Диагностикалаудың жаңа тәсілдері мен құралдарын жасау электр жабдықтарын тексеруден кейін, алдыңғы қатарлы техникалық эксплуатациялауға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде жөндеу жұмысының көлемін оларды өткізу мерзімін анықтауға, сондай-ақ электрлендірілген техникалық жарамсыз деп табу кезіндегі электр жабдықының күйін анықтауға мүмкіндік беретін кейбір жүйелерді енгізудің алғы шарттары бар.
Осы бағытты дамыту үшін В.П.Тарановтың, диагностикалау негізінде электр жабдықтарын жөндеу мен техникалық қызмет көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі жасаған ұсынысы бар. Онда электр жабдықтарының негізгі түрлерін диагностикалау тәсілдері қорытылған және оларды техникалық қызмет көрсету мен ағымдағы жөндеу жүргізу құрамына кіретін жұмыс үлгілерімен ұштастырған.
Техникалық қызмет көрсету кезінде диагностикалауды электр жабдықтарының техникалық жалпы күйін бағалап, келесі техникалық қызметке дейін жөндеу тілемейтін кепілдік беру үшін жүргізеді. Диагностикалау көлемі электр жабдықтарының техникалық жалпы күйінен хабар бере алатын өлшемдерінің негізгі бөлігін өлшеумен шектеледі.
Ағымдағы жөндеу кезінде негізгі тораптар мен бөлшектердің қанша уақытқа дейін жұмыс жасау мүмкіндігін анықтап, оларды жөндеу немесе ауыстыру қажеттігін біліп, электр жабдықын күрделі жөндеуден өткізу мерзімі туралы дұрыс шешім қабылдау үшін диагностикалайды.
Электр қозғалтқыш орамаларының тұрыққа қарағанда және фазалар аралықындағы оқшаулағыштарының техникалық күйі, егер өтіп кету тоғы нормадан артпайтын болса, қанағаттанарлық деп есептеледі. Егер өлшенген тоқтың азаюы жеткілікті мөлшерде болса, бірақ шамамен өзара бірдей болса, онда оқщаулағыш тым ылғалданған немесе тым кірлеген. Егер фаза нүктелеріндегі өтіп кетуі тоғының айырмашылықы 1,5…2 еседен асса, онда фазаның оқшаулағышында жергілікті ақаудың болғаны. Ақаудың қайда екенін анықтау үшін, алдымен фазаның ақаулы оқшаулағышы бар орамасы мен тұрық арасындағы өтіп кету тоғын, басқа фазалардың орамаларын жермен жалғастырылмай тұрып, одан соң жерге жалғастырып, өлшейді. Бірінші өлшемде өтіп кету тоғы көп болса, онда фаза орамаларының тұрықпен арасындағы оқшаулағыштың ақаулы болғаны, екінші жағдайда фаза аралық оқшаулағышта ақау бар. Ротордың техникалық күйін бірнеше тәсілмен анықтауға болады. Ең жиі кездесетін зақымдану ротор орамалары өзектерінің үзілуі. Роторлардың қысқа тұйықталған орамалары өзектерінің үзілгендігінің белгісі, жұмыс кезінде жүк ауырлаған сайын, діріл мен шудың көбеюі. Мұндай электр қозғалтқыштың сырғанануына байланысты діріл амплитудасы мен шудың жиілігінің ауық-ауық өзгеруі байқалады. Ротордың қысқа тұйықталған орамаларының өзегі үзілген кезде, электр қозғалтқыштың қоректену көзіне жалғанған амперметрдің тілі мерзімдік тербеліске түседі.
Іс жүзінде ротордың қысқа тұйықталған орамаларының техникалық күйін анықтауда, статор орамасының тоғын роторды қолмен айналдырып отырып өлшейді. Ол үшін статордың бір-екі фазасын кернеуге (0,1…0,15)U_н қосады. Роторды ақырын айналдырып отырып, қоректендіру желісіндегі тоқты өлшейді. Статор орамасындағы тоқтың өзгеруі ротор орамасының (өзегінің) үзілгенін білдіреді.
Тоқтың өзгеруі зақымданған өзектердің саны мен өзара орналасуына байланысты. Егер тоқ өзгеруі орташа мәніне қарағанда 10 %-дан аспайтын болса, электр қозғалтқышты жөндеусіз немесе роторын ауыстырмай-ақ пайдалануға болады. Ротор орамасы өзегінің зақымданған жерін қозғалтқышты бөлшектеген соң анықтайды.
Электр қыздырғыштарға техникалық қызмет көрсету процесінде техникалық диагностика жасағанда қыздырғыштардың оқшаулағыштарының кедергісі мен тұтынатын тоғын, ал ағымдық жөндеу кезінде оған қоса қыздырғыш элементтердің кедергісін, автоматты реттеуіштің жұмысы мен қондырғының шыға берісіндегі жылытатын ортаның температурасын өлшейді.
ЖЕЖ жүйесі бойынша төмен вольтты аспаптардың техникалық күйін бағалау үшін диагностикалық мынадай өлшемдерді анықтау ұсынылады: катушка оқшаулағышы, катушка мен тоқ өткізетін бөліктерінің оқшаулықыштары. Аспаптың магнит өзегімен немесе жермен жалғанған бөліктері мен оқшаулағыштың арасындағы өлшенген кедергісі 0,5 МОм-нан кем болмауы керек (100 В-ке арналған мегометр).
Түйіспелік жүйелерде аспаптың қалыпты тоғына келтірілген тұрақты тоқ кернеуінің азаюы, мына мәндерден артпауы керек: қалыпты тоқтар 50 А болғанда магнитті қосқыштар мен автомат ажыратқыштарда — 0,07 В (одан аз тоқта 0,11 В); сырғымалы түйіспелі аспаптарда (айырғыштар мен қатпарлы ажыратқыштарда) — 0,02 В.
Автоматты ажыратқыштардың электр магниттік ағытқыштары. Жұмысқа қосу тоғы тағайыншама тоғынан 30 %-дан көп артпауы керек. А3120, А3130, А3140, АП-50 ажыратқыштары үшін, тағайыншама тоғынан 15 %-дан көп артпауы тиіс.
Автоматты ажыратқыштардың жылулық ағытқыштары. Температура 25°С кезінде жұмысқа қосу уақыты 1 сағат, 30 минут және 10 с., ретінше тоқпен жүктеу 1,1; 1,35 және 6I_н, мұндағы I_н – қорғалатын тізбектің қалыпты тоғы;
Токпен істейтін жылу релесі. Тоқ 1,25I_н кезінде ажырату уақыты 20 минуттен аспауы керек. Қорғалатын тізбектің қалыпты тоғында жылу релесі қорғалатын тізбекті ажыратпау керек.
Техникалық диагностикалау жұмыстарын инженер, техник және эксплуатациялау ережесін және қауіпсіздік техникасының ережесін білетін, тәжірибелі электромонтерлер орындайды. Жұмысты орындаушы қауіпсіздік техникасы бойынша кемінде ІV маманданған топқа жатуы, ал буынның (звено) қалған мүшелері кемінде ІІІ топға жатуы тиіс.
Бақылау сұрақтары мен тапсырмалар.
Техникалық диагностика дегеніміз не?
Электр жабдықтарын сақтандыру сынақы туралы айтып беріңіз.
Оқшаулағыштар мен электр түйіспелерді диагностикалауға не жатады?
4. Электр жабдықтарын техникалық қызмет пен ағымдық жөндеу кезінде диагностикалау туралы айтып беріңіз.