• Күйеуіне өкпелеген қатын қайын ағасына сәлем бермейді.
• Салақ қатынның үйінен сабақты ине табылмас.
• Отқа барған қатынның отыз ауыз сөзі бар.
• Бір қатынның қарсығы қырық есекке жүк болған.
• Батырды екі долы қатынның бірі туады,
Би мен көсемді әйелдің ілуде біреуі туады.
• Жақсы бір қатыннан туады,
Жаман әр қатыннан туады.
• Жаман қатын өлсе, төсек жаңғырады,
Жақсы қатын өлсе, бас қаңғырады.
• Заман бұзыларда әуелі әйел бұзылады.
• Екі әйелдің басы қосыласа, үшінші әйелдің соры.
• Әйелдің күші жоқ, айласы көп.
• Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа.
• Қатын өлді – қамшының сабы сынды.
• Бұзылған қатын бұралқы итпен тең.
• Тыртақай жігітке жыртақай әйел кез болар.
• Есік көргенді алма, бесік көргенді ал.
• Екі жақсы қосылса,
Ай мен күндей жарасар.
Екі жаман қосылса,
Ырылдасар, таласар.
• Келінді қайын ененің тапырағынан жаратады.
• Алпыс нарын болғанша, ақылды жарың болсын.
• Үлкен үйге не керек,
Кіші үйге де со керек.
• Өз зайыбыңа дұшпанның көзімен қара.
• Сұлу әйелдің күйеуі қарауыл.
• Ерлі-зайыптының төсегі бір болғанмен, көретін түсі басқа,
Ішетін қазаны бір болғанмен, қарны бөлек,
Түтіні бір болғанмен, түйсігі бөлек.
• Тұз десе, түйеде тағат жоқ,
Төркін десе, қызда тағат жоқ.
• Ай мінбей, атыңды мақтама,
Жыл тұрмай, қатыныңды мақтама.
• Байға келін болғанша, кедейге қыз бол.
• Жаман қатын алғанның жауы үйінде,
Екі қатын алғанның дауы үйінде.
• Отты жастығың өтпей отау тік.
• Әкесінің ақшасына үйленген әйелінің қадірін білмейді.
• Ақылды үйленгенше, ақымақ ұл сүйеді.
• Атты жолдас болмайды арбалымен,
Жортақ жолдас болмайды жорғалымен.
• Жора-жолдас не керек,
Жауға бірге шаппаса?
Арғымақ мініп не керек,
Жабыдан озып артпаса?
• Жолдасың жаман болса,
Алыс жүріп түн қатпа.
Қатының жаман болса,
Кісі алдында тіл қатпа.
• Жабыны жауға мінбе жалы бар деп,
Жаманмен құда болма малы бар деп.
• Баймен құда болсаң, шірінер,
Жарлымен құда болсаң, тіленер.
• Қонақ:
Таңертең тәтті,
Түсті тұщы,
Кешке кермек.
• Тексіз адам қонағына тесіле қарайды.
• Шақырылмаған қонақ сыпырылмаған жерге отырады.
• Қонақ үстіне қонақ – шиқан үстіне жара.
• Екі үйдің қонағы емексіп жүріп аш қалар.
• Құдай ұрған қонағымен керісер.
• Келгеніне сүйінбеген кеткеніне күйінбейді.
• Қонағын сыйламаған не баласын ұрар, не үйін сыпырар.
• Көршің үшін намазыңды бұз.
• Көршің қорқақ болса, үркітіп өлтіреді.
• Туыс атадан, көрші Алладан.
• Заманына қарай заңы,
Тоғайына қарай аңы.
• Тауына қарай түлкісі,
Заманына қарай күлкісі.
• Заманың қалай болса,
Бөркіңді солай ки.
• Уақыт – қадірін білгенге қазына,
Білмегенге быламақ.
• Еңбектеп жылжысаң да, ертеңге ұмтыл.
• Таң атпайын десе де, күн қоймайды.
• Жаз жарлынікі, қыс әлдінікі.
• Армансыз адам – қанатсыз құс.
• Көптен үміт еткен аздан құр қалады.
• Шөлмек мың күн сынбайды, бір күн сынады.
• Қыдыр дарымаған адам есек базарында делдал да бола алмайды.
• Аттан жығылғанды бөрі аңдиды.
• Талаптың жолы тастан да ауыр.
• Ізденбеген ілгерілемейді.
• Көп іздеген көмбенің үстінен шығады.
• Таудан арқасы бардың тастан жүрегі бар.
• Күшті қауіпті емес, кекшіл қауіпті.
• Екі қылыш бір қынапқа сыймайды.
• Бір мылтықтың аузына мың кісі сыяды.
• Кішкене тастан қауақтай бас жарылады.
• Теңіз кешкенге өзен сирағынан келмейді.
• Кеме келсе, қайық судан шығады.
• Жұдырық жең ішінде түйілер.
• Жүректің жолы ыстық,
Білектің жолы суық.
• Тоқпағы күшті болса,
Киіз қазық жерге кірер.
Тоқалы күшті болса,
Бәйбіше байдан безер.
• Қара бет болып қашқаннан қайрат көрсетіп өлген артық.
• Бастыны еңкейткен,
Тізеліні бүктірген.
• Болат егеуге кілсе де, илеуге келмейді.
• Көкжал туған қой терісін жамылмасын.
• Бармақ мықты болса, саусақтардың жұдырық болуы оңай.
• Ер болсаң, бопса шыда.
• Ер көрмеймін деген жерін үш көреді,
Ат баспаймын деген жерін үш басады.
• Қаһарлы қамал бұзады.
• Алыстан шабынған батырдың күші қайтар.
• Оқсыз мылтық – таяқ.
• Ер қартайса, қазаншы болады,
Бүркіт қартайса, тышқаншы болар.
• Жаулық тартқанның бәрі қатын емес,
Бөрік кигеннің бәрі батыр емес.
• Батырдың басы екеу болмайды.
• Ерді ел мүддесі өсіреді.
• Ер намысына қарай шабады.
• Ат үйірін сағынса,
Артқы аяғын қағынар.
Ер елін сағынса,
Ер-тұрманын тағынар.
• Ердің ерден несі артық?
Бір сөйлеген сөзі артық.
• Аққу құсқа оқ тисе,
Қанатын суға тигізбес.
Айтулы ерге оқ тисе,
Қиналғанын білдірмес.
Арғымаққа оқ тисе,
Жабыдай бап боп туламас.
Қас батырға оқ тисе,
Жамандай боп шуламас.
• Арсыз болса, қыз жаман,
Ақылсыз болса, ұл жаман.
• Жақсы арына құл,
Жаман малына құл.
• Арлы арына қараса,
Арсыз «жеңдім» дейді.
• Ары таза нар жүгін көтереді.
• Ұят – жаман ойдың жүгені.
• Пысықта ұят, зұлымда опа жоқ.
• Тобылғы ұялғаннан қызыл болыпты.
• Үлкен пышақ ұялғаннан өтеді.
• Ұялмас бетке талмас жақ береді.
• Арсыз қолым істеді,
Арлы бетім ұялды.
• Ұяттан кісі өлмейді,
Бетте сызық қалады.
• Жомарт жоқтығын білдірмес.
• Кеңге кең дүние,
Тарға тар дүние.
• Пейілсіз берілген ас кешке жетпес,
Пейілді берген ас естен кетпес.
• Көңіл – бірде көл, бірде шөл.
• Көңілің қалған жерден көш жер қаш.
• Көзі соқырдан көңілі соқыр жаман.
• Ақкөңіл адамға біреудің сырқаты батады.
• Қалған көңілдің мұзы кетсе де, сызы кетпес.
• Қалған көңіл – шыққан жан.
• Адам көңілінен азады, тілінен жазады.
• Жақсы болсаң, жердей бол,
Бәрін шыдап көтерген.
Таза болсаң, судай бол,
Бәрін жуып кетірген.
• Адал істің әулие пірі бар.
• Арамнан алған түйеден адалдан алған түйме артық.
• Айқай әділдіктің белгісі емес.
• Күш есіктен кірсе, әділдің түндіктен шығады.
• Шындық жоқ жерден сұмдық жоқ.
• Шындық бар жерде өтірік байқап жүреді,
Шындық жоқ жерде шіреніп шайқап жүреді.
• Шынымен жыласа, соқыр көзден жас шығады.
• Бал тамған өтіріктен қан тамған шындық артық.
• Шайтанға сенген бақсыны тыңдағанша, шындыққа сенген жақсыны тыңда.
• Туғаныңмен сыйласпасаң, кең дүниеге сыймассың.
• Иманмен қаптап қойғандай.
• Ақыл – Алланың сыйы.
• Ақылды адам ақымақтан да бірдеме үйренеді.
• Ашу асыққанда ақыл басу айтар.
• Ақылдының сөзінен енші алып қал.
• Ашу – пышақ, ақыл – таяқ,
Жона берсең, таусылар.
• Ақылды ердің ішінде алтын ерлі ат жатар.
Ақылды әйел ішінде алтын бесікті ұл жатар.
• Өз ақылын шамалаған қор болмас.
• Ақымақтың ақылы білегінде,
Ақылдының ақылы жүрегінде.
• Кісі ақылымен бай болғанша,
Өз ақылыңмен жар бол.
• Түйесі жоғалмағанның бәрі есті.
Пішені өртенбегеннің бәрі ақылды.
• Көрік үйленгенше,
Ақыл өле-өлгенше.
• Ойсыз ұлдан мисыз құл.
• Игі іс өлмейді,
Ізгі ой өлмейді.
• Маймылдың басы ойнауға жеткенмен, ойлауға жетпейді.
• Елден безген ер болмас,
Өнерлі құл қор болмас.
• Өнегелі қарт жоқ жерде өнерлі жас та жоқ.
• Қорқыттың қобызы түгіл, қияғы да сөйлейді.
• Үйрене алмаған ұстазынан көреді.
• Көп біл, аз сөйле.
• Құдай әлемнен бұрын қаламды жаратқан.
• Ағадан ақыл, атадан нақыл.
• Көлеңкеге қарап көйлек пішпес болар.
• Тәтті өмірдің сұрауы қатты.
• Тазалық – иманның жартысы.
• Сүтпен кірген мінез сүйекпен кетеді.
• Отқа салып ерітсең де,
Алтын, сірә, жез болмас.
Аяққа шұлғау қылсаң да,
Асыл жібек бөз болмас.
• Шыбынға шоқпар көтермес болар.
• Ақсаң, селдей бұл,
Ессең, желдей бол.
• Шалқайғанға шалқай,
Ол Пайғамбардың ұлы емес.
Еңкейгенге еңкей,
Ол әкеңнің құлы емес.
• Жауың тышқан болса, арыстан деп қара.
• Дос деп сынамай, сырыңды айтпа,
Достың да досы бар.
• Алдыңа бір қарасаң, артыңа он қара.
• Тілмен түйілген тіспен шешілмейді.
• Бал тамған тілден у да тамады.
• Айтсам, тілім күйеді,
Айтпасам, ділім күйеді.
• Ақынның тілі қылыштан өткір, қылдан нәзік.
• Атаулы сөз атан түйеге татиды.
• Күңге күле қарасаң, көйлегіне жамау сұрайды.
• Аузында әзілі жоқтың қолында шоқпары болар.
• Көз мыңды көрер,
Көңіл бірді сүйер.
• Тойдың тамашасын бақпа, тағылымын бақ.
• Білек бір болса да, бармақ басқа.
• Біріккен жүз бытыраңқы мыңды алады.
• Саусақ ашсаң, қылтырық,
Жұмсаң, жұдырық.
• Топтанып ұшқан торғайға тұрымтай да бата алмас.
• Дос бергенінің тісіне қарама.
• Алыстағы дұшпаннан аңдып жүрген дос жаман.
• Шын дос басыңа ырза,
Кей дос асыңа ырза.
• Айырылмастай досыңа
Қайырылмастай сөз айтпа.
• Дұшпанға да дос керек,
Палуанға да демер күш керек.
• Күшіне қарай жүк көтер,
Мінезіне қарай дос таңда.
• Дос та – дос, дұшпан да – дос мал барыңда.
• Қылауына қыл түспеген татулық.
• Сыр айтқанда досыңды дұшпаным деп ұқ.
• Бақ келерінде ер ентелей басып асығады,
Бақ кетерінде ер маң-маң басып масығады.
• Бақыт балақтан басқа қонады.
• Адам бақыттың қонғанын білмейді, ұшқанын біледі.
• Батыр ортақ, бақ жалқы.
• Бармақтай бақ қара суды теріс ағызған ақылдан артық.
• Ер жігіттің:
Аты жақсы болса, бір бақыт,
Жары жақсы болса, бір бақыт.
Қолында жарық болса,
Қараңғылық қашады.
Даналық көзін ашса,
Бақытсыздық қашады.