Қазақстан Республикасы дербес мемлекетке айналған соң бұрын айтуға, жазып жариялауға жабық болып келген көптеген тарихи құбылыстар, ұлттың мақтанышы болған ұлы қайраткерлер өмірі мен қызметі драма шығармалар арқауына айнала бастады. Ысқақовтың “Жан қимақ”, Оразбаевтың “Шыңғыс хан”, “Естайдың қорланы”, С.Сматаевтың “Той үстінде топалаң”, Б.Әбілдаұлының “Төле би”, О.Дастановтың “Әзірет Сұлтан”, А.Бекбосыновтың “Соңғы сезім” Таразидің “Алатау сынды алабым”, М.Байсеркеновтың “Абылай ханның ақырғы күндері”, Ә.Кекілбаевтың “Абылай хан”, Шахимарденнің “Томирис” пьесаларында халқымыздың басынан кешкен сан қилы тағдыры тарихи дәлдікпен, ерекше көркемдік қуатпен бейнеленген. Ал Сүлейменов пен Мұқаевтың “Заманақыр”, Р.Мұқанованың “Мәңгілік бала бейне” пьесалары экология тақырыбын, әлемге әйгілі болған Семей полигонының қазақ халқына әкелген трагедиясын суреттейді.