Электр тартылымды монтаждау

Құрылыс қиыстырмасы бойымен тікелей ашық электр тартылымдарды монтаждау;

2. Арқансымдық электр тартылымдарды монтаждау;

3. Науаларда (лотоктарда) және қораптарда электр тартылымдарды монтаждау.

1. Құрылыс негіздемесі және қиыстырмасы бойымен тікелей төселген, ашық электр тартылымдарды монтаждау

Құрылыс негіздемесі (қабырғалар, аралық қабырғаларда, төбелерде) және қиыстырмасы (фермалар, бағаналар, арқалықтар) бойымен тікелей төселген сымдармен (кабелдермен) ашық электр тартылымдар орындалады, жарықтандыру мен күштік электр қондырғыларды қоректендіру үшін мал шаруашылық кешендерінің негізгі өндірістік, көмекші-қосымша және басқа үйлері мен ғимараттарында қолданылады.

Электр монтаждау жұмыстары дайындау, дайындама және жеке монтаждау жұмыстарынан тұрады.

Дайындау жұмыстарына монтаждау орындарында орындалатын белгілеу, тесу және басқа жұмыстар кіреді. Электр тартылым трассасын белгілеу сызығын мүмкіндігінше қиылыссыз көлденең және тік жазықтықтарда жасайды. Төбеден 100…200 мм, ал карнизден, арқалықтан, есік пен терезе үңіректерінен – 100 мм-ге дейін сымдар қашық болуы тиіс.

Электр тартылымды қорғалмаған сымдармен таза еден деңгейінен 2,5метрден кем емес биіктікте орындалғаны дұрыс. Жоғары қауіпі жоқ үйжайларда және 42 В тораптар үшін – 2 метрден кем емес. Бұл талаптар қабырғаларда немесе еденде орнатылатын электр қондырушы бұйымы мен электр жабдығын түсірулерге қатысы жоқ. Қорғалған сымдар мен кабелдерді төсеу биіктігі нормаланбайды.

Жарықтандырғышқа, ажыратқышқа, розеткаға және с.с. тармақты орындау үшін тармақтаушы қорапшалар орнатылады. Сымдар үшін 400 мм-ден және кабелдер үшін 500 мм-ден артық емес адыммен аралық бекітулер орындалады. Қорапша, жарықтандырғыш, ажыратқыш, розетка және с.с. шетінен 100 мм-ден артық емес қашықтықта сымдардың соңғы бекітпелерін орындайды.

Қорғалмаған 1-тарам сымның иілу ішкі радиусы, оның сыртқы диаметрінен 3 еседен кем емес болуы тиіс; қорғалған сымдар мен кабелдер – пластмассалық оқшауламада 6 еседен кем емес және резиналық оқшауламада 10 еседен кем емес болуы тиіс.

Қабырғалар, жаппалар арқылы сымдар мен кабелдердің өтпе орындарына немесе олардың сыртқа шығуына құбырдың (трубаның) кесіндісін пайдалану қажет. Жанбайтын және қиын жанатын қиыстырмалар арқылы өтпелер пластмассалық құбыр кесінділерінде орындалуы тиіс, ал жанатын қиыстырмалар арқылы – саңылауларын жанбайтын материалмен тығыздалуымен винипласталық немесе жұқа қабырғалық болат құбырларда орындалуы тиіс.

Дайындама жұмыстарын электр тартылым элементерін және ірі монтаждау бөлшектерін дайындау арнайы электрмонтаждау дайындама шеберханаларында (ЭДШ) немесе цехтарда жүргізіледі. Бұл кезде сәйкес келетін механикаландыру құралдары мен технологиялық желісін пайдаланады.

Ашық электр тартылымдар тікелей жанбайтын және қиын жанатын бет бойымен сымдар арқылы төселеді:

АПВ, АППВ, АПРН, АПРФ – құрғақ үйжайларда;

АПВ, АППВ, АПРИ, АПРФ – шаң-тозаңды үйжайларда;

АПВ, АППВ, АПРН, АПРИ – ылғалды үйжайларда;

АПВ, АППВ – дымқылды және ерекше дымқылды үйжайларда;

АПРФ, АПРН – ыстық үйжайларда.

Тікелей жанатын негіздеме бойымен сымдарды төсейді:

АПРФ, АПРН, АППР – құрғақ үйжайларда;

АПРН – шаң-тозаңды, ылғалды, дымқылды, ерекше дымқылды үйжайларда;

АПРФ – ыстық үйжайларда.

Тікелей барлық құрылыс бетінің бойымен, үйжайлардың барлық категориялары үшін АВРГ, АНРГ, АВВГ және АПВГ-С кабелдерін төсеуге болады.

Сымдар мен кабелдерді бекіту болат жолақшалармен иірілумен, перфорацияланған тілім темірлермен, бір және екітабаншалық қапсырмалармен және басқалармен жүргізіледі. Қапсырма ретінде ені 10 мм-ден кем емес және қалыңдығы 0,25…0,5 мм ақ қаңылтырды пайдалануға рұқсат етіледі.

Қабырғалар мен төбелерге сымдар мен кабелдерді бекіту үшін БМК-5к желімінің көмегімен желімдеу, қондыру бұйымдарын, қораптарын, бөлшектерін бекіту тәсілі практикада таралу ала бастады. Бетон, темірбетон, шлакбетон, керамзитбетон, кірпіш, шыны, металл және ағаш құрылыс негіздемесіне бөлшектер желімденеді. Сыланған, бояуланған, ақталған, май сіріңілген және дымқыл негіздемеге бөлшектер желімделмейді. Тек қана статикалық жүктемені алып жүретін бөлшектер мен бұйымдарды желімдеуге болады: пластмассалық тармақтаушы қорапшалар, сымдар мен кабелдерді бекітуге арналған пластмассалық және металл бөлшектер, ағаш подрозетниктер және т.б. Желімдеу ауданы 6см2-тан кем болмауы тиіс, бір желімделетін бөлшекке түсетін жүктеме 20Н аспауы тиіс.

Сымдар мен кабелдерді тікелей құрылыс негіздемесіне желімдеу рұқсат етілмейді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *