АҚ ҚАЛПАҚ



(Эссе)

Бағдат. Бағыт. Бағдар

Бір болған соң жыр-әні,
Бізге бүйрек бұрады.
Бағдат деген есімі,
Бағдар беріп тұрады!
(Тақырыптың тұздығы)

Бұл эссені жазу идеясы қадірлі тұлғалар қастерлеген ақ қалпақтың тарихынан туындады. Ол туралы сәл кейінірек…

* * *
Шыр етіп дүниеге келгенде ата-анасы оған Бағдат деп ат қойыпты. Жалпы, есім атаулы сол адамның бүкіл тағдырына әсер етпек деген қағида бар. Сондықтан ырымшыл қазақ перзентіне жақсылыққа шақыратын аттарды таңдап алады. Сәбиінің өзі де, ныспысы да көркем болғанын қалайды.
Баршаға белгілі Бағдат деген есімнің де мән-мағынасы терең. Ежелгі төркініне ой жүгіртсек, «Құдайдың сыйы», «Тәңірдің тартуы» деген ұғымды білдіретінін байқаймыз. Демек, Жаратқанның жарылқауымен дүние есігін ашқан перзент деген сөз. Тәңірдің тартуы саналатын ұлағатты ұрпақтың кейінгі өмір жолы да өзгеше қалыптасатыны күмән тудырмаса керек. Бүгінгі белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Кәрібозұлының ғибратты ғұмырының өнегелі өрістері осы тұжырымымызды бекемдей түседі.
Бағдат ағаның есіміне қанық болғаныма елу жылға жуықтапты. Қалай басталып еді өзі? Жадымды жаңғыртып көрейін. 1978 жылғы қақаған қыстың ортасында Қызылордаға келдік. Желтоқсан айы. Қасымда әкей бар. Мен Арал ауданындағы Қаратерең орта мектебінің оныншы класс оқушысымын. Негізі, басқа бір шаруамен жүрміз. Бірақ екеуміз осы қалаға арнайы келіп, табан тіреп тұрған соң біраз жерді аралағанды жөн санадық. Дәлірек айтқанда, әкей маған облыс орталығындағы педагогикалық институтты көрсеткісі келді. Бұл – шынында да, тарихы терең, байырғы оқу орны. Орыстың әйгілі жазушысы Николай Васильевич Гогольдің атын иеленген. Біздің аймақта бұдан беделді білім ошағы жоқ. Әкейдің де талай рет барып, табан іліктіре алмаған құтханасы. Ең болмаса, бұл институтқа балаларым түссін деп ойлайтын шығар, әйтеуір кешеден бері мені осылай қарай икемдеумен болды. Ал о бастан КазГУ-дің журналистика факультетін көздеп жүрген менің пединститут жаққа аяғым тарта қоймайды. Алайда үлкен кісі жол бастап тұрған соң бармасқа әддің қалмайтыны анық. Институттың сол кездегі бас ғимаратына келдік.
Кірген бетте ұзын дәліздің көрнекті тұсына ілінген құрмет тақтасына көзіміз түсті. Тәуір оқитын студенттердің суреттері жинақталған сияқты. Сол тақтаның жоғары жағында көркем де келісті, жап-жас жігіттің бейнесі тұр. Суреттің етегіне «Бағдат Кәрібозов, филология факультетінің 4-курс студенті. Лениндік стипендиат» деп жазылған. Соған тесіле қарап қалғанымды байқаған әкей: «Апыр-ай, мына баланың әке-шешесінде не арман бар екен?», – деді.
Не айтқысы келгенін ұққандаймын. Жазға салым мектеп бітірген соң осы жерге келіп құжат тапсырғанымды жаны қалап-ақ тұр. Менің алдағы жазда оқуға түсе алмайтынымды, одан кейін де екі-үш жыл салпақтап жүретінімді, ақыры бақ-несібе журфактан бұйыратынын дәл сол сәтте кім болжап білген?!
Әйтсе де осы жолы Бағдат Кәрібозов деген есім миымда мықтап шегеленіп қалды. Арада жылдар өтті. Алматыдағы маңдайалды университеттің аумағы атшаптырым қалашығында үш-төрт рет қыстап шықтық. Мысықтабандап отырып, КазГУ-дің жоғары курсына да жеттік. Жоғары курс болған соң, өте еркінбіз. Қайда барсақ та, жастықтың желкенін керіп жүреміз. Бір күні Зейнолла Қабдолов па, әлде Жанғара Дәдебаев па, солардың бірі жүргізуге тиіс арнайы курс сабағы өтетін аудиторияға келбеті көз тартатын, ақсары жас жігіт кіріп келді. «Бүгінгі сабақты мен жүргіземін», – деді бізге. «Жарайды, жүргізе ғой», – дедік іштей. Өзімізден ары кетсе, бес-алты жастай ғана үлкен-ау. Біздің ортамызда оқуға кештеу түскен, жаңағы жас ағаймен қатарлас студенттер де баршылық еді.
Мына қызықты қараңыз, курсымыздың қағынған қыздары бірден жаңадан келген ағай жақты нысанаға алып, көздерін бір-бір төңкеріп тастады. Ой, құрғырлар-ай! Міне, дәл осы көрініс бізге онша ұнаған жоқ. Лездің арасында өзімізді тасада қалдырып, үренде жоқ, сүренде жоқ, қайдағы бір жас оқытушының жағына шығып кеткен қыз-қырқынға деген өкпеміз қара қазандай еді. Сондықтан бозбала біткен бірінші сабақтың алғашқы жартысы біткенше қырсықтық та отырдық. Сабағымызға сайтандай сап ете қалған жас оқытушыны кекетуге һәм мұқатуға тырысып бақтық. Онсыз да арыстан жалды айбарлы академиктер сабақ беріп жүрген аудиторияға тап болып, абдыраңқырап, айтарынан жаңылыңқырап тұрған ағайдың сөзін қайта-қайта бөле бердік. Ауық-ауық артық-ауыс сұрақ қойып, терлете түскіміз келді. Журфактың өңкей көксоққандары жиылған топтан бұдан өзге не күтуге болар еді?!
Жоқ, жап-жас оқытушымыздың білім-білігі жеткілікті екен! Әдебиет теориясын тәп-тәуір меңгерген. Осы жолы қаузап тұрғаны да – сол пән. Тек біздің ерегесіп отырғанымыздың себебі белгілі-тұғын. Неге тобымыздың бойжеткендері соқталдай болып біз тұрғанда айдаладағы оған қарап қылмыңдайды?! Неге, а?! Дегенмен қыздар қылымсыды екен деп, ағайымыздың соларға көзін сүзетін түрі көрінбейді. Салмақты да сабырлы қалыпқа көшіп, сабағын жалғастыра берді. Сонда да сансыз сауалдың қыспағына алуды қоймаймыз. Ылғи бір кері кеткен сұрақтар. Ол ерінбей-жалықпай жауап береді. Не деген ұстамды адам?!
– Ағай, біздің журфакта неғып жүрсіз? Қайдан келдіңіз өзі?
– Қызылорда пединститутынанмын. Сол оқу орнын бітіргенмін. Биыл осы университеттің аспирантурасына түстім.
– Мә, жерлес екенсіз ғой. Бұл курста бір емес, сегіз қызылордалық бармыз. Сонда енді осы сабақты сіз жүргізесіз бе? Кестеде тұрған профессорлар келмей ме?
– Жоқ, олай бола қоймас. Бүгін тек ағайларыңның орнына жіберді.
«Дұрыс!» дедік ішімізден. Біздің қыздарға сол керек! Жаңа ағайдың төбесі көрінгеннен жырпылдауы жаман еді… Мына жігіт есіктен кірмей жатып шетінен еліріп кеткен-ді…
– Қызылорданың қай жеріненсіз?
– Қазалыданмын.
– Ағай, аты-жөніңізді айтпадыңыз ғой?
– Бағдат Кәрібозов.
Тоқта, осы Бағдат Кәрібозов дегенді қайдан естідім? Лезде ойыма сап ете түсті. Осыдан бес-алты жыл бұрын Қызылорда пединститутының құрмет тақтасынан көрген жігіт екен ғой. Үзіліске шыққан соң армансыз әңгімелесейін. Оқу орнын үздік бітіріпті. Ғылымға бет бұрыпты. Әдебиет теориясын ізденіс нысанасына айналдырыпты. Қазақ лирикасының жанрлық жағын қаузап көрмек. Жетекшісі – академик-жазушы Зейнолла Қабдолов. Ардақты Зейнолла ағамыз екінің бірі қолы жетпейтін биіктегі тұлға екені баршаға белгілі. Ендеше, сол кісінің аспиранттарының санатына қосылған бұл жігіт те тегін болмады. Баяғыда пролетариат көсемі атындағы стипендияны тегіннен-тегін иеленді ғой дейсің бе?!
Тегінде, Сыр еліндегі Арал және Қазалы аудандарының қашаннан бір-біріне жаттығы жоқ. Іргелес жатқан елді мекендердің өзіндік салт-дәстүрлері мен әдет-әдебіне, тіпті сөйлеу мәнеріне дейін ортақ. Бағдат Кәрібозұлының ауылымызға жақын жердегі Қазалыдан болып шығуы мені оған етене жақындастыра түсті. Енді филфактың аспиранты Бағдат ағам екеуміз жиірек араласа бастадық. Сөйлесеміз. Кеңесеміз. Ақылдасамыз. Пікірлесеміз. Ой таластырамыз. Кейде сағаттап отырамыз. Мен ұзамай оқу бітіріп, сол тұстағы ең беделді басылымдардың бірі – «Лениншіл жасқа» қызметке келдім. Сөйтіп, Бағдат Кәрібозұлы сияқты ғылымның өрі мен төрінде жүрген ағаларымның түрлі тақырыпқа жазылған мақалаларын басылым бетіне шығарып тұруға мүмкіндік алдым. Беделді редакцияның босағасынан аттағаныма Бағдат ағамның қатты қуанғаны есімде.
Ол аспирантурасын бітіріп, «Қазақ-совет лирикасының жанрлық сипаты» деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, Сыр топырағына қайтып оралды. Сол кездегі тәртіп бойынша ғылыми дәрежесінің дипломын Мәскеуден алды. Құжатын Кеңес Одағының Жоғары аттестациялық комитеті бекітті. Ғылыми ортада есімі атала бастады. Менің де оған деген құрметім арта түсті. Өзі мақсатына ұмтылып, биік белестерді бағындыруды өмір салтына айналдыра білетініне көзіміз жеткен-ді. Бұдан әрі қарай оның бүкіл ғұмыры Қызылорда мемлекеттік университетімен байланысты болды.
Бәлкім, бауырмал Бағдат ағамыздан жұғысты болған шығар, көп ұзамай біз де әдебиеттану саласына ат қостық. Ғылыми жетекшіміз де басқа емес, Бағдат ағама бағыт-бағдар сілтеген академик Зейнолла Қабдоловтың өзі еді.
Сөйтіп, біз бір шалдың шекпенінің астына жиналдық.

Ұстаз. Ұқсау. Ұлағат

Қамқор болар кішіге,
Қорған болар кісіге.
Қабдоловқа ұқсайды,
Қимылы да, ісі де!
(Тақырыптың тұздығы)

Бұдан кейінгі аралас-құраластығымыз тіпті жиілей түсті. 1993 жылы кандидаттық диссертациямды аяқтап, қорғаудың қамына кірістім. Жетекші ұйым ретінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық институты белгіленді. Қорғаудың тәртібі бойынша жетекші ұйым ғылыми еңбекті талқылаудан өткізіп, диссертациялық кеңеске қорытынды пікір ұсынуы керек. Сондықтан мен Қызылордаға келдім. Бұл кезде Бағдат ағам – филология және тарих факультетінің деканы. Қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушыларын дереу жинап, жұмысты жедел оқып шығу жөнінде тапсырма берді. Көп ұзамай кафедраның тұжырымы қолға тиді. Соның бәрі Бағдат ағамның тікелей басшылығымен жүзеге асты. Талқылауға өзі де қатысып, ой-пікірін айтты. Осылайша ол маған кәдімгідей қамқорлық көрсетті. Ғылым жолындағы алғашқы белесімді игеруіме мейлінше үлес қосты.
Кейінірек ол КазГУ-ге докторантураға келді. «Қазақ өлеңінің ұлттық сипаты» деген тақырып бекітіпті. Докторлық еңбегінің ғылыми жетекшісі де – академик Зейнолла Қабдолов. Бұл тұста біз Алматыдамыз. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистік шеберлік және әдеби өңдеу кафедрасының оқытушысымыз. Бір ғимараттамыз. Филфак журфактың төбесінде. Жиі кездесіп тұрдық. Ара-тұра кітапханада ұшырасып қаламыз. Бірер жылдан соң бұдан да тығызырақ араласуға жол ашылды. 1996 жылдың күзінде Қызылорда гуманитарлық университетінің проректоры болып тағайындалдым. Бұл – аты мен заты ғана ептеп өзгерген сол баяғы пединститут. Бағдат Кәрібозұлы келесі жылы докторлық диссертациясын қорғап, оқу орнына оралды. Бұл кезде қала әкімінің орынбасары қызметіне ауысып кеткен едім. Осылайша екі жыл бойы дария жағасындағы шаһарды мекен еткен кезімде Бағдат ағаммен үнемі кездесетінмін.
Бағдат Кәрібозұлы ұстазды қадірлеу жағынан ешкімге ұпай бермейді. Ол академик Зейнолла Қабдоловты Сыр бойына жиі шақыратын. Зекең де Бағдатты туған баласынан кем көрмеді десек, артық айтқандық емес. Сондықтан ардақты ағамыз қызылордалық шәкіртінің тілегін үнемі қабыл алатын. Сыр еліне әр келген сайын жарқылдап жүреді. Алматыға қайтарында да көтеріңкі көңіл-күймен аттанады.
1997 жылы күзге салым Зейнолла ағаны Қызылорда қаласына шақырдық. Себебі, ол желтоқсан айында жетпіс жасқа толатын еді. Сондықтан әйгілі ғалымның мерейтойын Сыр жұртында да өткізгенді жөн көрдік. Бұл қала арнайы экономикалық аймаққа айналып, жаңарып-жасанып жатқан кез еді. Өзінің дербес басылымы, тіпті телеарнасы бар. Өңірдің бұқаралық ақпарат құралдары атақты академиктің Сыр еліне сапарын жарқыратып көрсетті. Зекеңнің өзі де айрықша риза болды. Бұл ырысты, күрішті Қызылорданың бүкіл өрендері:

Сырдың елі – тұнып тұрған жыр-аңыз,
Сол өлкеге келді бүгін бір абыз.
Мақтамаймыз Қабдоловты тек қана,
Қабдоловпен мақтанамыз мына біз!, –

деп өлеңдетіп жүрген жылдар еді. Бағдат Кәрібозұлы университетте, біз қалалық әкімшілікте ғибратты ғалыммен кездесу ұйымдастырдық. Соның бәріне Бағдат аға мұрындық болғанын айтуға тиіспіз. Кеш өткен ғимараттың қай-қайсысына да жұрт лық толды. Елдің ықыласында шек болмады. Зейнолла аға Қызылордаға ат басын бұрған сайын Бәкеңнің шаңырағына соқпай кетпейді. Бұл жолы да ізетті інісінің төрінде отырып, Салтанат жеңешемнің берекелі дастарханынан дәм татты.
Зекеңнің ғылыми жетекшілігімен докторлық диссертация қорғаған он алты зерттеушінің төртеуі қызылордалық екенбіз. Қорғау ретімен атап өтсек, Бағдат Кәрібозов, Бауыржан Омаров, Амантай Шәріп және Абдул-Хамит Мархабаев. Осы төртеуміздің ішінде жетекшіміздің Бағдатқа деген көңілі бөлек болды. Зекең оны шексіз жақсы көрді. Бұлай болуы заңды да. Ол ғылыми жетекшімізді шын ниетімен күтетін еді. Одан басқамыз академиктің бабын табу жағынан кемшіндеу түсіп жатуымыз мүмкін. Тіпті тұғырлы тұлғаның барлық докторанттары мен аспиранттарының ішінде ұстазға деген ықылас-пейілі тұрғысынан Бағдатқа жететіні жоқ-ау. Зекеңді сағынып, тезірек көргісі келсе, бірден самолетке билет алып, Алматыға ұшып кету оған түк емес-ті. Бағдат жетекшімізді жақсы көргені өз алдына, оған ұқсауға тырысты. Тіпті еліктеді де. Несі бар?!
Шынында да Бағдат Кәрібозұлының сырбаз сәулетінен, келісті келбетінен, салиқалы сөзінен, әсерлі әңгімесінен ұлы ұстазымызға айна-қатесіз ұқсастық көретінбіз. Сондықтан да Зекең оны бәрімізден гөрі жақындау тұтты деп ойлаймыз. Бәкең «Өркениетке өріс» деген кітабында былай деп жазды: «Бірде Зекеңді дені жастар, оқытушылар мен аспиранттар қаумалай қоршап алдық. Ағамыздың көңілді отырған сәті қандай әдемі. Әншейінде нұрлы адам көңілді отырған кезінде жан-жағына шуақ шашқандай тіпті әсерленіп-ақ кетеді.
– Ол, – деді Зекең өзінің әріптес профессоры туралы, – Менің келген жауды түйрейтін найзам ғой.
– Ол, – деді Зекең тағы бір әріптесі туралы, – Қадалғалы тұрған найзаға қарсы қояр қалқаным ғой.
Осылайша Зекең өзінің жақсы көретін әрі әріптес әрі бір кафедрада істейтін дос-жар адамдарының атын атап шықты».
Біз ілгеріректе «Қабдоловтың кафедрасы» деген мақала жазып, ғылыми-педагогикалық ұжым адамдарының портретін кескіндегенбіз. Ал Бәкеңнің көруі басқаша. Ол бөлек ракурстан қарайды, өзгеше таныммен зер салады. Жалпы, Бағдат Кәрібозұлының ұстаз қаламынан шыққан көркем шығармалар мен ғылыми еңбектер туралы жазған дүниелері жеткілікті. Бірақ ол негізінен ғылыми жетекшісінің адами келбетін кейіптеуге ден қойды. Төңірегіндегі жандарға жылу сеуіп, шуақ шашқан ардақты ағаның ішкі әлеміне тереңірек үңілді. Сөйлеген сөзінен сыр ұқты, ой өрнегінен өнеге алды.
Ұстаз ұлағаты жөнінде толғанған ширақ шәкірттің мына бір пікіріне көз салайықшы. Автордың эмоциясы ақтарылып-төгіліп-ақ тұр. Көңілдегі толқынысы мен жүректегі бұлқынысын жұрттан жасыра алмайды: «Дәл осы сәт біздей жас әдебиетшілер үшін образбен ойлаудың үлгісіндей-ақ еді. Табиғатында суреткер жанның қас-қағым сәтте қолмен қойғандай жанды бейнелер тудырғанының куәсі болдық. Бір қызықтысы, ағамыздың образ тудыру үстінде роліне енген ұлы әртістей шырайланып сала бергені. Шабыттанып алған соң оның ажарланып, әруақтанып кеткенін сездік. Жарқыраған жүзінен көз ұялатындай жап-жарық… Көздері от шаша күлімдейді…».
Осынау образды және ойлы тіркестерге қарап, Бағдат ағамыз ғылыммен айналыспай-ақ, бірыңғай көркем шығарма жазғанда да көштің алдын бере қоймайды екен ғой деп ойлайсың. Бағдат Кәрібозұлының «Кісілік кілтипаны» атты осынау эссесі академик Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» атты роман-эссесінің кейбір тұстарын еске салады. Зекең Мұхаңның дана дидарын сөзбен сомдаса, Бәкең Зекеңнің келісті келбетін бейнелей білді. Бәрібір оның жазғанынан ұстазының әсері молынан байқалып тұрады. Әсіресе, «Мен таңдандым. Өмірімде бірінші рет табиғатында талантты адамның шабытты шағының бақытты да шағы болатынын ойлап кеттім. Осы таңданысым талант табиғаты, суреткерлік бітім-болмыс туралы көп толғанысқа түсіп жүретін кейінгі сәттерімнің бастамасы болды», – деген сөйлем бұған дәлел бола алады.
Бір байқағанымыз, Бағдат Кәрібозұлы әр тұжырымын «ойлану» ұғымымен өрнектеуге бейімдеу екен. Бұл да Зейнолла Қабдоловтың болмыс-бітімін дәл танытатын сүбелі сөздің бірі. Оның да кейіп-кескіні, жан дүниесі, таным-тағылымы «ой» түсінігімен өзектес екені белгілі. Осы жағынан да шәкірт Бағдат абыз ақсақалдың қастерлі қасиеттерін бойға сіңірген сынды. Автордың: «Зекең сынды адамдарды, кейде ойлаймын, қарапайым пенделердің құдайын еске түсіру үшін жаратқан ба деп…», – деген тұжырымы кіршіксіз көңілін танытса, «Ойлап үлгергенім, Зекең өмірден сұлулық іздейді екен. Қарапайым, бірақ барынша ақсүйек ағамыздың жан қалауы – табиғат пен адамдар арасындағы үйлесім, үндестік екен… Зекең – үндестік…», – деген толғамы эстетикалық әсерін әйгілеп, талғампаздығының тұғырын биіктетеді.
Ұстазға ұқсай білудің өзі де үндестік пен үйлесімнің белгісі екен ғой…

Зерде. Зерттеу. Зерлеу

Базардайын алыпты,
Барша жұртқа танытты.
Балқы Базар Бағдатқа,
Бақ-береке дарытты!
(Тақырыптың тұздығы)

Бағдат Кәрібозұлының ғылыми еңбектерінің ішінде «Сырлы сөз сипаты» және «Базар жыраудың әдеби мұрасы» атты монографияларының орны бөлек. Алғашқысында қазақ өлеңіндегі ұлттық сипаттың жай-күйін қозғаса, кейінгісінде қазақ әдебиетінің тарихында айрықша із қалдырған айтулы жыр жүйрігінің жыр-толғауларын қаузады. Әсіресе Базар жыраудың болмысын тұғалауға көп уақытын жұмсады.
Сыр өңірінде ғұмыр кешкен Базар жырау Оңдасұлының шығармашылығы толғамының тереңдігімен, ойының ұтқырлығымен, сөз кестесінің көркемдігімен ерекшеленеді. Руханиятымыздың асыл қазынасына қосылған сөз сүлейінің мұрасы қай кезде де зерттеуден кенде болған жоқ. Жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарда үнемі аты аталды. Оның өлең-жырлары әр жылдарда басылып шыққан «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды» атты антологиялық жинақтарға енгізілді. Тіпті кеңес дәуірінде «Советский писатель» баспасының Ленинград бөлімшесінен шыққан «Поэты Казахстана» атты аса беделді антологияда ақын өлеңдері Вс.Роджественский мен Вл.Цыбиннің аудармасымен жарияланып, «Базар был поэтом, который, больше чем кто-либо из его собратьев, живших во второй половине ХІХ века, следовал исконно древним традициям. Высокохудожественные стихотворения Базара, написанные в форме афористических наставлений, затрагивали такие вопросы, как смысл человеческой жизни, проблемы морали и этики, и имели в свое время широко распространение в народе», – деп баға берілді. Оның терең ойға жетелейтін тағылымды термелері халық арасында ұдайы орындалып жүрді. Сондықтан Сыр сүлейлерінің ішінде Базар жыраудың есімі ел-жұртқа көбірек танымал болды.
Мұхтар Әуезов оны тұтас бір жүзжылдықты қамтыған қайғы-шер поэзиясы өкілдерінің санатына қосып, «Бұл дәуірге аты белгілі ақындардан кіретін көп болуға керек еді. Өйткені арғы заманның Сыпыра жырауы, Қазтуғаны, бергінің Алаша Байтоқ жырауы, Базар жырауы, Досқожасы болсын – барлығы да зар заман дәуірінен үлкен орын алатын ақындар», – деп тұжырымдайды. Ал қолына түскен бірқатар өлеңін жеріне жеткізе талдап, Базардың «сөзге жүйрік, ойлы ақын екенін сезген» Мағжан Жұмабаев 1923 жылы «Ақ жол» газетінде жарияланған «Базар жырау» атты мақаласында «Шынында, Базарың көр-жерді өлең қылып, көрінгенді мақтайтын құр мал тапқыш болмас. Асса, елдің қамын ойлаған, қалса, өзінің ойына терең бойлаған «кеңесі кеңінен келетін» ақын екендігі өлеңінен байқалады», – деп байлам жасапты.
Қазақ әдебиетінің ең сүбелі құндылықтарын жинақтаған «Бес ғасыр жырлайды» антологиясына енген Базар жыраудың «Сөйле десең, сөйлейін», «Өзімдей-ақ ұл туар», «Әлі де сенде арман жоқ», «Тілек», «Жиырма бес», «Әр кемелге – бір зауал», «Жәмиғы қазақ бір туған», «Тіршіліктің түрлері», «Әлеуметтер, құлақ сал» және басқа терме-толғаулары – шоқтығы биік туындылар. Бұл жинақты құрастырушылар: «Бұқар жырау мен Махамбеттен кейінгі толғау алыбы – Базар жырау. Ол кітаби ақындар мен сарай ақындарына да ұқсамайды. Шығармаларының мазмұны мен тақырыбы қазақ өмірінің шындығынан туған», – деп түсініктеме береді.
Базар Оңдасұлының мұрасын алғаш рет жинақтап, жеке кітап етіп бастырып шығарған зерттеуші Шәрібек Алдашұлының жанкешті еңбегін ерекше атап өтуге тиіспіз. Жыр жампозының шығармалары кең таралған аймақта туып-өскен ол баға жетпес рухани байлықтың жоқ-жітігін түгелдеуге өлшеусіз үлес қосты. Ш.Алдашевтің тұжырымдауынша, «Балқы Базардың өз төңірегіндегі басқа барша сүлейлерге сырсандық, шеберхана болғаны анық».
Кейінірек Бегділдә Алдамжар құрастырған Балқы Базардың «Назбедеу» жинағы да ғылыми ортаның назарын аударып, мұраны түгелдеуге мол үлес қосты. Онда Сыр сүлейінің толғаулары, жырлары, термелері, арнаулары, сын-сықақтары, дастандары топтастырылды.
Сонымен қатар, жыр алыбының шығармашылығын арнайы зерттеп, ғылыми еңбек қорғаған, «Балқы Базар жырау» атты монографиясын жарыққа шығарған Серікбай Қосан базартануға елеулі еңбек сіңірді. Ол М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорынан, Орталық ғылыми кітапханадан, мұрағаттардан жыраудың өлең-жырларын іздеп тауып, жаңаша текстологиясын түзді. Кейін фольклоршы ғалым Б.Жүсіпов екеуі баспаға дайындаған Базар жыраудың «Жәмиғы қазақ бір туған» атты кітабына жаңаша көзқараспен ғылыми түсініктемелерін ұсынды.
Белгілі ғалым Бағдат Кәрібозұлы да ұзақ жылдардан бері Базар жырау шығармашылығын зерттеумен жүйелі түрде айналысып келеді. Қазақ поэзиясының теориялық мәселелерін зерделеп, әдебиеттанушылар қауымына кең танылған ол даңқты Сыр сүлейінің өлең-толғауларын қай кезде де назардан тыс қалдырған емес. Ғалымның Базар жырау туралы мақалалары ғылыми басылымдарда тұрақты жарияланып тұрды. Кейін ол бұл тақырыпқа мықтап ден қойып, 2009-2011 жылдар аралығында Қызылордадан республикалық ғылыми-танымдық «Базар жырау» журналын шығарды. Осы басылым Базар шығармашылығын зерттеушілердің рухани орталығына айналды. Қиындық қыспағына байланысты шығуын тоқтатқан журналдың жарық көрген мерзімі базартанудың берекелі белесі болып саналады. Бұл турасында әдебиеттанушы ғалымның өзі: «Базар жырау» журналының мақсаты – кешегі-бүгінгі Сыр елінің тарихы мен мәдениеті, өнері туралы ғылыми мақалалар мен еңбектерді, сондай-ақ үлгілі көркемөнер туындыларын үнемі жариялап отыру, сөйтіп, оқырмандарымыздың, әсіресе жастарымыздың көзін ата-бабасының адамзат өркениетін жасауға араласқанына, тексіз, төркінсіз жұрт болмағанына жеткізу», – деп ой толғайды. Ғылыми басылым Базар жырау туралы барлық зерттеулерді бір арнаға шоғырландыра алды. Осының бәрі «Базар жырау» журналының бас редакторы, профессор Б.Кәрібозұлының тынымсыз еңбегінің арқасында жүзеге асқаны талас тудырмайды.
Б.Кәрібозұлының бұл тұрғыдағы тағы бір жемісті қадамы – Базар жырау мұрасын 200 томдық «Сырдария кітапханасы» жобасы аясында бастырып шығаруы. Ол бұл жинаққа арнап алғы сөз жазып, жыр жүйрігінің парасатты поэзиясының ерекшеліктері жөнінде ғылыми байыптама жасады. Ғалым осы кезге дейінгі зерттеулердің барлығын сараптай отырып, бүгінгі көзқарас тұрғысынан өзіндік ой түйеді. Оның мақсат-мұраты – ой-тұжырымдардың әркелкілігіне талдау жүргізіп, өз танымы бойынша баға беру, деректер мен мәліметтердің бірізділігін орнықтыру. Замананың әрқилы белесіндегі қоғамдық ой сана деңгейінен айтылған пікірлердің анық-қанығын саралап, қорытынды шығарғанды жөн көреді. Зерттеуші бұл тақырыпқа атсалысқандардың бәрінің еңбегіне құрметпен қарайды. Олардың жетістіктерін үнемі атап көрсетіп, үздік үлгілерін көпке танытуға ұмтылады. Яғни, зерттеу мәдениетін толығымен сақтайды.
Ғалым өзі қызмет істейтін оқу орны – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіндегі Базар шығармашылығын зерттеу жұмыстарын ұйымдастырудың ұйытқысы болып отыр. Кейінгі буынның тек ақынның мұрасын оқып-игеріп қана қоймай, оны салмақтап-саралап, талдап-таразылауға тікелей атсалысуына да мүмкіндік туғызуда. Әдебиет тарихы мен теориясының маманы ретінде Сыр сүлейінің өлең-толғауларының әр қырынан қарастырылуына ықпал етіп келеді. Б.Кәрібозұлы осыған орай «Базар жыраудың әдеби мұрасы филолог мамандар даярлау барысында курстық, дипломдық жұмыстарға, магистрлік, кандидаттық, докторлық диссертацияларға зерттеу нысаны болып келе жатқанын» атап көрсетеді.
Зерттеуші Базар жыраудың өмірі мен шығармашылығына қатысты мәліметтердің дәлдігін анықтауға көбірек көңіл бөледі. Осы тұрғыдан алғанда, жыраудың туған жылы мен әкесінің атына байланысты бірқатар деректер даулы болып жүргенін айтуға тиіспіз. Мәселен, Базардың әкесі бірде Оңдас, біресе Өтеміс делінеді. Елге кең таралған поэзиялық антологияларда оның туған жылы 1842 жыл деп көрсетіледі. Сондай-ақ Ханғали Сүйіншәлиев бұл датаны 1839 жыл, Шәрібек Алдашұлы 1841 жыл, Серікбай Қосан 1940 жыл деп танытады. Ал Бағдат Кәрібозұлы жырау шығармашылығын ұзақ жыл зерттеген Шәрібек Алдашев еңбектеріне, ақын ұрпақтарының естеліктеріне, тарихшы Жұмамұрат Шәмшінің «Базар жырау» атты мақаласына сүйене отырып, жыр жүйрігі 1841 жылы туған деген тұжырымға тоқталады.
Ғалым Базар шығармашылығын саясаттың ыңғайында талдаған зерттеушілердің қателігін көрсетіп, қайта қалыптауға күш салды. Әсіресе, жыраудың шыққан тегіне, күнделікті тіршілігіне, шығармашылық өрісіне байланысты жаңсақ кеткен тұстарды айқындауға барынша атсалысты. Ол бұл тұрғыда төрелікті Базар толғауларының мәтінінен іздеді. Логикалық қисынға салып қараса, өлең сөздің деректік сипатының өзі көп нәрсеге көз жеткізетін тәрізді.
Зерделі зерттеушінің түйін-тұжырымы осыған саяды.

Толғау. Талғау. Талдау

Сөздің сөлін сақтайды,
Сәйгүліктей баптайды.
Сөйлегісі келсе егер,
Сүлейлерше саптайды!
(Тақырыптың тұздығы)

Бағдат Кәрібозұлы Базар жырау шығармашылығындағы тарихи деректер мен тұлғалардың мәліметтеріне де жете мән берді. Ол сөз сүлейін өз заманының жылнамасын хатқа түсірген шежіреші ретінде танытты. Базар мұрасының өлкетану ісіне мол үлес қосатынын атап айтты. Белгілі зерттеушінің: «Өз өлкесі мен елінің елеулілерінің есімдерін елеп, өмірін көркем шежіреге айналдыра отырып жырлау – Базар жыраудың дара қолтаңбасы. Бүгінгі сырбойылықтардың жоғарыда аталған есімдерге бей-жай қарай алмайтыны, ата-бабаларының атын естіп, жанын түлетіп, санасын жаңғыртатыны – өнердің арқасы, Базар арқылы бізге жеткен мағыналы мағлұмат, құнды деректің әсері екенін айтуымыз керек», – деген пікіріне осы тұрғыдан ден қойған жөн.
Ғалымның бұл тақырыптағы зерттеулерінің маңызды бөлігі – Базар жырау толғауларының көркемдік кестесі. Ол ақынның сөз қолданыстарына, бейнелік құралдарының сипатына, кейіптеулерінің өзіндік ерекшелігіне жете мән береді. Базардың «Әр кемелге – бір зауал» толғауын талдай келіп, «Адам, аң-құс, жануарлар бейнесі типтендіріле отырып, өмір құбылыстарының мәні ашыла түседі, дүниенің жалғандығы мен өткіншілігі, өзгермелілігі «батыр – бір оқтық, бай – бір жұттық» дегендейін ыңғайда жырланады», – деп ой түйеді. Жырау философиясын түсініп-түйсінуі де өзгеше. Зерттеушінің ұғымына тоқталсақ, «Желге жеткізбес жүйрік аң, кер құлан, назбедеу тұлпар, қыран бүркіт, бай мен батыр, – Базарша айтқанда, бәріне де зауал бар, мәңгілік еш нәрсе жоқ».
Базар Оңдасұлының толғауларындағы басты тақырыптың бірі – адам бойындағы түрлі қасиеттер. Өмір құбылыстарына аса жетік жырау келеңсіздіктерді санамалай отырып, қашанда адам болып қалуға үндейді. Оны жалаң күйінде жеткізбей астарлы оймен, қатпарлы тұспалмен аңғартады. Тіршіліктің мәнін ұғып, маңдайға жазылған ғұмырды мағыналы етіп өткізуге шақырады. Бір-біріне қарама-қарсы ұғымдарды өзара шендестіру арқылы елдің көзін ақиқатқа жеткізу мақсатын ұстанады:

Атамыз алыс болғанмен,
Жәмиғы қазақ бір туған.
Бір бәлеге жолығар,
Есебін таппай сөз қуған.
Тозғанмен түрі өзгермес,
Шойынменен тең болмас,
Тұтқасы күміс жез құмған,
Басында іспет бермесе,
Ағармас күнде бет жуған…

Танымы терең, ойы оралымды, сөзі салмақты шайырдың өлең-толғауларындағы мазмұн мен көркемдіктің осындай мағыналы мысалдарын жан-жақты саралаған зерттеуші өзінің тұжырымдарын әдебиет теориясының қалыбына салады. Б.Кәрібозұлы өз еңбектерінде үнемі тоқталатын жырау мен оның кейіпкерлері мәселесін қатар қарастырып, бедерлі байыптама жасайды. «Базар жырау өзі көтеріп отырған мәселенің мәні мен маңызын осы кейіпкерлерінің адамдық мінез-құлқы мен адамгершілік қасиетін ашу арқылы дәлелдеп береді. Дәл осындай жанрлық сипат толғаудың әдебиет туындысы тұрғысынан негізгі қызметі – өмір мен адам танытушылық функциясын толық атқарып шығуына мүмкіншілік жасайды», – дейді ол.
Б.Кәрібозұлы Базар жырау шығармаларын жанрлық жағынан жіктеп, оның әр жанрды жетілдіруге қосқан үлесін айқындауға да ден қойды. Әсіресе, ақын мұрасында көп кездесетін үлгінің бірі – толғау тәсілі. Бұл қазақ әдебиетіндегі барлық ақын-жыраулардың өлең-жырларын өрнектейтін әрі кеңінен таралған жанр. Әдебиет теориясын зерттеушілердің толғау туралы толғамдары жеткілікті. Ал Базар жырау толғаудың сипатын әрлендіруге қандай үлес қосты дегенде, Б.Кәрібозұлының ұсынымы мынадай: «Толғау-өлеңге әдеби кейіпкерлерді молынан енгізе отырып, жанр жүгін деректі, нақтылы тарихи адамдар туралы айтумен ауырлата түсу – Базар жыраудың суреткерлік тұрғыдағы қазақ өлеңіне қосқан үлкен жаңалығы».
Ғалымның нақтырақ танытуға ұмтылған мәселесі – Базар жыраудың дүниетанымы. Жалпы, жыраулардың өмірді ұғынуында ұқсастық байқалғанымен, әр тұлға өзіндік көзқарасымен айқындалады. Дүниені тану бар да, оны жыр арқылы бейнелеп түсіндіру бар. Сол тұрғыдан алсақ, қай жыр жүйрігі қандай амал қолданады деген сауалға жауап іздеуге тура келеді. Мәселе жыраудың шығармашылығында дүниенің бейнесі қалай кейіптелетініне байланысты. Б.Кәрібозұлының зерттеуіне жүгінсек, «Өмірлік дүниетанымын өз тағдырымен қосөрім толғап отыру – Базар жыраудың әсіресе, өмірінің соңғы кездерінде шығарған жырларына тән ерекшелік. Әр нәрсенің ақиқатын анық тани алған ойшыл жырау, бәрібір, өмірдің өтпелілігіне, дүниенің қысқалығына өкінеді».
Базар жыраудың аса көркемдікпен жырлаған тақырыбы – сөз өнері мен тіл мәселесі. Жыр жүйрігі бойына бидің болмысы дарыған азамат ел тағдырын қара сөзбен жоқтап, ұлт мүддесін қызыл тілдің құдіретімен таныта алатындай болуы керек деп санайды. Жырау әлеуметтің бас көтерер игі жақсыларын сөзді жұптай білуге үндейді, намысын жанып, қайрап-қанаттандырады («Айтқыр деп сені кім айтар, Көп алдында сөзіңді, Күйбеңдеп жатсаң айта алмай»), қызыл тілді қолдана білсе, алапат күшке айналатынын аңғартады («Ашылып сөздің тоғаны, Әл бермейтін бөгеуге, Сарқырап селдей қаптаса»).
Базар Оңдасұлының сөз сиқырын бедерлеген толғау-термелері ел ауызына кеңінен таралған:

Сөз асылын теріп айт,
Ақын болсаң бал таңдай.
Ызғытып айда даусыңды,
Іңірде көшкен шайтандай.
Семізін сөйле сөзіңнің,
Мың жылқының ішінде,
Он жылғы қысыр байталдай.
Сөз нөсерін тасқындат –
Тастан-тасқа секірген,
Тау жайлаған арқардай.

Бұл жағынан да зерделі зерттеуші Б.Кәрібозұлының айқын ұстанымы бар. Ол жыраудың толғауларындағы «Құмарын тарқат, алқаның», «Сөйле, тілім, жосылып», «Сөйле десең, сөйлейін», «Қимылдап қал, қызыл тіл», «Суық сөз құлаққа емес, көңілге мұз» деген әсерлі тіркестерге айрықша назар аударады. Бұл шұрайлы тіркестердің бірқатар толғауларға атау болып тұрғанын да қағыс қалдырмайды. Шешендік өнердің оқулығы секілді Базар термелерінің мазмұнына жіті үңіледі. Сөйтіп, «Базар жыраудың біздіңше, басқа әріптестеріне қарағанда қаттырақ көңіл бөлген мәселесі – тіл, сөз. Осылардың адамдар қарым-қатынасындағы, ел өміріндегі орны. Әсіресе, жырау тілдің, сөздің қоғамдық, өнерлік сипатына айрықша тоқталып отырады. Тіл мен сөздің қоғамдағы, өнердегі орнын белгілеп, оған анықтама беруге Базар жырау бірнеше толғауларында айналып соғып отырған», – деп қорытынды жасайды.
Қазақтың көшпенді өміріндегі, жарасымды тіршілігіндегі тұлғалар да Базар жырау мұрасын айшықтай түседі. Ол әр ұғымның мән-маңызын, оның ұлт дамуындағы орнын бедерлі сөзбен, көркем тілмен бейнелейді. Базар мұрасын зерттеуші ғалым мәселеге осы қырынан келуді де ұмытпайды. Сондықтан оның «Қас жүйрік, батыр мен балуан, көсем мен шешен, бай мен би, арулар жайлы тереңнен толғанады. Образды ойлаудың бейнелілігі, көркем тіл жағынан дәстүрлі қазақ поэзиясын осы тұста да Базар жырау анық ақындық қолтаңбамен байыта түскенін байқау қиын емес», – деген байыптамасын ғылыми еңбегінің түйіндемесі деп ұққан абзал.
Б.Кәрібозұлының жырау шығармаларындағы дін тақырыбы жөнінде де берік байламы бар. Ол «Бір ғажабы, Базар жырау толғауларында о дүние, бұл дүние деп жырлау, діни сарындар мен ұғымдарға бір жақты бой ұру атымен жоқ», – деп тұжырымдайды. Сондай-ақ ғалым сөз зергерінің арнау өлеңдері, тәмсіл сөздері, дастандары мен хикаялары туралы оралымды ой өрбітеді. Әсіресе, зерттеуші Базар жыраудың «Айна-тарақ», «Әмина қыз», «Мақпал-Сегіз» дастандарының көркемдік сипатын айқындауға көбірек көңіл аударады.
Жалпы, ғалым бұл тақырыпты жан-жақты қарастырып, Базар жырау жөніндегі барлық зерттеулерді үйлестіру міндетін мойнына алған деуге болады. Сол себепті ол осы мәселеге қатысты әрбір деректі ой елегінен өткізіп, тосын тұжырым, қисынды қорытынды жасай біледі.
Осылайша, белгілі әдебиеттанушы ғалым Бағдат Кәрібозұлының Базар жырау шығармашылығы туралы зерттеулері жүйелілігімен, тереңдігімен, салмақтылығымен даралана түседі.

Ынсап. Ырыс. Ыждағат

Айтқан сөзі ақ болды,
Ақиқатқа жақ болды.
Алыптардың қалпағы,
Ағамызға бақ болды!
(Тақырыптың тұздығы)

Ардақты ағамен таныс-біліс болғалы біраз жыл өткен-ді. 2008 жылы мен Сыр бойына тағы да қызметке келдім. Бұл жолы облыс әкімі аппаратының басшысымын. Сан-салалы аппарат жұмысына қоса, идеология мәселесіне жауапты шенеунікпін. Міне, осы жерде Бағдат ағам екеуміздің жолымыз қайта түйісті. Ол университетте ұзақ жыл проректор болып, енді ғана осы оқу орнының Қорқыттану және өлке тарихы ғылыми-зерттеу институтының директорлығына ауысып жатыр екен. Қызылорда облысының әкімі, ұлт руханиятының жанашыры Мұхтар Құл-Мұхаммед оған өңірде туып-өскен қаламгерлердің 200 томдық шығармалар жинағын «Сырдария кітапханасы» сериясымен әзірлеуді тапсырыпты.
Біз келгенде Бағдат Кәрібозұлы бұл іске білек сыбана кірісіп, шағын топпен тынымсыз жұмыс жүргізіп жатты. Қайда көрсең де, қолына буда-буда қағаз ұстап жүреді. Бұл оңай шаруа емес-ті. Жоспарлы тізімге енген авторлардың бұрын басылған дүниелерін қайта қарайды. Көптомдықты шығару тәртібіне сәйкес, өзіне қажетті шығармаларды іріктеп алады. Сыр сүлейлерінің бүгінге дейін кітап болып шықпаған өлең-толғауларының қолжазбасын іздейді. Оны қолға түсіргеннің өзінде жұртшылыққа ұсынылатын кітаптың текстологиясын түзу – қияметтің қияметі. Әр томға алғы сөз дайындайды, жинаққа енгізілетін туындыларға ғылыми түсініктеме жазады, сосын библиографиясын түзеді. Оның осындай көк бейнетке түсіп отырған сәтіне сан мәрте куә болдық. Сондай жанкешті жұмыстың арқасында сырлы сөздер мен жауһар жырларды тоғыстырған «Сырдария кітапханасы» оқырманға жол тартты. Еліміздегі үлкенді-кішілі кітапханалардың төрінен орын алды. Екі жүз томдықтың әрқайсысында серияның бас редакторы, профессор Бағдат Кәрібозұлының қолы тұр.
Бағдат ағамыз бұл кезде кемеліне келген әдебиеттанушы ғалым болып қалыптасқан еді. Әдебиет теоретиктері қажет болған жағдайда ғибратты ғалымның «Сырлы сөз сипаты» атты монографиясына жүгініп тұрады. Өйткені мұнда сөз өнеріндегі ұлттық сипат мәселесі жан-жақты қарастырылған. Әдебиет тарихы мен әдебиет теориясынан диссертация қорғаушылар бұл еңбекке соқпай өтпейді. Шынында да, байламы берік, бәсі бөлек «Сырлы сөз сипаты» әдебиеттанушылар арасында отыз жылдан бері үзбей пайдаланылып келеді. Өйткені бұл – академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың жетекшілігімен қорғалған докторлық диссертацияның монографиялық нұсқасы. Сондықтан әдебиеттану ғылымының беделі биік кезде жарық көрген кітаптың әр сөйлемі бағалауға лайық деп білеміз.
Зерделі зерттеуші сол еңбегінде: «Әдебиеттің ұлттық сипатын әдеби бейнелер жүйесінен іздеуіміз орынды деп ойлаймыз. Өйткені көркем әдеби бейне табиғатында әдебиетке тән барлық сыр-сипат, қадір-қасиет бар. Әдеби бейне – ұлт әдебиетімен бірге жасасып келе жатқан тарихи категория. Әдеби бейнелер тарихы, сондықтан сол әдебиеттің де тарихы болады. Әдеби бейне өмірі әдебиеттің ішкі мазмұнын, тыныс-тіршілігін құрайды. Міне, осылардың барлығы қазақ өлеңінің ұлттық сипатын әдеби бейнелер жүйесінен іздеуімізге негіз қалады», – деп толымды тұжырым жасап, жаңаша көзқарасқа жол ашты. Бұл кітап бірқатар ізденушінің бағыт-бағдарын түзеуіне септігін тигізді деп ойлаймыз. Жаңалығы жеткілікті, жазылуы жатық монография әлі күнге дейін ғылыми айналымда жүр деп сеніммен айтуға болады.
Өзін әдебиет теоретигі ретінде жан-жақты қырынан таныта білген Бағдат ағамыз әдебиеттанудың бірқатар саласына олжа салды. Алдымен, әлемдік әдебиеттану үдерісіндегі жаңалықтарды санаға сіңіріп отырды. Жалпы адамзатқа ортақ үлгілі үрдістен шет қалмауға тырысты. Ізденістерін де соған бейімдеп, соны соқпақ салды. Екіншіден, Сыр сүлейлерінің шетсіз-шексіз мұрасын қажымай-талмай зерттеушілердің қатарына қосылды. Соның ішінде әйгілі жыр жүйрігі Базар Оңдасұлының шығармаларын жеріне жеткізе талдап-таразылады. Өлең өрісіндегі орны бөлек Базар жыраудың толғау-термелеріне өзгеше көзқараспен зер салды. Үшіншіден, арғы-бергі әлеуетті әдебиеттанушылар мен қарымды қаламгерлердің шығармашылық портретін кейіптеді. Бұл тұрғыдан алғанда, жаттандылықтан аулақ болып, өзіндік жол табуға ұмтылды. Төртіншіден, өзіне ұнаған әдеби немесе ғылыми еңбектерді ерінбей-жалықпай оқып, мазмұнды мақалалар жазды. Әсіресе, жаңа кітап авторларына тілеулестік танытты. Бесіншіден, үнемі жас буынға қолдау көрсетті. Олардың ғылыми шығармашылығы жөнінде ұдайы пікір айтып, қанаттандырып отырды. Осының бәріне уақытын жеткізді.
Бағдат Кәрібозұлының «Қайран сөз», «Беталыс», «Өркениетке өріс», «Ынсап», «Ырыс», «Ыждағат» және басқа кітаптары – өз оқырманын тапқан дүниелер. Әсіресе мына кейінгі үш кітабының атауына назар аударыңызшы. Ынсап. Ырыс. Ыждағат. Бұл – автордың өмірлік ұстанымы секілді ұлағатты ұғымдар. «Ынсабың берік, ыждағатың мол болса, ырысқа кенелесің» дегенге саяды. Бұл басылымдардың ортақ тақырыбы «Адам – ғылым – қоғам» немесе «Ғалым – ғылым – ғибрат» деген мәселелердің төңірегінде тоғысады. Ол жеке адам туралы қалам тербесе де, белгілі мәселені қаузаса да, оқылатындай етіп жазады. Яғни, іске кірісерден бұрын оқырманын ойлап отырады.
Бағдат ағамыздың ғылым жолында қолына тиген құндылықтары мен жәдігерліктері жетіп артылады. Оның әрқайсысының өзіндік тарихы бар. Әрбірінің сыртында белгілі бір тұғырлы тұлғаның сұлбасы тұр. Соның біріне қатысты ой өрбітелік.
Былтыр ол кісінің Астанадағы үйінде болдық. Әдебиеттануға ат қосқан бірер інісі бас қосқанбыз. Сәлден соң ардақты ағамыз әрқайсысымызға арнайы сый бермек ниеті бар екенін аңғартты. Кезек бізге келгенде, арғы бөлмеден қырғыздың кәдуілгі ақ қалпағын алып шықты. Бұл ақ қалпақ Алатауға Ала-Тоодан келген дүние екен. О баста Қазақтың Қабдоловына Адамзаттың Айтматовы сыйға тартыпты. Осынау қастерлі бас киімнің Шоң Шыңғыстың қолына қалай түскені және Заңғар Зейнолланың шаңырағында қанша уақыт сақталғаны жөнінде нақты мәліметіміз жоқ. Бізге белгілісі – алыптардың ақ қалпақты аялағаны, ірілігі мол інісінің айбары мол ағасына тарту еткені.
Академик Зейнолла Қабдоловтың Алматыдағы пәтерінде аз-кем аялдаған ақ қалпақ көп ұзамай Сыр бойына көшеді. Дәлірек айтқанда, Зейнолла аға оны өзінің талантты шәкірті, ғибратты ғалым Бағдат Кәрібозовқа сыйлайды. Бағдат ағамыздың елу жасқа толған мерейтойы кезінде тапсырады.
Ақ қалпақты бақандай он сегіз жыл сақтаған Бағдат ағамыз сол күні өз шаңырағында болған сәтімізде бізге табыс етті. Мұны қазақ-қырғыз әдеби байланыстарын зерттеп жүргенімізге деген құрметі деп ұғындық. Ұғындық та оның ағалық ыстық ықыласына жылындық. «Алыптардың рухы шат болсын! Бағдат ағамызға мықты денсаулық тілейміз! Қош келдің, ақ қалпақ!», – деп тілек айттық.
Сөйтіп, Бағдат ағамызды қай жағынан алғанда да, ұстазымыз Зейнолла Қабдоловқа ұқсатамыз. Сөйлеу мәнері де, жүріс-тұрысы да, іс-қимылы да Зекеңді көзге елестеді. Абай атамның «Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз» деген қастерлі қағидасы тұрғысынан қарасақ, ширақ шәкірттің ұлағатты ұстазға барынша ұқсап баққаны анық. Сондай-ақ, оны тек ұқсаған емес, болған шәкірті деп те бағалау керек шығар.
Бағдат Кәрібозұлының академик Зейнолла Қабдоловтың «Бүтін бітім» тұлғалық тұжырымдамасына толық сай келетін зиялы зерттеуші екеніне дау жоқ. Бұл анық енді…
Алыптар аялаған ақ қалпақтың бір тағылымы – осы…
Бауыржан Омарұлы
(«Сыр бойы» газеті, 25 сәуір, 2026 жыл)

https://www.facebook.com/share/p/18Wiog2p8F/

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *