Өзбек жазушысы Шукрулло Юсупов 1952 жылы лагерьге айдалып бара жатқан жолда Қайым Мұхамедхановпен танысқанын өзінің «Погребенные без савана» («Кебінсіз жерленгендер») атты деректі повесінде тебіреніспен еске алады.
«Красноярскідегі этапта жүрген кезімде менің жалғыз жұбанышым қазақ жазушысы Қайым Мұхамедханов болды. Оны біздің вагонға Алматыдан отырғызған еді, жол үстінде танысып, жақын араласып кеттік».
Бұл естелік екі халық қаламгерлерінің тағдырлас кезеңде рухани тірек болғанын көрсетеді. Шукрулло Юсупов өз шығармасында Қайым Мұхамедхановтың адамгершілігін, сабырын және қиын күндердегі демеу болғанын ерекше ықыласпен жазады.
«КЕБІНСІЗ ЖЕРЛЕНГЕНДЕР»
«… Сол күндері менің жалғыз жұбанышым қазақ жазушысы Қайым Мұхамедханов болды. Оны біздің вагонға Алматыда отырғызған еді, жол үстінде танысып кеттік. Суға батып бара жатқан адам сабанға жармасқандай, мен де оның айтқан әрбір жұбататын, көңілге медеу болатын сөзіне сенуге тырыстым. Басқа не істеуге болатын еді? Біз түскен жағдайда адамға күш беретін, үміт сыйлайтын нәрсенің бәріне сенгің келеді екен, ал үмітсіздікке емес. Кейбір тұтқындар тіпті ең қисынсыз қауесеттің өзін соншалық нанымды етіп жеткізетін, еріксіз сеніп қалатынсың.
Қайым Мұхамедхановтың сөздері маған ерекше әсер ететін, өйткені ол да жиырма бес жылға сотталған еді. Ол партия мен үкіметтің қандай да бір шешімі туралы айтқанда, сол шешімді қабылдауға өзі қатысқан адамдай нық сеніммен, қызу әрі батыл сөйлейтін. Ал біздің әңгімеміздің дені солардың төңірегінде өрбитін.
Мұхамедханов денелі, сергек, ақсары жүзді адам еді. Алғаш көргенде-ақ оның ұзақ айлар бойы түрме нарында жатқан тұтқынға мүлде ұқсамайтын кескін-келбеті мені таңғалдырған. Ол өзін алда күтіп тұрған лагерь өмірі мүлде алаңдатпайтындай ұстайтын. Бізді бұл жерде біреу жиырма бес жыл ұстап тұра алады дегенге сенбейтін.
— Жиырма бес жыл! Бұл бос сөз! — деп қызу сөйлейтін ол. — Қожанасыр туралы белгілі әзілде айтылатындай, жиырма бес жылда не есек өледі, не падиша өледі. Осынша уақытта өмір де, саясат та талай өзгереді! Бізде тапшылық көп, бірақ басшылық ауыстырудан тапшылық жоқ. Бүгін Ягода билікте, ертең қарасаң — «халық жауы». Оның орнына Ежов келді. Кейін ол да жау болып шықты, ал оның кезінде сотталғандар босатылды. Қазір Берия билік жүргізіп отыр. Бірақ оның қанша отырарын кім біледі? Оны да кетіреді, орнына басқа біреу келеді де, бәлкім, осы қамалғандардың бәрін босатып жіберер. Біз — ақынбыз. Мен — Қазақ КСР гимнінің авторымын! Біз Кеңес өкіметіне қарсы ештеңе жазған жоқпыз. Бізден қандай жау шығады? Оның үстіне, жақында қылмыстық кодекс қайта қаралады, рақымшылық болады дейді. Ең құрығанда, жеңілдетілген лагерьге түсеміз, ал одан кейін бір-ақ күнде: «Үйлеріңізге қайтыңыздар, жолдастар!» — дейтін уақыт та келер!
Менің не үшін тұтқындалғанымды білген соң, ол қолын бір сілтеп қойды.
— Бұл бос сөз! Ешбір айып дәлелге сай келмейді. Лагерьге барған соң, Мәскеуге хат жазамыз, жергілікті жерлерде не болып жатқанын хабарлаймыз. Бас прокурорға да, КСРО Жоғарғы сотына да, Жоғарғы Кеңеске де шағым жолдаймыз. Тек қағаз жетсе болды, олар тез-ақ тексеріп, бізді босатады, — деп сендірді ол.
Оның өзі осы сөздеріне толық сенді ме, әлде Мәскеу жергілікті жағдайдан бейхабар деп ойлады ма — оны білмеймін. Бірақ оның «жұмсартылған жаза» туралы әңгімелері маған үміт бергендей болды. Ал жоғары орындарға шағымданудан пайда шығады дегенге мен сенбейтінмін. Өйткені өмірде «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген сөздің салмағын жақсы білетінмін. Иә, алғаш ұсталған кезде мен де Мұхамедханов сияқты ойлайтынмын. Бірақ соттан кейін 58-баппен қайта сотталған жүздеген адамдарды көріп, қатты қателескенімді түсіндім. Ел ішінде жаппай тұтқындаулар, ату жазалары мен жер аударулар болып жатқанын Мәскеу білмейді деу мүмкін емес еді. Республикаларда мұндай жаппай террор жоғарының келісімінсіз жүзеге асуы мүмкін емес болатын…»
Дина Мұхаметхан парақшасынан