Ұлттық драматургияда төңкеріс тақырыбын алғаш көтерген Сәкен Сейфуллин болды. Оның “Бақыт жолында”, “Қызыл сұңқарлар” пьесаларында драмаға лайықты сипат сақталған. Бұл аталған пьесалардың үгіттік бағытынан, көркемдік және тарихи шындықтың тұтастығынан, оқиғаның құжаттық дәлділігінен, этнограф бедерінің сақталуынан көрінеді. Осы тақырыптың жалғасы ретіндегі Шаниннің “Шахта” пьесасы бірнеше рет жөнделіп, өңделген нұсқасында қазақ жұмысшыларының өмірін, саяси күреске араласуын суреттейді. 20 ғасырдың 20-жылдарындағы отандық драматургияда әйел бостандығы мен теңдігі басты тақырыпқа айналды. Солардың бірі 1926 жылы Кемеңгеровтың “Алтын сақина” мен “Ескі оқу” пьесалары Қазақ драма театрының сахнасында қойылды. Театрдың алғашқы жылдарындағы репертуарынан Б.Майлиннің шағын комедиялары, Ж.Тілепбергеновтің “Сүйіскендер”, “Перизат — Рамазан”, Р.Малабаевтың “Үй тұтқындары”, “Ғұрып күні”, С.Аблановтың “Күндеспейтін қатын”, А.Тоқмағанбетовтың “Екі заң”, т.б. пьесалары орын алды. Бұлардың ішінде театр репертуарында ұзақ сақталғаны — “Перизат — Рамазан” және А.Оспанов пен Е.Өтеулиннің “Зарлығы”.
20 ғасырдың 20 — 30-жылдарындағы драматургияда трагедия жанрының дамуы айқын көрініс берді. Олардың көбісі тарихи-эпостық жырлардың негізінде жазылған. Кезінде театр репертуарынан берік орын алған Шаниннің “Арқалық батыры” 1924 жылы жеке кітап болып басылып шықты. Екі бөлімнен тұратын пьеса премьерасы сахнада қатарынан екі күн жүрген. “Арқалық батыр” трагедиясы — отандық драматургиядағы фольклорлық материалды игерудің тұңғыш қадамы. Шаниннің бірнеше шағын комедиялық шығармалары да сахнаға шықты. Олар — “Торсықбай” мен “Айдарбек”, бұлардың сюжеттерінің желісі — ауыз әдебиетінің негізіне құрылған, қазақтың әйгілі әзілкештерінің төңірегінен өрбитін аңыз-әңгімелер мен олардың күлдіргі әрекеттері. Комедия жанрына ерекше көңіл аударып, негізін қалаушылардың бірі — Майлиннің көптеген шағын күлкілі шығармалары театр мен үйірмелердің репертуарынан берік орын алды. Атап айтқанда “Шаншар молда”, “Ел мектебі”, “Неке қияр”, “Айша”, “Сәлде”, “Көзілдірік”, т.б. Бұларда комедияның шағын үлгілері — скетч, водевильге тән түрлері кездеседі.