ҚЫЗДАРҒА, АРУЛАРҒА, ӘЙЕЛДЕР, АНАЛАРҒА АРНАЛҒАН ӨЛЕҢ, ЖЫРЛАР

Мен қазақ әйеліне қайран қалам!

Мен қазақ әйеліне қайран қалам,

Жайнаған, жалындаған, жайраңдаған.

«Қатынның шашы ұзын, ақылы қысқа»

Дегенді айттың екен қайдан бабам?!

Айттың ба, сақалыңнан алмағанға,

Оны сен, опасыз жар алдағанда?

Айттың ба әзәзілге көнбегенге,

Салғанда ақ сайтанын Алла оған да.

Айттың ба, сатып алар пұлдай көріп,

Жүрген соң от-суыңа тұлдай көніп,

Айттың ба талай бейбақ қызға қарап,

Жасаусыз қатын болған жұрдай келіп,

Айттың ба, әлде әзілдеп ерке тантып,

Айттың ба, не көсемсіп, серке тартып?!

Тағы бар: «Алтын басты әйелден де, —

Дегенің, — бақыр басты еркек артық…»

Жоқ, бұл сөз шеттен кірген, бұл өтірік.

Кел, баба, байыптайық бір отырып.

Қалайша сен әйелді кемсітесің,

Әйелдің бір перзенті бола тұрып?

Кездерде кейбіреуге қатық арман,

Уақыттың өзге де бір хаты қалған,

Байыса басқа халық үй салыпты,

Ал қазақ қырық жетіге қатын алған…

Сондықтан бәлки, қала тұрғызбаған,

Сүйгеннің өзі артық деп бір қызды одан.

Не қазақ әйелінің құдіреті бұл,

Өзінен өзгеге бет бұрғызбаған.

Жалғанда дүние жаулық, ұрпақ – елдік,

Тек солар қалсын десең, бұл тап ерлік.

Әйтеуір, әйелді онша жек көрмепсің,

Тәйірі, анау сөзің – бұлтақ өрлік,

Қатынсыз тауып едің қай еріңді?!

Ол өлсе, жетім ұлдай байы егілді.

«Көзіңе сақ бол» дейтін сенсің бабам,

Ашынып ұра қалсаң әйеліңді.

Сөкпеймін тоқал алдың деп те оншама,

Сөгуге, сын айтуға дөп болса о да.

Дерсің сен : «Дон-Жуандар ұрлығынан

Некелеп алған әділ, көп болса да».

Сен емес, алғанда да, байлар алды,

Тоқтыдай қол-аяғын байлап алды.

Әйелді ақымақ деп жүрген солар,

Қорқытып көндіре алса қайда қалды?!

Әжелер секілді бір батыр маған,

Ықпаған нажағайдан сатырлаған.

Қазақтың еш әйелі өз ырқымен

Ешкімге, еш алтынға сатылмаған.

Жоқ, оны жеңе алмады басыр заман,

Халықты босағадан асырмаған,

Алдында қалшылдаған хан тұрса да,

Шығыста солар бетін жасырмаған.

Сарадай ақын болған, би де болған,

Динадай дана, дарқан күй де болған.

Найза алып, қол бастаған, жауға шапқан,

Бал-бұл гүл, бақта бұлбұл, түзде балуан.

Аз қызық ала білген шерлі күннен,

О баба, бірдей терлеп терлігіңмен.

Құран да, хан да оан бермепті ерік,

Сыйлатқан әжем өзін ерлігімен.

Ас сұрап, әлде бірі атын мінсін,-

Атамыз дейтін болған: қатын білсін…

«Алып та жаралады анадан» деп,

Айбынған айтудан да батыл бір сын.

О, әйел, тұмшалаған феодалды да,

Қоямысың жорғалатпай мені алдында?

Табынам, табынамын тәңірі деп

Күштің де, ақылдың да, сен ардың да.

…Сол қатын – ару, ана – асыл халық,

Басынан қанша сорды асырды арып!

Аздырмай жеткізді олар ұрпақтарын

Осынау таңдай нұрлы ғасырға алып.

Мен қазақ әйеліне қайран қалам,

Жайнаған, жалындаған, жайраңдаған.

Сол менің жүрегімнің ханшайымы,

Жыр шоғын ұсынамын айдан да оған.

Жер мен әйел

Мен әйелге тәңірімдей табынамын,
Гүл ұсынам поэзия бағынан.
Хауа-анаға қара жер де қарыздар,
Содан туса адам атты бағыбан.

Жер демекші,о да ару,ол да ана,
Әйелге тең теңеу болса-сол ғана.
Жер келеді адамзатты көтеріп,
Жетелейді алыс, асу жолға да.

Жер де бізше бірде тоңып,бір қызып,
Берді адамға бір бейнетке мың қызық.
Кеудесіне қонақтатты жарындай,
Бөбегіндей иығына мінгізіп.

Адам ұлы одан несін аямақ,
Жан –жүрегін, ақыл –ойын жаяды-ақ.
Талай ғасыр тыр жалаңаш тырбынды,
Жердің тәнің жасырсын деп саябақ.

Біреулер бар көкірегі қыс әлі,
Мархабатсыз,махабатсыз құшады.
Еркексиді, жер астында жатыр деп,
Гүлін таптап,ластайды,құсады.

Жер ондайға тамұқтай тар, қапырық,
Жердің жанын уламасын жат ұрық!
Жер ашынса, садаға деп кеудемнен
Жібереді тұңғиыққа батырып.

Жер- құдірет, жер-алдияр,жер-дана,
Теңеу болса, әйелге тең-жер ғана.
Жер де-әйел,тіршіліктің құрсағы,
Өлерде де дейміз оны жер-ана.

Мен әйелге сандықтан да табынам,
Гүл ұсынам поэзия бағына.
Табиғаттың таңғажайып перзенті,
Жердің көркі солар ұлы бағыбан.

Жеңеше

Келген сайын сағынып келеміз де-ай,
Келеміз де көреміз де-ай,
Көтереміз әр кезде төбемізге, шіркін!
Алтын болған,күміс болған,
Ағамызға ырыс болған,
Біздерге де дұрыс болған, жеңеше,
Асыл жеңеше –ай!
Айта қалса ақыл,
Әрбір сөзін нақыл.
Бәрімізге мақұл.
Дерті барға мүмкін
Дауа болар күлкің.
Серпіп ойдың бұлтын,бұлқын,
Жеңгеміз сылқым!
Қармағына қулардың ілінбегені-ай,
Күнім деген,гүлім деген-ай,
Ағайынға тек қана күлімдеген,шіркін!
Жақсылардың бабын тапқан,
Жамандардың шаның қаққан,
Шарапаттың шамын жаққан,жеңеше
Асыл жеңеше-ай!
Әзіліңмен назың, қарта менен қазын,
Көпке татыр азың.
Алқан сенің сылдыр-сылдыр,
Сырғаң сенің сыңғыр-сыңғыр,
Ойым менің бұл бір бұлдыр,
Жеңеше сыр бұл!

     Ақ дариға (Иса Байзақов)

Сағыныш боп дарып ең,
Ақ Дариға, аппағым.
Жаңақорған барып ем.
Жалғыз ссені таппадым.
Көктемдерге ср ашып,
Көңілге гүл ектің бе?
Дөңдер асып, қыр асып,
Сарыағашқа кеттің бе?
Жүрсің қайсы елде сен,
Өтті сенсіз күнім көп.
Өзің хабар бермесең,
Таба алатын түрім жоқ.
Қанатым ең қайырылған,
Бір көрінші көзіме.
Көріп тұрып айырылған,
Обал да жоқ өзіме.
Айдынына асыға,
Шыққан ұшып ақ құсым,
Қона жаздап басыма,
Қонбай өткен бақпысың.
Сағынбаса сүйгенін,
Адам босқа ари ма?
Бүгін сонда күйдемін,
Ақ Дариға, Дариға!

        ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІ (Қадыр Мырза Әлі)

Төзіміңді берсе сенің темірге,
Темірдің де түгі кетпес көмірге.
Қазақ қызы,
Қайран қазақ әйелі,
Не көрмедің,
Не көрмедің өмірде?!

Қызды қатар қоймаса да ұлменен,
Азамат па қадіріңді білмеген!
Ақ жаулықпен орап алтын басыңды,
Отпен кіріп,
Шығып жүрдің күлменен.

Жұмсағанмен заман сені күң санап,
Жаманнан да ала білдің мың сабақ.
Жүн иіріп,
Кілем тоқып өрнекті,
Шекпен тіктің,
Киіз бастың
Жүн сабап.

Тәулік бойы алмайтұғын жыр тыным,
Тойда тыныш өтті ме екен бір түнің.
Үйдің ғана жыртығы емес,
Туыстық,
Достықтың да сен жамадың жыртығын.

Көк майсада қанның буы бұрқырап,
Кісінесе иесіз тұлпар шұрқырап,
Арасына ағайынның кектескен
Қай кезде де өзің түстің шырқырап.

Тағдыр сенің жиғызбады есіңді,
Төзім сауыт тауқыметтен тесілді.
Жауға шаптың азаматтың жанында,
Жібекпенентартып тастап төсіңді.
Құм астында,
Су астында бір қалаң,
Тарих біздің жұмбағы көп шырғалаң.
Шүкір дедің жаудан кейін,
Қойныңда
Аман қалса он балаңнан бір балаң.

Қыр қазағын қырғаникезде
Оқалы
Шапан киген Бұқара мен Қоқаның,
Мұрагерсіз қалмасын деп
Шалыңа
Өз қолыңнан алып бердің тоқалын.

Көлдей көріп махаббаттың тамшысын,
Күтіп өттің жақсылықтың жаршысын.
Егер бір ай көрінбесе сағындың
Күйеуіңнің өзі түгіл қамшысын!

Жолын кеспес қайнағанын, ағаның,
Сен бір гүлі, сен бір күні даланың.
Кітапсыз-ақ
Оқыдың сен кітаптай
Ата-ананың қасы менен қабағын!

Тыныштыққа кептіре алмай терлігі,
Өтті-кетті,
Өтті-кетті, шерлі күн.
Өздеріңнің бастарыңда
Қазақтың
Жазылмаған азабы мен ерлігі!..

         ОН БАЛАСЫ БАР АНА (Қадыр Мырза Әлі)

Жетім өскен қыз едіңіз панасыз,
Енді бүгін жатан байтақ даласыз.
Ел анасы болдыңыз Сіз
Болмай ше!
Он азамат,
Он балаға анасыз?

Адам жаны өрілмеген таспадан
Адам – адам.
Ұға ма оны тас надан.
Он баласы бар ананы бүгінде
Он есе артық сыйлау керек басқадан!

Қызыл шақа сәби үшін егесте
Көрместі де көрдіңіз – ау,
Көбі есте.
Бір он жылға қартайтқанмен,
Әр қайсысы
Он – он жылдан жасартты да емес пе?!

Өмір көші бақытқа бет бұрарда
Уақыт шіркін, бір орында тұрар ма?!
Немереңіз бір команда бүгінде,
Жиеніңіз, аз дегенде, бір арба!

Білмесек деп дүниенің қысымын,
Шотқа қағып табысы мен түсімін,
Жаялықтан қашқан жандар бір кезде
Жүр қазір де ермек қылып мысығын!

Бесіктегі немерені «Күнім» деп,
Отырсаңыз сіз теректің түбінде,
Қиынынан қашқан жандар сәбидің
Ит жетектеп қыдырады бүгінде!

Қыдырыңыз, күй шертіңіз, ән салып,
Қайғы сізді қумайды енді қамшы алып.
Қанша келін, қанша күйеу болсаңыз,
Құдалар мен құдағилар қаншалық!

Арасында ошақ пенен бесіктің
Айдай кездер өтіпті, рас, есіттім.
Саны қанша енді, міне,
Күн сайын
Сізді күтіп сағынатын есіктің.

Болашақты болмайды екен еш біліп,
Бар ғұмырын өткізем деп хош қылып.
Бөбек үшін қимағандар кештерін
Баспанаға сыймайды енді кешкілік!

Жорытқанмен қалмайды ғой із құмда,
Жүрмеген соң ұлың онда, қыз мұнда.
Қалтасында жүз мың қалмақ біреудің,
Бір мұрагер жоқ бірақ сол жүз мыңға!

Бесік жыры ашады адам мінезін,
Бесік жыры – ең сүйікті әуезім.
Он балаға ана болған адамға
Он бірінші бала болам мен өзім!

ҚИЯЛДАҒЫ АРУ (Бағдат Мүбәрак)

Секілді екенбіз – Көктем, Күз,
Бір жылып, сабылып жүрмін ғой,
Мен үшін, нахақ жас төккен қыз.

Әйтеуір жоқ емес, бармыз біз,
Тоғыса алмаған тағдырмыз.
Қосылсақ аққудай сыңарымыз,
Немесе мәңгілік жалғызбыз.

Өмірге өлердей құмармыз,
Егіліп емендей сынармыз.
Мүмкін біз бір жерде кездесіп,
Таныса алмаған шығармыз.

Жібектей мінезің ұяңдау,
Қиялдау – өзімді жиі алдау.
Жарыққа шыққаным өлең боп,
Қалыпқа сені ойлап сыйа алмау.

Сағымға айналып сәттерім,
Дерексіз жырға мол дәптерім.
Айтпайын деп едім, айтқыздың:
Қыпша бел, күлім көз, тәтті ерін.

ҒАЗИЗ АНА (Сырбай Мәуленов)

Бір күні дүниеге қарадым мен,
Ну орман жатты өзен алабы кең.
Жайқалды қыз табиғат қызыл гүлмен,
Бәрін де жылатты күн жанарымен.

Ойладым: бесіктегі бөбек едім,
Мен кімге ол кездерде керек едім?
Шырқырап шыбын жаның үстімде боп,
Мен үшін, ғазиз ана, не көрмедің?!

Алысып алты ай қыстың боранымен,
Жылы етіп жөргегімді орадың сен.
Нұр құйдың,
Нұрмен бірге жыр да құйдың
Өзіңнің күн сияқты жанарыңмен.

Бір күні тік басуға жарадым мен,
Сол сол-ақ, қияға өрлеп барамын мен.
Ержетіп есейгенім есіңде жоқ,
Көтеріп келесің сен бала күннен.

Қуанып көз алдында жүргеніме,
Құмарсың менің келер күндеріме.
О, ана, жетсе екен кәрі өмірің
Қартайған шағымды да бір көруге.

ДАРИҒА, СОЛ ҚЫЗ (Қасым Аманжолов)
Өңімде ме еді,
Түсімде ме еді,
Көріп ем ғой бір
Армандай қызды…
Бір нәзік сәуле
Күлімдеп еді,
Сұрапыл соғыс
Соқты да бұзды.
Сапырды дауыл,
Тебіренді теңіз,
Тулады толқын,
Шайқалдыы шың-құз.
Қып – қызыл өрттің
Ішінде жүрміз,
Қайда екен, қайда,
Дариға, сол қыз?!
Оқ тиді келіп,
Қайратым кеміп,
Барамын сөніп,
Келмейді өлгім!
Тұрғандай сол қыз
Жаныма келіп,
Талпына берді
Қайран жас көңілім!
Барамын сөніп,
Барамын сөніп,
Жұтар ма мені
Мына сұм соғыс?
Арманым бар ма
Өлсем бір көріп,
Қайда екен, қайда,
Дариға, сол қыз?!
«Келмейді өлгім,
Келмейді өлгім!
Қайратым қайда,
Келші осындайда»,-
Дедім де тұрдым,
Жүгіре бердім,
Қолымда найза
Шағылып айға.
Жеңдік қой жауды,
Арман не, құрбым!
Күркіреп күндей
Өтті ғой соғыс.
Келемін қайтып,
Өлеңімді айтып…
Қайда екен, қайда,
Дариға, сол қыз!

         Әйел – сенің ақылшың (Тұманбай Молдағалиев)

Сенікі ме, менікі ме сонау гүл,
Арман үшін жүрміз жазып алау жыр.
Жат біреуге бақыт болып туатын,
Әйелдерді еркелеткен жөн-ау бір.

Әйелді ылғи еркелеткен ер оңар,
Әйелдерсіз тірлігіміз не болар?
«Қой» дейтұғын қожаң егер болмаса,
Еркек байғұс азып-тозып жоғалар.

Әйел – сенің азпазың да күтушің,
Әйел барда биіксің де бүтінсің.
Әйел барда жалынсың – сен, отсың – сен,
Әйел жоқта бықсыған сен түтінсің.

Әйел – сенің ақылшың да, айбарың,
Ол барында естімейсің қайғы әнін.
Әйел – сенің күзетшің де, сақшың да,
Әйел – сенің мерекең де, мейрамың.

Әел сені, сен әйелді сүйгенсің,
Сен әйелден, әйел сенен сый көрсін.
Өз елінің ұлы болам деген жұрт,
Әйелдерге құл болуды үйренсін.

Әйел, әйел – арман әні, жол әні,
Дүниенің кещкі қоңыр самалы,
Әйел сені құл қып алмай алдымен,
Құдай құлып көтермейді жоғары.

Сыйла әйелді, жоғарыдан бер орын,
Көтер оның мерейі мен беделін.
Өз қызыңды сыйлағаның ол сенің,
Өз анаңды мәңгі құрметтегің.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *