Саяси жүйе ұғымы, тұжырымдар
2. Саяси жүйе құрылымы және қызметтері
3. Саяси жүйе типологиясы
Мақсаты: қоғамның саяси жүйесінің мәнін ашу, саяси жүйені қалыптастырушы элементтерді анықтау.
Қоғамның саяси жүйесі – саяси институттардың, саяси рольдер мен қатынастардың, процестердің, саяси, әлеуметтік, құқықтық, идеологиялық кодекстерге, мәдени нормаларға, тарихи дәстүрлерге және нақты қоғамның саяси тәртібінің ережелеріне бағынатын қоғамның саяси ұйымдарының принциптерінің жиынтығы.
Саяси жүйеге саяси билік ұйымы, қоғам мен мемлекет арасындағы қатынастар кіреді және олар саяси процестер ағымын, саяси іс-әрекеттерді сипаттайды. Саяси жүйе қоғамның барлық элементтерінің кірігуін (интеграциялануын), яғни саяси биліктің орталықтан басқарылуын қамтамасыз етеді. Оның негізгі элементі мемлекет болып табылады. Мемлекет саяси институттарды заңдар жүйесімен, саяси коммуникацияларды таптармен, әлеуметтік топтармен, ұлттық-этникалық құрылымдар арқылы өзара байланыстырады, адамдардың саяси іс-әрекетінің, саяси процестердің дамуының негізгі бағыттарын бақылайды.
Саяси жүйе ұғымы XX ғасырдың ортасында ғана терең негізделіп, кең тарала бастады. Саяси жүйені Дэвид Истон, Толкотт Парсонс, Габриель Алмонд, Карл Дойч сияқты ғалымдар зерттеген.
Парсонстың зерттеуінше әлеуметтік-экономикалық және мәдени факторлардың әсер етуі арқылы өзіндік жеке ерекшеліктері бар саяси жүйе моделін қалыптастырды. Истон саяси жүйені шешімдерді қабылдау және орындауға ықпал ететін әртүрлі және өзара байланысты іс-әрекеттер жиынтығы ретінде қарастырды. Ол саяси жүйені организмге теңеу теориясын жасады, яғни сыртқы ортамен байланыс арқылы әрдайым дамып және өзін-өзі реттеп отырады. Зерттеуші жүйенің қызмет ету процесін «кіріс» және «шығыс» принципі арқылы түсіндіреді.
«Кіріс» арқылы халық билікке әртүрлі мәселелер бойынша өзінің талап-тілектерін қоя алады. Талаптарды элитарлы құрылымның қарауы нәтижесінде шешім қабылданып, «шығыс» арқылы мемлекеттік саясат актілері, заңдар, қаулылар түрінде халыққа қайта беріледі. Кері байланыс механизмі саяси жүйеге өзіндік бақылау жасап, дамып отырады.
Әдебиеттерде саяси жүйе құрылымының төмендегіше компоненттері беріледі:
1) институционалды – қоғамның саяси ұйымдарының жиынтығы арқылы қалыптасады. Оған мемлекет, саяси партиялар, әлеуметтік-экономикалық және басқа да қоғамдық ұйымдар, БАҚ, шіркеу жатады;
2) нормативті-регулятивті – конституция, партиялардың жарғылары мен бағдарламалары сияқты қолданыстағы саяси және құқықтық нормалар, саяси өмірді реттейтін саяси әдет-ғұрыптар мен процедуралар;
3) функционалды, саяси іс-әрекеттердің түрлерінен және бағыттарынан, әртүрлі саяси процестерде, билікті жүзеге асыру әдіс-тәсілдерінен көрінеді;
4) ақпаратты-коммуникативті – саяси жүйенің ішіндегі өзара қарым-қатынас формаларын қамтиды, мысалы, партия мен мемлекет арасындағы, саяси және экономикалық жүйелер арасындағы, бір ел мен екінші елдің саяси жүйелері арасындағы.
Саяси жүйенің негізгі қызметтері:
— қоғамның мақсаттары мен міндеттерін анықтайды;
— қоғамның іс-әрекеттерін әлеуметтік-саяси мақсаттар мен бағдарламаларды жүзеге асыру үшін ұйымдастырады;
— материалды және рухани құндылықтарды тиімді бөледі және игереді;
— әртүрлі әлеуметтік топтар мен мемлекет мүдделерін білдіреді;
— қоғамдағы адамдар мен топтардың мінез-құлық ережелерін белгілейді;
— саяси құрылымның ішкі және сыртқы қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді;
— саяси сананы қалыптастырады, қоғам мүшелерін саяси қатысуға үндейді;
— заңдар мен ережелердің орындалуын бақылайды.
Қоғамның саяси жүйесі барлық елде бірдей емес. Ол әрбір қоғамның өзіндік ерекшеліктеріне қарай құрылады, өзгеріске түсіп дамиды. Сондықтан, қоғамның алуан түрлі саяси жүйесін талдап, жіктеу арқылы, олардың ұқсастықтарына қарай типтеу арқылы толығырақ түсінуге болады:
1. сыртқы ортамен қатынасына қарай: ашық және жабық;
2. саяси мәдениет деңгейіне қарай (Алмонд): англо-американдық (азаматтардың саясатқа белсендігілі), континентальды-авропалық (азаматтардың заңды тыңдауы), индустрияландыруға дейінгі (адамдардың саясатқа саналы емес түрде қатысуы), тоталитарлы;
3. саяси тәртіп сипатына қарай: тоталитарлы, авторитарлы, демократиялық.
Бақылау сұрақтары:
1. Қоғамның саяси жүйесі дегеніміз не?
2. Қоғамның саяси жүйесінің құрылымы қандай?
3. Қоғамның саяси жүйесі неліктен ұзақ жылдар бойы зерттелмеді?
4. Қазақстандық саяси жүйеге не кіреді?
5. Қазақстанның саяси жүйесін жіктеңіз.