Ғылым

(арабша: علم‎ — тану; латынша scientia — білім) –зерттеу жолымен жинақталған жүйелік табиғат пен қоғам туралы обьективті білім жүйесі, адам танымының жоғары формасы.

Негізінен Ғ–дарды екі санатқа бөледі: Жаратылыс құбылыстарын (биологиялық өмірді қоса) зерттейтін жаратылыстану ғылымдары және адамзаттың әлеуметтік өмірі мен қоғамдық қатынастарын зерттейтін гуманитарлық ғылымдар. Бұл санаттар эмпирикалық ғылымдар болып табылады, яғни ондағы білім табиғатта көруге және зерттеушілердің әлдебір шарттарда тәжірибе арқылы тексеруге болатын құбылыстарға негізделген. Кейде фундаменталды ғылым деп аталып үшінші санатқа жатқызылатын математика ғылымының жаратылыстану мен гуманитарлық ғылымдармен ұқсастығымен қатар айырмашылықтары да бар. Ұқсастығы — объективті, ұқыпты және жүйелі әлдебір білімді зерттегенінде болса, айырмашылығы білімді тексеру тәсілінде: ол эипирикалық емес, көбінше априори тәсілдеріне жол береді. Статистика мен логистика ғылымдарына жататын фундаменталды ғылымдар эмпирикалық ғылымдар үшін өте маңызды. Фундаменталды ғылымдардыың ірі жетістіктері физика және биология ғылымдарына да жиі ірі жетістіктер әкеледі. Фундаменталды ғылымдардағы теориялар нәрселердің қалай жұмыс істейтінін (жаратылыстану ғылымдары) ашу мен сипаттауда, сонымен қатар адамдар қалай ойлап, қалай әрекет ететінін (гуманитарлық ғылымдар) сипаттауға маңызды гипотезалар, теориялар және заңдылықтар құруда үлкен рөл атқарады. Ғ.–мен өзара тығыз байланыста болатын ғылыми зерттеулер нәтижелерін адамзат мұқтаждығына пайдалану болып табылатын қолданбалы ғылымнан ажырату үшін кейде тәжірибелік ғылым болып аталады.

Тұтас Ғ. жүйесін құрайтын ғылыми пәндерді шартты түрде жаратылыстану, әлеуметтік және техникалық ғылым деп үлкен үш топқа бөлуге болады. Бұлардың арасында қатаң шекара жоқ, бірқатар ғылыми пәндер аралық жағдайда қалыптасқан. Мысалы, техникалық ғылым мен әлеуметтік ғылымның түйіскен жерінде – техникалық эстетика, жаратылыстану ғылымы мен техникалық ғылымының түйіскен жерінде – астроботаника, ал жаратылыстану ғылымы мен әлеуметтік ғылымның түйіскен жерінде экономикалық ғылымдар қалыптасқан. Ғ.–ның ерекше маңызды рөл атқаратын салалары – математика, ақпараттану және басқару теориясы болып табылады. Ғ–ның белгілі бір саласында дәстүрлі зерттеулер жүргізілуімен қатар, пәнаралық, кешенді зерттеулер жүргізу қазіргі Ғ–ның ерекше даму бағыты болып табылады. Мысалы, табиғатты қорғау мәселелерін зерттеуде осы бағыттың маңызы айқын болып отыр. Мұнда биология мен техникалық ғылымдар, жер туралы ғылым мен медицина, экономика мен социология түйісіп, мәселені бірге зерттеуде. Өзінің алған бағыты, тікелей өмірге қатынасына байланысты Ғ.–ды іргелі және қолданбалы деп бөлу дәстүрі қалыптасқан. Іргелі ғылым саласының міндеті қоғамды, дүниені, табиғатты түсіндіретін заңдарды тану. Бұл заңдар мен құрылымдар «таза күйінде» зерттеледі, оларды тікелей пайдалану мүмкіншілігі шартты емес. Қолданбалы ғылымның тікелей мақсаты – іргелі ғылымның ашқан жаңалықтарын танымдық, әлеуметтік–практикалық мәселелерді шешуге қолдану болып табылады. Яғни оның міндеті – ақиқатты тану ғана емес, әлеуметтік сұранысты қанағаттандыру. Қолданбалы ғылым теориялық та, практикалық та бағытта дамуы мүмкін. Мысалы, қазіргі физикада электрдинамика мен кванттық механика іргелі ғылым саласы, ал осыған қосымша нақтылы пәндік саланы тану үшін теориялық қолданбалы физиканың түрлі салалары (металл физикасы, шалаөткізгіштер физикасы, т.б.) қалыптасқан. Ал олардың нәтижесін одан әрі практикада қолдану үшін, әр түрлі практикалық қолданбалы ғылым (металтану, шалаөткізгіш технологиясы, т.б.) пайда болды, бұлар тікелей өндіріспен байланысты қалыптасқан. Барлық техникалық ғылымдар қолданбалы ғылым саласына жатады. Қазақстанда Ғ–ды ұйымдастыру алғашқыда әр түрлі ғылыми–зерттеу мекемелерінде және бірқатар жоғары оқу орындарында шашыраңқы күйде жүргізілді. 1945 ж. Қазақстан Ғылым академиясы құрылғаннан кейін, ғылыми–зерттеу институттарының бірыңғай тұтас жүйесі қалыптасты. Ғылым академиясы құрылғаннан бергі уақытта онда үлкен зерттеу жұмыстары жүргізілді; өндіріске құнды жаңалықтар енгізілді.

Ғ– адамның табиғат пен қоғам туралы объективті білімін қалыптастыруға мүмкіндік беретін танымының ең жоғарғы пішімі, оның практикалық қызметінің бір саласы. Адамзат қоғамының дамуы барысында Ғ. сол қоғамның маңызды әлеуметтік институтына және тікелей өндірістік күшіне айналды. Ғ.–ның басты мақсаты – Ғ. заңдарының негізінде ашылып отырған болмыс құбылысы мен процесін болжау, түсіндіру және жүйелеп мазмұндап беру.

Орта ғасырларда Ғ.–ның дамуына Шығыс, араб елдері Орта Азия ғалымдары (әл–Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Ибн Рушд, Бируни, Махмұт Қашқари, Жүйнеки т.б.) елеулі үлес қосты. Олар Ежелгі Грекияда қалыптасқан ғылыми таным жетістіктерін сақтап қана қойған жоқ, оны көптеген салаларда толықтырып, дамытты. Шығыста әл–Фарабиді Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» деп таныды. Орта ғасырларда араб елдері мен ислам діні тараған басқа да аймақтарда философия, медицина, эстетика, математика, астрономия т.б. Ғ. салалары қауырт дамып, бұл құбылыс кейін Ислам Ренессансы деп аталды. Мысалы, Омейя әулеті халифатында ғылым үйі болды, онда ғалымдар ежелгі грек ғылымының барлық жетістіктерін араб тіліне аударды, Ғ–ның ерекше формасы, «фәлсафа» қалыптасты. Еуропада бұл дәстүрді кейін схоластар дамытты. Ғ–ның қалыптасуына негіз болған тағы бір тірек алхимия мен астрологияның дамуы болды. Алхимия табиғи заттар мен қоспаларды тәжірибе жасау арқылы зерттеп, химияның қалыптасуының алғышартын жасады. Астрология аспан денелерін зерттеу арқылы астрономияның дамуына ықпал етті. Қайта өрлеу дәуірінде діннің басымдылығы әлсіреді, Ғ. рухани өмірдің дербес факторы болып, дүниетанымның (Леонардо да Винчи, Николай Коперник т.б.) негізгі тірегіне айналды. Сондай–ақ Ғ. табиғат құбылыстарын жан–жақты зерттеп, адамзат танымының көкжиегін кеңейте түсті. XVI – XVII ғасырларда Ғ–да болған терең өзгерістер алғашқы ғылыми революцияға (Галилео Галилей, Иоганн Кеплер, Уильям Гарвей, Рене Декарт, Христиан Гюйгенс, Исаак Ньютон және т.б.) алып келді. Ғ.–ның қарқынды дамуы, дүниенің жаңа бейнесін қалыптастырудағы рөлінің артуы, жаңа дәуірде Ғ.–ды жоғары мәдени құндылық ретінде тануға, көптеген философиялық мектептер мен бағыттардың Ғ–ға қарап бой түзеуіне ықпал етті. Механикадағы жетістіктер XVII ғасырдың аяғында жүйеленіп, толығып, әлемнің механикалық бейнесі туралы түсінік қалыптастыруда шешуші рөл атқарып, кейін әмбебап дүниетанымдық (Леонард Эйлер, Жан Даламбер, Пьер Лаплас, т.б.) маңызға ие болды. Осы бағыттың шеңберінде физика, химия салаларымен бірге биологиялық құбылыстар да зерттелді, соның ішінде адам тұтас организм (Жюльен Ламетридің «адам – машина» тұжырымдамасы) ретінде қарастырылып түсіндірілді. Энергияның сақталуы мен айналуы заңының ашылуы (Роберт Майер, Джеймс Джоуль, Герман Гельмгольц) физика мен химияның барлық тарауын ортақ негізге қоюға мүмкіндік берді. Клетка теориясын тұжырымдау (Теодор Шванн, Маттиас Шлейден) барлық тірі организмдердің біртекті құрылымын көрсетті. Биологиядағы эволюциялық ілім (Чарльз Дарвин) жаратылыстануға даму идеясын енгізді. Элементтердің периодтық жүйесі (Дмитрий Менделеев) заттың барлық белгілі түрлерінің ішкі бірлігі барлығын көрсетті. XIX ғасырдың ортасында әлеуметтік дамудың ғылыми теориясын жасау үшін әлеуметтік–экономикалық, философиялық және жалпы ғылыми жағдай қалыптасты; физика саласында бірқатар ғылыми жаңалықтардың (электрон, радиоактивтілік, т.б.) ашылуына қол жеткізді. Ғ–дағы дағдарыс физикада басталған жаңа ғылыми революциямен (Макс Планк, Альберт Эйнштейн, Нильс Бор) шешілді және қазіргі заманғы Ғ–ның барлық негізгі салаларын қамтыды. XX ғасырдың басында жаратылыстану ғылымында алдыңғы қатарға биология шықты, онда ДНК–ның молекулалық құрылымы белгіленіп, генетикалық кодтары айқындалды. XX ғасырда Ғ.–ның даму қарқыны оның түрлі салаларының ұштасып, қазіргі кезеңнің кешенді, ірі мәселелерін жаңа бағдарда шешуге бағытталған мәселелерде (материалдар мен энергияның жаңа көздерін қалыптастыру, адам мен табиғат қатынастарын тиімділендіру, үлкен жүйелерді басқару, ғарыштық зерттеулер, т.б.) ерекше байқалды.  III мыңжылдықтағы Ғ. дамуының басым бағыты біздің бүкіл әлемді, оның ішінде, адамның ішкі әлемін жан–жақты, тұтас қарастыру болмақ.

 

ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ–ғылыми–зерттеу мекемесі немесе ғылыми–зерттеу мекемелерін біріктіретін қоғамдық ұйым. Ғ. а. ұқсас мекемелер б.з.б. IV ғ. бастап болған (Ежелгі Грекияда Платон ұйымдастырған Академия). Ал Еуропада XV – XVI ғасырларда көптеген ғылыми қоғамдарға академия атауы берілген. Қазіргі кезде дүние жүзінің көптеген елдерінде (мысалы, АҚШ, Англия, Италия, Қытай, Франция, Қазақстан, т.б.) ұлттық ғ. а.–лары жұмыс істейді. Ғ. а.–лары әр елде түрліше аталады (мысалы, Ұлыбританиядағы Корольдік қоғам) әрі олардың құрылу принципі, құрылымы, мүше саны, т.б. әр түрлі болып келеді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы (1993–1996, 1999–2003) ҚР Президентінің 1993 ж. 21 қаңтардағы Жарлығымен («Республиканың ғылымын ұйымдастыруды және ғылыми–техникалық қуатын дамытуды жетілдіру жөніндеғі шаралар туралы» ҚР Президентінің 1993 ж. 21 қаңтардағы № 1090 Жарлығы (Ағымдағы мұрағат) Ғылым академиясы (Қазақ КСР ҒА) ретінде 1946 ж. 1 маусымынан жұмыс істеп келеді.) Қазақ КСР ғылым академиясы қайта ұйымдастырылуының нәтижесінде құрылды (1993–2000 жж. кезеңдегі мемлекеттік органдар туралы мәліметтер: қараңыз–Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік органдары (1991 ж. 16 желтоқсан – 2001 ж. 1 қаңтар). Анықтамалық. ҚР ПМ. – Алматы: БҮ «Эдельвейс», 2004. 572–573 б.). ҚР Президентінің 2001 ж. 6 қарашадағы Өкімімен («Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының кейбір мәселелері туралы» ҚР Президентінің 2001ж. 6 қарашадағы № 247 Өкімі (Ағымдағы мұрағат)). ҚР Ұ.Ғ. а.–сына мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын фундаментальды ғылыми зерттеулер бағдарламалары шеңберінде орындалатын жұмыстарын сараптау функциялары жүктелді. ҚР Үкіметінің 2002 ж. 22 мамырдағы қаулысымен («Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының кейбір мәселелері туралы» ҚР Үкіметінің 2002 ж. 22 мамырдағы № 550 қаулысы (ҚР ПҮАЖ, 2002, № 14, 150–бап))[«ҚР Ұлттық ғылым академиясы» республикалық мемлекеттік мекемесінің Жарғысы бекітілді.

Жарғыға сәйкес ҚР Ұ.Ғ. а. Ғ. а.–сының мүшелерін (академиктерді), корреспондент–мүшелері мен Қазақстанның жетекші ғалымдарын біріктіретін мемлекеттік ғылыми мекеме болып табылды. Ғ. а. басқарушылық, ғылыми–техникалық, әлеуметтік–мәдени және басқа функцияларды жүзеге асыруға құрылған республикалық мемлекеттік мекеме болып табылды. Ғ. а.–ның мемлекеттік органы, сондай–ақ мемлекеттік меншік құқығы субъектісінің оған қатысты функцияларын жүзеге асыратын органы ҚР Білім және ғылым министрлігі болып табылды. ҚР Ұ.Ғ. а. қызметінің мақсаты мен негізгі бағыттары мыналар болып табылды: ғылыми–зерттеу қызметі; ҚР ғылымының жай–күйін талдау және дамуын болжау; ғылымды дамыту мен ғылыми кадрларды даярлаудың басым бағыттарын айқындау; ғылыми–сараптамалық қамтамасыз ету; ғылыми зерттеулер бағдарламаларын қалыптастыру және орындалуын үйлестіру; өз құзіреті шегінде халықаралық ынтымақтастықты, инновациялық және инвестициялық қызметті дамытута жәрдемдесу.

Ұ.Ғ. а. жалпы басшылықты және қызметін үйлестіруді уәкілетті орган (министрлік) жүзеге асырды. Ғ. а. басқармасының атқарушы органы ҚР ҒА президенті болып табылды. ҚР Президентінің 2003 ж. 21 қазандағы Жарлығымен («Қазақстан Республикасында ғылыми қызметті ұйымдастыру жүйелерін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» ҚР Президентінің 2003 ж. 21 қазандағы № 1208 Жарлығы (Ағымдағы мұрағат))«Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» республикалық мемлекеттік мекемесі таратылып, «Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы» қоғамдық бірлестігі құрылды (Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік органдары (2001–2005 жж.).

1946 жылы 1 шілдеде Қазақстан Ғылым академиясы салтанатты түрде ашылды. Ғ. а.–ның тұңғыш президенті болып көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, қазақстандық геология мектебінің негізін салушы, академик, әлемге танымал ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев сайланды. Қазақстан Ұ. Ғ. а.–ның құрылуы республиканың табиғи ресурстарын неғұрлым толық зерттеуге және пайдалануға, оның экономикасының, ғылымы мен мәдениетінің өркендеп өсуіне кең мүмкіндіктер ашты. 1995 жылы 31 желтоқсанда Ғ. а.–ның ғылыми–зерттеу институттарында ғылыми қызметкерлердің саны 2996–ға жетті, оның ішінде 408 ғылым докторы және 1289 ғылым кандидаты; ал 2009 жылы ҚР Ұ. Ғ. а.–нда 172 толық мүше, 21 құрметті мүше және 14 шетелдік мүшесі болды. Ғ. а.–ның құрамында 5 ғылыми бөлімше (1999): физика–математикалық ғылымдар, Жер туралы ғылымдар, химия–технологиялық ғылымдар, биология және медицина ғылымдары, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бөлімшелері, сондай–ақ ғылыми–ұйымдық және халықаралық бөлімшелер жұмыс істеді. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *