өзін-өзі анықтау

адамның өзіндік «Мен–бейнесін» айқындау және үнемі жаңарту, өзінің тұлғалық тәжірибесін толықтыру арқылы басқалардың арасында өзін көрсету. Оның мәнісі адамның өмірге деген түсінігі тұрақтап, дүниедегі өз орнын ұққан сайын, өзінің ішкі жан дүниесін өзгерткен сайын ашыла түседі. Ө.–ө. а. саналы әрі бейсаналы тұрғыдан қабаттаса өтіп жатады. Адам әлеммен тұрақты қатынаста болып, өз қатынасын реттеген сайын Ө.–.ө. а–ды саналы түрде жүргізеді. Адам өз өмірінің мағынасын ұққан сайын, өмірлік мақсатты таңдап, оны қоғамдық құндылықтармен салыстыра өз болмысының негізін қалыптастырған сайын Ө.–ө. а–ға мүмкіндікті саналы арттырады. Өзіндік сананың ерекшеліктерін (әлеуметтік үйлестіктік, өзіне қатынас, мотивтер, құндылықтарды) шешім қабылдайтын тәсілдермен ұштастырған сайын Ө.–ө. а. моделінің негізі құралады. Өзін саналы анықтау барысында үйлестік, тұлғалық айқындылық қалыптасады. Ө.ө. а–ң бұл қос өлшемі мына міндеттерді: а) Ө–дік қатынасқа байланысты түрлі проблемалық жағдайлардың күрделі міндеттерін шешуге; ә) әлеуметтік үйлестікке, яғни индивидтің әрбір бірлестікке қатысты сезімін қалыптастыруға бағытталады. Тұлғаның Ө.–ө. а–ң негізгі бұл бағыттары бірін–бірі толықтырады. Адам белгілі бір өмір сүруге қажетті құндылықтар мен тәжірибені –қоғамдық өмірдегі өз орнын табуға және өзінің өмірлік жолын жасауға бағыштайды. Тұлғалық даму барысында адам: а) Ө.–ө. үйлеседі, өз болмысын, өмірлік жолын айқындайды; ә) материалдық қажетін, әлеуметтік байланысын анықтайды; б) адамгершілік қабілеті мен келбетін қалыптастырады.

Адамгершілік тұрғысынан Ө.–ө. а. – жеке тұлға және әлеуметтік деңгейде өмірдің қағидалары мен мағынасын, құндылықтары мен мұратын, мінез–құлық нормалары мен ережелерін қалыптастырудың нақты әлеуметтік–психологиялық тетігі. Адам есейген сайын өзінің кім екенін, жақсы немесе жаман жақтарын білуге, өзінің мінез–құлқын реттеуге, мүддесін қолдауға, тазалығы мен адамзаттық мәртебесін сақтауға ұмтылады. Осы төрт бірдей тіректі тең ұстауға арналған бағдардың адамгершілігі мол, жұртқа жағымды екені даусыз.

Ө.–ө. а. өмір бойы толастамайтын және адам белсенділігінің күллі аясын қамтитын үдемелі үрдіс. Адамгершілік көзқарас өмірлік қағидалар мен құндылықтарды, мұрат пен мінез талаптарын арттыру, олардың мән–мағынасын салыстыруды, сондай–ақ, тұлғаның өмірлік байланысын реттеудікөздейді. Ө.–ө. а–ң кейбір құрамдас бөлімдері – адамгершілік көзқарастар, адамгершіліктің стратегиялық бағыты, тұлғаның адамгершілік  бағдары ғылыми талдаудың енді ғана арнайы проблемасына айналуда. Адамгершілік стратегиясы тұлға бағдарламасы мен өмірдің кейбір аясы туралы түсінікке негізделген мінез–құлық кеңістігін, адами дамудың сатыларын құрайды. Тұлғаның адамгершілік бағдарлары  деп адамның өзіне жақын түрлі объектілерге (эгоорталық, топорталық, гуманистік, жасампаздық және т.б.) адамгершілік қалыпты таңдау, қолдау, бағыттау және іріктеу үрдісін айтамыз. Ө.–ө. а–дың адамгершілік  бағдарлары танымдық, эмоциялық, мінез–құлықтық, үйлестік және этикалық құрамдары арқылы пайымдалады.

Адамгершіл мұрат пен құндылықтар жүйесінде, адамдар мен әлеуметтік топтар арасында тұлғалардың гуманистік бағдарды ұстауы, өз адамгершілігінің үлгісі мен мұраттарын саналы түрде іздеуі, таңдауы, солардың ырқында принциптерді, құндылықтарды, нормалар мен ережелерді толықтыруы – Ө.–ө. а–дың негізін құрайды. Осындай талпыныстың барысында адамгершіл позицияның екі бірдей деңгейі – этикалық принциптерді, нормаларды және сенімдерді оқып білу, сондай–ақ тұлғаның жағымды немесе жағымсыз қатынастар жүйесін талдау қатар қалыптасады. 

Түрлі жастағы топтардың Ө.–ө. а. көрсеткіштерін қарастырсақ, олар адамгершілік тұрғысынан біртекті емес, бірақ орташа өсіп отырады. Тұлғаның адамгершілігін  қоғамға маңызы зор және тұтас тұлғалықтың күш–қуатының көрсеткішін жоғарылатады. Оқу мен еңбектегі сияқты түрлі моралдық кодекстерді бір–бірімен толықтыру, моралдық түрлі түсініктердің қажет екендігін аңғартады. Құбылмалы әлеуметтік–мәдени ортада жастардың өмірдегі өз орнын анықтау қайшылығы мол мәселеге айналады. Қоғамдық даму қарқындағанда: а) жеке адамның, әлеуметтік топтардың және қоғамдық сананың құрылымында күтпеген өзгерістер болады; ә)  адам күрделі кезеңдерге ұшырайды; б) жеке адамның белсенділігі мен әлеуметтік мінез–құлықтарын реттейтін рухани–адамгершіл, адамгершіл–психологиялық факторлардың ықпалы артады. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *