САТЫЛАЙ КЕШЕНДІ ОҚЫТУ

«САТЫЛАЙ КЕШЕНДІ ОҚЫТУ» ТЕХНОЛОГИЯСЫ – САПАЛЫ БІЛІМ БЕРУДІҢ КЕПІЛІ
«Сатылай кешенді оқыту» технологиясы дегеніміз – білім беру мақсаты, міндеттері, әдіс-тәсілдері, өзіндік ерекшелігі бар және оқушыларға білімді ғылыми негізде сатылап жүйелеп кешенді меңгертіп, оларға ұлттық құндылықтарды бағалай, қолдана білуге машықтандыратын оқыту. Сатылай кешенді оқыту – оқушыларға қазақ тілі ғылымының мазмұны мен жүйесін, оның сөздік құрамы мен грамматикалық құрылысын, сөйлеу тілінің байлығын және әдеби тіл нормасын үйретіп, дұрыс сөйлеу, сауатты жазу дағдысын қалыптастырумен қатар өзге пәндердің де мазмұныны аталған талаптарға сәйкес меңгертуді басшылыққа алатын оқыту. «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының басты қағидаларының бірі – жоғары қиындықта оқыту. «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы – ұлттық төл технология. «Сатылай кешенді оқыту» – қазақ елінің төл технологиясы дейтін себебіміз біріншіден, технологияның теориялық негізі – А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Т.Шонанов, Қ.Жұбанов т.б. отандық ғалымдардың ғылыми-әдістемелік тұжырымдарын басшылыққа алады; екіншіден, Ыбырай, Абай, Шоқан тағы басқалардың ағартушылық ұстанымдарын негіз етеді; үшіншіден, теория мен практиканы ұштастыруда ғалым-әдіскер Ф.Ш.Оразбаеваның тілдік қатынас (оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым, тілдесім) теориясына негізделеді; төртіншіден, ұрпақтың тілін дамытуға ұлттық құндылықтарды бағалай білуге, құрметтеуге үйрету үшін ауыз әдебиетінің бай мұрасынан бастап бүгінгі күнгі сөз зергерлерінің әдеби ой-толғамдарын тіл дамыту, тіл ұстарту жаттығуларына материал етіп пайдаланылады; бесіншіден, белгілі педагог-ғалым Г.К.Селевконың педагогикалық технологияларды топтастыра отырып жасаған “Педагогикалық технологиялар классификациясы” талаптарына сүйенеді.
«Сатылай кешенді оқыту» технологиясы – білімді белгілі бір көлемде беріп, қажетті шеберлік пен дағдыны меңгертумен ғана шектелмейтін, сонымен қатар баланың жалпы жан-жақты дамуына, ойлау, есте сақтау, қиялдау, елестету сияқты басқа танымдық-психологиялық қасиеттерінің жақсы үйлесімді дамуына бағытталған оқытудың түрі. Сонымен қатар қазақ тілін оқытудан бастау алып, халқымыздың әдебиетін, тарихын, жағрафиясын т.б. пәндердің жиынтығын құрап, оқушыларға жан-жақты білім беретін, оларды өз елінде, өз жерінде ұлтының биік тұлғалы азаматы етіп қалыптастыра алатын оқыту.
“САТЫЛАЙ КЕШЕНДІ ТАЛДАУ” ТЕХНОЛОГИЯСЫНЫҢ МАҚСАТЫ:
Қазақ тілінде ойын жеткізе алатын, өз ана тілінде дітін орындата алатын, қазақтың тарихы мен мәдениетін меңгерген жан-жақты білімді, мәдени ұлттық тұлға қалыптастыру
ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДАҒЫ САТЫЛАЙ КЕШЕНДІ ТАЛДАУ ТЕХНОЛОГИЯСЫНЫҢ МІНДЕТТЕРІ:
• Әр пәннің материалдарын оқушының жас ерекшелігін ескере отырып ғылыми негізде меңгерту.
• Әр пәннің табиғатын танытуда оқушының жеке мүмкіндігін ашуға ықпал ету.
• Пәндердің мазмұнын, ішкі мағынасы мен қолданыстағы ерекшелігін және тақырып мазмұнын ашу арқылы танымдық дүниесін қалыптастыру.
• Кез келген шаршы топта өз көзқарасын дәлелдей отырып, шешен де шебер жеткізе білуге машықтандыру. Сол арқылы әр оқушының өз ана тілін, ұлттық құндылықтарын басқаларға таныта, бағалай білуге баулу.
• Берілген тапсырманы сауатты, жоғары деңгейде, шығармашылықпен орындай білуге төселдіру.
• Оқушылардың логикалық ойлау жүйесін дамыту мақсатында әртүрлі пәндердің мазмұнына сай түрлі сөзжұмбақтар, танымдық , ұлттық ойындар үлгілерін кеңінен қолдану және ондай ойындарды олардың өзіне құрастырып, жасауына бағыт-бағдар беру.
САТЫЛАЙ КЕШЕНДІ ТАЛДАУ ТЕХНОЛОГИЯСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ:
• Оқу материалының жүйелілігі, бірізділігі.
• Табиғилығы.
• Дағдыға басым бағыт беруі.
• Білімнің базалық деңгейінің барлық оқушылар үшін міндеттілігі.
• Оқушыға өз деңгейін таңдауға ерік беру.
• Оқушыларға берілетін білімнің саралануы.
• Оқушылардың өз мүмкіндігіне қарай міндетті деңгейде білім алуға еріктілігі.
• Оқыту мен тәрбиенің бірлігі.
• Ұлттық құндылыққа ерекше орын берілуі.
• Оқу үрдісінде пәнаралық байланыстың мақсатты енгізілуі.
• Барлық оқушыны табысты оқыту.
• Оқу-танымдылық белсенділігін арттыру.
• Білім-білік дағдысын қалыптастыру.
• Білім алуға деген ынтасы мен іскерлік қабілетіне ықпал ету.
• Оқуды жеделдету.
• Шығармашылық қабілетін дамыту.
• Ғылыми ізденіске жетелеу.
«САТЫЛАЙ КЕШЕНДІ ОҚЫТУ» ТЕХНОЛОГИЯСЫНЫҢ ДЕҢГЕЙЛЕРІ
Бірінші деңгей
Теориялық материалдарды толық жазылым бойынша сатылай кешенді талдау.
Бұл деңгейде оқушы:

• Сауатты жазып, оқып, айтуға дағдыланады;
• Әр пәннен өтілген материалдарды жүйелі түрде түсініп, ғылыми тілде баяндауға машықтанады;
• Сөйлеу мәнері белгілі жүйеге түсіп, әуезді сөйлеуге жаттығады;
• Өзі талдап баяндап отырған материалдың ерекшелігін дұрыс ажыратып, жолдастарына, мұғалімге нанымды түрде жеткізуге бейімделеді;
• Тыңдаушы оқушылар да назар қойып, жолдасының жауабын мұқият тыңдауға дағдыланады, кеткен кемшіліктерді дұрыс аңғарып, оған түзету енгізуге үйренеді.

Екінші деңгей
Теориялық материалдарды қысқаша жазылым бойынша талдап, айтылым бойынша толық ауызша сатылай кешенді талдау.
Бұл деңгейде сатылай кешенді талдау – айтылым -> тыңдалым -> жазылым түрінде жүзеге асады.
Тыңдалым жайлы ғалым-әдіскер Ф.Ш.Оразбаеваның пікіріне жүгінсек:
Тыңдалымды жете меңгеру үшін қойылатын алғы шарттар:

• 1. Тыңдауға ұсынылатын мәтінде әңгімеде, пікірде айтылатын басты ой түсінуге жеңіл болу керек.
• 2. Үннің ырғағы мен әуені дұрыс естілуі қажет.
• 3. Тілді жақсы үйрену үшін тыңдалым бірінші сабақтан бастап, үздіксіз жүргізілуі тиіс.
• 4. Оқушының тілге қатысты білімі мен дайындығы ескерілген жөн.
• 5. Тыңдалымға қатысты жұмыстардың бәрі бақылауға алынған дұрысы.

Үшінші деңгей
Теориялық материалды жазылым бойынша ықшамдау принципімен өрнектеу, айтылым бойынша ауызша толық сатылай кешенді талдау.

Бұл деңгейде де тілдік қатынастың бірінші – айтылым; екінші – жазылым; үшінші – тыңдалым әрекеттері қатар іске асады. Бұл талдау – күрделілігімен ерекшеленеді. Мұнда материал қатар алынып, әр саты бойынша ұқсас ұғымдар жинақталып, талдау арқылы дәлелдеме жұмысы жүргізіледі. Сондай-ақ талдаудың бұл деңгейіндегі көзделетін мақсат оқушыларды ой ұшқырлығына баулу, танымдық дүниесін байыту.

Төртінші деңгей
Теориялық материалдарды жазылым бойынша символдар арқылы өрнектеу, айтылым бойынша ауызша толық талдау.

Төртінші деңгей – оқушылардың алдыңғы игерген білім-білік, дағдыларын жинақтап, сауатты әңгіме әдісі қолданылады. Әңгіме әдісі туралы ғалым Т.А. Ильина былай дейді: “Әңгіме дегеніміз – бұл оқытудың сұрақ-жауап әдісі. Ол оқу үдерісінің барлық буындарында қолданылады.

Бесінші деңгей
Диалог арқылы талдау.

• Бесінші деңгейдегі талдау үлгілері көбінесе ауызша орындалады. Бұл талдау арқылы аңғарымпаздыққа, әріптесінің жауабын мұқият тыңдауға, ойын әрі қарай жалғастырып кетуге машықтанады. Сонымен қатар мұндағы іс-әрекет көбіне ойын түрінде жүргізіледі.
• Ұлы педагог В.А. Сухомлинский: “Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, творчествосыз, фантазиясыз толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды” дейді. Демек, оқушының ақыл-ойы, парасаты ұлттық салт-сананы сіңіру арқылы байи түседі. Адамның жан-дүниесінің дамып жетілуі, әлеуметтік өмірге бейімделіп тіршілік етуі әртүрлі. Баланың психикалық даму үрдісінде ойын әрекетінің тағылымдық және тәрбиелік маңызы осы заманғы тәлім-тәрбиелік психологиясында өзекті мәселе болып саналады. Ойын әрекетінде баланың денесі мен ақыл-ойы дамып, өзін қоршаған ортаны тани біледі.

Алтыншы деңгей
Жат жазу.
Оқушылардың сатылай кешенді талдау арқылы меңгерген теориялық білімдерін жатқа жаздыру арқылы:

• а) теориялық білімді меңгеру деңгейін;
• ә) талдауды сауатты жүргізу машығын;
• б) орфографиялық сауаттылығын;
• в) тыныс белгілерді дұрыс қою дағдысын байқаймыз, қорытынды шығарамыз, келесі сабақтарда қатемен жұмыс жасалады.
Осы арқылы мұғалім әр оқушының теориялық материалдарды қаншалықты сауатты меңгергендігін анықтайды. Ең бастысы, келесі жетінші деңгейге берік негіз қаланады. Өйткені уақытқа талдаудың негізгі қағидаларының бірі – сауатты талдау. Тәжірибе барысында уақытқа талдаудың төмендегідей жүйесі анықталды.

Жетінші деңгей
Уақытқа талдау:

• а) Өте жылдам – 3 минутта
• ә) Жылдам – 5 минутта
• б) Баяу – 7минутта
Тілдесім арқылы талдауды меңгерген оқушылар уақытқа талдауға тез икемделеді. Уақытқа талдау барысында оқушылар мына талаптарды қатаң сақтауы тиіс:
• 1. Талдаудың барлық түрі сауатты жүргізілуі керек.
• 2. Талдау жылдамдығымен қатар, әр сөздің анық, айқын айтылуы басты шарт.
• 3. Талдауды оқушылар түсініп, айтылған пікірдің дұрыс-бұрыстығын өзі аңғарып отыруы керек.
• 4. Талдауды тыңдаушы оқушылар да белсенді, мұқият тыңдап, әріптестерінің жіберген қателіктерін бақылап отыруы қажет.

Сегізінші деңгей
Компьютерлік талдау.
Қазіргі ақпараттық қоғам барлық типті оқу орындарының, оның ішінде жалпы орта білім беретін мектептер алдына мынадай міндеттер қояды:

• қажетті білімді өз бетінше ала отырып, туындаған алуан түрлі мәселелерді шешу үшін оларды тәжірибеде біліктілікпен пайдалануға, жылдам өзгеріп отырған өмір жағдайларына оңай бейімделуге;
• дербес сыни тұрғыда ойлай білуге, пайда болған мәселелерді көре білуге және жаңа технологияларды пайдалана отырып, оларды шешудің тиімді жолдарын табуға, өзінің алған білімдерін қоршаған ортада қай жерде, қалай пайдалануға болатынын саналы түрде түсіне білуге;
• ақпараттармен сауатты жұмыс жасай білуге (ақпараттарды іздеу, өңдеу, ой елегінен өткізу, қолдану, сақтау және тарату);
• әртүрлі әлеуметтік топтарда коммуникабельді, тез тіл табыса алатындай болуға, кез келген жанжалды жағдайларды болдырмауға немесе мұндай жағдайлардан шыға білуге;
• өз адамгершілік қасиеттерін, интеллектісін, мәдени деңгейін дамыту бойынша өз бетінше жұмыс жасауға қабілетті бітірушілерді дайындау. Бұл міндеттерді «Сатылай кешенді оқыту» технологиясымен білім алған оқушылар мүлтіксіз орындайды.

Тоғызыншы деңгей
Ашық тест.

Ашық тест. Бақылаудың бірнеше түрі бар. Солардың бірі – тест. Тест – оқушылардың білімін бақылау мен бағалаудың тиімді әдісі. Тест – белгілі бір деңгейдегі әрекетті орындауға арналған тапсырмалар жүйесі. Тест жұмысы – оқушылардың игерген білімін тексеру мен бағалау, танымдық әрекетін, ізденімпаздық деңгейін, оқу әрекетіндегі әдістер мен тәсілдердің тиімділігін анықтаудың тиімді жолы ретінде қарастырылады. Бұл – оқушының білімін, біліктері мен дағдыларын тексеріп, бағалауда, сондай-ақ олардың шығармашылық қабілеттерін анықтаудағы ең тиімді әдіс. «Сатылай кешенді оқыту» технологиясында көбіне ашық тест үлгісі қолданылады. Себебі бұл тестің ерекшелігі жауабы жазбаша беріледі.

Оныншы деңгей
Шығармашылық жұмыс

Шығармашылық – бұл адамның өмір шындығын өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі. Өмірде дұрыс жол табу үшін адам дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі керек. Адам бойындағы қабілеттерін дамытып, адамның рухани күшін нығайтып, өзін-өзі табуына көмектеседі. Өйткені, адам туынды ғана емес, тудырушы, жаратушы да, ал өзін-өзі шынайы болмысында бастайтын жол іздеуі керек. Адам өзін-өзі жетілдіруге, сонымен қатар өзін-өзі жоюға да қабілетті болады. Адамның өз болмысын тануға ұмтылуға көмектесіп, тереңде жатқан талап-тілегін, қабілеттерін дамыту, сол арқылы оған толыққанды өмір сүру үшін жаңа рухани күш беру білімнің ең маңызды мақсаты болып табылады. Осы деңгейге дейінгі алған білімдерін басшылыққа ала отырып әр пәннің мазмұнына сәйкес түрлі шығармашылық жұмыстар жасауға бейімделеді.
САТЫЛАЙ КЕШЕНДІ ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫНЫҢ РЕСПУБЛИКА БОЙЫНША ТАРАЛЫМЫ
№ ҚАЙ ЖЕРДЕ САНЫ
1 Монғол Халық Республикасы 30
2 ББЖ КБАРИ 500
3 Алматы қаласы 140
4 Алматы облысы 3000
5 Атырау облысы 500
6 Батыс Қазақстан облысы 150
7 Жамбыл облысы 3000
8 Маңғыстау облысы 500
9 Қостанай облысы 350
10 Солтүстік Қазақстан облысы 150
11 Павлодар облысы, Екібастұз қаласы 31
12 Жезқазған облысы 121
13 Астана қаласы 300
Барлығы: 8772


САТЫЛАЙ КЕШЕНДІ ОҚЫТУ» ТЕХНОЛОГИЯСЫН ЖҮРГІЗУ КЕЗЕҢДЕРІ МЕН ПӘН БОЙЫНША ЖҮЙЕЛЕНУІ
• Мектеп алды дайындық тобы: Тіл дамыту
• 1-сынып: Ана тілі, математика, дүниетану.
• 2-сынып: Қазақ тілі, әдебиеттік оқу, математика, дүниетану, бейнелеу өнері.
• 3-сынып: Қазақ тілі, әдебиеттік оқу, математика, дүниетану, бейнелеу өнері, музыка.
• 4-сынып: Қазақ тілі, әдебиеттік оқу, математика, орыс тілі, дүниетану, еңбекке баулу, бейнелеу өнері музыка.
• 5-сынып: Қазақ тілі, әдебиет, математика, орыс тілі, ағылшын тілі, тарих, жаратылыс тану, бейнелеу өнері, музыка, дене шынықтыру, технология.
• 6-сынып: Қазақ тілі, әдебиет, математика, орыс тілі, ағылшын тілі, тарих, география, биология, бейнелеу өнері, музыка, дене шынықтыру.
• 7-сынып: Қазақ тілі, әдебиет, математика, орыс тілі, ағылшын тілі, тарих, география, биология, физика, информатика, сызу, дене шынықтыру.
• 8-сынып: Қазақ тілі, әдебиет, математика, орыс тілі, ағылшын тілі, тарих, география, биология, физика, химия, информатика, сызу, дене шынықтыру.
• 9-сынып: Қазақ тілі, әдебиет, математика, орыс тілі, ағылшын тілі, тарих, география, биология, физика, химия, информатика, өнер, дене шынықтыру.
• 10-сынып: Қазақ тілі, әдебиет, математика, орыс тілі, ағылшын тілі, тарих, география, биология, физика, химия, информатика, өнер, дене шынықтыру.
• 11-сынып: Қазақ тілі, әдебиет, математика, орыс тілі, ағылшын тілі, тарих, география, биология, физика, химия, информатика, өнер, дене шынықтыру.
«Сатылай кешенді оқыту» технологиясының курс кезеңдері
1-кезең
• “Сатылай кешенді оқыту” технологиясының алғашқы теориялық дайындығынан өтеді.
• Шығарылған оқу кешендері, олардың жазылу үлгілерімен танысады.
• “Сатылай кешенді оқыту” технологиясына қажетті дидактикалық материалдар қорын жинайды.
• Тақырып бойынша өздігінен білім алудың мақсаттары мен міндеттерін анықтайды.
• “Сатылай кешенді оқыту” технологиясының екі деңгейімен танысып, оларды жүзеге асырудың жолдарына машықтанады.
• Алынған теориялық білімдері бойынша әр деңгейде ауызша, жазбаша талдау жұмыстарын сауатты орындаудағы белсенділіктері айқындалады.
• Білімді қабылдау деңгейін бақылау. Бірінші деңгейдегі меңгерілген білімдері бойынша жазбаша және ауызша талдау үлгілерін жинақтаған материалдарын қорғайды.
2-кезең
• “Сатылай кешенді оқыту” технологиясының теориялық және практикалық мәселелері бойынша ізденіс жұмыстарын жүргізеді.
• Технологияны өз тәжірибесінде қолданудың жүйесін анықтайды, іс-тәжірибесін мектеп ұжымындағы ұстаздарға таратады. Бірінші кезең бойынша шығармашылық есеп береді.
• Жинақталған әдістемелік жұмыстарын педагогикалық басылымдарға жариялайды.
• “Сатылай кешенді оқыту” технологиясымен жинақтаған тәжірибесін аудан көлеміндегі мұғалімдерге таратып, олармен кәсіби қарым-қатынасқа түседі.
• “Сатылай кешенді оқыту” технологиясы бойынша аудандық семинар ұыймдастырады.
• Оқушыларды Қазақстан Республикасының Кіші ғылым академиясының аудандық ғылыми-практикалық конференциясы мен “Сатылай кешенді оқыту” технологиясы бойынша өтетін ауызша командалық олимпиадасына дайындайды.
• Оқушы, мектеп компонентерінен белгіленген сағаттарға авторлық бағдарлама құрастырып, оқу кешендерін дайындайды.
• Алдыңғы курста өтілген материалдар бойынша ашық тест үлгілерін құрастырады.
• Білімді қабылдау кезеңін бақылау. Екінші кезеңдегі меңгерілген білімдері бойынша ашық тест тапсырады.
3-кезең
• Облыстық, республикалық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, әріптестері мен технология бойынша атқарылып жатқан жұмыстарымен тәжірибе алмасады.
• Ізденіс жұмыстарының қорытындыларын ғылыми-педагогикалық, әдістемелік журналдарда мақала етіп жариялайды.
• “Сатылай кешенді талдау” технологиясы бойынша облыстық семинар, конференция, педоқуларға қатысып, “Шеберлік сынып” сағаттарын өткізеді.
• Өз пәні бойынша “Сатылай кешенді талдау” технологиясын белгілі бір тақырыпты ғылыми-әдістемелік тұрғыдан зерттеп, эксперимент жұмысын жүргізеді.
• Оқушыларды Қазақстан Республикасының Кіші ғылым академиясының республикалық ғылыми-практикалық конференциясы мен “Сатылай кешенді талдау” технологиясы бойынша өтетін ауызша командалық олимпиадасына дайындайды.
• “Сатылай кешенді талдау” технологиясы бойынша облыс көлемінде әдістемелік семинар, конференцияларға қатысады.
• Білімді қабылдау кезеңін бақылау. Емтихан тапсырады.

 

 


http://nurlybilim.kz/ саитынан алынды

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *