Еңсегей бойлы Ер Есім

Еңсегей бойлы Ер Есім!
Есім сені есірткен,
Есілде менің кеңесім.
Ел білгеннен Есім хан,
Қолыңда болдым сүйесін,
Қолтығыңа болдым демесін.
Ертеңгі күн болғанда,
Елің кеңес құрғанда,
Айналып ақыл табарға,
Есіктегі ебесін;
Сонда ханым не десін?!
Мен жоқ болсам, Есім хан,
Ит түрткіні көресің.
Жиембет қайда дегенде,
Не деп жауап бересің?..
Менімен ханым ойнаспа!
Менің ерлігімді сұрасаң,
Жолбарыс пенен аюдай.
Өрлігімді сұрасаң,
Жылқыдағы асау тайыңдай.
Зорлығымды сұрасаң,
Бекіре менен жайындай.
Беріктігімді сұрасаң,
Қарағай менен қайыңдай.
Көруші едім Есім хан,
Ханымды — күнім, сізді — айымдай.
Сырым саған түзуді,
Садаққа салған бұлындай.
Жұмыскерің мен едім,
Сатып алған құлындай.
Жүруші едім аранда,
Өзіңнің інің мен ұлыңдай.
Есімде мені сүймеуің,
істетпекке қойған тілің деп.
Мен өлсем құнсыз кетер деме сен,
Кешегі өзіңнің ұрып өлтірген,
Тілеуберді құлыңдай!
Тілеуберді құлың мен емес,
Менің ер екенімді көргенсің,
Әуелден бірге жүргенсің,
Дегенімді кылғансың,
Қайратымды білгенсің,
Аптықпа ханым, күңнен соң,
Сіздің естен кеткенмен,
Біздің естен кеткен жоқ.
Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,
Соқыр бурыл байталға,
Сонда бір жайдақ мінгенсің.
Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,
Қаланың қасы бүлгенде,
Хандар қалаға қылаған,
Сұлтандар суға сылаған.
Қаз мойынды Ханымша,
Қалада тұрып жылаған.
Тал шарбакқа мал сақтап,
Тас қалада жан сақтап,
Тасқан екен мына хан!
Қайрылып қайыр қылуға,
Қылғаның жоқ ұнаған.
Қайратым қанша қайтса да,
Мұныңа ханым, шыдаман!
Арқаға карай көшермін.
Алашыма ұран десермін,
Ат құйрығын кесермін,
Ат сауырсын берермін.
Алыста дәурен сүрермін.
Қарамасаң, ханым, қарама,
Сенсіз де күнімді көрермін.

Жиембет жырау

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *