Іңір
Үйрек емес,көлден ұшқан аспандап,
Көк алалы бұлттардың легі еді,
Толқын мініп томашадай қасқалдақ
Екі аяғын ескек етіп келеді.
Көлден ұшқан бұлттар емес көк тала,
Күн еді ғой ұясына асыққан.
Көлеңкелер шырмалып қап қоғаға,
Көмек күтіп қол бұлғайды қашықтан.
Қайтам мен де,
Зеріктім һәм жалықтым,
Көл де,шөл де-жүрегімде,
Өзімде.
…Бірсін-бірсін сөнеді анау алып күн,
Томашадай қасқалдақтың көзінде.
Сүйдім мен Іңір деген пері қызын,
Тәуекел-не ажалым,
Не қызығым.
Ақырын жаныма кеп отырады ол,
Жасырып жез тырнағын жеңіне ұзын.
Бозарып мен отырам бозаң қырда,
Пері қыз сіңіп кетіп тозаң-нұрға,
Ұшынан тырнағының қан сауғалап,
Тырнайды көкжиекті көз алдымда.
Әп-сәтте жалқынданып қыр бөктері,
Қызыл қан көкжиекте дірдектеді.
Мен көрген сұмдық аздай мына өмірде,
Апыр-ау,қаны иесі,
бұл неткені?
Киеді жадағайын жер қара көк,
Қайтадан жүгіреді жел бала боп.
Пері қыз жұпар атып жақындайды,
«Бәрібір сені ұғатын мен ғана» деп.
Жер тыныш.
Көл орнында,
Сеңгір аман,
Тек жүрек бұлқынады-шерлі ғалам.
Сүйем мен жез тырнақты дүниені,
Қайт дейсің,
Не істе дейсің енді маған?
Өнержай үйі-жыр елі
Өнержай үйі-жыр елі,
Сол елде жатып демалам…
…Жасқана басып кіреді,
Ауылдан іздеп кеп ағам.
Қарайды ол көзін алмастан,
Фоэге,
аула,
көшеге,
Маң-маң да басқан , маң басқан,
Маңғазды көріп нешеме.
Жазушы деген шынында-ақ,
Басқа бір жұрт деп ойлай ма?
Сұрайды ағам сыбырлап:
-Бұлар да бильярд ойнайды,ә?
Қимайды титтей күнәға,
Ол аулақ шүбә-күдіктен.
-Керемет тату шығар,ә?
-Сұрама,-деймін күліп мен.
Көргендей өңшең құдайды,
Тәубә ғып сосын ішінен.
-Қорықпайсың ба,ей?-деп сұрайды.
-Қорқамын кейде…
-Түсінем.
Киелі мынау мекенде,
Ол үшін бар ел-жанартау.
-Сен байқа,-дейді сұрайды.
-Байқаймын,-дейді самарқау.
Баладай аң-таң пішінде
Қызық-ақ осы тұрысы.
Кіл құдайлардың ішінде
Құдай емесі-інісі.
Қол бұлғайды ағам тағы да,
Қоштасып пірлі ордамен.
Құдай боп тумағаныма
Қуанам ғажап сонда мен…
НЕЙТРОН БОМБАСЫ
Біз жақта «жынды Аманбек» деген болды,
Сорлыға бақ қонбады,
Өлең қоңды.
… Бір тойда жұмбақ айтсын сол ағамыз,
«Таңданып» жоғарғы елді, төменгі елді.
- Ал, халайық, бұл түсімді жорып бергін,
Жағалай моласы жоқ ауыл көрдім.
Үйің үй,
Қораң қора – бәрі орында,
Бейіті қайда кеткен біздің елдің?
«Шешуін дәл осымның тапайды ел» деп,
Аужекем өрлеп-ақ тұр «шаппай бер» боп.
«Иттің түсін-ай» деп күлдік біздер,
Жағасын ұстады әжем «сақтай гөр» деп.
— Жә, бекер шуламаңдар жамырап құр,-
Деді ағай: «Өзім айтам,- щаңырақ бұл».
— Жазғын-ау, шаңырақ қайда, мола қайда?
-О, бар бол!
-Тәңір атсын, тәңір атқыр.
Дауласты, дабырласты – топ тарады.
Әжемнің көңілінде тек көп-ті алаңы.
Моласыз қалатындай қорқып жүрді:
«Жындының келмесе,- деп, — оттағаны».
Содан соң қалпына кеп қайта бәрі,
Есімде басын үнсіз шайқағаны:
«Моласыз қалдырам деп бүкіл жұртты
Тек жынды, жынды ғана айта алады».
Ол кезде сөз сырына үңілді кім?
Бірі жоқ сол жандардың бүгінгі күн.
Көзіме оттай ыстық басылады
Көп қойтас, көне қорым, үгінді құм.
Ай шаншып, төбесіне ту қадаған
Көремін меңіреу шаһар қу даладан.
Тезірек Алматыға қайтам сосын,
Сағынып дулы нөпір,
Шулы аламан.
Ару кент,
Арман қала шұғылалы,-
Алматы,
Ағын-халық шұбырады.
Шошимын мен де кейде әжеме ұқсап:
Моласыз қалатындай түбі бәрі.
***
Бақсы билеп жүр,
Жанады жантақ қандай қурап тұрған,
Сол отқа жүгіреді ол зулап қырдан.
Бір шетте қазан қайнап,
ет пісуде,
Шалынып ақбоз бие ту бақтырған.
Біз ойын баласымыз.
Қызық керек.
Асылып тұра қалып үзікке кеп,
Бір-бірлеп айқай салып шақырады ол,
Аттарын көп бураның тізіп бөлек:
Ұраны жоқ ұлысым,
Ұлтандардың құлысың.
Қара тот жеп бітті ғой,
Қынабы жоқ қылышым.
Жайлауыңды кім алды,
Жайнағынды кім алды,
He боп кетті тұқымың,
Кімге бердің мұранды,
Кім жуады күнәңді,
Кімнің малы дегізген,
He парқың бар өгізден?!
Керім самал шәлдегі
Кербез бура, кел бері,
Жетім табан белдегі
Жеке бура, жел бері,
Көтере жүр басыңды,
Өгіз емес, бурасың,
Ей, тұқымы
көбейгір ,
Естисің бе сен мені!
Бақсы жүр — өткір кездік көп қайралған,
Көз алдым — сансыз бура отты айналған.
— Кел, — деді, -сен де нардың тұқымысың.
Ақ бура мені көріп тоқтай қалған.
Бір қауым галстукты тұр бөліне,
Тобырға беттемеді,
Кірмедіде .
Мен дағы отқа қойып кетсем деймін,
Қосылып Ойсылқара дүрмегіне.
Алқына бастағанда от деміммен,
Білемін шешем байғұс жеткенін мен.
— Әне тұр мүғалімің,
олай етсең,
Қу шешек, қуады ертең мектебіңнен.
Оралып баяғы өткен жайға…тағы,
Әкеңді итжеккенге айдатады.
Кетелік, аулақ, ойбай…
мына бақсы,
Жөн өлмей, сорымызды қайнатады…
Ей, ғажап жаратылыс,
сырлы ғалам,
Әу баста-ақ уыз нұрың сіңді маған.
Жолықты талай «бақсы одан кейін,
Зікір caп «жыла» десе — күлдім оған.
Жеңіспен күндер өтті,
жеңіліспен,
Болғанда жүрек мұнды,
көңіл үстем,
Шабынды талай бура жынын шашып,
«Бұл кімнің өгізі екен?» дедім іштен.
Жылдардың илегенде тас табаны,
Жанардан анамды ойлап жас тамады.
…Апа, сен бекер сонда ұстап қалдың,
Әйтпесе, болар ма еді басқа бәрі…
***
Теңіз-теңіз ойларда тербелдім көп,
Ел көргім кеп талпындым, жер
көргім кеп.
— Өлең қайда? — дедім мен Алматыға,
Тоқаш көкем жолықты:
— Ол — менмін, — деп,
күтпеген жерден…
Көкем солай патшаға айналғанда,
Мен уәзір болмасқа айлам бар ма?
Талай-талай кірдік біз сайрандарға,
Талай-талай кірдік біз майдандарға,
күтпеген жерден…
Салқар, салқар, салқар ой,
саялы ұғым,
Жайсаң жырлар алады жай адымын.
Ұйтқып-ұйтқып кететін кенет бөрі,
Перісі бар көліндей баяғының,
күтпеген жерден…
Ол мұхит деп түсінді өмірін де:
— Бауыр тұтып кетіп ем сені мүлде,
Бірақ маған
(өзімдей матрос қой)
Нұх пайғамбар жақындау, — деді бірде,
күтпеген жерден…
Қарауыл ғып қалдырып кемесіне:
— Бала, — деді, —
ала жүр мені есіңе…
…Көкем солай бір күні ақ құс болып,
Ұшып кетті өзінің Келесіне,
күтпеген жерден…
Шайхана да орнында,
майхана да,
Қыс өтеді,
Бал көктем кайта орала.
Қалғып кетсем, естимін көкем даусын:
— Кемең тоқтап қалмасын, байқа, бала,
күтпеген жерден…