ҰЛТ КӨСЕМІ – ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН

БӨКЕЙХАНОВ Ғалихан (Әлихан) Нұрмұхамедұлы (25.3.1866, бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7-ауылы – 27.9.1937, Мәскеу) – қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы. 1886-90 ж. Омбы қаласындағы техникалық училищеде, 1890-94 ж.Санкт-Петербургтегі Орман институтының экономика факультетінде оқыды. 1896-1903 ж. Қазақ даласын зерттеген Щербина экспедициясына белсене қатысты. Сол тарихи кезеңде қазақ халқы үшін ең өзекті мәселе – жер қатынастарын зерделеді, Ресейдің өктем отарлық саясатын саралады. 1905 ж. ресейлік «Халық бостандығы» (конституциялық-демократиялық) партиясының мүшелігіне, 2006 ж. оның Орталық комитеті құрамына енді. 2006 ж. маусымда Семей облысы қазақтары атынан мерзімінен бұрын таратылған І Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланғанымен, алдымен 3 ай Павлодар түрмесіне, Выборг үндеуіне қол қойғаны үшін 3 ай Семей түрмесіне жабылды. 1906 ж. Омбыда шығатын кадеттік «Голос степи», «Омич», «Иртыш», 1908 ж. Петерборда жарық көрген меньшевиктік «Товарищ», кадеттік «Речь», «Слово» газеттерінде редактор, 1908 ж. Самара қаласына жер аударылып, 1909-17 ж. осы қаладағы Дон егіншілік банкі бөлімшесінде жұмыс істеді. 1913-18 ж. Орынбор қаласында шығып тұрған «Қазақ» газетінің тұрақты авторы. 1917 ж. 20 наурызда Уақытша үкіметтің Торғай облыстық комиссары және Түркістан комитетінің мүшесі болып тағайындалды. Осы кезеңде көзқарастарының саяси алшақтығына байланысты кадет партиясынан шықты. Алаш көсемдерінің жетекшілігімен 1917 ж. шілде айында Орынбор қаласында І жалпықазақ съезі өткізіліп, «Алаш» партиясы құрылды. 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен ІІ жалпықазақ съезінде 25 адамнан тұратын Ұлт Кеңесі (аты – Алашорда) құрылып, оның төрағалығына көпшілік дауыспен Ә.Бөкейхан сайланды. 1918-19 жылдардағы Азамат соғысы кезінде Алашорда кеңес билігіне қарсы ашық соғыстарға қатысты, қызылдарды қолдаған қазақтарды жазалады. Кеңес үкіметі 1919 ж. Алаш қайраткерлеріне амнистия жариялаған соң 1920 ж. Қазақ АКСР Егіншілік халық комиссариаты коллегиясының мүшесі, 1922 ж. Мәскеудегі Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты жанындағы Орталық баспаның, 1926-27 ж. Ресей Ғылым академиясының ғылыми қызметкері. Осы жылдары Ғылым академиясы жанынан құрылған профессор С.П.Швецов бастаған экспедицияның құрамына еніп, Қазақстанға жаңа толқынмен ағылмақшы болған қоныс аударушыларға берілер басы артық жердің жоқтығын, тіптен құнарлы жерлер қазақ қожалықтарының өзіне жетіспейтіндігін дәлелдеп шықты. 1926 ж. Мәскеуден ұрықсатсыз шығып кеткені үшін Ақтөбе қаласында ұсталып, Бутырка абақтысына жеткізілді. 1927 жылдың 1 қазанынан бастап оған үнемі ОГПУ орындарының есебінде тұруға тура келді, Мәскеуден ұзап шығуға тыйым салынды. Азаматтық құқығы 10 жыл бойы шектелген Ә.Бөкейхан ақсақал сталиндік репрессия жылдарында қайтадан түрмеге жабылды. Қазақстанда Алаш партиясының құрылуы мен Алашорда үкіметінің коммунистерге қарсылық көрсетуі бойынша барлық жауапкершілікті өз мойнына алды. Ол өзінің кеңестік билікке ешқашан іші жылымағанын, бірақ оны мойындауға мәжбүр болғанын, бар арманы халқының тәуелсіздік алып, ұлттық мемлекет құрғанын көру болғанын мәлімдеді. 1937 жылдың 27 қыркүйегінде КСРО Жоғары соты әскери коллегиясының негізсіз үкімі бойынша атылды. («Алаш. Алашорда. Энциклопедия» кітабынан. Алматы: «Арыс» баспасы, 2009) «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деген Ә.Бөкейхан саясаткер, Алаш қайраткерлерінің көсемі болуымен бірге жан-жақты энциклопедист ғалым, қарымды публицист те болды. Оның өшпес шығармашылық мұрасы бүгінде ондаған томды құрайды. Екі ғасыр тоғысындағы ұлтымыздың әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани жағдайы, әсіресе жер қатынастары, отаршылдық билікке қарсы күрес, қазақ мемлекетін құру мәселелері бойынша құнды-құнды теориялық әрі практикалық зерттеулер жазып қалдырды. Оның көшпелі тұрмыс, дәстүрлі мал шаруашылығы, қазақы қой тұқымдары, жайылым жайы, отырықшылыққа көшу, қала салу туралы жазбалары бүгінде де маңызын жоғалтпаған ғылыми еңбектер. Екі тілді бірдей еркін меңгерген қаламгер аудармашы, редактор, фольклорист ретінде де соңына көптеген рухани мұра қалдырды. Алаш көсемі, ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханның басты аманат-мұрасы – тәуелсіз Қазақ Елін құру, өркениетке ұмтылу, әлемдік қауымдастықта өзіндік ойып алар орны бар ұлттық мемлекет жасақтау болды. Енді осы ой-пікірлердің кейбіріне назар салыңыз. *Мемлекеттігі жоқ халық – жетім әрі жетекшіл халық. Мемлекеттігі жоқ халық – еліктегіш халық. *Ұлттық әскері, ұлттық милициясы жоқ халық – қорғансыз ел. *Қазақ-ау! Түзуің бірігіп, жұрт үшін қам ойлайтын кез келген жоқ па?!. *Біздің замандағы салт: әркім құқына таласу, құқына тартысу; жылау салты артта қалды. Ендігі рәсім: құқы үшін жылау емес, құқын талас-тартыспен қорғау. *Қазақ – баладай аңғал, сүттен ақ, судан таза, бүлінбеген халық. *Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда ғана орындалады. *Бізді ұлтшыл қылған нәрсе – біздің кемдікте, қорлықта жүргендігіміз, көрінгеннен соққы жегендігіміз. *Кітап жазып, газет-журналға мақала шығарып, Алашқа қызмет қылмасақ, басқа жол бөгеулі. *Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. *Біздің қазақ ұлтының автономиясы жерге байлаулы автономия болмақ. *Жер дауы – тәмәм бес миллион қазақ дауы. *Қазақтың байырғы жерін қашан ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмеуі тиіс. *Қазақтың қойының жүні тоқылып, үстіне киім болып, әрбір темірі өзіне түйме болуы тиіс. *Біз бай, білімді, әрі күшті болуымыз керек. Бай болу үшін – кәсіп, білімді болу үшін – оқу керек. Ал күшті болу үшін – бірлік керек. *Байлық түбі – ақыл һәм қол ұсталығы («кәсіп» мағынасында – Ә.Ғ.). *Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден. *Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ынтымақ қана. Қазақ жерінің әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек. *Бөтен кісі қазаққа ешқайдан жақсылық әкеліп бермейді. Өз күшіне, өз қуатына сенбеген адам да, халық та ғұмыр жүзінде бәйге алмайды. Біреуге телмірген адамнан, халықтан қосақ түрткен жетім лақ бақытты. *Жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздеу мақсат. *Бздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса – тарих жолында тезек теріп қалады; бақыт пен махаббаттан тысқары болады: бұл екеуі жоқ жұртқа тіршілік неге керек?!. *Тірі болсақ – алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар! *Бұл болып тұрған заман – Алаштың азаматына зор күш. Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса – Алаштың баласы бақыт, махаббат («жақсы өмір» мағынасында – Ә.Ғ.) жолына түсті! Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере жүрер алдымызда зор шарттар бар! Осыны аңғар, жұртым, қазақ!
Ғарифолла ӘНЕС, профессор