өзіндік қатынастың

тарихы тереңде, жетістіктері әлемге әйгілі. Бірақ оның мәдени әлеуеті мен өлшемі әрқалай анықталды, біртіндеп тұлғананылды. Ө. қ.–тың тұлғалануы адамның болмысына орай үнемі жетіледі. Адамның онтологиясы «жетілу қатынасы» туралы, «болмыстың шектеусіз деңгейлері» туралы, «адамның жоғары құндылықтары мен қасиеттері» туралы ілім. Ө. қ–ң бұл бастамаларының рефлексивті, шығармашыл, сұхбаттасу, феноменологиялық (құбылыстық) астарлары бар. Рефлексивті талдау адамның танымдық белсенділігіне және өз болмысын анықтайтын қабілетіне сүйенеді. Осы мәнге кеңінен енген тұлға заттық және тұлғалық мәнді қатар тани алады. С. Л. Рубинштейннің пайымдауынша, белсенді адам дүниені философиялық–антропологиялық, индивидуальді–психологиялық және рефлексивті тұрғыдан таниды, сол тұрғыдан талдау жүргізеді. Болмыс аясында адам өзін ғана танып қоймайды, өзімен қатынаста болады, өзі туралы толғаныс тәсілдерін қалыптастырады. Өзімен үндес адам  болмыстық бастаманы зерттегенде: а) онтологиялық және индивидтік–тұлғалық түсініктерді бір–бірімен салыстырады; ә) өзіне деген қатынастың моделіне тұлға туралы түрлі тұжырымдамалар ендіріледі; б) Ө. қ. дамыту моделдері категориялық аппараттың ұқсастығы негізінде және өмірлік бірлікті толықтыру барысында бір–бірімен толықтырылды; в) тұлғаның өзіне деген қатынасын түсіну және талдау үшін адам болмысының жаңа мүмкіндіктері ескерілді. Жаңа мүмкіндіктер: а) ойланудың, толғанудың, бағалаудың және іс–әрекеттің үйлестігін қарастырғанда; ә) адамның өзіне деген танымдық көзқарасты қалыптастырғанда; б) өзіндік танымның мотивациялық, эмоциялық және құндылық жақтарын ескергенде; в) басқа адамға деген этикалық, эстетикалық, теориялық және практикалық қатынастарды бір–бірімен үйлестіргенде, мәдениет аясында Ө. қ–ң тұлғалануы моделін жасау барысында ашылды. Модель басты бірнеше бағдарларды – адамның мәдени қабілетін, уақыт бағдарын, мақсатты және мағыналы үстемелерін, Басқалардың ықпалы мен рөлін, рухани–адамгершілік мәселелерін, өзіне деген көзқарастың рефлексивті түрлерін қамтиды.

Рефлексия – нақты тұлғаның өзіне–өзі қатынасын танудың құрамы әрі құралы.  Өзіндік қатынастың мазмұндық тұрғыдан толығуы, үрдістік жетілуі, құрылымдық тұтастығы, ықпалдылық деңгейі – мұның бәрі де адамның индивидуалды және қоғамдық өміріне ықпал ететін тұлғалық тәжірибенің көріністері, өмірлік тәсіл. Ө. қ.–ң осы типтес модельдері С.Л. Рубинштейн, М.М. Бахтин, М.К. Мамардашвили, Е.Б. Старовойтенко тұжырымдамасы негізінде жасалынды.

Ө.–ө. қ. адамның өзін және дүниедегі өз болмысын тануды, оның онтологиялық және индивидуальді өлшемдерін қамтиды. Ол дегеніміз: І. Адам болмыс құрамына енеді. Адамның қасиеті мен болмыстың қасиеті бір–бірінен тәуелді. Адам болмыстың объектісі және субъектісі ретінде онымен салыстырылады. 2. Жеке адамның ақиқатты білмек, сұлулықты іздеу, ізгілікті, сенім мен сүйіспеншілікті орнықтыру әрекетінің барысында дүниеге, өзге адамдарға деген қатынастарды жаңғырту және қайта жасау. Жеке нәрсе басқа нәрсемен тең, үйлес болса, онда жалпы нәрсе жаңарады. 3.  Нақты адамның дүниедегі индивидуальді өмірін жүзеге асыру. Адам дүниедегі себепті байланыстарда болады, оларды өзгертеді, жетілдіреді, сынайды, оларға ықпал ете отырып, сыртқы дүниемен араласады. 4. Адамның субъект ретінде дамуы, өзін–өзі және өзгені анықтауда индивидуальді өлшемнің өзгеруі. Адамның «өмір сүру» қабілеті тұлғаның дүниеге және өзге адамдарға қарым–қатынастарынан туындайды. Мұндағы басты формула: «істегім келеді – істей аламын – істеймін –жасаймын» деген сатылардан көрініс табады. 5. Өмірдің субъектісі сыртқы ықпалдарды  өзінше әрекеттенетін себептілік ретінде қабылдап, оларды өмірінің ішкі негіздеріне, сапалық сипаттарға, өзгелермен тұрақты қатынастың себептеріне айналдырады. 6. Әр адамның басқа адамдармен түрлі қатынастарда болуы, өзін өзгенің объектісіне айналдыру, керісінше, басқаларды өзінің объектісі ретінде талқылау белсенділігі. Мұндай ерекше жағдайда адам өзіне де, өзгеге де субъкт–субъектілі қатынастарды қалыптастырады.  «Мен» өзімен–өзі заттық қатынасқа ұшырайды. 7. «Мен» өзіне деген қатынасты саналы түрде дамытып, өзгелердің өмірімен белсенді араласатын өзіндік сананы қалыптастырады. «Мен» өзін адам, субъект, саналы қызметкер, нақты тұлға ретінде қабылдайды. «Мен» – саналы түрде қызмет ететін іскер келбет, танымның, дүние мен өзін–өзі қабылдаудың саналы субъектісі. 8. Өзіне де, өзгеге де нақты «меннің» қалыптасуы. Нақты «мен» басқа көптеген «меннің» объектісі әрі субъектісі, басқалардың тіршілік етуіне жағдай жасалынады. Көптеген «Мен» бір–бірінен өздерін тауып, «өзім» деген ұғымға көтеріледі. Басқаны танып, олардың жетістігін бойына сіңіріп өз қабілетін көтермелеу – адамдықтың өзіндік қасқа жолы. 9. Өзгенің көзқарасын қабылдау, оны өзіңе қарсы қою емес, өзіңді оның, басқаны өзіңнің құрамдас бөлімі ретінде тұтас қарастыру, қабылдау. Қоршаған орта мен өзімнен нені қабылдасам, ұқсам, сол толығу «Мені» жаңа жағдайға нақтылай, бейімдей түседі.  Түрлі ортада өз тұтастығын сақтаған адам тұлғалық белсенділігін, өзіндік «Мен–ді» жетілдіре береді. 10. Дүниемен түрлі қатынаста болу, онда өз басын қорғай алу – өмір сүрудің ерекше тәсілін қалыптастырады.  Өмір сүру тәсілі қабылдау, сезім, ойлану, тану, толғану және іс–әрекет бірлестігінен қалыптасады, өзіндік сана мен өзіндік қызметте жалғасын тауып, ішкі дүниені жетілдіреді. Бұдан «Менің» дүниеге, ортаның «маған» тигізер ықпалы да, өмірлік қатынастардың өнімділігі де артады. Өмірлік қатынас адамның өзіне деген түсінігі мен белссенділігін арттырып, өмірдің индивидуалды мән–мағынасын ашады, тұлғалық тіршілікті бір–бірмен үйлестіруге жағдай тудырады. 11. Тұлға түрлі қатынастардың басын құрай алған сайын маңызды өмірлік жағдайларға енеді. Маңызды өмірлік жағдай тіршіліктің ішкі және сыртқы сипаттарын, жеке тұлға мен басқа адамдардың қарым–қатынасын, олардың психикалық және практикалық белсенділігін қамтиды, соларға сүйенеді. Бұрын–соңды мәліметсіз мұндай жағдайларды икемдеп игерген сайын адам өзінің жаңа өмірін жалғастырады. Өмірдің тың проблемалары мен қайшылықтары тұлғаның өзгеруіне, өзін–өзі өзгертуге мәжбүр етеді. 12. Нақты өмірлік жағдайларда тұлғалық қатынастардың ықпалы артқан сайын, біржағы жеке тұлғалықтың қабілет–қасиеттері анықталады, жетіледі, біржағы, адамның нақты болмысының байланыстары тереңдейді әрі аумақтанады. Жаңа жағдайдағы, жаңа болмыстағы адамның әрекеті оның бойында бір нәрсені жаңғыртады, жаңартады, жағымдын жүзеге асырады, енді бір көндіккен әдетті өзгертуге, жоюға итермелейді. Адамның нақты болмысы белгілі бір кеңістік пен уақытта үнемі өзгерісте болады, оны өзіміз жетілдіруге тиіспіз. 13. Тұлғаның басқа адаммен қарым–қатынасы мен адамның өзіндік құндылықтар мен мұраттар дүниесінің арасындағы байланыстар тығыз, өрби түспесе өшпейді. Адам біреуге деген этикалық көзқарасы, таңдауы, мінез–құлқы және әдеп–ғұрпы арқылы өзінің шындыққа, әділеттілікке, көркемдікке деген ынта–ықыласын танытады, адамдық құндылықтарды ашық қолдайды. Біртіндеп тұлғалық келбетін қалыптастырады. 14. Өзіндік сана мен өзіндік әрекет аясында «Меннің» өзім үшін, жеке тұлғаның өзі үшін мәнісі ашылады. «Меннің» өзім үшін мәнісі адам өмірінің құндылық аясын айқындайды, «Менің» өзге адамдарға бағытталған этикалық, эстетикалық, танымдық қатынастарын аша түседі. Құндылық дүниесіндегі қарым–қатынастардың алмасуы өзіндік еркіндік сезімін тудырады, тіпті өзіндік еркіндікті қолдану аясын кеңейтеді. «Өзіндік еркіндік деп отырғанымыз жеке бастан туындайтын инициатива, күдіктен арылу үшін тәуекел деп қимыл–әрекетке мәжбүр еткізетін мүмкіндік, ашық сын мен тексеру еркіндігі, ар–намыс еркіндігі» (С. Л. Рубинштейн). 15. Жеке тұлғалық болмыс деп отырғанымыз адамдардың өмірге деген жинақталынған қатынасының көрінісі, нәтижесі. Адамның өмір мен өлімге, ізгілік пен зұлымдыққа, шындық пен жалғандыққа, еркіндік пен қажеттілікке, адамды құрметтейтін дәстүрге немесе жек көретін дағдыға деген нақты түсініктері мен тұрақты көзқарастары осы жинақталынған қатынастар шеңберінде қалыптасады, жетіледі, тарайды. Осыдан тұлғаның адам болмысына араласудың іргел өмірлікі мағынасы анықталады, толықтырылады.

Әсердің бастауында маған не нәрсе маңызды, мен өзім нені өмірімнің маңызды нәрсесі деп таңдадым, мен өзім нендей мүмкіндіктен бас тарттым деген сауалдарға түсініктер қалыптасады. Ө.–ө. бағалау барысында «Мен» тұжырымдамасына қатысты осы мәселелердің әрқайсысының өмірлік маңызы, оның тұлғалық өмірге жағымды, жағымсыз жақтары анықталады. Одан тұлғаның Ө. Қ. жетіледі, өзін–өзі бағалау субъектінің өзіндік санасының және өмірлік қатынасының құрамына енеді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *