Драматургияның бүгінгі келбеті

2016 жыл – Қазақ елі үшін аса маңызды уақыт деуге болады. Мемлекет тәуелсізді­гінің 25 жылдық мерейтойы республика көлемінде кеңінен насихатталып, іргелі іс-шаралар, науқандар өткізілді. Бұл айтулы күннен ешбір ұлт азаматы шеттеп қалған жоқ, қал-қадері жеткенше еңбек етіп, үлесін қосты. Өнер қайрат­керлері, зиялы қауым өкілдері, спортшылар, т.б. қоғам мүшелері өздерінің шығарма­шылық жеңістерін дербестіктің дүбірлі тойына арнады.

Төл мәдениеттің арналы бір саласы – драматургия 2016 жылы өзінің алдыңғы жылдардағы бағы­тынан жаңылмай өрісін кеңейтті.Осының куәсіндей ұлық мереке қарсаңында республика теа­тр­ла­ры­ның қоржыны жаңа қойылым­дармен толықты. Өнер ұжымдары­ның 2016 жылғы репертуарын жіті саралай келе біз отандық сахнагерлер әлі де уақыт талқысынан сүрін­бей  өткен, өзіндік қолтаңба­сы қалыптасқан авторлардың шы­­ғармаларын қоюға пейілді еке­нін аңғардық. Мәселен, бүгінгі ұлт драматургиясының керуенін алға тартқан жазушы-драматург­тер: Дулат Исабековтің «Жүз жыл­дық махаббат» (Н.Бекежанов атын­дағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театры, режиссері Х.Әмір-Темір, премь­ерасы 31 наурыз), «Құстар фести­валі» (Талдықорғанның Б.Римова атындағы қазақ драма театры, режиссері  Н.Өтеулинова, премь­ерасы 21 желтоқсан) пьесалары, Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең әде­мі келіншек» (Н.Бекежанов атын­дағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театры, режи­ссе­рі Б.Темірбеков, премь­ерасы 23 маусым), «Ең жақсы еркек» (Тал­ды­қорғанның Б.Римова атын­­­дағы қазақ драма театры, режиссері 
Б.Ұзақов, премьерасы 6 сәуір), «Са­ғыныш пен елес» (Түр­­кіс­тан сазды драма театры, режис­сері 
А.Наурызбаев, премьерасы 28 жел­тоқсан) пьесалары, Исраил Сапар­байдың «Сыған серенадасы» (С.Мұқанов атындағы Солтүс­тік Қазақстан облыстық қа­зақ сазды-драма театры, ре­жиссері Ф.Молда­ғали, премьерасы 13 жел­тоқсан) мюзиклі қойы­лып, репер­туардың ажарын кір­гізді. Сонымен қатар, жазушы Жабал Ер­­­ға­­лиев­­­тің «Есігімді қақ­қан кім…» (Астана­ның Қ.Қуа­ныш­баев атындағы қазақ акаде­миялық музыкалық драма театры), Медеу Сәрсекенің «Тендерге түс­кен келіншек» (Өскеменнің Жастар театрында, режиссері А.Салбан, премьерасы 12 мамыр), Роза Мұқа­но­­ваның «Сарра» (Астана­ның Қ.Қуаныш­баев атын­дағы қазақ академиялық музы­калық драма театры, режиссері Г.Мер­ғал­иева, премьерасы 17-18 мамыр), ақын Ұлықбек Есдәу­летовтің «Қа­ра пима» (Семейдегі Абай атын­дағы қазақ музыкалық драма театры, режиссері А.Сапышев, премьерасы 29 қазан), Баянғали Әлімжанов­тың «Қара қаптан шық­қан қара қыз» («Супер Серкеш» деген атпен Ғ.Мүсірепов атын­дағы қазақ ака­де­миялық Балалар мен жас­өспі­рім­дер театры, режиссер Ж.Хаджиев), Болат Бекжанның «Өмір» (С.Сейфуллин атындағы Қара­ғанды об­лыс­тық қазақ драма 
театры, режиссері С.Жұмағали, премьерасы 1-5 наурыз) драмалары да осы маусымда сәтті сахналанды.

2016 жылы пьесалары сахна төріне ең көп қойылған жазушы-драматургтер қатарына Рахымжан Отарбаев пен Иранбек Оразбаевты (Иран-Ғайып) жатқызамыз. Бұл қос автордың туындылары бойынша ұлан-ғайыр Отанымыз­дың екі өңірінде арнайы театр фес­тивалі ұйымдастырылып, өн­ер сүйер қауымның сезіміндерін серпілтті.

Шырайлы Шым қалада өткен «Театр көктемі – 2016» өнер фести­ва­лінде Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Рахымжан Отар­баев­тың жеті бірдей: «Бас» (Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театры), «Аяулым Анфиса» (Сайрам өзбек театры) және «Двойник» (Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театры), «Мұстафа Шоқай» (Түркістан сазды драма театры), «Түнек торы» (Жетісай драма театры), «Қараша қаздар қайтқанда» (Оңтүстік Қазақстан облыстық әзіл-сықақ және сатира театры) және«Сағыныш шөбі» (Облыстық қуыршақ театры) туындылары жұртшылық назарына ұсынылып, талғампаз көрерменнің және  театр мамандарының  жо­ға­ры бағасын алды.

Еліміздің оңтүстігіндегі той көші қазан айында батыс өңіріне ойысып, Орал жерінде Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты, халы­қ­а­ралық «Алаш» және тәуелсіз «Тарлан» сыйлықтарының иегері Иран-Ғайып атындағы республи­ка­лық театрлар фестиваліне ұлас­ты. Өнер додасында ақын-дра­ма­тургтің поэтикалық  дас­тан­дары: «Ән-Мұхит», «Мәңгілік елдің Ал­тын адамы», «Қорқыт», «Махамбет», «Мен ішпеген у бар ма…», «Фа­тима», «Естайдың Қорланы», «Абылай хан», «Адасқан бақ құсы», «Аждаһаның әлегі» пьесалары бойынша қойылған спектакльдер көрсетілді. Иранбек Оразбаевтың шығармашылығына арналған бұл фестиваль бір ғана ақынның ғана тойы емес, барша халықтың мере­кесіне айналғаны сөзсіз.

2009 жылдан бастап өнер шы­ғар­маларын жандандыру мақ­са­тында жарияланған «Тәуелсіздік тол­ғауы» бәйгесі 2016 жылы жетін­ші мәрте өткізілді. Сайыстың ең үздік шығармалары ретінде: Тұрлыбек Мәмесейіттің «Таңжа­рық», Айдана Мұратқызының «Бір күндік ғұмыр», М.Қосынның «Мен жоқ жердегі менің өмірім» атты пьесалары танылды. Ал балаларға арналған Т.Бейсембе­ковтің «Самұрық келген таң», А.Жолтайқызының «Қуыршақ қызбен достасу», А.Әбдіхалық пен М.Төленнің «Аяз би» туындылары жеңімпаз атанып, республика театрларының назарына ұсыныл­ды. Осылайша, бүгінгі қазақ драматургиясының екі бағытта дамып отырғанын аңғару қиын емес. Біріншісі, белгілі жазушы-драматургтердің мерейтойына байланысты ұйымдастырылған іс-шаралар арқылы және екіншісі – драматургиялық бәйгелердің ықпалымен өркендеуде.

2016 жылы қазақ  драматургиясы жаңа есімдермен толықты. Биылғы маусымның жаңалығы ретінде жас қаламгерлер Мұрат Қолғанат пен Мадина Омарованы айтамыз. Қос драматургтің пьесалары ел өнерінің қарашаңырағы М.Әуезов атындағы қазақ акаде­м­ия­лық драма театрының сахна­сын­да қойылып, тиісті бағасын алды. Ал жат елде жүрсе де өз халқының өнері мен мәдениетін өркендетуге үлес қосып жүрген жас та болса, алымды драматург Олжас Жанайдаровтың пьесалары көпұлтты республикамыздың маңдай алды театрларын бағын­ды­рып үлгерді. Оның «Жұт», «Бір.. екі.. үш…», «Жастық туралы» пьесалары жазылу стилінің өзгешелі­гімен, көркемдік қуатының дара­лығымен ерекшеленеді.

Енді биыл жарыққа шыққан, біздің қолымызға түскен пьесалар­д­ың көркемдік сипатына үңілсек, олардың тақырыптық, жанрлық ауқымы сан қилы. Мәселен, «де­рек­ті драма» эстетикасында жазыл­ған Мадина Омарованың «Ақтастан шыққан Ахико» пьесасы тарихи тақырыпты арқау еткенімен, ешқандай шежірелік дәлдікке бағынбайды. Драматург үшін нақты тарихи тұлғаның өмі­рін көрсету маңызды емес. Автор Кеңес өкіметінің қанды диір­ме­ніне түскен қарапайым адамдар­дың басынан кешкен тауқыметті тағдырын, жалпы халықтың жи­нақ­тық бейнесін жасауға талпын­ған. Қылышынан қан тамған кезеңнің зұлматты кескінін жет­кізуді көздеген. Пьесада бас ке­йіпкер ұғымы сақтал­ға­нымен, оқиғаның даму барысында бізге таныс та, бейтаныс: жас ақын Ахмет, Сейфолла, Сәд­уа­­қас, Ақай­­дың Қасені, т.б. сынды кейіп­керлердің тағдырымен ұш­тасып, олардың ішкі қасіреті мен мұң-наласы жапон жігіті Ахи­ко­ның шерменде өмірінен кем түс­пей­тіндігін байқатады. Драматург қа­һармандарының тағдырын көр­кемдік параллель арқылы жет­кі­зіп, тұтас бір заман келбетін көр­сет­кен.

М.Әуезов театрының сахн­а­сындағы тағы бір жаңа қойылым – «Бақыт кілті» драмасы. Жас дра­матург Қолғанат Мұраттың бұл шығармасының тақырыпты қоз­ғауымен құнды. Қолғанат Мұрат – Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының «Кино­теледраматургия» бөлімінде Қазақс­танның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті жазушы-драматург Дулат Иса­бековтің шеберханасынан білім алған. Қазіргі таңда оның пьесалары Арқалық Жастар театры мен Ақмола облыстық қазақ музы­калы-драма театрларының сахнасында қойылып үлгерген. «Бақыт кілті» пьесасы бүгінгі таңда елі­міз­де көп айтыла бермейтін кен байыту өндірісі тақырыбын арқау етіп, осы ауқымды салада жүрген жұмысшылардың сан қилы тағ­ды­рын, әлеуметтік шындығын драма тілінде жеткізуге ты­рыс­қан.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында адал еңбегімен ел игілігіне тер төгіп, қара бастарының қамы үшін ғана емес, бұқара жұрттың да әлеуетін ойлаған азаматтар баршылық. Бірақ халық түсіні­гінде «бизнесмен» деген кейіпкер тек біржақты жағымсыз түрде қарастыру дәстүрі бар. Ал бұл кеңес­тік кезеңнен қалған стереотип. Драматург қалыптасқан осы ұғымға қарсы шығып, бас қаһар­ман Бауыржан арқылы зиялы кә­сіп­кер бейнесін жасауды құп көрген.

Бүгінгі рухани құндылық­тар­дың күйреген кезеңінде Бауыржандай іскер жігіттің, жағымды кейіпкердің бейнесін жасау заман талабы. Дегенмен, драмада протагонист  бейнесі  сақталғандықтан оны дәстүрлі пішіндегі пьесаға жатқызамыз.

Әлем театры мен драматургиясы бүгінгі таңда постмодернистік (модерннен кейінгі) бағытта дамып отыр. Оны «постдрамалық» деп те атайды, яғни тікелей аудар­сақ, драмадан кейінгі деген мағы­нада. Басқаша айтсақ, театрды драманың экспанциясынан арылту. Постдрамада сөз бен мәтін бас­ты ролінен айырылады. Сон­дық­­тан да пьесалардың көлемі күрт қысқарады. Постдрама демонтаж, деконструкция әдістерін еркін қолдана отырып, айтылар сөздің астарлы салмағына басты назар аударады.

Әзірге қазақ авторлары таза постдрамалық шығармаларын өмір­ге әкеле қоймағанымен, ал­ғаш­қы талпыныстардың бар еке­нін байқадық. Солардың бірі Ай­дана Мұратқызының «Бір күн­дік ғұмыр» монодрамасы. Айдана Мұратқызы да Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ Ұлттық Өнер акаде­мия­­сы­ның «Кинотеледраматургия» бөлімінің түлегі. Драматург Сұл­тан­әлі Балғабайдың шеберханасында кәсіби білім алып, қазірде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет етеді.

А.Мұратқызының аталмыш пье­сасы қазіргі таңда ең өзекті кәрі қыздар тағ­дырын арқау еткен. Автор демонтаж әдісін қолдана отырып, бас кейіпкер Дариғаның өмірін көлемі жағынан шағын үш бөлім­ге сыйғызған. Бойжеткеннің басынан өткен оқиғасын 35 жасынан бастап кері қарай 30-25 жасындағы кезіне қайта әкеледі. Драматург саналы түрде әдеттегі пьеса жазу әдісінен қашып, оны жаңа қа­лып­қа (формаға) салған. Осылайша, автор адам өз өміріндегі қателік­те­рінен қалай қашуға болатыны жайлы ой қозғайды. Алқашқы бө­лімде «менің кінәм не?!» деп зарлаған 35 жастағы Дариғаның соңғы бөлімде осыншама аянышты жағдайға түсуіне өзінің (25 жасындағы шағы) тікелей себепті екені ашылады. Ал «Мінсіз ханзадасын» күткен Дариға сынды замандастарымыз қаншама. Жауап­кершіліктен қашып, жұ­мыс­­­бас­тылықпен жүргенде қыз дәурендері құрдымға кеткен құрбыларымыздың мәселесі ­туындыда ешқандай моральсіз-ақ қылаң береді. Пьесада ашық тартыс жоқ. Ештеңені үйретпейді, тәрбиелемейді, барлық мәселені қаз-қалпында көрсетеді. Ұғын да, жан-дүниеңе үңіл, болашағың жайлы ойлан дейтіндей.

Бүгінгі таңда фестивальдік фор­матқа сұранып тұрған бұл монодрама режиссерлердің назарына ілігетініне шүбә келтір­мей­міз. Сондықтан Айдана Мұрат­қызы­ның бұл пьесасын осы мау­­сым­ның жақсы жаңалығы  деуге болады.

2016 жылғы театр репертуарларын бағдарлай отырып, қазақ дра­матургиясына деген орыс те­а­тр­ларының салқындығын бай­қа­дық. Осы маусымда тек Қазақ­-
с­тан­ның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Игорь Вербицкий басқаратын Оңтүстік Қазақстан облыс­тық орыс драма театры 
Р.Отарбаев пен Иран-Ғайыптың пьесаларын сахналапты. Басқа өнер ұжымдарының қазақ драматургиясына деген зейіні тым сол­ғын. Осы мәселені Қазақстан Жа­зу­шылар одағы бас болып кө­теруі керек-ақ.Ал балалар мен қуы­р­шақ театрларына арналған драматургия мәселесі де өз алдына үлкен әңгіме. Қорыта айт­қанда, 2016 жылы қазақ драматургиясы үшін қолайлы жағдайлар жасалып, оның дамуына оңды ықпал еткенін байқадық.

Меруерт ЖАҚСЫЛЫҚОВА,

театртанушы

«Қазақ әдебиеті» газеті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *