Ішкі лингвистика

Ішкі лингвистика
Барлық заттар мен құбылыстарға тән субстанциялы және функционалды қасиеттер тілге де тән. Бұл қасиеттер тілді жүйелі құрылым ретінде қарастырып зерттеуге мүмкіндік береді. Енді осы қасиеттерге жеке-жеке тоқталайық.
Субстанциялы қасиет дегеніміз – заттар мен организмдердің және құбылыстардың оларға табиғатынан тән, туа біткен қасиеттері. (лат.substantia-«мән, маңыз»). Ол қасеиттер объектілердің ішкі жаратылысына тән, оның иманенттік қасиеті болып табылады және олар барлық басқа объектілерден сол ішкі қасиеттері арқылы ерекшеленеді. Мысалы, адамның субстанциялы қасиеттері оның туа пайда болған ішкі құрылысымен (дене бітімімен, миының құрылысымен, нерв жүйесімен, қан айналу жүйесімен және зат алмасу үрдісімен) айқындалады.
Функционалды қасиет – (лат.functio-қатынас) объектінің сыртқы, жүре пайда болған және басқа объектілерге қатысты байқалатын қасиеттер. Ол қасиеттердің негізі объектінің ішкі құрылымында бұрыннан бар, даму үрдісі барысында көрініс тапқан қасиеттер.
Жоғарыда айтылған осы қасиеттерді негізге ала отырып, тіл туралы ғылымның екі негізгі бағытын анықтауға болады: тілдің субстанциялы қасиетін зерттейтін ішкі лингвистика және тілдің функционалды қасиетін зерттейтін сыртқы лингвистика. Енді тіл біліміндегі осы екі бағытты жан-жақты қарастырып көрелік.
Ішкі лингвистика тілді оның субстанциялық қасиеттері негізінде, жүйелі құрылым ретінде зерттейді.
Жүйе дегеніміз – өзара шарттас, өзара байланысты, біртектес элементтердің бірлігі. Ол рет-ретімен орналасып, ұйымдасқан біртұтас құбылыс.
Тілдің жүйелі сипаты оның барлық деңгейлерінен – фонетикалық, лексикалық және грамматикалық деңгейлерінен көрінеді. Мысалы, белгілі бір тілдің фонетикасында «дауысты дыбыстар жүйесі», «дауыссыз дыбыстар жүйесі» деп аталуы тектен тек емес. Мысалы, түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде дауысты дыбыстардың жуан және жіңішке, еріндік және езулік т.с.с. топтасуы тілде дыбыстық жағынан жүйе бар екенін көрсетеді. «Ы» мен «і» дыбыстары айтылуына қарай «ы» — жуан, «і» — жіңішке ретінде танылса, бұл екі дыбыс еріннің қатысы жағынан біртектес, езулік болып табылады.
Негізгі ұғымдар
Тіл деңгейі – тілдің кейбір «бөліктері», жалпы тілдік жүйенің шағын жүйешелері.
Тіл бірліктері — тіл жүйесінің әр түрлі мақсаты мен қызметі бар стандартталған элементтері.
Фонема – тілдің дыбыстық құрылымының негізгі бірлігі, сөйлеу тілінің ең кіші, одан әрі бөлінбейтін элементі. Фонема морфемалар құрамында, солар арқылы сөздерде мағына ажырату функциясын атқарады.
Фонетика – тіл ғылымында тілдің дыбыстық қырын зерттейтін бөлім.
Буын – фонациялық ауаның кілт үзілуінің, не кедергіге ұшырауының нәтижесінде пайда болатын жеке дыбыс, не дыбыстар тобы.
Екпін – сөз ішінде бір буынның күшті айтылуы.
Фонология – фонема жүйесін зерттейтін ғылым.
Грамматика – сөз түрлендіру формалары, сөз құрамы, сөз тіркесі мен сөйлем түрлері туралы ілімді қамтитын тіл білімінің саласы.
Граммема – ұйымдастыру, байланыстыру қызметін атқаратын тілдің ең жоғарғы бірлігі. Олар неше түрлі жалғаулықтар, шылаулар, көмекші сөздер, толып жатқан сөздердің сөйлемде тіркесу формалары.
Грамматика – сөздердің өзгеруін, түрленуін, олардың сөйлемде тіркесу формалары мен заңдылықтарын зерттейді.
Лексикология – тілдің сөздік құрамын зерттеумен айналысатын тіл білімі бөлімі.
Лексема – атаулы немесе номинативті қызмет атқаратын, орта деңгейдегі тілдің екі жақты бірлігі. Лексеманың айтылуы фонеманың біртұтастығын құрайды, ал мазмұны заттың мағынасымен сәйкес келеді және әлем шындығын бейнелейді.
Біз тілді тіл туралы ғылымның бөлімдерін есепке алатын жүйелі құрылым ретінде қарастырдық. Ал енді тілді құрылым ретінде қарастырайық.
Құрылым дегеніміз тіл бірліктері мен деңгейлері арасындағы қатынас. Бұл қатынастың 2 түрі бар: парадигматикалық және синтагматикалық.
Парадигматикалық қатынас (парадигматика) – тіл жүйесіне тән типологиялық қатынасқа жатады. Сөйлеу үрдісінен тыс семантикалық ортақ белгілері бар сөздер, адам жадында ассоциацияланып, топ құрады. Олардың өзара қатынасы мүмкіндігінше әр түрлі болады. Мұндай қатынастарды ассоциациялық қатынастар немесе парадигматикалық қатынастар деп атайды.
О.С.Ахманова парадигмаға төмендегідей анықтама береді: «Парадигма деп тілдік бірліктің тілдік жүйе элементі ретінде бір біріне сыбайлас, не қарсы келетін қасиеттерімен адам санасында жинақтаған, яғни тіл элементтерінің сол тілді пайдаланушы адамның санасында жинақталуын айтамыз». Яғни, парадигма тек сөздер аралығында ғана болмайды, тілдің барлық элементтері арасында болады [2].
Синтагматикалық қатынас (синтагматика) – сөз бірліктері арасындағы қатынасты айқындайтын ережелер мен заңдылықтар жиынтығы. Фонемалардың жиынтығын – фонотактика, лексема жиынтығын – фразеология, сөйлемдердегі сөздер жиынтығын – синтаксис зерттейді.
Әр деңгей бірліктері арасындағы байланыстың осы екі түрінен басқа үшінші иерархиялық байланыс бар. Сонымен, тілдің субстанциялық қасиеті жүйелілік және құрылымдық осы үш деңгейде байқалады. Осы үш деңгей бірігіп тіл жүйесін құрайды. Ол элементтердің төменнен жоғарыға қарай орналасуына байланысты. Мысалы, фонологиялық деңгей бірліктері қосылып орта деңгей бірлігіне айналады. Мысалы: с+т+о+л=жиһаз атауы; ш+ә+й+н+е+к=ыдыс аяқ атауы. Ал лексема басқа лексемамен қосылып, грамматикалық жағынан өңделіп, фраза, немесе сөз орамын құрайды. Мысалы, жазу столы, электр шәйнегі т.с.с. Ал фразалардан, сөздерден сөйлем құралады, ол сөзге айналады.
Сонымен, тілдің негізгі субстанциялы қасиеті жүйелілік пен құрылымдылық. Олар жүйелі үш түрлі байланыста көрінеді: парадигматикалық, синтагматикалық және иерархиялық. Осы үш байланыс тілді сөйлеу құралы ретінде сипаттайды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *