Көне түркілік дүниетанымдағы діни-мифологиялық ұғымдар

Көне түркілік дүниетанымдағы діни-мифологиялық ұғымдар

1. Ата-бабалар рухы – аруаққа тағзым идеясының тілдегі бейнесі.

2. Көне түркілердің мифологиялық дүниетанымындағы Ұмай және Құт ұғымдарының тілдегі көрінісі.

Дәріс мақсаты: Көне түркілік кезеңдегі мифологиялық дүниетанымның діни дүниетанымға ұласу жолдарын көрсету. Ұмай және Құт ұғымдарының мәнін ашу.

1. Ата-бабалар рухы – аруаққа тағзым идеясының тілдегі бейнесі.

Тамырын тереңнен алатын Тәңірлік идеясының бір буынын ата-баба рухын ардақтау салты құрайды. Көне түркілер өлімді ешбір адам қашып құтыла алмайтын ақиқат ретінде таниды: «Інім Күлтегін қаза болды. Уақытты Тәңірі жасар, адам баласының бәрі өлгелі туған» (КТү, 50). Бұл түркілер дүниетанымындағы өлім жайлы нақты түсініктердің қалыптасқанын көрсетеді. Көне түркілердің аруаққа құрметінің ерекше түрі «жоқтау айту», «көңіл айту», «аруақтың құрметіне сый тарту» салт-дәстүрлері: «Жылап-сықтаған: әуелі күн шығыстан Бөклі шөлінің елі, табғаш, тибет, авар, үрім, қырық аз, үш құрықан, отыз татар, қытан, татабылар сонша халық келіп, жылап-сықтады» (КТү, 4).

Ата-бабалар рухына құрмет көне түркілердің жерлеу дәстүрінен де орын алған, археологиялық қазба жұмыстары көне түркілерде жерлеу кезінде қойдың мүшелері толық салынған «табақ тарту» дәстүрі сақталғанын көрсетеді. Бұл көне түркілер үшін де, қазақтар үшін де өлі мен тіріге бірдей құрмет көрсету негізгі қағида болғанын айғақтайды. Қазақтар дүниетанымында орын алған жоқтау дәстүрі, арнайы айтылатын жоқтау сарыны, ата-бабаны қастерлеп, оның аруағына сыйыну үрдісі де Көне түркілерден жалғасып келе жатқан халқымыздың ежелгі дәстүрі.

1. Көне түркілердің мифологиялық дүниетанымындағы Ұмай және Құт ұғымдарының тілдегі көрінісі.

Орхон ескерткіштері тілі деректері Ұмай культінің VІІ-ІХ ғғ. түркілер танымында ерекше орын алған қасиетті ұғымдардың бірі екенін көрсетеді: «Он жасында Ұмай тектес шешем қатынның құтына інім Күлтегін ер атанды» деген үзіндіден түркілердің дүниеге ақылды да ержүрек ұл әкелген хан әйелдерін Ұмайға теңегенін, батыр ұлдың өсуіне жағдай жасаушы кие ретінде танығанын аңғарамыз. Ал Тониқуқ ескерткіші мәтініндегі «Тәңірі Ұмай, қасиетті Жер-су. Жеңіс сыйлай берген екен» (Тон, 38, 39, 40) деген жолдардан Ұмайдың жауынгерлердің қорғаушысы, күші басым қарсыластарына төтеп беретін қуат беруші, жеңіс сыйлаушы қасиетін көреміз.

Араб тілінде ана, шеше сөзі ум түрінде айтылуы Умай мифонимінің семантикалық уәжін «өсу, өну» ұғымымен байланыстырушы пікірдің негізділігін көрсетеді. Көне түркілер тілінде кеңінен қолданылып, қазіргі түркілер тілінде сақталып қалғаан Ұмай лексемасы жалпытүркілік мифологиялық дүниетанымды бейнелейтін мифологиялық концептінінің адамзатқа «өмір мен тіршілік», «денсаулық пен салауаттылық», «әдемілік пен әсемдік» сыйлаушы кие мәнін сақтаған тілдік репрезентациясы.

 VІІ-ІХ ғғ. түркілер дүниетанымында ерекше орын алған қасиетті ұғым Құт адамзатқа өмірлік күш-қуат, несібе, ырыс-береке, байлық, абырой-атақ, бедел әкелуші кие. Көне түркілердің Тәңірлік дүниетанымы аясына кіретін Ұмай, Құт ұғымдары халықтың сан ғасырлық тәжірибесі мен таным-түсінігі арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан, белгілі бір дәрежеде халықты адамгершілікке, тазалық пен әдептілікке тәрбиелеу құралына айналған архаикалық құндылықтар жүйесіне жатады.

Глоссарий: Мифологиялық дүниетаным, діни салттар, ата-бабалар рухы, аруаққа құрмет, жоқтау айту дәстүрі.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *