өзін-өзі тану

жеке тұлғалық түсінік, өзгеден ерекше көзқарас, өз көңілін көтерер ізденіс. Көне дәуірдегі дастандардан әлемдегі өз орнын іздеген кейіпкерлерді кезіктіреміз. Құдіретті күштер кейіпкерлердің мінез–құлықтарына әрқалай ықпал етіп отырды. Белгісіз жағдайда кейіпкерлердің алдағы қимыл–әрекетін немесе жан дүниесін болжау қиындады. Өмірдің қиыншылығынан құтылу немесе оны шешу барысында жеке адам өзін жақын, дұрыс, толығырақ түсіне бастады. Әрбір құбылыс, зат немесе объект туралы қарама–қарсы көзқарастарды байқаған, олардың дұрыс–бұрыс жағын айқындай, ажырата алғандар, өз мәселесін шеше алды, өмірге тезірек бейімделді. Өзін өзгеден ажырата алғандар бойында тұлғалық қасиеттерді тұтатты. Өмірлік жолдың ерекшелігін жан–тәнімен ұқты. Өзінің өсу, жетілу себептерін өз қабілетінен іздегендер тез есейді, іс–әрекеттің жетекші күшіне, субъектісіне айналды. Субъект деп отырғанымыз қабілет иесі, қарым–қатынастың қозғаушы күші, кеңістік мүмкіншілігінен өз дегенін, өз бағытын таңдай алушы. Адамның өзіне деген бетбұрысқа сүйіспеншілік, моральдық нормалар, өзін–өзі көрсетпек талпыныс, материалдық игілікті көбірек иемденбек талпыныс басым ықпал етеді.

Ежелгі антикалық драматургтер шығармаларында кейіпкерлер нақты жағдайдың мәселелерін өз бетінше шешетін күйде қарастырылады.   Дельфадағы Аполлон храмында «Өзіңді өзің таны» деген жазу сақталынған. Б.д.д. ҮІ ғ.шамасында жазылған бұл өсиетті әркім өзінше түсінген, ойшылдар әрқалай түсіндірген. Ертедегі гректер жазуды «өзіңді біл», «өзіңді бақыла», «тоқмейілсініп кетпе, қылмысқа ұрынба» деген мағынада қабылдап, адамды ө.–ө. ұстауға шақырады. Тек Сократ (б.д.д. 470–399 жж) ғана бұл өсиетті адамгершіл қасиеттер арқылы, адамның ішкі дүниесімен салыстыра қарастырады. Оның шәкірті Платон (б.д.д. 427–347 жж) адам дүниесінің рухани мәндік жағына баса көңіл бөліп, жеке тұлға мәселесін тұрақты ізденістің объектісіне айналдырады. Оның пайымдауынша, өзіне ғана тәуелді жан акылды, білгір, әділетті.

Батыстың қайта өрлеу дәуірінде (ХҮ ғ. бертін) нақты адамға түскен салмақ, жауапкершілік анағұрлым артты. Адам болмысы, оның денелік белсенділігі, сезімдік қабілеті басты да ортақ мәселеге айналды. Белсенді адамның жаны мен тән бірлестігі қатар қойылды. Адам өз белсенділігімен, озық ісімен табиғаттың ерікті күшіне, басалқы құндылығына айналды. Өз құндылығы мен ізгілігін көрсете алған адам тұлғалық қасиеттерін, тұтастыра бастады.

Жеке адамның өмір жолы дүниетанымдық тұрғыдан түгенделінді, ал  психологиялық тұрғыдан – оның қайталанбас ерекше өзіндік бағыты, бұлыңғыр жақтары анықталды. Біртіндеп жеке тұлғалықты а) нақты адам болмысының өзіндік тәсілі; ә) адамның қоғамдық өмірінің жеке дара түрі; б) адамның өзіндік дүниесінің көрінісі, в) еркіндік, сенім, шығармашылық бірлестігі деп қабылдаушылық қалыптасты.  Өз күшіне, шығармашыл қабілетіне сенген адамның жаңа бейнесі, келбеті айқындалынды. Ақыл–парасат ақтаған, білім қоштаған жаңашыл адам құдайдың беделіне бұрынғыдай сүйене бермей, өз қабілетін өзі реттеуге ықылас танытты. Ө.–дік іс–әрекетті билік дәстүрімен есептесе бермей үдетті. Жаңашыл ағымда адамды зат, объект ретінде қабылдау, «қоғамдық қатынастардың ансамблі» немесе психикалық процестердің жиынтығы деп қарастыру дағдысы қалыптасты. ХІХ ғ. екінші жартысында рухани бағдар ықпалы әлсіреп адам бейнесі бұлыңғырланды. Мұндай белгісіздікте: а) «Құдай болмағанда, жын пері де болмайды», « Егер Құдай жоқ болса, онда бәрінде істеуге болады» деген Ф.М. Достаевский кейіпкерінің сөзі еске түседі; ә) адамдық тұлғалық христиан құндылығынан шеттетіліп, моральдық релятивизмге ұшырады. Мораль бұрынғы мызғымас негізден арыла бастағанда адам өзін де, өзгені де дұрыс түсіне алмай қалды. Өмірдің өткір мәселелері жауапсыз қалды.

ХХ ғ. дүниежүзілік соғыстар ағартушылардың сауатты, тәрбиелі адамға деген сеніміне күдік түсірді.   Қоғам да, ұлт та, адамның өзі де іштей жіктеле бастады, өзінің әлеуметтік–мәдени тұтастығы мен тұрақтылығынан ауытқыды.

Ө.–ө. т–ң озық және сенімді құралы – ақыл–ой мен білімдарлық. Тәрбиедегі ақыл–ой – нақты. Білімдарлықтың қуаты – білуге, білімді ақиқатқа айналдыруға деген құштарлықта. Білімдарлықтың қайнар көзі – халық тәжірибесі мен рухани қазынада. Екі жүйе қатарымен адамның Ө.–ө. т–на жөн көрсететін ақыл–оймен азықтандырады, адам өмірінің рухани құндылықтарын байытады.

Ө.–ө т–дағы күрделі де қиын мәселе – рухани тәрбиеде, мәдени көзқараста, екеуіне тиек болатын – әдептілікте. Әдепті адамның өзін тәрбиелейтін құралға айналдыру – ө–ндік т.–ның жоғары ұстанымы. Ө.–ө. т. – құбылыстың ортақ белгісі мен сипатын табу, қатынасты  ерекше үйлестікпен толықтыру, құдіретті өнердің сара жолына айналуы;

өзімен сырласу, өзгемен сұқбаттасу, оқиғадағы өз орны мен рөлін анықтау аясында  бірлестік пен айырмашылықта қанағаттанаралық тоқтамға келіп, қанағатты серік етуі;

жекеше ізденуде, бірлесе шығармашылық жұмысымен шұғылдануда қасиеттің құндылығына, оқиғаның мән–жайына назар аударуы, сол биік деңгейге жеткендерге аса сүйіспеншілікпен қарауы;

бірлескен шығармашылықта субъектінің рөлін жаңартып, жақсартып, өзара сенімділік пен келісімді орнықтыруы;

танымның қай әдістерінің белсенділік пен ұйымдастыру мәдениетін жетілдіруге ықпал еткенін, ұйытқы болғанын анықтау арқылы жаңа идея мен шешімді ұсынып қана қоймай, оларды қолдауы және қолдануы;

өзінің талдау қабілетін жетілдіруі, ақыл–парасатты ұштауы арқылы танымның мазмұны мен нәтижесін жаңғыртуы әрі ұлғайтуы;

жеке бастың өткірлігі басқа серіктеске қалай ықпал ететінін пайымдау барысында өзін ұстау мен басқарудың стилін қалыптастыруы. Бұл орайда әркім өз сөзі мен ісіне мықты болуы керек. Білікті қалаған дүниені іздеп көруге, тыңдауға, оқуға, құштар көңіл–күйін салауаттылыққа тұстар.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *