Қазақстанның батыс облыстарындағы тұрғындар Наурыз мейрамын тойлауды бүгіннен бастап кетті. Ол жақтағы жұрт бұл мерекені «Көрісу» немесе «Амал» мерекесі деп атайды. Таң атысымен «Көрісу» мерекесін асыға күткен әрбір отбасы дастарханын қазақтың құрт, бауырсақ, ақ ірімшік, қызыл ірімшік, сары май, уыз сынды дәстүрлі тағамдарымен көмкеріп, наурыз көжесін дайындап, табалдырығын аттаған әр қонағын жылы жүзбен қарсы алады. Оларға ерекше ілтипат көрсетіп, төріне шығарады, ас ұсынады. Дәл осы күні әр адам өзінен жасы үлкен кісілердің шаңырағына кіріп, амандасып, көріседі, барған үйіне «Бір жасыңызбен!» деп еніп, жаңа жылға аман-есен аяқ басқан жора-жолдас, туған-туысқандарын құттықтайды. Бір-біріне деген өкпе-реніштері болса, кешіріседі, амандық-саулық тілеседі. Сондай-ақ, әр отбасы көршілерімен көріседі. Бұл күні әр адам міндетті түрде үш үйдің есігін ашуы керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі тиіс. Үйді-үйді қыдырып жүргенде кішкентай балаларға аналары шағын дорба ұстатып қояды. Балақай қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің дастарханынан ауыз тиіп, бауырсақ, тәттілерден салып алады. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған. Бір ерекшелігі — «Көрісу» бір күнмен шектелетін мереке емес, ол наурыздың 14-інен басталып, айдың соңына дейін жалғаса береді. «Көрісу» мерекесі неге 14 наурызда тойланады? Жалпы, біз «жыл» деп Жердің Күнді айналуын, «ай» деп Айдың Жерді айналуын, тәулік деп Жердің өз осьін айналуын айтамыз. Жердің Күнді айналуы — 365 тәулік 5 сағат 54 минут болса, Айдың Жерді айналуы — 29 тәулік 11 сағат 49 минут, ал, Жердің өз осьін айналуы — 23 сағат 56 минут 4 секунд. Бұдан біз ойлағандай жылдың дәл 365 күн, айдың дәл 30 күн, тәуліктің дәл 24 сағат емес екендігін ұғамыз. Біздің жыл санауымыздан 45 жыл бұрын Рим императоры Юлий Цезарь, сарай жұлдызшыларының кеңесі бойынша «Египет» күнтізбесінің негізінде елге жаңа күнтізбе енгізеді. Бұл күнтізбе бойынша жаңа жыл 1 наурыздан (марттан, март — Марс, ежелгі Римнің пұт құдайларының бірінің аты) басталды. Юлий күнтізбесі Еуропаға кеңінен таралып, өзінен де дәл жаңа күнтізбе шыққанша 1600 жыл бойы «дәурендеді». Кейінірек жүргізілген есеп бойынша, «Юлий» күнтізбесінің 128 жылда 1 тәулікке артта қалатын қатесі бары анықталды. Бұл жаңалық жаңа «Григорий» күнтізбесінің пайда болуына ықпал етті. Ал, патшалық Ресейге «Юлий» күнтізбесі I Петрдің жарлығымен 1700 жылы енгізілген. Бұған дейін әлем жаратылғанынан бері деп есептеліп келген 7208 жыл — 1 қаңтардан бастап 1700-ші жыл деп өзгертілді. Ал, ол кезде Еуропа «Григорий» күнтізбесіне ауысып кеткен еді (1582 ж). Екі күнтізбедегі айырмашылық себебінен бұл кезде Ресейде 1700 жылдың 1 қаңтары болса, Еуропа елдерінде 1700 жылдың 10 қаңтары кіріп жатқан еді. Уақыт өтуімен «Григорий» күнтізбесі бүкіл әлемге таралды. Біз құрамында болған Кеңес Одағына ол 1918 жылы енгізілді. 1918 жылдың 24 қаңтарында «Батыс Европа күнтізбесінің Ресей мемлекетіне енгізілуі туралы» В.И. Ленин қол қойған декрет қабылданды. Бұл кезде «Юлий» және «Григорий» күнтізбелерінің арасындағы алшақтық 13 күнге жеткен еді (1700 жылы екі күнтізбедегі айырмашылық 10 күн болғанын жоғарыда айтқанбыз). Декретте көрсетілгендей 1918 жылдың 31 қаңтарынан кейінгі күн 1 ақпан емес, 14 ақпан болып есептелді. Соның әсерінен бұрын 1 наурызда Жаңа жыл — Ұлыс күнін тойлайтын қазақ елі 1918 жылдан бері қарай «Көрісу» мерекесін 14 наурызда тойлайтын болды. «Наурыз» неге «Амал» мерекесі деп аталған? Бұрынғы қариялар 22 наурызды «қызылбастың наурызы» дейді екен (Қызылбас — Иран, бұрынғы Парсы елінің қазіргі атауы). «Наурыз» сөзі — парсы тілінен шыққан, «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Қазақ халқы наурыз демей — амал деген. Қазіргі күні 14 наурызда еліміздің батыс өңірі ғана ұлыс күнін тойлап, көріседі. 70 жылғы тепкіден еліміздің қалған аймақтарында бұл дәстүр ұмытылған. Әйтпесе, күллі қазақ күні кешеге дейін амал мерекесінде көрісу салтын жасап келген деген дерек бар. Бұған Шәкәрім қажының баласы Ахаттың естелігі дәлел: «14 март — ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты — Наурыз, бұл фарсы тілі. «Жаңа күн» деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс күні дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты — «ұлыс». Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» — деген, тіпті ескі мақал». Шығыс елдерінің (шәмси) күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал — Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады. «Наурыз» сөзі парсының «жаңа күн» дегенінен шыққанын айтқанбыз. Ертеде біздің қазақ бұл күнді «наурыз» демей «амал» деген. Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді. «Көрісудің» екінші атауы «Амал» болуының сыры осында жатса керек. Ал «Көрісу» деп аталып кетуі осы «Амал» мерекесінде жасалатын басты салт — көптен көрмеген бір-біріне жақын адамдардың кездесіп, көрісуі, өкпе-ренішке байланысты бет көріспей жүрген кісілердің кешірісіп, жүздесуінен туған болса керек. P.S. Маңғыстау, Атырау облыстарында тегіс, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының кей бөлігінде аталып өтілетін бұл мерекені көршілес Ресейдің Астрахан, Саратов, Орынбор өлкесіндегі қазақтар да, Қарақалпақстанның қазақтар көп қоныстанған өңірлері де тойлайды. Ербол ЖАНАТ