астауыш Мектеп — білім беру жүйесініңалғашқы сатысы. 1917 жылға дейін Қазақстандағы білім берудің бағыттарына сәйкес Бастауыш Мектептердің құрылымдық жүйесі әр түрлі болды (қара Мектеп, Ауылдықмектептер, Бастауыш халық училищелері, т.б.). Олардағы оқу мерзімі 1—2, 3—4, 5—6 жылдық еді. 20 ғасырдың 30-жылдарынан бастап Кеңес Одағы елдерінде жаппай міндетті бастауыш білім беру ісі қолға алынды. 1919 жылдан жұмыс істеген 2—3 жылдық Бастауыш Мектептер 1941 жылы 4 жылдық болып өзгерді. Мектеп жасындағы қыз балаларды оқытуға да айрықша көңіл бөлінді. Сол кездегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты халықтың көпшілігі үшін Бастауыш Мектеп білім беру жүйесінің алғашқы әрі соңғы сатысы ретінде қызмет етті. Ел экономикасының жедел қарқынды дамуы барысында Бастауыш Мектептер үлкен әлеуметтік қызмет атқарды. 1960 жылдан бастап жаппай орта білім алуға көшу Бастауыш Мектептің құрылымдық жүйесін, негізгі мақсатын түбегейлі өзгертті. Бастауыш Мектеп жалпы білім беретін орта мектептің құрамындағы бастауыш сыныптарға айналды. Оқу мерзімі 3 жылдық болды. Кейбір аз қоныстанған елді мекендерде ғана Бастауыш Мектеп дербес күйінде қалды. Оқу жоспарына математика, табиғаттану, көркем жазу, ана тілі, орыс тілі, ]]дене шынықтыру]], еңбек пәндері енгізілді. Қоғамның әлеуметтік—экономикалықжағдайы, ғылыми-техникалық жетістіктер, педагогикалық, психологиялық ғылымындағы іргелі зерттеулер ықпалымен Бастауыш Мектептің оқыту мазмұны күрделі өзгеріске ұшырады. 1990 жылдан бастап Бастауыш Мектептің жаңа оқу бағдарламалары жасалды. Оқу мерзімі қайтадан 4 жылдыққа ауысып, оқыту мазмұны тәуелсіздік рухының талабымен қайта жасалды. ҚР-ның “Білім беру туралы заңында” орта білім берудің сатылары: бастауыш (1—4 сыныптар), негізгі (5—9 сыныптар), жоғарғы (10—11 сыныптар) болып нақтыланды.