Қазақ драматургиясының өркендеуі


20 ғасырдың 40 — 50-жылдары ұлттық драматургия жаңа белеске көтерілді. Бұрынғы тарихи-күрескерлік тақырып М.Ақынжановтың “Исатай — Махамбет”, Сәбит Мұқановтың “Күрес күндерінде”, Әуезов пен Ә.Тәжібаевтың “Ақ қайың”, Әуезовтің “Абай” трагедияларында жалғасын тапты. Ұлы Абайдың өмірі мен қазақ халқының өткен ғасырлардағы әлеуметтік болмысын суреттейтін “Абай” трагедиясы отандық драматургияның көркемдік қуатының молдығын көрсетіп берді. Сондай-ақ, Әуезовтің “Қарақыпшақ Қобыланды”, Мүсіреповтің “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” пьесалары күрделі жанрдың өзіндік ерекшелігін меңгерудің үлгісіне айналды. Ұлы Отан соғысы кезінен бері қойылып келе жатқан “Қарақыпшақ Қобыланды” драмасы сахнада халқымыздың бостандық жолындағы күресін бейнелейтін қаҝармандық тақырыпты орнықтырды. “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” — отандық драматургияда махаббат тақырыбын әлемдік үлгі дәрежесіне көтерген күрделі пьеса. Осы жылдары күнделікті тірліктің маңызды мәселелерін қозғаған Ш.Хұсаиновтың “Марабай”, аңыз-ертегінің негізінде жазылған “Алдаркөсе” комедиясы жарық көрді. Қазақ халқының әр кезеңдегі ұлы қайраткерлеріне арналған Мүсіреповтің “Ақан сері — Ақтоқты”, Ақынжановтың “Ыбырай Алтынсарин”, Мұқановтың “Шоқан Уәлиханов”, Тәжібаевтың “Майра” пьесалары да отандық драматургияның ірі жетістіктері болды. Ұлы Отан соғысы мен одан кейінгі кезеңдегі өмір болмысын суреттейтін Әуезовтің “Сын сағатта”, Ә.Әбішевпен бірігіп жазған “Намыс гвардиясы”, Әбішевтің “Достық пен махаббат” пьесалары халқымыздың басына түскен ауыр кезеңдерді бейнелейді. 20 ғасырдың 60 — 70 жылдары драматургия еліміз өміріндегі елеулі әлеуметтік мәселелерді көтерген тың шығармалармен толықты. Осы кезеңде қазақ драматургиясына өз қолтаңбалары бар Қ.Мұқамеджанов, Қ.Байсейітов, Қ.Шаңғытбаев, Т.Ахтанов, С.Аянбеков, С.Жүнісов, Ә.Тарази (Ә.Әшімов), т.б. бір топ драматургтер келіп қосылды. Драматургияның басқа жанрларымен бірге комедиялық шығармалар театр репертуарларынан берік орын алды. Мұхамеджановтың “Бөлтірік бөрік астында”, “Құдағи келіпті”, “Қуырдақ дайын”, “Өзіме де сол керек”, Байсейітов пен Шаңғытбаевтың “Беу, қыздар-ай!”, “Ой, жігіттер-ай!”, Ахтановтың “Сәуле”, Әбішевтің “Армандастар”, “Нұрлы жаңбыр”, Хұсаиновтың “Сырымбет саласында”, Жүнісовтің “Ажар мен ажал”, Таразидің “Күлмейтін комедия”, т.б. шығармалар жазылып, сахнада қойылды. 20 ғ-дың 70 — 80-жылдары қазақ драматургтері қатары О.Бөкеев, Н.Оразалин, Қ.Ысқақов, Б.Мұқаев, О.Бодықов, Д.Исабеков, А.Сүлейменов, Т.Әбдіков, И.Оразбаев, С.Балғабаев және т.б. жаңа таланттармен толықты. Бұлардың шығармаларында өз замандастарының ой-арманы, өмірлік көзқарасы терең бейнеленді. Бөкеевтің “Құлыным менің”, “Текетірес”, Оразалиннің “Шырақ жанған түн”, “Тас киіктер”, Ысқақовтың “Таңғы жаңғырық”, Мұқаевтың “Қош бол менің ертегім”, Исабековтің “Әпке”, “Мұрагерлер”, Сүлейменовтің “Қыздай жесір — штат қысқарту”, “Жетінші палата”, “Кек”, т.б. шығармалар отандық драматургияны әр қырынан байытқан елеулі туындылар ретінде бағаланды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *