Шіркін, қазақтың қара өлеңі! Неге бірақ «қара өлең»? «Қара» деген сөздің әртүрлі мағынасы бар. Мысалы, қара мал – ірі мал, Қаратау – ұлы тау, Қара хан – атақты хан, қара жер, т.б.Қара өлең де сондай шығар. Ірі шығар. Сонау соғыс жылдарында азынаған аштықта, күннің шуағы тым сирек кезде, қақаған қыста, анда-санда адамдар бір бас қосқанда, майданға ондап кеткен азаматтардан ілуде біреу жараланып қайтқанда жетім ауылда бір азғантай той-мереке болар еді. Сол тойда екеу-екеу ән салып, сағынышты әуендер айтатын. Әсіресе есімде қалғаны, көкірегімде өшпестей жатталғаны, әрдайым қырау шалған жүрегімді жылытатыны екі-ақ ауыз мына шумақтар:
Ауылыңнан ары да өттім,
Бері де өттім-оу,
Үкіңді шекеңдегі бермей кеттің-оу.
Сол үкің, көп болғанда,
Жүз теңгелік-оу,
Қалдырдың көңілімді
Мың теңгелік ай…
Қара көз қарай берді дүркін-дүркін-ай,
Көзімді қарықтырды сенің көркің-ай.
Шашыңнан бір-бір талдап сүйер едім-ау,
Қайтейін, жетпейді ғой өмір шіркін-ай…
Қазір бір-бір талдап сүйетін шаш қайда? Ондай сүюдің қадірін білетін бас қайда?