Қаумалағанда қайғының басқа бұлты мың,
Саудалағанда талайлар ғұрпын ұлтының…
Қай жерде қалды үкілі қоңыр домбыраң,
Қай жерде қалды ұңғысын кескен мылтығың?..
Қай жерде қалды теңселткен сені күшті ағын,
Қай жерде қалды айнымас ата дұшпаның?
Қай жерде қалды ашуға мінген тұстарың,
Қай жерде қалды асыл жарым деп құшқаның.
Еліктеп түзден жемтігін табар қасқырға,
Тарттың да кеттің..,
Ақиқатыңнан қаштың ба?
Сондағы ерен есерлігің мен ерлігің,
Қай жерде қалды?
Қай шағылдардың астында?
Құдірет жоқ қой тірілтер қайта өшкенді,
Сиқырға бөлер сұрықсыз сұрғылт кештерді.
Алашқа жетпей, Атырауыңның аузында,
Әндерің қалды, қалмады басқа еш белгі.
Ойласам сенің қасіретіңе жетер ме ой,
Кеудемде менің көтерді тағы қатер бой.
Дүние, шіркін, өтер де кетер екен ғой,
Бәрі де соның бекерден-бекер екен ғой…
Қай кездерде де алады сені есіне ел,
Талайға жұмбақ тағдырың бір күн шешілер.
Ерлерді ездер еңіреткен кезде,дүниеге
Ақырын келіп, аһ ұрып кеткен есіл Ер!..
Табылды Досымов