ЖАСАНДЫ ЗЕРДЕ ЖАСАМПАЗДЫҚҚА ЖЕТКІЗЕ МЕ?

Желіде жүрген Эйнштейн айтыпты-мыс деген мынадай өтірік сілтеме бар: «Технология адамның өзара қарым-қатынасынан асып түсетін күннен қорқамын. Әлемді есуастардың ұрпағы жайлайды». Әрине, мұны Эйнштейн айтпаса да, бүгінгі күні тіпті, құл айтса да дуасы мол сөз боп тұр. Ақылды телефонға жасымыз да, жасамысымыз да сүліктей жабысып, ақпарат атты «қан» сорамыз. Ол қанның арамдығы мен адалдығы басқа әңгіме. Ақпараттың білім еместігі де басқа бір әңгіме. Смартфон-ақылфон, бірақ ақылфон ұстанып ақылды болып кетуің екіталай… Ал адамзат ақыл-ойы төңкерісінің жемісі — жасанды зерде болса, терең зерделеуді қажет етеді.    

«The Economist» журналының жазуы бойынша, ендігі ең қымбат ресурс мұнай емес, мәліметтер жиынтығы. Осы орасан зор мәліметтерді «сұрыптап», «үйреніп», өзі де «жасап», «үйрететін» жасанды зерде (түйсік), (интеллект) (artificial intelligence AI).

SpaceX, Tesla және Boring Company компанияларының жетекшісі Илон Маск «жасанды зерде үшінші дүниежүзілік соғысқа әкеледі» десе, Google Cloud-тың бас ғалымы Фэй-Фэй Ли «бүгінгі күні жасанды зердеге адамгершілік жетпей тұр» дейді. Ал Alibaba-ның атқарушы төрағасы Джек Ма «жасанды зерде бар болғанымидың рөлін атқарушы ғана, ал данышпандық жүректен шығады» деген ойда. Илон Маск болса, Neuralinkдеген компания ашып, тіпті компьютер чиптерін адам миына орналастырмақшы, яғни адам мен мәшинені бір тәнге айналдырмақшы.

Асқан қабілеті бар адам болмаса, адамнан жоғары интеллектісі бар мәшине адамзатқа қандай залал я болмаса пайда әкелуі мүмкін?!

Google мен Uber-дің бұрынғы атқарушы директоры Anthony Levandowski жасанды интеллект «The way of the future», «Болашақтың жолы» деген шіркеуін құруда, яғни жасанды интеллект Құдайдың орнына жүрмекші.  (http://www.wayofthefuture.church) «Еріккен, ойына келгенін істейтін батыс қой» деп қолды бір сілтеуге болар еді, бірақ Біріккен Араб Әмірлігі «жасанды интеллект министрлігін» құрды, оған министр болып Омар бин Сұлтан Әл Олама (Omar bin Sultan Al Olama) тағайындалды. Ойлары заман көшінен қалмау. Ал Мекке мен Мединесі бар, шалт кеткенге «ширк» деп отыратын саудиліктер София дейтін роботқа азаматтық берді. Иә, сан қазақ барып ала алмай кеткен Арабстанның толық құқылы азаматы болды. Ал ширктің көкесі «цифрлық құдай»,болмаса, асқан қабілеті бар адам.

NASA мен Google-дің ғалымдары мен инженерлері құрған SU Singularity University (Сингулярлық Университет) дейтін бар. Ғылымдағы даму мен «экспоненттік технологияға» баса мән беретін университет. «Экспоненттік технология» деген ұғым тұрақты және жылдам қарқынмен өсетін технологиялар. Singularity University-дің негізін салушылардың бірі атақты өнертапқыш, ойшыл және футуролог Рэй Куртвейл (Ray Kurzweil). Олардың жасанды зерде жайлы айтқандары төмендегідей: Компьютерлердің дамығаны соншалық шахматтан да қиын Го деген ойыннан адамды болжанғаннан он жыл бұрын жеңіп отыр. Ол аз болса, АҚШ-та жас заңгерлерге жұмыс табу қиындаған. Жасанды зердеге негізделген IBM Watson жүйесінен секунттардың ішінде 90% дәлдікпен құқықтық кеңестер алуға болады. Адамның дәлдігі 70% екен.

SU-дың кеңесі бойынша, «егер сіз АҚШ-та құқық саласының маманы болайын деп дайындалып жүрсеңіз, тез райыңыздан қайтыңыз». Себебі, болашақта олардың 90% қысқартылады, тек таза мамандар қалады. IBM Watson жүйесінің обыр ауруын анықтауы адамға қарағанда төрт есе дәлірек. Facebook-тің бағдарламасы адамның бейнесін адамнан артық «таниды». SU-дің болжамы бойынша, 2030 жылы компьютерлер адамнан ақылдырақ болады екен. «Virtual Processing Unit» деп аталуы мүмкін чип секундына сегіз триллион операция атқаратын болады.

2018 жылы өздігінен жүретін жасанды зерде басқаратын көліктер көшеге шықпақшы. Олардың өзіндік-навигация жүйесі бар. 2020 жылдары аутокөлік өнеркәсібі тұтасымен бүліне бастайды, сізге жеке меншік көлік керек болмай қалады. Сіз көліктің өзіне тікелей телефон шаласыз да тұрған жеріңізді және баратын жеріңізді айтасыз, ол өзі келеді де апарып тастайды. Жүрген жол ақысын төлейсіз, ішінде отырғанда алаңсыз жұмыстарыңызды бітіре бересіз. Біздің балаларымызға жүргізуші куәлігі керек емес және меншік көлік те керек емес болады. Біздің қалаларымыз да өзгереді, көлікке деген сұраныс 90-95% азаяды. Паркингтер паркке айналады.

Жылына әлемде 1,2 миллион адам жол-көлік апатынан көз жұмады екен. Қазір әрбір 100,000 шақырымға бір жол-көлік апаты, ал өзі жүретін көліктердегі жол-көлік апаты 10 миллион шақырымға біреу болады екен. Бұл дегеніміз миллион адамның өмірі сақталады деген сөз. Kөптеген көлік компаниялары өзгеріске түсе алмай банкротқа ұшырамақшы. Дәстүрлі компаниялар эволюциялық тәсілмен, жақсырақ көліктер жасауға ұмтылады, ал (Tesla, Apple, Google) сияқты жаңа бағыттығы компаниялар революциялық тәсілмен дөңгелекті компьютер жаңа заманның көлігін жасайды. Volkswagen мен Audi инженерлері Teslaдан қорқады.

Сақтандыру компаниялары үлкен қиындықтарға тап болады, өйткені жазатайым оқиғаны сақтандыру 100 есе арзан болады. Көлік сақтандыру бизнесі не өзгеріп, не құрып тынады. Алайда, егер жазатайым оқиғалар 100 есе төмендесе, бірақ сақтандыруды сатып алу құны тек қана 50 есе төмендейді, бизнес тиімдірек болуы мүмкін. Жылжымайтын мүлік өзгереді, егер сіз жолда келе жатып жұмыс істей алатын болсаңыз адамдар қаладан сыртқа, әдемі табиғат аясына жылжиды.

Жаңа Зеландияда жасанды зерде мектеп балаларына жасыл энергетика жайында сабақ бере бастады. Біз күнде қолданып жүрген Google translate те жасанды зердені  қолданады. Сіздің дауысыңызды отыз секундта «көшіріп» айнытпай сіз сияқты сөйлейтін роботтар бар. Microsoft ағылшыншаны қытайшаға адам сияқты аударатын жасанды интеллект жасады. Жасанды зерде жазған музыкалық клиптер де пайда болды. Адамзатқа қауіп төндіретін жаңа ауру түрлеріне  антибиотиктертерді де жасанды зерде іздеуде…

Ал Қытайда тіпті Ханчжоуды жасанды зерде қаласы деп жариялаған. Көп ұзамай сіздің айналаңыз қаншалықты шын, қаншалықты виртуалды екенін ажырататын анти жасанды зерде деген технологиялар дамуын бастады.

Бүгінгі күні narrow AI, тар шеңбердегі жасанды зерде  бір салада қолданылады, мысалы камерамен адамды тану, көлік жүргізу, шахмат ойнау сияқты. Бірақ, зерттеу институттары мен ғалымдардың мақсаты  general AI,AGI artificial general intelligence немесе strong AI, жалпы  жасанды зерде немесе мықты, күшті жасанды зерде жасап шығару. Бүгінгі тар шеңбердегі жасанды зерденің өзі адамнан жақсы жұмыс істейді. Ал жалпы  жасанды зерде яғни AGI барлық жағдайда әртүрлі тапсырмаларды адамнан артық орындайтын болады.

Бір қорқыныштысы жасанды зерде қарулануда, қорғаныс пен шабуыл жүйелерінде де кеңінен қолданылуда. Stephen Hawking, Elon Musk, Steve Wozniak, Bill Gates және басқалар жасанды зерде жайында өздерінің ойларын ашық білдіріп, қауіптенетіндерін айтқан. Адам санасының деңгейіндегі жасанды зерде 2060 жылдары пайда болады деп болжануда. Енді біреулер суперақыл 2100 жылы сөзсіз пайда болады десе, тағы біреулер пайда болуы мүмкін емес дейді. Іс жүзінде жасанды зерде эксперттерінің өздері әлі білмейді.

«Надандар ғана жасанды зердеден қорқады» деген қауесет те бар. Оған қарсы «жасанды зерде адамдарды басқарып өздерін-өздері жасап көбейеді, адамдарды құл қылады» деген де ойлар бар. Әрине, оның бәрін болашақ көрсетеді. Ең бастысы Қазақстан да әлемдік ғылыми-технологиялық өзгерістердің көшінен қалмауы үшін қамдануы тиіс.

Сұлтан ЫБЫРАЙ, ақпараттық технологиялар маманы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *