өзін-өзі ашу

адамның өзгелермен қарым–қатынаста  жеке тұлғалылықтың тартымдылығын  көрсету, сондай–ақ өзін де, өзгені де ашуға мүмкіндікті арттыру; гуманистік психологияның бір бағыты және өзекті проблемасы.  Осы проблеманы алғаш зерттеген американдық гуманистік психологияның өкілі С. Джурардудің (1971) пайымдауынша: «Ө.–ө. а. – өзі туралы тұлғалық информацияны басқаларға мәлімдеу; басқаға өзіндік «Мені» саналы және ерікті түрде ашу; бізді қабылдайтын адамдарға өзін таныстыру және көрсету актісі». Оның бастауын материалдық қарым–қатынастар мен әлеуметтік–психикалық байланыстар құрайды. Қос ағымның тоғысында тұлғалылыққа тартымдылық қалыптасады. Тұлғалылыққа тартымдылық – жеке адамның, оның тұлғалық қабілет–қасиеттері мен әлеуметтік ұжымның адамға деген ашық ықыласы. Содан: а)  индивидтің психикалық және тұлғалық ерекшелігі, адам мінез–құлқының қайталанбас көрінісі деген көзқарас кең таралған (С.Л. Рубинштейн,  Л.С Выготский, Б.М. Теплов, В.С. Мерлина, Б.Г. Ананьев және т.б,); ә) жеке тұлғалылықты тұлғааралық қатынастарда адамның өзін–өзі реттеуге және өзін–өзі ұйымдастыруға қабілеті деп ұғыну тамыр жаюда. Адам саясат, этика, дін, отбасы және т.б. туралы өзінің сезімдерін, көзқарастарын, ойларын ашық жеткізуге, сол үшін өзара сұхбаттасуға тырысса, мұның бәрі өзін–өзі ашуды іштей демеушілік.  

Өзін–өзі реттеу уақыттық шектелуде жүзеге асады. Танымайтын  серіктеспен қарым–қатынаста шектелушілік өрістейді, Ө.–ө. а–ң этикалық нормалары, олар туралы ой–пікір, мүдде, жұмыс тұйықталады. Шектелушілік, тұйықталушылық өзіндік ресурсқа бейімделуді немесе оны ашуды қиындатады. Бір шартта немесе нақты жағдайда тұйықтаушылық ө.–ө. а–ң тереңдігін, ауқымын, мазмұнын  дұрыс ұғынуға, оның шындықпен үйлестіретін бағдарын анықтамақ әрекетте шектеу үдейді. Одан Ө.–ө. А. проблемасы, ол туралы диалог тарылады, қарым–қатынас жетілмейді. Проблеманы талқылауға екі жақ бірдей, еркін қатыса алмайды. Ақырында, топтар арасында жағымды байланыс қалыптаспайды. Жетіспей жатқан нәрсе – сенімділік пен тәжірибенің әлеуметтік алмасуы. Өзіне, өз ісіне деген сенімділік, адамға күш–қуат әкеледі. Озат, орнықты тәжірибемен алмасу барысында адам жақсыға, жағымды бастауға ереді. Бойынан күш қуаты арылмаған, қиын–қыстауда тарылмаған жан өзін, өзінің қабілетін еркін ашады. Табысқа қуанып, барына жұбанып, кемшілікте тарығып  мауқын басады.

Түптей келсек, Ө.–ө. а. – қарым–қатынас аясындағы тұлғалық қажеттілік. Әр адам қатынастағы субъективті іс–әрекетінің нәтижесін; қарым–қатынастағы сенімділік нышаны және оның жалғасын; тұлғаның кәсіби және әлеуметтік тұрғыдан өзін–өзі анықтау жолын пайымдайды. Ересек, кәмелетке жеткен адам бұл міндетті мақсатқа орай жүйелі де ерекше орындауға талпынады. Кең мағынада, Ө.–ө. а. аясында информацияны қабылдайтын адамдарға өзі туралы мәлімдеу; адам мінез–құлқының тұлғааралық қарым–қатынастағы ашықтығы, ықыластылығы, сенімді арттыру, өзара ынтымақтасу қатынастарын жасау жүзеге асады. Мұны өмірдің әр саласында адамның Ө.–ө. кеңірек, кеңейте ашуға бағытталған жаңа позиция, өшпес ұмтылыс дерлік. 

Өзара сенім болған және орныққан жағдайда Ө.–ө. а. әрекеті белгілі бір салада қарқындап тереңдейді, өз арнасын табады. Адам бірнеше қызметтің түрін атқарса, онда оның  өмірлік тәжірибесі әлеуметтік тұрғыдан айырбастаудың түріне айналады. Ө.–ө. а. әруақытта тұтас та нақты қолдау таппаса, онда ол туралы түсініктер тереңдей немесе кеңи бермейді. Онсыз жағымсыз, теріс эмоцияларға тосқауыл болмай, не жетіспей қалады.  Ө.–ө. а. құбылысы тұлғалылық қасиет ретінде нақты да жан–жақты зерттеліне қойған жоқ. Одан әр түрлі қызметпен шұғылданатын мамандар арасында өзара ашықтық орныға қоймайды. Бұдан қосымша қиындықтар туындайды. Осыдан Ө.–ө. а. тәрбиенің жаңа парадигмасына айналдыру міндеті күтіп тұр.

Егер басқаны құндылық ретінде қабылдап, дүниеге және адамның өзіне деген қатынаста шынайылық, ашықтық, күдіксіздік, сенімділік орнықса, онда мұның өзі тұлғалылықтың нығаюына ұйытқы, себепкер болмақ. Ұстаз бен шәкірт, бастық пен қарамағындағылар серіктес болса, онда көзқарастарды, идеяларды ашық алмастыруға, нақты өмірлік мәселе туралы плюралистік түсінікке төзімділік таныту – Ө.–ө. а. қабілетін тәрбиелеудің түрлеріне жатады. Ө.–ө. а–ң басты бір серпілісі – тұлғааралық және кәсіби қарым–қатынастағы талпыныста,  басқалармен ашық та сенімді сұхбаттасуға араласуда, соған бейім болудан білінеді. Тұлғааралық қарым–қатынастағы жағдайда тұлғаның Ө.–ө. а. дайындығы – әлеуметтік–психологиялық деңгейдегі ашықтықтың көрінісі.  Осы тұрғыдан алғанда, «Ө.–ө. а. тұлғааралық қатынастардың табысты дамуына және тұлғаның өзін іске асыру әрекеті жемісті болуына, қарым–қатынаста тұлғалылыққа негіз болатын тұлға әлеуетінің қалыптасуына елеулі ықпал етеді».

Әлеуметтік–психологиялық деңгейдегі ашық тұлғаның Ө.–ө. а–ң – дайындалғпн қарым–қатынастағы тұлғалылықтың белсенді өмір салтының айғағы. Ө.–ө. а. білімді жеке дара тұлғалық деңгейден әлеуметтік–психологиялық деңгейге дейін қарастыру, тұлғаны әлеуметтік тұрғыдан Ө.–ө. а–ға демеулік ету, тіпті қоғамда Ө.–ө. көрсетуге жол ашу – қоғамдық дамудың барысында анықталуда, оларға деген әлеуметтік сұраныс артуда. Қоғамдық болмыстың әлеуметтікмәдени, этикалық, аймақтық, ұлттық нормаларын айқындау, соларды қабылдау – Ө.–ө. а–ң  мазмұндық сипаттамасын құрайды. Тар мағынада, Ө.–ө. а. қарым–қатынастың уақытына және контекстіне, қарым–қатынастың рөлдік және мәртебелі жағдайына, сенімділік деңгейіне сәйкес болуы.   Өзіндік қатынаста дара тұлғаның психофизиологиялық,  психикалық және әлеуметтік–психологиялық қасиеттері жетіліп көзге түседі. Бұл ерекшелік, а) Ө.–ө. а–ға дайындық пен қабілеттен білінеді, ә)  тұлғааралық қатынастардың қайталанбас бірегейлігінен көрініс табады. Ө.–ө. а–ң өмірлік мәні, оның жетекші күші – субъектінің белсенділігі мен болмыстағы мәртебесіне қатысты. Болмыстағы субъект тұлғаның кәсіби саладағы әлеуетін жүзеге асырып қана қоймай, тұлғааралық қатынастың бастамасы мен бағытын үйлестіре түседі.

Тұлғаның өзін іс жүзінде көрсетудің бастауы – гуманистік идеяда, адамдардың шығармашыл ынтымағында, ашық ойжарыста, тұлғааралық қатынастардың тазалығы мен сенімділігінде. Бұны күнделікті тұрмыстағы өзара зейінділік, қамқорлық, түсінушілік депте немесе бірлескен ізденістің, ашық қарым–қатынастың, Ө.–ө. а. дайындықтың   айғағы депте ұғынуға тұрарлық. Ө.–ө. а–ң мазмұндық және уақытша параметрлерін ажырата білу, солармен есептеу қажет. Әлеуметтік өмірдің құбылыстары мен сыртқы объектісіне орай өзін–өзі ашу, С. Джурардудің пікірінше, мына индекстерді қамтиды. Бірінші деңгейдегі индекстер: 1) қатынастар, ұстанымдар, қоғамдық және мәдени өмірдегі пікірлер мен  құндылықтар; 2) талғамдар, мүдделер және ұнатушылық; 3) жұмыс, кәсіп. Екінші деңгейге өмірдің адамгершілік және моральдық–этикалық жақтаныа деген қатынас: 4) бюджет, ақша; 5) тұлға, «өзімнің Менім»; 6) дене, денсаулық. Осы бағаттарда өзара сенімге негізделген қарым–қатынастар орнықса, тұлғалану мен өзін–өзі тану үрдістері қатар жүреді.

Қарым–қатынастағы Ө.–ө. а–ң басты мәселесі – бірлескен қызметтің бағытын және өзіндік іс–әрекетті жүзеге асыруды орнықтыру.Ол үшін әрбір адам басқаны мұқият тыңдай білуі, өзгенің көзқарасына төзімділік танытып, оны бөлісуден бас тартпау, өзін ашық көрсете білуі шарт. Ө.–ө. а. – тұлғааралық қарым–қатынастарда тұлғаның өз әлеуетін жүзеге асырудың белгілі бір кезеңі, жағдайы, шарты дерлік. Ол ашық, өзара тартымды, жеке тұлғалылықты орнықтыратын, жеке адамның өз әлеуетін ашатын, тұлғааралық қарым–қатынастарды жандандыруға мүмкіндікті арттырады.  Ө.–ө. іс жүзінде көрсету – өмірде өз орнын табу және өзінің кім екендігін дәйектеу. Сол үшін мінез–құлқы мен қимыл–әрекеттерін бағыттау. Адам уақыт аясында өзін дамытады, кеңістік шеңберінде өзін–өзі көрсетеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *