өнер

өмірдің ерекше көне де, өнімді түрі. Ө–сіз адам өмірі өріс алмайды, оған көңіл толмайды. «Өнер» термині күнделікті тіршілікте екі мағынада қолданылады. Ө–дің кең мағынасы «өндіру», «жасау», «құру» деген негізде, қоғамдық өмірмен ұштаса өрбиді. Қоғамда өмір сүру тәсілдері жетіліп, адамның өмірлік тәжірибесі тиянақталған сайын Ө. туралы, оның атқаратын функциялары туралы түсініктер жаңарды. Олардың негізгілері: Ө. –  бұл а) шындықты меңгерудің ерекше бір түрі, яғни шындықты рухани бейнелер арқылы меңгеру; ә) көркемдік–эстетикалық құндылықтар жиналған мәдениеттің бірден–бір элементі; б) әлемді сезім арқылы тану формасы. Ө. – көпқырлы құбылыс, түрлі функция атқаратын қызметтің жүйесі. Ө–ң түрлі белгілерін өмірде – күтім, егу, қамқорлық, әсемдеу, безендіру, өмір салты, құрылым, даму, тәрбиелеу, жаттығу, шұғылдану, айналысу, адамды құрметтеу, құдіретке табыну деп жіктеп, сабақтап жатады.

«Ө.» ұғымының тар мағынасын қоғамдық өмірдің нақты қолданбалы түрлерімен, атап айтсақ: а) егіс алқабына дән егу, егінді өңдеу, өсімдіктерге қарау, өсіру сияқты қолданбалы әрекеттермен; ә)  көркем шығармашылықпен, оның нақты нәтижелерімен (бейнелеу, поэзия, әуен, би, кино т.б.) байланыстырады. Аталынған көріністер «Ө. әлемін» құрайды. Ө. әлеміне адамның жасампаздық және эстетикалық көзқарасы тән. Осындай көркемдік сипатпен сыртқы құбылыстар Ө–дің құрамына енеді, суретшілер қауымдастығының ерекше қызметін құрайды.

Ө–ң мұраты биік, рухани қуаты әсерлі. Функционалды қызметі жағынан оны шынайы бейнелердің тамаша әлемі, адами қиялдың асқақтауы, өмір мен адам болмысының мәнін көркемдік шығармашылық арқылы ұғынуға мүмкіндік ашу, адамның жасампаздық қабілетін шыңдау деп ұғамыз. Мұндай түсінікті кейбір философтар адам өмірінің идеалды моделін жасау деп ойларын тұжырымдайды.

Ө–де сезімділік пен сезімдік тәсіл басым, бейнелік көрініс пен сипат айқын. Ө–гі сезімталдық адамның шығармашылық қабілетіндегі серпіліс.  Ө. деп адамның рухани болмысына, сезіміне, эмоциясына әсер етіп, оны толғандыратын суреткер қолынан шыққан шығармашылық пен адами ақиқат, адамдандырылған «екінші, қосалқы әлем» үлгісін айтамыз. Көркемдік бейнелерде шындық сәйкес суреттеліп қана қоймай, мәдени дәуірлердің дүниені сезінуі, дүниені тануы да көрініс табады.  Ө–ге деген ынта–ықылас әу баста табиғатты әсемдеу мен еліктеушілік инстинкті арқылы іске асқан. Әсемдікке әуестену рахат сезімін сыйлайды, адамның бейсаналы бастамасының көрініс алуына септігін тигізеді, демеулік етеді. Әйгілі психолог–ғалым Л.С. Выготский: «Өнер алғашқыда тіршілік ету үшін күресудің күрделі құралы ретінде пайда болды, әрине, оның рөлін сезім коммуникациясымен шектеп және және де онда осы сезімге ешқандай билік жоқ деп ойлауға болмайды. Егер Ө. тек қуаныш немесе қайғы әкелетін болса, онда сақталып қалмас және оның ешқандай мәні болмас еді» –деп, дұрыс есептейді. Мұнда Ө–ге деген тәжірибелік талдау мен эстетикалық талғам айқын. Тәжірибелік талдау Ө–ң нақты шығармасына немесе жеке саласына бағытталады, нақты сапасына сүйенеді. Осы  тұрғыдан американдық өнертанушы С.К. Лангер «Ө–ді адам сапасына лайықты форманы жасау» дейді. Бірақ, адам сапасы дегенде суретшінің қабілетін ескереміз бе, әлде көрерменнің ынта–ықыласы мен дайындығын негізге аламыз ба?  Беті ашылмаған, мағынасы айқындалмаған мәселе. Тәжірибелі түсінікте әр суретші, ақын, сазгер, сәулетші тек өз саласының ғана ортақ белгілері мен сипаттарын қамтиды. Ал Ө–дің басқа салалары назардан тыс қалып қояды. Бұл көзқараста сыңаржақтылық орын алады.

 Ө. – адамдар арасындағы қатынасты жандандыратын құрал, тұлға арқылы өзіндік сана мен өзіндік жеткізу әдісі әрі тарихи кезеңдер мен халықтар туралы деректер беретін өзіндік құпия код. Бұл қағидадан туындайтын тоқтам:  а) Ө. іс–әрекеттің құралы ретінде  өмір жолын жинақтайтын білімді бейнелейді және мәдениеттің түрлі қырларын ашады; ә) Ө. коммуникация әдісі ретінде қарастырылады. Сонымен Ө. қоғаммен байланысты, тарихпен тамырлас. Әр замандағы ө–дің объектісі мен тәсілдері үйлесе бермейді. Олай болса, тарихи тұрғыдан салыстыра қарастырсақ, «Ө–дің – өнер еместен» ажырату күрделі мәселеге айналады. Әр замандағы Ө–дің өлшемі өзгерді, Ө–дің түрлеріне деген адамдардың сұранысы да жаңарып жатты. Қоғамдық дамудың бағыты мен қарқынына орай көркемдік практика, көркемдік сын және Ө–ді ұйымдастыру аясы өзгереді. Сондықтан Ө–ң сапалық деңгейі мен бағдарын қоғамның даму мәтінімен үйлестіре қарастыру шарт.

Функционалды тұрғыдан алғанда Ө–ң әлеуметтік және тұлғалық (персоналды) рөлін жіктей, саралай аламыз. Әлеуметтік тұрғыдан қарастырғанда Ө. индивидті әлеуметтендірудің ықпалды құралы болып табылады. Ө. – адамды қауымдастырудың дәнекері. Тұлғалық тұрғыдан қарастырсақ, Ө. адамның өзін–өзі танудың, оның жан дүниесін, сезімталдық және пайымшыл қабілет–қасиетін жетілдіретін және кеңейтетін құрал, әдіс болып шығады. Жеке адам алдыңғы ұрпақтардың тәжірибесін меңгере отырып, оның мағыналарын өз санасына енгізгенде ғана әлгі мәліметтерді құндылық ретінде иемдене алады. Тұлға Ө.–дің шығармасын өзінше өңдейді, толықтырады, саралайды, сабақтайды.

Көркемдікті түйсіну – бұл көркем бейнедегі парасаттылық пен бейсаналық,эмоциялық  сезім және интуитивті–психологиялық тұтастықты қабылдау және қалпына келтіру. Көркемдік қабылдау  бейнелеудің аталынған құрамдарын әсерлейді және өзара толықтырады. «Көркемділік дегеніміз біз қанша қарасақ та көзіміз тоймайтын, сырын түгелдей аша алмайтын жұмбақ зат. Бұның мағынасы көркем суретті қаншама терең қарасақ та онда біз түсіне алмайтын жұмбақ, суретті қабылдаған сайын қобалжу тудыратын түсініксіздік бар»,– дейді  тағы бір ғұлама Лосев А.Ф. Ө–дің түсінетін, түсіндіріп бере алатын жақтары, белгілері бар, сондай–ақ түсіне алмай жатқан құпиялы көріністері де аз емес. театр, музыка, поэзия, кино туралы пікірталастың осыдан толастамауы. Бәлкім, Ө–дің құдіреті де осы қайшылықта болар. Адамның қажеттіліктері, қызығушылықтары, мақсаттары, жасырын күйлері мен күйзелістері Ө–ді әр қырынан өңдейді, оның құпиясын бір сәтті, нақты, енді бірде сәтсіз, құбылмалы сипаттайды.

Ө–дегі үйлесімділік – кемелдік бейнесі,  адамның шексіз болмыстық сұрақтарына (өмір мәні, өлім, бақыт, парыз бен қарыз, сүйіспеншілік, әсемдік және т.б.) жауап табуға қызығушылық. Ө. гуманистік қағидаларды тіршіліктің жоғары құндылығына көтермелейді. Ол қоғамның даму кезеңдері мен нәтижелерін көрнекілеп, айнадай бейнелеп қоймай, сонымен қатар, әлеуметтік–рухани өмірдің күйіне өз әсерін тигізеді. Рухани құндылықтардың шоғырлану барысында адам мен қоғам арасындағы қатынастар нығаяды. Көркем шығармашылық нәтижелері уақыт тұрғысынан алғанда – келесі дәуірлерге, кеңістік тұрғысынан алғанда – басқа елдерге таралады.                

Ө–ң мәдениетте алатын орны ерекше. Өмірден тікелей нәр алатын, қолдау табатын Ө–де ғана қоғамдық сана өзін толығымен тұтас көрсете алады. Мәдениеттің басқа салаларында жіктелген заттық және руханилық, объектілік және идеалдық, рационалдық және эмоционалдық – осылардың бәрі Ө–де бірлесе, біте қайнасып жатады.  

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *