Сонау жиырмасыншы ғасырдағы алпысыншы жылдардың басы еді. Мен «Социалистік Қазақстан» газетіндегі әдеби қызметкермін. Бөлім бастығы айтулы әңгімеші, шешен Жекен Жұмақанов.Жаздың бір айында Алматыға Има Сумак келді. Оның отаны – жердің арғы бетінде жатқан Перу деген ел. Има Сумак – көне «қызыл терілі» кечуа тілінде «Сұлу келді» дегенді білдіреді. Он жасында керемет әнші атанған осы ғажайып қыз той-томалақта жиналған көпшіліктің арасында келе жатқанда жұрттың бәрі: – Има Сумак! Има Сумак! – деп аса зор құрметпен қарсы алады екен. Американы бұдан бес жүз жыл бұрын жаулап алған еуропалық басқыншылардан аман қалған инктер тұқымынан тараған тұяқ. Оның дауысы әлемде сирек кездесетін ерекше дауыс екен. Яғни ол төрт дауыспен ән сала алады: колоратура, меццо-сопрано, сопрано, тенор. Ал «Күнге табын» атты кереметті орындағанда Има Сумак көмейінен «бас» дейтін дауыс та шығады-ау деп қалдым. Алматыда Има Сумакка жолығып, сұхбаттасқан жалғыз мен болды десем, мақтаншақ демеңдер. Есікті оның күйеуі, продюссер Мойзес Биванко ашты. – Сіз біздің кечуа-индеецтерге ұқсайды екенсіз, – деді сонда маған ғажайып Има Сумак, – басқа ешкімді қабылдамаймын. Сөйтіп, Има Сумак концерті туралы «Социалистік Қазақстан» менің айқара қос бет очеркімді басты. Содан кейін Има Сумак туралы хабар зым-зия. Арғы тағдыры, өмірі не болды – ары-бері сұрастырып, іздестіріп, ешқандай дерек таппадым. Кім біледі, «Күнге табыну» әнін айтқанда ол қос қолын көк аспанға қарай созып жіберіп, шырқау биікке самғап ұшқандай көрінуші еді, Күн көзіне қарай ұшып кетті ме… Әлде колонизаторлардан көп қорлық, зорлық-зомбылық көрген өз нәсілінің, қырылған-жойылған өз ұлтының әруақтарына барып қосылды ма…
Бір кем дүние.
Шерхан Мұртаза