардың ішінде бұл кітап қазақшасы, орысшасы
бар, алты рет басылды. Тиражы үш жүз мыңнан асты. Бұл табыстың
сыры, жаңағы айтқанымдай, авторлық көзқарас пен Инеш мінезқұлқының қабыспай жатқанында ма деп шамалаймын.
Ал, енді негізгі сұраққа жауап берейін: шынында да, «Инеш»
романы неліктен кереғар пікірлер туғызып келді? Оның сыры мынада болса керек-ті: орыс оқырмандарында «жас кезімізде Лермонтовты жақсы көруші едік, есейе келе Пушкинді көбірек ұнататын
болдық» деген көпке белгілі пікір бар. Бұл нені танытады? Бұл – әр
жастағы оқырманның өзіне жақын жазушысы, шығармалары болады дегенді танытады. Бұл – орыс әдебиеті үшін басы ашық дүние.
Ал қазақ әдебиеті үшін осы шындықты сыншылар да, оқырмандар да
ескере бермейтін секілді. «Инеш» романы туралы әлі күнге қалыптаспаған айтыс-таластар мен кереғар пікірлердің бір суыртпағы
осында жатқан секілді. Осы романым жөнінде оқырман қауымнан
ұзын-ырғасы мыңнан астам хат алдым. Сол хат жолдаушылардың
жас шамасына қарасам, олар орта мектептің алтыншы-жетінші
кластарынан бастап, жоғары оқу орындарының екінші-үшінші
курстарының оқушы- студенттері екен. Бұл кітаптан олар алған
әсердің айтары жоқ. Ал одан арғы жастағылар «Инеш» романына,
шынымды айтсам, салқындай бастайды. Бұдан туатын қорытынды
– «Инеш» романының өз оқушысы бар. Екінші себеп – Инештің
өз басының қосқыртыс, күрделі образ болып шыққандығында.
Жағымды болса – аппақ, жағымсыз болса – қап-қара кейіпкерлерге
үйреніп қалған жұрт бұл бейнені қай категорияға жатқызарын білмей дал болады. Инеш біреулерге сұлулық пен нәзіктіктің, алғырлық пен тазалықтың үлгісі іспетті көрінсе, енді біреулерге ұшпа
мінез жеңілтек, әке дәулетінің арқасында ештеңені көрмей өскен,
кекірт мінездің кердең бейнесі ретінде танылады. Ал автор болса,
таласушыларға төрелік жасағысы келмейді. Өзімнің анық білетінім:
менің бұл туындым қазақ прозасындағы студенттер жайлы, қазақ
интеллигенциясы жайлы жазылған тұңғыш роман. Ал Инеш болса,
қазақ әдебиетінде бұрын кездеспеген тың образ.
Сұрақ: 1974 жылы ВЦСПС пен СССР Жазушылар одағының жүлдесіне ие болған «Жыл құсы» повесіңіз қалай туды? Қазіргі қазақ
әдебиетіндегі жұмысшы бейнесі қай деңгейде деп ойлайсыз?
Жауап: Мен жоғарыда тақырыптың жазушымен кездесуінің
үш жолы болатындығын айттым. «Инеш» романының тақырыбы
маған өзі келген болса, мына «Жыл құсы» повесінің тақырыбымен
мен ойда жоқта кездестім. Бұл шығарманың басты қаһарманы
Битабар Елбаев өмірде болған адам. Ол 1885 жылы қазіргі Жезқазған облысының Жаңаарқа ауданында дүниеге келіп, сол жерде
– Иманақ тауының бауырында 1964 жылы жетпіс тоғыз жасында
қайтыс болған. Зираты Сәкен Сейфуллин атындағы совхоздың
Бірлік атты бөлімшесінің жерінде. Ол шынында да түйе көтерген,
құдыққа түсіп кеткен сиырды суырып алған ерен адам. Мен
онымен 1950 жылы наурыз айының алтысы күні «Лениншіл жас»
газетінің тапсырмасы бойынша ел аралап жүріп, Иманақ тауының
бауырындағы шарқы шағын Бірлік атты колхозда кездестім. Биекең
сөзге сараң, біртоға кісі болса керек, көпке дейін сұрақтарыма «баржоқ» деген секілді тоқ етерін ғана айтып, үнсіз қалып отырды. Кейін
ақсақал көңілінің кілті табыла қалған кезде қағаз-қарындаш алсам,
қытығына тиіп қисайтып алып жүрмес пе екем деп қорыққандығым
соншалық, әңгімесін тек отырып тыңдадым. Мұның барлығы
повесть соңындағы «Кілт» деп аталатын тарауда сол күйінде айнақатесіз баяндалған. Шындап келгенде, менің жазғаным Битабардың өз айтқандары. Сөйтсе де бұл туынды Битабардың өмірбаянына арналған документальды повесть емес, көркем шығарма. Ал
көркем шығармаға, қалай болған күннің өзінде де, еркіндік керек
екені өзінен-өзі түсінікті ғой деп ойлаймын. «Жыл құсы» араға он
тоғыз жыл салып, 1969 жылы жарық көрді. Жаңағы өзің айтқандай,
ВЦСПС пен СССР Жазушылар одағының жұмысшы тақырыбына
арналған шығармалар конкурсында жүлделі орынға ие болды.
Сөйтсе де, шынымды айтсам, «Жыл құсы» – жұмысшы туралы
жазылған шығарма емес. Менің бұл туындым дүниенің астан-кестеңі
шығып, заман толқындарының жалында өтіп жатқан әлеуметтік,
саяси өмірдегі ұлы өзгерістер мен жеке адамдар арасындағы қарым-
қатынас, қайшылықтарға, сөніп жатқан, өніп жатқан жаңа тіршіліктағдырлардың қақтығысына арналған шығарма. Бұл ерекшелікті бір
сыншылар түсінді. Енді бір сыншылар түсінбеді. Түсінген сыншылар
Битабар образын қазақ әдебиетінде бұрын-соңды болмаған, ұлттық
характерді дәл де шынайылығымен танытатын тартымды да ерекше
жасалған образ деді. Ал түсінбеген, жә түсінгісі келмеген сыншылар бұл повесть ескі феодализм дәуірін көксейтін, Қазақстандағы
алып өндірістерді жоққа шығаратын шығарма деді. Әрине, Совет
заманында дүниеге келіп, феодализм дегенді естігенім болмаса,
көрмеген мына мен – қалай десең де, тісім шыққан адаммын ғой,
жөнімен мақталсам – асып та кетпеспін. Жөнсіз де жосықсыз сынға
іліксем – жасып та қалмаспын. Бірақ сонау отызыншы жылдардың
аяқ кезінде, жә болмаса елуінші жылы
шыға бермейді екен. Себеп?.. Осы бір себепті іздеп қатты толғанып
жүргенімде жолым түсіп Алматы облысының Кеген ауданына
бардым. Кездескен адамдардың бірі ит туралы маған мынадай бір
қызық оқиғаны айтып бергені: күзде қой отарлары таудан қыстауға
қарай көшкенде бір шопанның иті жоғалып кетіпті. Әрі іздеп, бері
іздеп, шақыра-шақыра таппаған соң, қасқыр жедіге жорыпты да,
ол байғұс көшіп кете берген. Қыс өтеді. Келер көктемде әлгі шопан
бұрынғы үйреншікті ізімен таудағы жайлауға келе жатса, былтырғы
қой жусатып, демалған бір жерінен иті шыға келіпті. Өкпелегені
сондайлық, шақырса келмейді. Жақындаса, үреді де шегіне береді.
Бұған не болған деп бақса, шопан иті көшкен жұртта ұмыт қалған
ескі тонды күзетіп қысты өткізіпті…
Жазылар повестің кілті осы оқиғадан кейін табылды. Адам
арасындағы күрделі де қиын, қат-қабат қатынастар, адалдық пен
арамдық, зұлымдық пен зорлық, өтірік көлгірсу – міне, мұның бәрі
де ит көзімен, ит түйсігі арқылы беріледі. Шындап келгенде, бұл
әдеби әдіс ғана. Әйтпесе, ит те, құс та, бәрібір, көркем әдебиеттің
зерттейтіні, түбегейлеп келгенде, адам өмірі, адам психологиясы
екені айтпаса да түсінікті емес пе.
Сұрақ: «Мәжнүн талдағы» кейіпкерлеріңіздің прототиптері туралы айтып бермес пе екенсіз?
Жауап: «Мәжнүн тал» – өнер адамының творчестволық жолында
кездесер қиындықтар жайында жазылған хикая. Халық алдындағы жауапкершілік дегеннің не екенін сезінбесе, өнердің талантты
деген өкіліне де қатер көп: арзанға түсер атақ-даңқ; бүгін бар да,
ертең жоқ, сабын көпіршігі секілді, жалған бедел; оңай жолмен:
ойы жоқ, көркемдігі жоқ плакаттар жазу арқылы келген ақша… –
Міне, мұның бәрі де өнердің талантты деген өкілдерін құрдымға
жіберер, ал өнердің өзін жоққа шығарар әзәзіл жол. Повестің бас
геройы суретші Бағлан шын мағынасындағы талант иесі. Бірақ
осы бір әзәзіл жолға қалай түскенін байқамай қалған. Осы қиындықтар ойда жоқта кездескен зерделі қызға ынтықтық, ғашықтық
арқылы шешіледі. Бұл да әдебиеттік әдіс- прием. Осыны түсінгендер авторлық ойды ойламаған жерден дәп басса, түсінбегендер
бұл шығарманы ғашықтар туралы хикая деумен жүр. Десе – десін.
Автор айтарын айтып, жазарын жазды. Ал таласу, таласпау оқырман, сыншы қауымның шаруасы. Бұл повестің прототипі жолынан
жаңылып жүрген талантты өнер иелері, оқыған, бірақ іздегенін таба
алмай, дегеніне жете алмай жүрген барлық қазақ қыздары.
Сұрақ: Қазақ прозасының қазіргі деңгейі қандай? Прозамыздағы
келешегінен үміт күттіретін жаңа лек – жастардан кімді атар едіңіз?
Жауап: Қазақ прозасының елуінші-алпысыншы жылдардағы
хал-күйі жөнінде мен баспасөз бетінде біршама пікір айтқан
адаммын. Ол пікірлерімді бұл жерде қайталамай-ақ қояйын. Жеке
бір шығармалардың жаманы да, жақсысы да жарық көріп жатқанымен, тұтастай алғанда Сейфуллині, Майлині, Әуезові, Мұқановы,
Мүсірепові бар проза жаман болмаса керек. Менің ұғымымша,
қазіргі қазақ прозасының одақтық көлемнен қарағанда орыны
алдыңғы қатарда. Ал оның кейбір шығармалары дүниежүзілік
әдебиеттің жақсы туындыларымен иіндесіп тұра алады. Әдебиетке
жетпісінші жылдарда келген жастардың ішінде де мені қуантатын
жазушылар аз емес. Мәселен, Марал Сқақбаев, Есенжол Домбаев,
Дулат Исабеков, Жақсылық Түменбаев, Кәдірбек Сегізбаев т.т.
Бастапқы үшеуі көлем жағынан ірі де, уақ та шығармалар беріп
жүргенімен, менің ойымша, әңгіме жанрының шеберлері. Және
бір қуанарлығы – осы жігіттердің қайсысы болмасын әдебиеттің
классикалық стилін ұстанады. Дулат Исабековтың «Ақырамаштан
наурызға дейін» деген әңгімесін оқығанымда көз алдыма Николай
Гогольдің өзі тіріліп келгендей болды. Дулаттың да айтып отырғаны «Как поссорился Иван Иванович с Иваном Никифоровичем»
әңгімесіндегі адам болымсыздығы. Бірақ суреттеу шеберлігіне
келетін болсақ, Исабеков әңгімесі классикалық үлгіден әсте кем дей
алмайсың. Ал Есенжол Домбаевтың «Сор қабақ» атты әңгімесінің
көлемі он-он бес беттен аспайды. Бірақ көтеріп тұрған жүгі кірпіш
романдардан әлдеқайда артық. Осы шағын әңгімеде бүкіл бір
халықтың мінез-құлқы, психологиясы, бір сөзбен айтқанда, бар
болмысы, өткені мен келешегі көркем сурет арқылы көз алдыңнан
өтеді. Өнер құдіреті деген, міне, осы болса керек. Өкінерлігі сол –
ең озық американ новеллашыларының дәстүрінде жазылған осы
әңгіменің жарық көргеніне он шақты жыл болып қалса да, бір
сыншының көңілін аудара алмай келеді. Жақсылықты тани білу
ұлылықтың белгісі болса керек. Ал танымау, көре білмеу – ездік.
Сұрақ: Ұлылық туралы пікіріңізді кеңейте түссеңіз қайтеді?
Жауап: Менің ұғымымша, ұлылық – өзгенің өзіңнен артықшылығын тани білу, мойындай білу болса керек. Надандар данышпандарды қай заманда да танымаған. Танымағаны былай тұрсын,
менсінбеген, өзінен төмен санаған. Данышпан Абай: «Адам бір
боқ көтерген боқтың қабы, Өлсең жаман боларсың боқтан-дағы.
Менімен сен тең бе деп таласады, Білімсіздік белгісі ол баяғы»,
– деп бекер айтпаған ғой. Және де даналық сөзін көр соқыр
надандардың көзін шұқып айтып отыр ғой. Мәдениеті озық елдер
өзіндегі жылт етердің бәрін бағалап, көтере білген. Орыстар да
солай. «Могучая кучка» деген ұғымның шығуы соның айғағы.
Могучая кучка демекші, Ғ.Мүсірепов осы ұғымды қазақ топырағына дарытып, қазақ совет әдебиетінің өзінің алдындағы өкілдері –
Сәкен Сейфуллин мен Бейімбет Майлинді, Ілияс Жансүгіров пен Мұхтар Әуезовті, Сәбит Мұқановты «алыптар тобы» деп атады. Өзі де сол аталған классиктермен деңгейлес жүрсе де, оларды өзінен жоғары қойды, артық бағалады. Ғабеңнің бұл ісі кейінгілерге үлгі
болса керек-ті. Сұрақ: Қазіргі әдебиет сыны туралы не айтар едіңіз?
Жауап: Біреулер сынды бар дейді. Біреулер жоқ дейді. Тіпті аты
дардай бір сыншымыздың «қазақ әдеби сынында Белинскийдің
жоқ болатын себебі – Пушкиннің жоқтығынан», – деп көкігені
бар. Бұл кісі күлерлік сөз ғой. Сонда не, Мұхтар Әуезов тақияңа
тар келіп тұр ма? Жаңағы алыптар тобына жататын ірі тұлғаларды сөз етпеген күннің өзінде, ақын Мұқағали Мақатаев пен жазушы Тахауи Ахтановты қайда
бұрын жазылған «Әке мен бала» пьесасы Европа театрларының
қайсысының болса да сахнасын көркейте алатын шығарма. Ал
осы пьесаның күні бүгінге дейін орысша жөні бүтін аудармасы
жоқ. Одақтық аренаға шыға алмай жүргеніміздің тағы бір себебі –
біздің драматургияда сөз қуалап кетушілік салқыны сезіледі. Бұл
ерекшелік өз сахнаңда ұлттық психикаңа оң түсіп жатқанымен,
орысшаға аударғанда көркемдік қасиетінен айрылып, жұтаңсып,
солғын тартып қалады.
Сұрақ: Драматургияға кеш келсеңіз де, Сіздің де облыстық,
республикалық театрларда жүрген, жүріп жатқан бес-алты пьесаңыз
бар ғой. Солар жөнінде айтсаңыз.
Жауап: Біраз пьесаларымның бары рас. Бірақ шынымды айтар
болсам, мен өзімді драматургияда прозадағыдай мықты сезінбеймін. Драматургияның прозамен төркіні бір деп жатады. Менің
ұғымымша, бұл жанрлардың бір-бірінен жөні де, тегі де бөлек.
Сол ерекшелікті аңғармаған жазушы драманың кілті дегеннің не
екенін біле бермейді. Керек десеңіз, ондай кілт болады деп олардың
ойламауы да мүмкін. Сол себепті көбіміз жазған пьесалар көркем
шығармадан гөрі базарда кездескен адамдардың өзара сауда-саттық
сөздеріне көбірек ұқсап кететін секілді.
Сұрақ: Сіз бұл пікіріңізбен әлгінде драматургия жөнінде айтқандарыңызды теріске шығарып, қазақ драматургиясы жоқ деушілерді
қоштап кетіп отырған жоқсыз ба?
Жауап: Жоқ. Мен бұл жерде пьеса жазғысы келетін, бірақ жаза
алмай жүргендер жөнінде ғана айтып отырмын. Әңгіме әр түрлі
айла-шарғылармен пьесаларын сахнаға шығартып, бірақ табысқа
жете алмай жүргендер жөнінде. Шіркін-ай, пьесаларын қойдыруға
жұмсаған амал-айлаларын пьеса жазу өнеріне жұмсаса, керемет
туындылардың куәгері болар ма едік, әлде қайтер едік?!
Сұрақ: Сіз өзіңізді драматургтер сапына қоспасаңыз да, «Дөкей
келе жатыр» атты комедияңыз, міне, он жылдан бері Жасөспірімдер
театрының сахнасынан түспей келеді. Ең болмаса, осы пьесаңыздың
туу тарихы жөнінде бір-екі ауыз сөз айтсаңыз?
Жауап: Шығарманың өміршеңдігі өмір шындығының дәлдігіне байланысты. Бұл комедиямдағы Көпейдің прототипі –
өзімнің туған ауданымдағы бір кезде ауылдық советтің председателі
болған Кенжеғұл Бөкішев деген кісі. Кенжекең ешкімге зияны
жоқ, біреуге болмасын демейтін, кең пейіл адам. Бір әлсіздігі –
мақтаныңқырап сөйлеуді ұнататын. «Өй, тәйірі, со да сөз бе, ауданға
барып, басшыларға кіреміз де мынау дұрыс, ал мынауың дұрыс емес
деп айтамыз» деп есіңкіреп отыратынын өзім де талай көргенмін.
Оның бұл айтқандарын жұрт болса күле жүріп тыңдайтын. Себебі
ананы-мынаны тындырғыш батырың өлердей қорқақ, нағыз қоян
жүректің өзі еді. Оның осы әлсіздігін білетін аупартком секретары
бір жолы ел аралап жүріп дағдылы колхоз кеңсесіне емес, ауылдық
советтің кеңсесіне келіп ат басын тіреген ғой. Кенжеғұл байғұста
ес жоқ. Аупартком секретарының сұрақтарына жөндеп жауап та
бере алмайды. Сонда секретарь: «Бөкішев жолдас, сен өзің колхоз
шаруашылығына қолқабыс тигізбейді екенсің, істің мән-жайынан
мүлде бейхабарсың, жүр, дала қостарын аралаймыз», – деп
машинасына отырғызыпты да алып кетіпті. Жол-жөнекей, әйтеуір,
бір ретін тауып Кенжекең үйіне хабар айтқан. «Хатшының беті
жаман, осыдан аман оралсам, алдын алайық, жылы-жұмсағыңды
асып, арағыңды әзірлеп қой» ғой сондағы әйеліне жолдаған сәлемі.
Күздің қара суығында бұлар көп жерді аралап, ақыры арып-ашып,
жаурап үйге оралса, үй іші жып-жылы, дәмді еттің исі бұрқырап тұр.
Бұлар көңілденіп тамақка отырады. Кенжекең сыйлы қонағына бірекі рюмка арақ берейін деп биік темір керуеттің желбегейін көтеріп
қалса, ар жағында бір шыны, екі шыны да емес, самсап бір жәшік
арақ тұр. Батырдың тағы да зәре-құты қашады. Арақ бермейін десе,
даладан тоңып келгендерге сондай обал. Берейін десе, секретарь
керует астындағы бір жәшік арақты көріп, «Ә, Бөкішев жолдас,
колхозға неге көмектеспейтініңді енді білдім, үйіңе жәшіктеп
әкеп, күні-түні арақ ішуден қолың тимейді екен ғой», – десе, не
бетін айтады. Осылай қиналып отырғанда тамақ та желініп бітеді.
Ішіне ел қонып, жылынып жайланған секретарь: «Жолдас Бөкішев,
тамақ сондай дәмді екен, әттең, бір жүз грамы жетпеді», – депті.
Сонда қиналғанынан өле жаздап отырған Кенжеғұл өзінің шалағай
орысшасымен тіпті бір дөрекі сөзді айтып жіберіп, – Пить ты не
знал, не пить ты не знал, товарищ секретарь, – деп санын бір-ақ
соққан ғой.
Мұндай оқиға жата ма, ел ішіне бірден тарап кетті. Ұзақ жылдар
бойына нешік түрлі қитұрқы әңгімелердің дәнекері болған еді.
«Дөкей келе жатыр» комедиясының арқауы осы оқиға. Ия, бар
болғаны арқауы ғана. Өйткені автордың бар айтпағы бір су жүректің
қалай қорыққаны жөніндегі анекдот қана болса, онда шығарма
жазудың да қажеті болмас. Автор идеясы әріде. Ол идея жетпісінші жылдардың орта шенінде осы комедия көптеген облыстық
театрларда және республикалық жасөспірімдер театрында қойыла
бастаған кезде мерзімдік баспасөз бетінде кеңінен талданған да әділ
бағасын алған. Сол себепті бұл пьесам жөнінде бұдан артық басқа
бірдемелерді айтуды жөн көрмеймін.
Бір қызығы, мен проза жанрында әбден қалыптасып болған соң
ғана драматургия жанрына үзеңгі салдым. Осы ретте прозамның
драмалық шығармаларыма қандай әсері болды, ол жағын дәп
басып айта алмаймын. Ал драматургиядағы ізденулерімнің ізі
кейінгі жазған прозалық шығармаларымда сайрап жатыр десем
де болғандай. Драматургия мені жинақылыққа, сараң сөзділікке,
көрініс айқындығына, тартыстың нанымды дәлелдерін іздеп
табуға, өткінші эпизодтарды бет алды жоғалтып жібермеуге үйретті.
Бір ғана мысал: «Ит ашуының» бас кезінде қырғыз Сәршеннің
қаншығымен Марғаудың ылығысып қалатын жері бар. Мен
басында мұны жәй күлкі үшін, Айғанның еркектер туралы айтар
әзіл-пікіріне тиек болсын деп қана алған едім. Осы тұста ойыма
драматургияның «сахнаға мылтық ілінсе – атылуға тиіс, шеге
қағылса – ең болмаса біреу асылып қалуға тиіс» деген қағидасы
түсті. Кейінгі бір эпизодта Сәршеннің Қырғыны Марғаудың баласы
болып орынымен суреттелуі, соның арқасында бұл көріністің ойнап
кетуі драматургияның әсері.
Сұрақ: Сіз елуінші жылдардың аяқ кезінде, алпысыншы жылдардың бас кезінде көркем аудармамен де айналыстыңыз. Айталық,
үндінің ұлы жазушысы Рабиндранат Тагордың «Күйреу», «Гәуірмаһан»
романдарын, «Алтын сағым» деген атпен әңгімелер жинағын аударып
бастырдыңыз. Тиіп-қашып Лев Толстойға да барғаныңызды білеміз.
Осы өнерде қандай принцип ұстандыңыз? Ал егер көркем аудармада
айта қаларлық принцип ұстанған болсаңыз, онда бұл өнерден кейінгі
кезде неліктен қол үзіп кеттіңіз?
Жауап: Байқаймын, сұрағыңның қитұрқысы бар секілді. Амал
не, жауап беруге тырысайын. Творчестволық қай өмірбаянға
үңілме, айнымай алдыңнан шығар бір фактіге жолығысатын секілдісің. Ол факті көптеген жазушылардың жазушы болып қалыптаса
бастаған кезінде көркем аудармамен шұғылданатыны. Айталық,
жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы Әуезовтің, Мүсіреповтің творчествосына зер салып көріңіз. Не болмаса, елуінші жылдардағы Әлімқұловтың, Ахтановтың, Нұрпейісовтің қалыптасу
жолын қадағалаңыз. Бәрі де көркем аудармамен айналысқан да,
жүре қойып кеткен. Менің ұғымымша, көркем аударма жазушының қалыптасу, қанат қатайту жолындағы үзеңгі қағыс, дәлірек
айтсам, трамплин сияқты. Осы дәстүрден мен де аттап кетпесем
керек. Бірақ басқаларды қайдам, көркем аудармада менің өзімдік
принципім бары рас. Орыс тілін екінің бірі білген қазіргі заманда
талғап, таңдамай кез келген классиктің қолға іліккен шығармасын
қазақшаға аударып бастыра берудің қисыны жоқ секілді. Кез келген
қазақ оқырманы кез келген классикті орыс тілінде де оқып, ләззат
ала алады. Сонда қазақ тіліне кімді аударуға тиіспіз? Біріншіден,
қазақ тақырыбына жазылған шығармалар, екіншіден, қалың қазақ
оқырманына рухы, тақырыбы мен табиғаты жақын шығармалар
аударылғаны дұрыс. Классиктердің ішінен менің Тагорды таңдаған
себебім – осы жазушы шығармаларының қазақ халқына рухы мен
табиғаты да, тақырыбы да үйлесіп жатады. Ол суреттеп отырған
оқиғалар мен өмір көріністерін құдды бұрынғы бір заманда қазақ
даласында, қазақтар арасында өткендей сезінесің. Адамдардың
мінез-құлық, психологиясы да тұп-тура қазақтардың мінез-құлық,
психологиясындай. Бір сөзбен айтқанда, Тагор шығармаларын
оқығанда қазақ туралы сен айтпағанды ол айтып, сен жаза алмағанды
ол жазып тастағандай әсер аласың. Менің көркем аудармамдағы бар
сырым осы.
Сұрақ: Әдебиеттегі ұстазым деп кімді айтар едіңіз?
Жауап: Менің қазақ әдебиетіндегі ұстаздарым – Бейімбет
Майлин мен Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин мен Сәбит Мұқанов,
Ғабит Мүсірепов. Бейімбеттің реализмі, Мұхтардың қазақ сахарасындай кең құлашы мен тереңдігі, Сәбиттің халықтығы, Ғабиттің
астарлап сөйлейтіндігі, юморы ұнайды. Ал Сәкеннің нақтылығына
басымды исем де болады. Энгельстің Бальзак жөнінде айтқан
көпке мәлім пікірін қазақ топырағына ыңғайлап, Сәкенге арнасақ
– әбден орынды. Өйткені «Тар жол, тайғақ кешуді» оқығанда алар
ләззатың мен мағлұматың соншалық, сол отты жылдар туралы
жазылған барлық тарихтық-ғылыми шығармалардан бұл кітаптың
құны әлдеқайда артық дегің келіп тұрады. Бірақ, бір қызығы, өзіме
ұстаз тұтқан осы жазушылардың біріне де мен еліктеген емеспін.
Творчестволық жолымның бастауында маған қатты әсер қалдырып,
еліктіріп әкеткен бір жазушы болған. Ол – Юрий Трифонов. Мен
«Инеш» романын аяқтап қалған кезде осы жазушының «Студенттер»
деген повесі жарық көрді. Лиризмге тұнып тұрған, шуақты көктем
күнінің бояуындай жұмсақ та тартымды туындыны оқығаннан
кейін кейбір концепциямды өзгертуге, кейбір кейіпкерлерімді қайта
мүсіндеуге мәжбүр болдым. Бір сөзбен айтқанда, Юрий Трифонов
маған шығарманы қалай жаман жазбау керек екенін үйретті.
Сұрақ: Жаңағы сұраққа жалғастырып тағы бір сауал қойғым келіп
отыр…
Жауап: Қоя беріңіз.
Сұрақ: Бүгінгі жазушы қандай болуы керек? Өзіңізді сондай
жазушымын деп ойлайсыз ба?
Жауап: Мұныңыз менің жазушы туралы ұғымымның жоғары
екенін біліп алып қойылып отырған сұрақ секілді екен… Ұғымымның биік екені рас. Бүгінгісі болсын, бұрынғысы болсын, мен
жазушыны өз халқының рухани көсемі деп танимын. Ел басына күн
туған қиын-қыстау заманда жазушының саяси көсем де болып
кеткен кездері бар. Ал осындай анықтама бере отырып, өзім туралы
бірдеме деуім, бері салғанда, парықсыздық.
Сұрақ: Әр жазушының шығармалары өзіне ұқсайды деген ұғым бар.
Олай болса, қазіргі кезде «Раушан коммунист», «Тар жол, тайғақ
кешу», «Абай жолы», «Ботагөз», «Оянған өлке» сияқты шығармалардың тумау себебі бүгінгі жазушыларымыздың ішкі жан дүниесінің
жұтаңдығынан емес пе екен?
Жауап: Рас, жазушының қай шығармасы болмасын өз өзегін
өртеп, ащы толғақпен келетін өз миының жемісі. Өз нәрестесі.
«Мадам Бобари кім?» – деп сұрағандарға, «Мадам Бобари ма, мадам
Бобари – бұл менің өзім», – деп Флобер бекер айтпаған ғой. Бірақ
бұдан Флоберді әйел болып кетті деп түсінуге тіпті де болмайды. Өз
дамуының логикалық жолына бағынған шығарма кейіпкерлерінің
кейде автордың ырқынан шығып, оның дегеніне көнбей кететін
кезі бар. «Қандай өкінішті, Татьяна күйеуге шығады деп ойламаған
едім!» – деп Пушкин бекерге налымаса керек. Олай болса, жазушы
шығармалары өзіне ғана ұқсайды деп кесіп-пішіп айтуға болмайды.
Ұқсайтыны да болады, ұқсамайтыны да болады. Мысалы, Жан
Жак Руссо өмірде әпенділеу кісі екен. Бірақ оның «Юлия немесе
Жаңа Элоиза» деген ұлы туындысынан әпенділіктің нышаны да
білінбейді. Осы орайда қазақ жазушыларынан да мысал келтіруге
болады. Айталық, Әбдіжәміл Нұрпейісов өмірде өзі қандай болса,
шығармалары да дәп сондай. Ал Тахауи Ахтанов жөнінде олай дей
алмайсың. Өнердегі Тахауи мен өмірдегі Тахауи бір-біріне мүлде
ұқсамайды. Сондықтан да қазақ әдебиетінде, жаңағы өзің атаған
шығармалар секілді, тұлғалы дүниелердің туу, тумауын жазушының жан дүниесінің жұтаң, жұтаң еместігінен іздеу – қате. Ұлы
шығармаларды ұлы талант қана туғыза алады. Ал ұлы таланттар,
тарихтың бір бетбұрыстарында дүниеге келетін секілді. Бірақ
бұдан отқа қарап қалдық деген ұғым тумаса керек. Құдайға шүкір,
біздің қазіргі прозамызда ауыз толтырып, мақтанып айтарлық
туындылардың барлығын талай жерде айтқанмын.
Сұрақ: Өмір шындығы… әдеби шындық… Шындықты осылай бөлуде
жасандылық жоқ емес пе екен?
Жауап: Жасандылық бар дей алмаймын. Бұл жерде анықтайтын бір мәселе – әдеби шындықтың негізі өмір шындығында
жататындығы. Өмір шындығы ештеңеге де тәуелді емес. Ал әдеби
шындық өмір шындығына тікелей тәуелді. Өмір шындығына
сүйенбеген, содан нәрленбеген әдеби шындықтың бәрі де жалған.
Ал жалғандық ешқашан да шындық болып табылмаған ғой. Бұрын
да бірер жерде айтқанымдай, Белинскийдің мына пікірін тағы да
қайталасам ба деймін. Ұлы сыншы «Өнер роза гүлінің өзін алмайды,
сол гүлдің аңқыған исін алады да, өз гүлін жасайды», – дейді. Неге
бұлай? Бұлай болатын себебі – өмір шындығын сол қалпында
әдебиетке көшіру көп жағдайда қарабайырлыққа, нанымсыздыққа,
керек десең, тіпті парықсыздыққа апарып соқтыруы мүмкін. Өз
творчествомнан мынадай бір мысал келтірейін: менің «Жыл құсы»
повесімнің басты қаһарманы Битабар – Балуан Шолақпен күрескен,
ит жығыс түскен балуан. Бұл 1903 жылы Иманақ тауының бауырында өткен оқиға. Битабар онда он сегіз жаста, ал Балуан Шолақ болса,
отыз жетіден отыз сегізге қараған шағы. Мен мұны Битабардың өз
аузынан естідім. Бірақ жалған деп күдіктене алмаймын. Өйткені,
біріншіден, мен білетін, менің түсінігімдегі Битабар – мақтануды
білмейтін кісі. Екіншіден, Биекең әңгімесін сол кездесуде бірге
болған, әлгі 1903 жылғы оқиғаның тірі куәгері – сексен жастағы
Жұмаділда қарт растаған-ды. Міне, бұл өмір шындығы. Ал сонда
мен қайтуым керек? Өмір шындығы осылай екен деп, Битабарды
Балуан Шолақпен белдестіріп, ит жығыс түсіруім керек пе? Сонда
мен не ұтам? Балуан Шолақтың өзімен белдесіп, тең түскен
Битабардың оқырман алдында беделі өсер ме? Меніңше, өспейді.
Қайта қазақ халқының ұғымында ұлылық пен сұлулықтың, әншісерілік пен иен күштің иесі, өнерпаз да киелі бейнеге айналып
кеткен Балуан Шолақтың жағасына «боқмұрын» ауыл баласының
қол апаруы – парықсыздық, кісі танымастық болып шығады.
Оның есесіне ақсақал сыйлаған қара жорғаны Балуан Шолақтың
Битабарға беріп кетуі де өмірде болмаған оқиға. Мен, өз ұғымымша,
осы жерде көп нәрсені ұттым ғой деп ойлаймын. Балуан Шолақтың
киелі жағасына қол апарғызбай, Битабардың кісілігін таныттым
(кітапта Балуан Шолақ Битабарға түйе көтергені үшін бата береді).
Соған орай теке жәуміт арғымақты Битабарға сыйлаттырып, Балуан
Шолақтың да ұлылығын паш еттім. Дән риза болған Битабар бұл
жерде де сыпайылық білдіріп, жорға тізгінінің Шолақтың қолы
тиген жерінен ғана сүйіп алып, алғысын айтады. Жаман итше
арсалаңдап, балуанға асылып жатпайды. Міне, әдеби шындықтың
осы секілді қитұрқылары көп. Оны елемеген, өмір шындығының
ырқынан шыға алмай қалған жазушы, сөз жоқ, қарабайырлыққа
душар болмақ.
Сұрақ: Бақыт дегенді сіз қалай түсінесіз?
Жауап: Алпысыншы жылдары газеттен оқыған бір хабар күні
бүгін де есімнен кетпейді. Бразилияның ну орманының шалғай
жатқан бір түкпірінде абао дейтін халық бар екен. Әлгі халықтың
саны не бәрі он төрт-ақ адам. Өсудің орнына өшіп, осыншама
азайып кетуіне олардың өздері кінәлі көрінеді. Абаода ақыл-парасат
өнерімен, күш-қуатымен араларынан оза шыққаң біреуі болса,
қырық жілік қып сойып, жеп қоятын бір жаман дәстүр бар екен.
Ұғымдарынша, жаңағы өнерлінің қасиет-қабілеті етін жегендерге
дарымақ. Міне, бақытсыздықтың тамыры қайда жатыр! Ал осы жұрт
қазір аз болса да жаңағы әдетінен күрт айнып, дарындыларының
етін жемейтін болса, сөйтіп, қырық-елу жылдың ішінде өніп-өсіп
көбейер болса, мен онда оларды бақыттылардың санатына қосқан
болар едім. Бақыт – меніңше, келешегіңнің барлығы. Мұны
тұтастай бір халыққа да, жеке бір адамға да арнап айтуға болады.
Елуінші жылдардың аяқ кезінде Халықаралық Лениндік сыйлыққа
ие болған атақты Индонезия жазушысы Такин Ходо Хмеингу: –
Шығармаларыңыздың ішінен қайсысын жақсы дей аласыз, – деп
сұраған тілшіге: – Менің керемет бір жақсы шығармам бар. Ол
әлі жазыла қойған жоқ, – деп жауап берген-ді. Хмеингу жақсы
шығармасын жаза алды ма, жоқ па, мен оны білмеймін. Бірақ сол
кезде жетпістен асып кеткен қарт жазушының мына оптимизмі мені
қайран қалдырады. Атқарған ісіңді місе тұтпау алға ұмтылдырады.
Ал мұндай жазушы «ештеңені тындыра алмадым-ау» деп өмірден
өкініп кетсе де бақытты болмақ.
Сұрақ: Сіз неліктен сирек жазасыз?
Жауап: Сирек жазу немесе жиі жазу әр жазушының табиғатына
байланысты ма деймін. Гончаров атақты «Обломовты» жиырма
жыл жазған ғой. «Романыңды осыншама ұзаққа неге создың?»
деушілерге, – Адам нәрестені де тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, тоғыз
сағат толғатып дүниеге әкеледі. Ал мен болсам, Обломов секілді
отыз жастағы сақалды жігітті бас-аяғы жиырма-ақ жылда дүниеге
келтірсем, шүкіршілік демейсіңдер ме! – деп жауап беріпті. Менің
ойлануым, толғатуым ұзақ. Ал пісіп жеткен дүниелерді тіпті де тез
жазамын. Айталық, он тоғыз жыл толғантқан Битабар хикаясын
мен бір жарым айдың ішінде жазып тастадым. «Инеш» романының
бірінші жартысы екі жыл жазылса, қалған жартысы екі жарым айда
тәмәмдалды. (4.10-16.12.1951). «Мәжнүн тал» он төрт күнде (23.02-

  1. 03.1977.). «Қыр гүлі» атты пьесам үш күнде дүниеге келген. Ал
    отыз бес жыл ойдан шықпаған «Дөкей келе жатыр» комедиясының
    «Сарыағаш» санаторийінде ем-дом қабылдап жүргенімде бас-аяғы
    жиырма күнде соңғы нүктесі қойылған.
    Жазушы әр түрлі. Мәселен, енді не жазарын білмей дал болып
    жүретін де ағайындарды білемін. Ал мені қалай жазам деген сұрақ
    қинамаса, нені жазам деген сұрақтың қиналтқан, тығырыққа әкеп
    тіреген кезі болған емес. Шынымды айтсам, қазір басымда көп
    жылдан бері мазамды кетіріп жүрген, бірақ илеуі қанбаған жиырма
    шақты әңгіменің, он шақты повестің тақырыбы бар. Олардың
    қайсысы қай уақытта жарық дүниеге келеді? Оны келешек көрсетеді.
    Ал не себепті мен осыншама ұзақ ойланамын? Көкірегіңдегі
    ойларды қағазға түсіре беруге болмай ма? Мендегі өткелі жоқ өзен,
    жә болмаса, асуы жоқ тау секілді бір қиындық – көңілімде сайрап
    тұрған ой-пікірдің қағазға түсер кезде көбінесе әрі қарай өсіп,
    өрбімеуі, балапандамауы. Сондай кезде тіпті сәлем хат жазудың өзі
    оңайлыққа түспейді. Осы мінімді өзім жақсы білем де, шабыттың
    құсы басқа жақта шалықтап жүрген кезінде өзімді өзім зорламаймын.
    Жазу столына келіп отырамын, ештеңенің ыңғайы келмесе, тұрып
    жүре беремін. Өзімді-өзім күштеу деген менде жоқ мінез.
    Сұрақ: Сіз жылдың қай мезгілінде, тәуліктің қай шағында
    жазасыз?
    Жауап: Жас кезімде түнде отырып жазушы едім. Өйткені түнде
    істеген жұмыс өнікті келеді. Қазір өйте алмаймын. Жыл мезгілінен
    әсіресе көктем айлары ұтымды. Әрине, мұны шамамен, кейбір
    шығармаларымның тууы көктемге орайласқан соң ғана айтып
    отырмын. Әйтпесе шабыттың құсы жыл құсы емес, шынтуайтқа
    келгенде, маусым талғамайды. Ал шабыт дегеннің өзі не сонда?
    Біреулер шабыт – бұл еңбек дейді. Жазу столына күнде шұқшиып
    отыру керек, күнде қадалып әлде бірдемелерді жазуың керек. Рас,
    мұндай да жазушылар бар. Шабыттың таянышы еңбек екенін
    мойындау жөн. Сөйтсе де шабыт еңбектің топырыш торысы емес
    екенін де есімізден шығармауға тиістіміз. Солтүстік Қазақстанның
    Тауағаш деген жерінде нақыштап домбыра тартып, бипаздап ән
    салатын қоңыр дауысты Темірғали Хасенов деген сұлу кісі болды.
    Ол өзі он алты жасында атақты Үкілі Ыбырайдың қасына еріп, ел
    аралап, ән салған, Ыбекең айтқан әңгімелерді жадында ұстап қалған
    кәрі құлақ еді. Сол Темкең марқұм айтқан-ды: Үкілі Ыбырайға
    шығарар әні түсінде көк дөненге мінген үкілі сұлу қыз болып көрінеді
    екен. Сол қыз әнді тура қарап тұрып салса, ол әнді Ыбырай ертеңіне
    шығарады екен. Егер қырындап кетіп бара жатып шырқаса, ол ән
    бір жетіден кейін дүниеге келеді екен. Бұл Темірғали Хасеновтың
    Үкілі Ыбырайдың өз аузынан естіген әңгімесі. Көк дөненге мінген
    үкілі қыз шабыт құсы емей немене сонда?
    Қалай еңбектенсең, олай еңбектен, шабыттың келер кезі
    болатынына мен ден қоямын. Шабыт келген кезде түсімде өлең
    жазған, әлдебір әңгімелердің оқиғасын құрып әуреленген кездерім
    толып жатыр. Мен жоғарыда «Жыл құсы» повесін он тоғыз жылдан кейін жазғанымды айттым. Әрине, осындай ұзақ жыл бойы
    Битабарымды сандыққа салып тастаған жоқпын. Қайта-қайта қолға
    алып, қайта-қайта жазып, көңілден шықпаған соң тастап кетіп
    жүргенмін. Сондай бір ретте, алпыс тоғызыншы жылдың көктемі
    болатын, түсімде: «Кеше кештетіп төгіле жауған қара жаңбыр жер
    бетін шайып кеткен екен» деген осы туындымның алғашқы сөйлемі
    тіліме оралды. Оянып кеттім де, ұмытып қалмай жазып қояйын деп
    жазу столына отырып едім, ар жағы, шынында да, әлгі қара жаңбыр
    секілді төгіліп кетті. Бір кезде көз салсам, айналам жап-жарық.
    Ұсақ әріптермен маржандай тізілтіп түсірген беттерді санасам, он
    шақты… Осыдан кейін жазу столынан бас ала алмағанымды айтпасам да түсінікті деп білемін.
    Сұрақ: Сұлулықты қалай ұғасыз?
    Жауап: Менің түсінігімше, сұлулық деген ұғым әр қилы. Қазақ
    «Сұлу – сұлу емес, сүйген сұлу» дейді. Мән беріңіз: бұл мақалда сұлу
    болмаса да – сұлу деген түсінік тұр ғой. «Сұлуынан жылуы» дейді
    халық тағы да. Бұл – мазмұнға ден қою. Асылы, түр мен мазмұны
    қабысып, бірі-біріне әр беріп, көркейіп тұрса, шын сұлулық деп
    соны айт.
    Сұрақ: Сіз бағалайтын әйел бойындағы қасиеттер?
    Жауап: Егер менің творчествома зер салсаңыз, қай шығармамда болмасын, әйел образдары бар: отызыншы жылдардың Бибігүлі,
    қырқыншы жылдардың Қарғашы, елуінші жылдардың Инеші,
    жетпісінші жылдардың Әспеті. Өз ойымша, өзім мүсіндеген осы
    образдарда соңғы қырық-елу жылдағы қазақ әйелдерінің мінезқұлық, сана, таным мен психология өзгерістері сатылап бейнеленген. Қазақ ұғымындағы үлгі тұтарлық әйел қасиеттері: биязылық,
    көнтерлілік, адалдық пен тазалық, сүйреңдеп өсек айтпаушылық,
    мінез жұмсақтығы, т.т. Осы ұғымдардан, тегі, мен де алыстап
    кетпеймін ғой деймін.
    Сұрақ: Қазақ спорты туралы не айтар едіңіз?
    Жауап: Қазақ әу бастан-ақ спортты жақсы көрген халық. Ат
    жарыс, бәйге, қыз қуу, сайыс, көкпар, т. т. Шындап келгенде, аң аулау,
    қасқыр қуу, бүркіт, қаршыға салып, саятшылық құру – спорттың
    рахат-ләззаты мол түрі. Кезі келгенде осы секілді ойын-сайыстарды қызықтайтыным бар. Қазіргі спортта Серік Қонақбаевты,
    Жақсылық Үшкемпіровты ұнатамын. Олар халқымыздың мерейін
    өсіріп, даңқын көтеріп жүрген жігіттер. Солардың қатарында менің
    балам Саянымның да жүргенін мақтан етемін. Жанкүйерлер білуі
    тиіс, бұл бала КСРО чемпионы атағын тоғыз рет жеңіп алды ғой.
    1981 жылы халықаралық дәрежедегі спорт шебері деген құрметті
    атаққа ие болды.
    «Сүйер ұлың болса, сен сүй,
    Сүйінерге жарар ол», –
    деп данышпан Абай айтқандай, Саяным жүріс-тұрыс, мінез-құлық
    жағынан өзі қатарлы, өзінен кейінгі қазақ жастарына үлгі бола
    алатын, сүйсінерлік бала екенін айтсам, осындай бала тәрбиелеп
    өсірдік деп ата-анасы мақтан етсе, артық болмайтын шығар деп
    ойлаймын.
    Сұрақ: Осыған жалғас тағы бір сұрақ… Қазіргі қазақ жастары,
    қазақ студенттері туралы не айтар едіңіз?
    Жауап: Қазіргі кезде «Жас кезімізде біз қандай едік, бүгінгі жастар
    ондай емес қой? Барға, дайынға ие» деген секілді ренішті пікірді
    жиі естуге болады. Өз басым мұндай пікірге қосыла алмаймын.
    Адам қай дәуірде өмір сүрсе, сол дәуірдің жемісі. Сол кезеңнің
    күйтін күйттейді. Жоғын жоқтайды. Дәстүрін қабылдап, машығына айналған іс-әрекеттерін қуалайды. Егер бүгінгі жас жиырмасыншы-отызыншы жылдардың жастарына ұқсар болса, мұның өзі
    үйлесімсіздік болып тұрар еді. Әлгі секілді ренішті пікірлер, қазіргі
    жастарға көңіл толмаушылық секілді пиғылдар бәз-баяғы «ата мен
    бала» дейтін шешімі қиын проблема салқыны. Ұлы Абай:
    Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман,
    Қорқамын кейінгі жас балалардан, –
    деп қамығады. Осындағы Абай қорқатын «кейінгі жас балалары»
    – біздің аталарымыз, әкелеріміз ғой. Ал біздің ата, әкелеріміздің
    не тындырғанын санап тауыса алмайсың. Санаудың да қажеті
    жоқ. Өйткені XX ғасырдың бірінші жартысындағы азаматтардың
    ұлы-ұлы істер атқарғаны, неміс басқыншыларына төтеп бергені,
    әлемді фашизм алапатынан аман сақтап қалғаны баршаға аян. Олай
    болса, бүгінгі жастар да – жаны сау, тәні сау азаматтар. Ал олар бізге
    ұқсамайтын болса, оған өкінудің қажеті жоқ. Қайта несімен ерекше,
    несімен бізден артық, соған зер салуымыз керек.
    Бір сөзбен айтқанда, ертеңгі күннің тірегі бүгінгі жасөспірімдер
    екеніне мен кәміл сенемін.
    1982 ж.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *