16.Алқабилердің қатысуымен сот өндірісін жүргізу ерекшеліктері.

Алқабидің:

      1) iстiң мән-жайларын өзiнiң iшкi нанымы бойынша өз бетiнше бағалау және алқабилер алқасының алдына қойылатын сұрақтарға жауап беру мүмкiндiгін алу үшiн сотта қаралатын дәлелдемелердi зерттеуге қатысуға;

      2) процеске қатысушыларға төрағалық етушi арқылы сұрақтар қоюға;

      3) заттай дәлелдемелердi, құжаттарды тексерiп қарауға, жергілікті жердi және үй-жайларды тексерiп-қарауды жүргізуге, сот тергеуiндегi барлық басқа да әрекеттерге қатысуға;

      4) төрағалық етушiге заңнама нормаларын, сондай-ақ сот отырысында жария етiлген құжаттардың мазмұнын және iске қатысты өзiне түсiнiксiз басқа мәселелердi түсiндiрудi сұрап өтiнiш жасауға;

      5) сот отырысы кезiнде жазбалар жасауға құқығы бар.

Алқаби:

      1) сот отырысында тәртiп сақтауға және төрағалық етушiнiң заңды өкiмдерiне бағынуға;

      2) алқабидiң мiндеттерiн атқару үшiн, сондай-ақ сот отырысында үзiлiс жарияланса немесе iстi тыңдау кейiнге қалдырылса, сот талқылауын жалғастыру үшiн сот көрсеткен уақытта келуге;

      3) сотқа келуге мүмкiндiгi болмаған жағдайда, төрағалық етушiге келмеудiң себептерi туралы алдын ала құлағдар етуге мiндеттi.

Алқаби

      1) iстi тыңдау кезiнде сот отырысының залынан кетуге;

      2) iстi тыңдау кезiнде сот құрамына кiрмейтiн адамдармен төрағалық етушiнiң рұқсатынсыз iс бойынша сөйлесуге;

      3) iстi талқылау барысында мәлiметтердi сот отырысынан тыс жинауға;

      4) жабық сот отырысына қатысуына байланысты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы мәлiметтердi жария етуге, сондай-ақ кеңесу бөлмесiнiң құпиясын бұзуға құқылы емес.

      5. Алқабидiң өз мiндеттерiн атқармауы, сондай-ақ осы бапта көзделген шектеулердi сақтамауы заңда белгiленген жауаптылыққа, сондай-ақ төрағалық етушiнiң алқабидi iстi қарауға одан әрi қатысудан шеттету мүмкiндiгiне әкеп соғады.

Сот тергеуi аяқталғаннан кейiн алқабилер қатысатын сот тараптардың жарыссөзiн тыңдауға көшедi. Алқабилер қатысатын сотта тараптардың жарыссөзi екi бөлiктен тұрады.

      1. Жарыссөздiң бiрiншi бөлiгi мемлекеттiк айыптаушының, жәбiрленушiнiң, қорғаушының және сотталушының сөздерiнен тұрады, олар сотталушының бұрынғы сотталғандығын еске салмай, оның кiнәсiнiң дәлелденгенi немесе дәлелденбегенi жөнiндегi өз ұстанымдарын баяндайды.

      Тараптар алқабилер қатысатын соттың қарауына жатпайтын мән-жайларды еске салмауға және сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге сiлтеме жасамауға тиiс. Төрағалық етушi мұндай сөздердi үзiп тастайды және алқабилердiң үкiм шығару кезiнде осы мән-жайларды есепке алмауға тиiс екендiгiн оларға түсiндiредi. Төрағалық етушінің өкіміне бағынбаған кезде процеске қатысушыға осы Кодексте көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін.

      2. Жарыссөздiң екiншi бөлiгi мемлекеттiк айыптаушының, сондай-ақ жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердің және жауапкердiң немесе олардың өкiлдерiнiң, қорғаушының және сотталушының сөздерiнен тұрады, оларда сотталушының әрекеттерiн саралау, жаза тағайындау, азаматтық талап қою мәселелерi бойынша ұстанымдары баяндалады. Жарыссөздiң екiншi бөлiгi алқабилердiң қатысуынсыз өткiзiледi.

Жарыссөздiң әрбiр бөлiгiнде сөз сөйленiп болысымен жарыссөзге қатысушылардың бәрiнiң реплика айтуға құқығы бар. Соңғы реплика айту құқығы қорғаушыға тиесiлi. Сот жарыссөздерінің екінші бөлігінде репликалар алқабилер жоқ кезде айтылады.

Сотталушы жасады деп айыпталып отырған іс-әрекеттердiң әрқайсысы бойынша мынадай:

      1) іс-әрекеттiң орын алғаны дәлелдендi ме;

      2) бұл іс-әрекеттi сотталушының жасағаны дәлелдендi ме;

      3) бұл іс-әрекеттiң жасалуына сотталушы кiнәлi ме, – деген үш негiзгi сұрақ қойылады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *