214-бап. Куәдан және жәбiрленушiден жауап алудың ерекшелiктерi
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жауап алу алдында куәнiң, жәбiрленушiнiң күдіктiге қандай қатысы бар екенiн анықтайды, оларға процестік құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi, айғақтар беруден бас тартқаны үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертедi. Бұл ретте сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам куәнің, жәбiрленушiнің өзiнiң, жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын әшкерелейтін, сондай-ақ ал діни қызметшінің тәубеге келу үстінде өзіне сырын ашқан адамдарға қарсы айғақтар беруден бас тартуға құқылы екенiн түсiндiруге мiндеттi. Бұл құқықты пайдаланбаған куәге, жәбiрленушiге олардың көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертiледі.
2. Егер куә жауап алуға заң көмегін көрсету үшін шақырылған адвокатпен бірге келсе, онда адвокат жауап алу кезінде қатысады. Жауап алу аяқталғаннан кейін адвокат жауап алудың мәні бойынша ескертулер беруге және жауап алу хаттамасына енгізілуге тиіс өтінішхат мәлімдеуге құқылы.
3. Қалған жағдайда куә мен жәбiрленушiден жауап алу осы Кодекстiң 210-бабының қағидалары бойынша жүргiзiледi.
215-бап. Кәмелетке толмаған куәдан немесе жәбiрленушiден жауап алу ерекшелiктерi
1. Он төрт жасқа дейiнгi куәдан немесе жәбiрленушiден жауап алуға қатысу үшін, ал сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қалауы бойынша он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi куәдан немесе жәбірленушіден жауап алуға қатысу үшін педагог және (немесе) психолог шақырылады. Кәмелетке толмаған куәдан немесе жәбірленушіден жауап алу кезінде оның заңды өкiлдерi қатысуға құқылы.
2. Он алты жасқа дейінгі куәлар мен жәбiрленушiлерге олардың айғақтар беруден бас тартқаны және көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн жауаптылығы туралы ескертілмейді. Мұндай куәлар мен жәбiрленушiлерге процестік құқықтары мен міндеттерін түсіндіру кезінде оларға тек қана шындықты айту қажеттігі көрсетіледі. Кәмелетке толмаған куә мен жәбiрленушiге оның өзiнiң немесе жақын туыстарының қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын әшкерелейтін айғақтар беруден бас тарту құқығы түсiндiріледі.
3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген адамдардан жауап алу кезінде қатысып отырғандарға жауап алынып отырған адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзушылық туралы, хаттамаға енгiзiлуге тиiс ескертулер жасау, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның рұқсатымен жауап алынып отырған адамға сұрақ қою құқығы түсiндiрiледi. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қойылған сұрақты қабылдамауға құқылы, бірақ оны хаттамаға енгізуге және қабылдамаудың себебiн көрсетуге тиіс.
216-бап. Күдіктiден жауап алу ерекшеліктері
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жауап алудың алдында күдіктіге оның қандай қылмыстық жазаланатын әрекетті жасады деп күдік келтіріліп отырғанын хабарлайды, сондай-ақ оған айғақтар беруден бас тарту құқығын қоса алғанда, осы Кодекстің 64-бабында көзделген құқықтарды түсіндіреді.
2. Cотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктіге оған келтірілген күдіктің мәнін түсіндіре отырып, күдіктінің қылмыстық құқық бұзушылық жасауда өзін толық немесе ішінара кінәлі деп мойындайтынын не өз кінәсін мойындамайтынын анықтайды.
Күдіктінің жауап беруден бас тартуы оның өз кінәсін мойындамауы ретінде бағаланады.
3. Жауап алу күдіктiге келтірген күдік жөнінде және iс үшiн маңызы болуы мүмкін барлық басқа мән-жайлар бойынша айғақтар беруiн ұсынудан басталады.
4. Осы Кодекстің 67-бабында көзделген жағдайларда, осы Кодекстің 69-бабы екінші бөлігінің ережелерін ескере отырып, қорғаушының қатысуы міндетті.
5. Қалған жағдайларда күдіктiден жауап алу осы Кодекстің 210-бабының қағидалары бойынша жүргiзiледi.
217-бап. Тергеу судьясының жәбірленушіден, куәдан жауап алу ерекшеліктері (айғақтарды сақтауға қою)
1. Прокурор, күдікті немесе іске қорғаушы ретінде қатысатын оның адвокаты жәбірленуші, куә болып табылатын адамнан, егер олардан сотқа дейінгі тергеп-тексеру не сот отырысы барысында неғұрлым кешірек жауап алу объективті себептерге (Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұрақты тұруы, шетелге шығуы, денсаулығының ауыр жағдайы, қауіпсіздік шараларын қолдану) байланысты мүмкін болмауы ықтимал деп пайымдауға негіз болған жағдайда, сондай-ақ психикасын жарақаттаушы әсер етуді болдырмау үшін кәмелетке толмаған куәлар мен жәбірленушілерден кейіннен жауап алуды болдырмау мақсатында тергеу судьясының жауап алуы туралы өтінішхат беруге құқылы.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам прокурор алдында айғақтарды сақтауға қою туралы өтінішхатты тергеу судьясына жіберу туралы мәселеге бастама жасауға құқылы. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жолданымға қылмыстық істің жәбірленушінің, куәнің айғақтарын сақтауға қою қажеттігін растайтын материалдарын қоса береді.
Прокурор ұсынылған материалдарды қарап, бір тәулік ішінде айғақтарды сақтауға қою туралы өтінішхатты тергеу судьясына жіберу туралы мәселені шешеді.
2. Тергеу судьясы өтінішхатты алынған кезінен бастап үш тәулік ішінде қарайды және оның нәтижелері бойынша өтінішхатты қанағаттандыру не оны қанағаттандырудан бас тарту туралы уәжді қаулы шығарады. Өтінішхат қанағаттандырылған жағдайда, тергеу судьясы алғаш мүмкіндік болған кезде жауап алу уақытын белгілейді, бұл туралы прокурорға, күдікті мен іске қорғаушы ретінде қатысатын оның адвокатына хабарлайды. Тергеу судьясының өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулысына осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалады және наразылық білдіріледі. Тергеу судьясының өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартуы айғақтарды сақтауға қою туралы өтінішхатты сотқа жіберу негіздерінің болуын көрсететін мән-жайлар туындаған жағдайда, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдардың қайтадан жүгінуіне кедергі келтірмейді. Кәмелетке толмағандардың айғақтарын сақтауға қою туралы өтінішхат міндетті түрде қанағаттандырылуға жатады.
3. Тергеу судьясының жәбiрленушi мен куәдан жауап алуы прокурордың, күдіктінің (ол болған жағдайда), қорғаушы ретінде қатысатын оның адвокатының, ал қажет болған жағдайларда процеске басқа да қатысушылардың қатысуымен жүргiзiледi. Егер күдiктiнiң жауап алуға қатысуы жәбiрленушiнiң, куәнiң қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн болса, күдiктi жауап алуға шақырылмайды. Айғақтарды сақтауға қою кезiнде адамдардың сот отырысына қатысу үшiн келуiн қамтамасыз ету тергеу судьясына өтiнiш мәлімдеген адамдарға жүктеледi. Күдiктiнiң қорғаушысы адамды шақыру үшiн тергеу судьясына адамның жауап алуға келуiн қамтамасыз етуге көмек көрсету туралы өтiнiш мәлімдеуі мүмкiн.
Прокурордың, қорғаушының, күдіктінің дәлелді себептер бойынша келмей қалуына байланысты жауап алуды жүргізу, егер осы баптың бірінші бөлігінің бірінші абзацында санамаланған мән-жайлар бұған кедергі келтірмесе, кейінге қалдырылуы мүмкін.
4. Тергеу судьясының жауап алуы мен жауап алу хаттамасын жүргізуі осы Кодекстің 347, 369, 370, 371-баптарының қағидалары сақтала отырып жүргізіледі.
5. Жауап алынатын адамның тергеу судьясы сақтауға қойған айғақтары тiркелген сот отырысының хаттамасына судья мен сот отырысының хатшысы қолдарын қояды. Айғақтарды сақтауға қою кезiнде болған процеске қатысушылар сот отырысы хаттамасының көшiрмесiн алуға және оған қол қойылғаннан кейін бес тәулік ішінде өздерiнiң ескертпелерiн келтiруге құқылы. Тергеу судьясы хаттамаға ескертпелерді түскен күні қарап, олардың қабылданғаны немесе қабылданбағаны туралы қаулы шығарады. Содан кейiн сот отырысының хаттамасы, егер хаттамаға ескертпелер келтiрiлген болса, осы ескертпелер және судьяның оларды қарау туралы қаулысы қылмыстық iс материалдарына қосып тiгу үшiн прокурорға жiберiледi.
218-бап. Беттестіру
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам бұрын жауап алынған екi адам арасында, егер олардың айғақтарында елеулi қайшылықтар болса, осы қайшылықтардың себептерін анықтау үшiн беттестіру жүргізуге құқылы.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларда беттестiруге қорғаушы, педагог және (немесе) психолог, дәрiгер, аудармашы және жауап алынып отырған адамның заңды өкiлi қатыса алады.
3. Беттестiруді бастау алдында беттестiрiлiп отырған адамдардың бiрiн-бiрi бiлетiн-бiлмейтiндiгi және олардың арасында қандай қарым-қатынас бар екенi анықталады. Куә мен жәбiрленушiге олардың айғақтар беруден бас тартқаны, айғақтар беруден жалтарғаны және көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертiледi, сондай-ақ жауап алынатын адамдарға – олардың өзiне, жұбайына (зайыбына) және өзiнiң жақын туыстарына қарсы, ал дiни қызметшiлерге – тәубеге келу үстiнде оларға сырын ашқан адамдарға қарсы куәлiк етпеу құқығы түсiндiрiледi.
4. Беттестiруге шақырылған адамдарға анықтау үшiн беттестiру жүргiзiлiп отырған iстiң мән-жайлары туралы айғақтар беру кезек-кезегімен ұсынылады. Содан кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам сұрақтар қояды. Беттестiруге шақырылған адамдар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның рұқсатымен бiр-бiрiне сұрақтар қоя алады.
5. Беттестiру жүргізу кезiнде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам iске қоса берілген заттай дәлелдемелер мен құжаттарды көрсетуге құқылы.
6. Беттестiруге қатысқан адамдардың алдыңғы жауап алуда берген айғақтарын жариялауға олар беттестiруде айғақтар бергеннен және олар хаттамаға енгiзiлгеннен кейiн рұқсат етіледі.
7. Беттестiрудiң барысы мен нәтижелерi осы Кодекстiң 199-бабында көзделген қағидалар бойынша жасалатын хаттамада көрсетiледi.
8. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам беттестiруге қатысқандарды хаттаманың мазмұнымен таныстырады. Жауап алынған адамдардың хаттамаға түзетулер мен толықтырулар енгiзудi талап етуге құқығы бар. Беттестiру хаттамасына сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам және жауап алынған адамдар қол қояды. Әрбiр жауап алынған адам өз айғақтарына және хаттаманың әрбiр бетiне қол қояды.