Тәңірі

(көнетүркі, мықты, ер, құдіретті)— көне түркілердің діни наным–сеніміндегі  тұлғаланбаған, шексіздік күйі есебіндегі аспанмен теңдестірілгең басты құдай образы.Бұл сөзбен кәдімгі көк аспанды да атайтын болған.  Көне түркілердің космогониялық түсінігін мына сөздерден байқаймыз:“Жоғарыда көк тәңірі, төменде Қара жер жаралғанда, олардың екі арасында кісі ұлы жаралған екен”. Бұдан біз жер мен аспанның тығыз байланыстылығын көреміз. Аспанды құдай деңгейіне көтеру одан қорқу емес, жаратылған әлемнен жаратушыны іздеу, бүкіл жаратылысты құдайдың құдіретінің көрініс табуы деп түсіну. Түркі жазуларында көшпенділердің барлық жеңістері Көк Т–мен байланыстырылған. Оның рақымымен елді басқарған қағандарға “Аспанда туған және Күнмен, Аймен безендірілген” деген атақ берілген. Түркілердің білген–көрген ең биік шыңы да тегіннен тегін Хан Т. деп аталмаса керек. Аспанды және оның шырақтарын қадірлеу белгілі бір заңды қажеттіліктен басқа аспанды құдай мекені деп танудан, руханият әлемі деп есептеуден туындап жатыр. Түркілердің Көкке де, Күнге де, Айға да, құтты мекендерге де тағзым еткені рас. Бірақ бұдан түркілердің монотеизмге (бірқұдайшылыққа) өресі жетпеді деген түсінік тумауы керек. Өйткені жекешеленбеген, тұлғаланбаған кейіпте болса да Т. орталық құдай, жалғыз жаратушы болып есептелінген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *