рух

тіршілік тынысы, жоғарғы ақиқатты танушы адамдық қасиет.Қоғамның рухани саласы – ең күрделі, сонымен қатар, бір қарағанда байқалмайтын құбылыс. Біз желдің бар екенін білеміз. Бірақ, ол көзге көрінбейді. Сол сияқты жалпы Р–ты ешкім ешқашанда көрген жоқ. Бірақ, оның бар екеніне ешкім күмәндәнбайды. Егер “Р.” деген ұғымның шыққан тегін қарасақ, онда грек тілінде ол “пневма” – яғни, ауа, тыныс, үрлеу – деген сөздерге жақын, латын тіліндегі “спиритус” – көрінбейтін, жеңіл, тыныс деген сөздерге жақын мағына береді, ал орыстың “дух” деген сөзінің төркіні “дуновение”, “дыхание”– деген сөздерге жақын.  Дүниеге ең жалпы түрде қарағанда біз материя мен Р–ты ғана табамыз. Олар бір–біріне контрарлы, қарсы, сонымен бірге, бір–бірінен бөлек өмір сүре алмайды. Ал осы екеуінің қайсысы дүниенің негізінде жатыр деген сұрақ –  әрқашанда ашық, жоғарыда көрсеткеніміздей, оған ойшылдар әр–түрлі жауап береді. Болашақта да бұл сұрақ ашық болып қала бермек, өйткені, болмыстың шегіне жеткен негіздерін ашсақ, онда біз құдайлық дәрежеге көтерілген болар едік. Алайда, адам Құдай емес, ол кеңістік пен уақытта шектелген пенде, ал дүние  –  шексіз.     Сондықтан да көп жағдайда қарапайым адамдар Р–ты дінмен ұштастырып, оның түп–тамырын Құдайдың күш–құдіретімен байланыстырады. Әрине, бұл ғылыми талдауды талап етпейді, оған тек сену керек. Сондықтан да, бүгінгі адамзат қандай білім мен техниканың биік дәрәжесінде болғанымен, миллиардтаған адамдар Құдайға сенеді. Бұл сенім оларға күш–қуат беріп, дүниедегі қиындықтарға тойтарыс беруге көмектеседі. Құдайдан адамды өзіне тартып алу үшін Мефистофель (зұлымдықтың символы) адамға: “Сен маған жан–дүниеңді берсең, мен саған мәңгілік өмір, өлместік берер едім”– депті дейді Гете өзінің әйгілі шығармасында. Мұндай жағдайда, әрине, адам дене ретінде сақталғанмен, өзінің нағыз адами өзегінен айырылып, зұлым пендеге айналар еді.  Алайда, бүгінгі адамды көп жағдайда  діни көзқарас қанағаттындыра алмайды. Егер Құдай идеясын жақшаның ішіне алсақ, онды біз бәрібір Р–ты табамыз. Ол – адам. Оның шаттық пен қасіретке, үрей мен қиялға, махаббат пен риясыздыққа т.с.с. толы ішкі өмірі бар. Енді осы адами тұрғыдан Р–ты талдап көрейік.

Адамның денесі болғанымен, ол ең алдымен – Р. Өткен замандағы және қазіргі ойшылдардың бәрі де адамның рухани пенде екенін қажымай айтып келеді. Кең түрде алғанда, Р. деп біз адамның психикалық өмірінің ең биік, санамен байланысты оны жетілдіруге, кемеліне келуге итермелейтін, дүние мен қоғамды бірлікке, үндестікке шақырып, осы жолда оны өзгертуге бағытталған көріністерін айтамыз. Р–тың қайнар көзі материалдық дүниенің терең қабаттарына кетеді. Ол заттардың біртұтастығын және бір–бірімен байланыстарын қамтамасыз етіп, оларды жетілуге итермелейтін күш. Уақытында П. де Шарден айтқандай, оны біз молекуланың өз ішкі тартуынан ақ байқауымызға болады. Оны Платон “морфе” (заттың болмыс формасы), Аристотель қайсыбір дененің “энтелехиясы” ( оның болмысын анықтайтын ішкі мақсат–мұраты), В.Г.Лейбниц “монада” (көзге көрінбейтін рухани күш),– деп атап кеткен болатын.    Егер өлі және тірі табиғатта оның осы ішкі күштері денесінен бөлінбей өмір сүрсе, адам дүниеге келіп,  абстрактылық ойлау мүмкіндіктері пайда болысымен–ақ, олар оның санасында бейнеленіп, неше–түрлі категориялар, принциптер, нормалар, идеялар т.с.с. құндылықтарды тудырады.

Аса ескеруге алатын нәрсе – адам Дүниенің заңдылықтарын өз санасында тек бейнелеп қана қоймай, оны өзгертуге, жетілдіруге, кемеліне келген модельдерді қалыптастыруға, бүгінгі өмірде жоқ, бірақ, болуға тиістіні ойлап шығаруға тырысады. Міне, осының арқасында қоғам өмірінде тиістілік, болуға тиіс,– яғни, құндылықтар әлемі дүниеге келеді. Ол –  Ізгілік пен Әсемдік, Ақиқат пен Шындық, Әділеттілік, Еріктік пен Теңдік, Сүйіспеншілік, т.с.с. құндылықтар. Мұны Р–тың ең биік қызметі деп айтсақ та болады. Ол тұлға өмірінің мән–мағнасын құрап, соны өмірге еңгізуге бағытталған күш–жігерді тудырады. Алайда іргетасты өмір қайшылығы мынада: ешбір рухани құндылық, идеал, т.с.с. ешқашанда толығынан өмірде іске аспайды.   Оны ойшылдар сонау көне заманда байқап “бәрі де әбігерлік, әбігерліктің әбігерлігі” – деген болатын. Сондықтан, ол Р–тың шынайы дүниедегі адамдар пендешілігіне  қарап зарығып, зұлымдыққа былғанып жатқан дүниеге қарсы шығып, оқтын–оқтын көтерілуіне әкеледі. Егер дүние кемеліне келіп жетілсе, онда ол барлық қайшылықтарды жойып, яғни, өз–өзін жоқ қылатынын біз ақыл–ой арқылы түсінеміз. Ал, мәңгілік бақытты өмір осы тұрғыдан алғанда тозақтың ең жаман түрі болар еді. Алайда, ақыл–ой оны түсінгенмен, Р. оған қанағаттанбайды, ол қол астындағы кемшілікке толы болмысты Ізгілік пен Әсемдік, Ақиқат пен Сүйіспеншілік т.с.с. құндылықтардың негізінде қайта өзгертіп жетілдіргісі келеді. Қайсыбір дін осы жолда ертелі–кеш зұлымдыққа тойтарыс беріліп, жақсылық, ізгіліктің болашақтағы жеңісіне сенуді уағыздайды. Әрине, ол адамның көңілінен шығады. Сондықтан, көп жағдайда нақтылы өмірде зұлымдық өз тойын тойлағанмен, ақырында жақсылықтың жеңетініне адамзаттың көпшілігі сенеді.  Сонымен қатар, адам Р–ының кемеліне келген дүниеге деген іңкәрі мыңдаған жылдардың шеңберінде орсан–зор Өнер Әлемін тудырады. Оған әдебиет пен поэзия, қыл–қалам мен мүсін, сәулет пен әуен, сымбат т.с.с. өнер түрлерін жатқызуға болады. Өнер әлемі бізді аз уақыт болса да нақтылы болмыстан жоғарылатып, рухтың кереметтігін көрсетіп, жан–дүниеміздің ластанған жағын тазарып, біздің Ақиқат, Әсемдік, Сүйіспеншілікке деген сенімді нығайтады.

Қарапайым сана деңгейінде көп жағдайда “жан” мен “Р–ты” бір мағынада пайдаланады. Алайда, олар әр–түрлі ұғымдар. “Жан” (псюхе, анима) – деп біз адамның ішкі әлеміндегі өмірге деген іңкәрін, оның күнбе–күнгі қуанышы мен зардабын, оның жарқын, я болмаса күңгірт ұмтылуларын, жалпы алғанда, өмір сүруге (витальдық) бағытталған күш–қуатын айтамыз. Яғни, оны адамның дене құрылысымен өте тығыз байланысты сезімдік–психикалық құбылыстардың жиынтығы деуге де болар еді. Тарихи жан адаммен бірге дүниеге келеді. Ал Р–қа келер болсақ – ол адам психикасы дамуының соңғы жетілген сатыларымен байланысты.   Енді жеке адамның өмір сатыларына келер болсақ, онда да Р. жаннан кейін қалыптаса бастайды. Егер жан деп біз адамның организм ретіндегі өмірге деген интенциясын (ұмтылысын) айтсақ, Р–тың өмір сүруі тікелей адамның дене құрылысымен байланысты емес. Р. қалыптасу заңдылықтарына сүйенеді, өз–өзін адам өмір шеңберінің аяғына дейін дамытып, кейбір кезде тіпті адамның дене ақуалын ауырлатып та жіберуі мүмкін. Қорыта келе, адамды рухани пенде десек те болғаны. Оның ішкі тебіреніс, үміт, сенім, т.с.с. құндылықтарға толы шегі жоқ өз рухани  Ғарышы бар. Оның өзегі  – адамның өзіндік санасында. Адам санасы арқылы өз–өзінен алшақтап, өзіне сындық рухани көкей көзімен қарай алатын мүмкіндікке жетеді. Ешбір жануардың мұндай қасиеті жоқ.

Сонымен, адам – дене және Р. Денесіз рух, рухсыз – дене жоқ. Дүниенің қызығына салынып, Р–ты аяққа басып, я болмаса, Р–ты биік ұстап, дене қажеттіліктерімен санаспауға тағы да болмайды. Р–тың негізгі мақсаты – дүниенің бірлігін, үндестігін қамтамасыз ету, оны жетілдіру болғанымен, шынайы өмірде біз бұрмаланған, қирату, бөлу, қарсы қойу, жоюға бағытталған Р–ты да байқауымызға болады. Оны халық “зұлым Р.” – дейді. Руханияттыққа келер болсақ, ол өмірді толыққанды безендіру, материя мен Р–ты бір–біріне қарсы қоймай, бірге жетілдіру, үндестікке жеткізу, адам өмірінің жан–жақтылығын, мейлінше бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *