Нәзір Төреқұлов
Қазақ, 1892 жылы қазан айында Қоқан қаласында қазақтың дәулетті ірі мақта саудагері отбасында дүниеге келген. Басқа нұсқа бойынша, ол қазіргі Қазақстан аумағында Түркістан қаласының маңындағы Қандөз ауылында дүниеге келген деген ақпарат бар. Мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, алғашқы қазақ елшілерінің бірі, дипломат. Орта жүздің алты арысының бірі Қоңырат тайпасы Көтенше тармағының Маңғытай руынан.
Өмірбаяны
- Қоқандағы жәдидтік мектепте және екі жылдық орыс-түзем мектебінде бастауыш білім алған.
- 1913 жылы сондағы коммерцияучилищесін бітіріп, Мәскеудегі коммерция институтына оқуға түскен.
- 1916 жылы 25 маусымдағы патша жарлығы бойынша майданның қара жұмысына алынған жерлестеріне көмек көрсету мақсатымен оқуын тастап, Батыс майданға барған.
- Минскіде Земство одағына нұсқаушы болып жұмысқа кіріп, тыл жұмысына алынғандарға тілмаштық қызмет көрсетіп, олардың мүддесін қорғау бағытындағы іс-шараларға белсене ат салысты. Сонда жүріп қазақ жастарының “Еркін дала” атты астыртын ұйымын құруға жетекшілік етті.
- 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Орынборға оралып, “Еркін дала” ұйымының алғашқы құрылтайын ұйымдастырады.
- 1918 жылғы 16 сәуірден Орынборда “Қазақ мұңы” газетін шығаруды қолға алды. Осы жылы жазда Қоқанға оралып, сонда жұмысшы, диқан және солдат депутаттары кеңесіне қызметке тұрып, оның органы болып табылатын “Халық газетасын” және Түркістан Коммунистік Партия органы “Инқилоб” (Революция) журналын шығаруға ат салысты.
- 1919 жылы Ферғана облысы ревкомының және Түркістан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болды.
- 1920 – 1922 жылы Түркістан Коммунистік Партия Орталық Коммитетінің төрағасы, Түркістан Орталық Атқару Коммитетінің мүшесі және төрағасы, Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің және Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы халық комиссарлар кеңесінің, Ресей Кеңестік (большевиктер) Партиясы Орталық Коммитетінің Түркістан бюросының, Түркістан майданы революциялық әскери кеңесінің мүшесі. Ол осындай лауазымды қызметтерде жүріп дін мәселесіне көп көңіл бөлді. Түркістан Орталық Атқару Коммитетінің төрағасы ретінде барлық мекемелерде демалыс күнін жексенбіден жұмаға ауыстыру туралы және Құрбан айттың үш күнін демалыс күндері деп жариялау туралы қаулыларға қол қойды.
- 1921 жылы “Қызыл байрақ” журналында “Ислам және коммунизм” атты мақала жариялап, онда исламның қоғамдағы атқарып отырған рөліне оң баға берді.
- 1922 – 1928 жылы Мәскеуде КСРО Орталық Атқару Коммитеті жанындағы Орталық баспа басқармасының төрағасы қызметін атқарды. Бұл қызметке кіріскеннен кейін В.И. Ленинніңқабылдауында болып, автономия алған халықтардың тілін мемлекттік тілге айналдыру мәселесін көтерді. Түркі тілдес халықтардың ортақ әліпбиін жасау жөніндегі комиссияға төрағалық етіп, араб әліпбиінен латын әліпбиіне көшуді жақтады. Орталық баспа басқармасының төрағасы ретінде қазақ тілінде “Темірқазық” атты журнал шығаруды ұйымдастырып, оған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев секілді қазақ зиялыларын тартты.
- 1928 – 1932 жылы Хиджазда бас консул болды.
- 1932 – 1936 жылы КСРО-ның Сауд Арабиясындағы өкілетті елшісі болып қызмет етті.
- 1932 жылы маусымда Сауд Арабиясы королінің мұрагері Фейсал әл-Саудтың КСРО-ға ресми сапарын ұйымдастырды.
- Төреқұлов Нәзір елші болған жылдары араб тілін жетік меңгеріп, бірнеше мәрте кіші және үлкен қажылық рәсімін орындады.
- 1936 жылы КСРО Ұлттар кеңесінің жанындағы Орталық тіл және жазу ғылыми-зертханалық институтына қызметке орналасты.
- 1937 жылы шілдеде “халық жауы” ретінде айыпталып, ату жазасына кесілді.
- 1958 жылы 28 қаңтарда КСРО Жоғарғы сотының шешімімен ақталды. Бүгінде Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында Төреқұлов Нәзір есімімен аталатын көшелер бар. Оның есімі Шымкенттегі, Түркістандағы және Шолаққорғандағы орта мектептерге берілген. Түркістан қаласында Төреқұлов Нәзір мұражайы жұмыс істейді.[