парыз

адамды өз болмысын адамгершіліктік құндылықтарға сай қалыптастыруға мәжбүрлейтін, ол үшін ішкі міндетке айналатын рухани қажеттілікті бейнелейтін философиялық–этикалық категория.  Маңыздылығы жағынан П–ды ар–ұжданмен қатар қоюға болады. Ар–ұждан секілді П. да адамның адамгершілік санасын, тәртібін бақылап және реттеп отыратын ішкі механизм. Тұлғаның П–ын атқаруын сыртқы моральдық санкциялардың көмегімен бақылауға да болады. П–ды осы экстроверттік жолмен, сыртқы жағдайлардан (ол жалпы қоғам, оның мүшелері, қоғамда қабылданған салт–дәстүрлер, әдеп–ғұрып, қоғамдық пікір, белгілі бір моральдық нормалар болуы мүмкін) қорқып–сескенгеннен, басқаша айтсақ, “П–ды орындау” сезімінің басқаруымен атқару да кездеседі. Мұндай жағдайда көзге бәрі дұрыс секілді көрінгенмен, тұлғаның ішкі жан дүниесінде тыныштық болмай, адам тіпті күйзеліс пен қамығуға ұшырауы мүмкін. Ал интроверттік сипатқа ие П. адамның ішкі дүниесінің, ақыл–ойының талабынан туындайды, оған адам саналы түрде, еш қысымсыз, өз еркімен келеді. Сана деңгейінде түсініліп атқарылған осындай П. ғана адамға өзінің рухани–адамгершілік қуатын ашуға, өзін өз тағдырының қожасы ретінде сезінуге, өзін–өзі жасап–қалыптастыруға, өзінің табиғи сезімдерін шектеп, олардан ақыл–ойын жоғары қою арқылы адамшылық бастауларын дамытуға, сөйтіп, адамзат пен өзінің алдындағы П–ын атқаруына мүмкіндік береді. Яғни, саналы түрде, рационалдық деңгейде орындалған П. ғана адамның философиялық–антропологиялық сипатын аша алады.  Қазақ халқы П. ұғымын осы, адам болу, адамшылық пен адамгершілікке жету мақсатымен тығыз байланысты қарастырады. Ақыл–ой адамға басқа тіршілік етуші мақұлықтар секілді инстинктер деңгейінде өмір кешу үшін емес, жоғары адами мақсаттарды  орындау үшін берілген, сондықтан да өзінің табиғи қасиеттерін ақыл–ойдың көмегіне сүйене отырып жан–жақты дамыту, адам деген қасиетті атаққа сай болу — адамның басты П–ы.

П. – ар өлшемі, адамгершіліктің жоғары талабы. Жер бетіндегі жанды туындылардың ең жоғары тұғырда тұрғаны – адам. Ұлы Абай айтқандай, құдай адамзатты өз махаббатымен жаратқан. Адам үшін тіршіліктің ең қиыны, күрделісі – нағыз адам болу. Біз адам деген ардақты атқа кір келтірмеу үшін, күнделікті тыныс – тіршілікте осы мақсатқа жету үшін күресу қажет. Әйтпесе, адамдық қабілеттері жоғалып, хайуанға ұқсап кетуі ғажап емес. Мұндай жағдайда адам өзінің кісілік қасиеттерінен айырылып қалады. «Адам болар баланың кісіменен ісі бар» деген халқымыз. Ал кісілік – имандылық дейтін үлкен ұғымның бел баласы сияқты ұлағатты қасиет. П.– адамзат жануарлар дүниесінен бөлініп шыққаннан бері қалыптасқан моральдық сезімдердің бірі. Ол ар–ұят сияқты адамның өзін–өзі бақылауының құралы. П. – адамгершілік негіздерін сақтайтын итермеші себеп, рухани әдептілік талабының «бұйрық» түріндегі көрінісі. Амалдардың бірлесіп, қоғамдасып өмір сүруінің қарапайым ережелері, бұл тұлғалық санада парыз деңгейінде бейнеленеді. П. діні мен тілі, шаруашылық және әлеуметтік дамуы әр түрлі елдерге ортақ ұғым. Күш көрсетуге тыйым салу, кісіні өлтірмеу, біреуге қиянат көрсетпеу, үлкенді сыйлау, жақсыны бағалау, өтірік айтпау, т.б. осы сияқты адамгершіліктің П–дары кез келген ұлттың рухани мәдениетінің төрінен орын алады. Ең үлкен П–дың бірі – «адамгершіліктің алтын заңында» жарияланған: «Өзіңе не тілесең, басқаға да соны тіле!». Бұл тарихи даму нәтижесінде кейіннен діни мазмұнға ие болып, имандылық талаптарына айналған П.  ұғымының қысқа да, нұсқа мазмұны.

Қоғамның негізгі бастамасы, ілкі ұясы – отбасы. Отбасының енді бір баламасын «жанұя» деп халық бекерге айтпаған. Нағыз терең әдептік сезімдер мен ұғымдар отбасында қалыптасады. Шын мәнісінде өз ата–анасын құрметтемейтін, олардың алдындағы парызы мен қарызын ұмытып кеткен адамнан өткен имансыз жоқ. Әке шешесін сыйламайтын адам басқаны да жарылқай қоймайды. «Бала – адамның бауыр еті», деп халық бекер айтпаған. Ата–ананың парызы құдайдан тек бала тілеп алумен шектелмейді. Мұндағы ең басты П. – балаларының адамша өмір сүруіне қажетті дұрыс тәрбие беру, ұрпағы алдындағы үлкен жауапкершілікті түсіну. Дұрыстап тәрбилей алсаң, ғұлама Абай айтқандай, баланың жақсысы – қызық. Егер балаң жаман болса онда әке–шешенің өмірі тозаққа айналады, онда олар құдайдан бала емес, бәле тілеп алған болып шығады.

Әсіресе, қазіргі кездегі жағдайда кейбіреулер ата–аналық П–ды тек күнкөріс пен байлыққа теліп қоюда. Бұдан ұлттық салт–дәстүрді сыйламайтын, тек алып –сатарлық әдістерді жақсы меңгерген, әдеп – инабатқа немқұрайды қарайтын «іскерлер» туындайды. Олар дүниенің барлығын сатып алуға болады деп, тіпті, ата–ана алдындағы қарызды теңгемен өтесекте жетеді деп ойлайды. Кейбіреулер ата–аналарын қарттар үйіне тапсыруға дейін барып жүр. Отбасында дұрыс тәрбие алмағандар немесе қазіргі кездегі жұмыссыздық салдарынан босқа сенделіп жүргендерден ата–ана алдындағы П–ды табу қиын. Қазірде кейбір жастардың үлкендерге дөрекі сөйлеуі, әйел жұртын сыйламау, жанжалқойлық, батыс мәдениетінің теріс жақтарына ұмтылу (есірткі, маскүнемдік, күш көрсету, нәпсіқұмарлық) секілді келеңсіз, теріс қылықтары ата–аналарды қатты ойлантып жүр. Ата–ана алдындағы парызды өтеуде етектен тартып жүрген тағы бір қырсық, кейбір отбасындағылардың өз перзенттерін ана тілінде тәрбиелемеуі.

Баланы нағыз толыққанды азамат етіп тәрбиелеу – ата–ананың басты П–ы болса, оларды қадір тұтып, қастерлеу, қартайғанда бағып–қағу перзенттік қарыз. Құдайдан «баламның табанына кірген тікен менің маңдайыма кірсін», «өзімді алып, баламды аман қалдыр» деп жалбарынған ата–ананы қалайша сыйламауға болады? Бұл қарызды ешқандай қаржымен, дүние–мүлік молдығымен өтеуге болмайды. Ата–ана алдындағы П–ды түсіну – бұл жас ұрпақтың мәдениеттілігінің, адамгершілігінің, инабаттылығының белгісі. Осы қарыздың түйіні – ана сүтін ақтау. Ол жөнінде халқымыз «Ана алдындағы П–ыңды, оны Меккеге үш рет арқалап апарып келсең де өтей алмайсың»  деген. Бала ата–ана өмірінің жалғасы, олардың орындалмаған арман–тілектерінің жүзеге асу үміті. Кішіпейіл, ақжарқын, мейірімді болып өскен ұл–қыз ата–ананың қас–қабағына қарап, хал–жағдайларын айтқызбай аңғарып, олардың күнделікті тыныс–тіршілігін қадағалап, сәл нәрсенің өзінен көңілін тауып, мерейін өсірмей ме?

Перзенттік П–дың негізі – ата–ананы риза қылып, олардың үнемі алғысын, ақ батасын алу.  Ата–ана алдындағы П. сияқты адам үшін ең қастерлі және жауапты П–дың бірі – туған жер, атамекен, Отан алдындағы перзенттік П.. Туған жердің, бабаларыңның қаны мен тері сіңген қасиетті топырақ – ұрпақтар үндестігінің куәсі. Адам үшін одан аяулы, қымбатты сезім бар ма? Ана мен Отанды халық бір–біріне бекерден бекер теңемейді. Әр заман ойшылдары Отан туралы тебіреніп, тамаша пікірлер айтқан. Қаз дауысты Қазбек би: «Алтын ұяң – Отан қымбат … туып өскен елің қымбат, кіндік кесіп, кір жуған жерің қымбат», десе, Бауыржан Момышұлы: «Отан үшін отқа түс – күймейсің» дейді. Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Алтын анам, Отаным, сенен аяр жаным жоқ, сенен іркер күшім жоқ» – деп ер, «қайратыңа мін – дағы, өрге бас» деп тебіренеді.

Кісі өз анасын басқаның зорлық – зомбылығынан қалай қорғайтын болса, өз Отанын да шексіз сүйіп, оны ата жауынан жан аямай қорғауы тиіс. Бұл оның қасиетті П–ы. Кешегі Желтоқсан оқиғалары (1986) кезінде осындай П–дың озат үлгісін шыбын жанын халқы үшін пида еткен Қайрат Рысқұлбеков көрсеткен жоқ па? Өз Отанын қорғауға дайын болу тек азаматтық П. емес, сонымен бірге ер жігіттің ар–намысымен де байланысып  жататын кең мағыналы ұғым. Бала ер жетіп, жігіт болғаннан  соң өзінің, туыстарының, елінің намысын қорғай білуге міндетті.

Ата–анасын ардақтау, өнер үйрену, білімді азамат атану, әділетті болу, біреуге кіріптар болмау, кісіге қиянат жасамау, әйел адамды құрметтеу, т.б. осы сияқты ізгі қасиеттерді бойға сіңіру парыз болып табылады. Адамдық П–дың ішінде ерекше орын алатыны «көрші ақысы», «көрші қарызы» дегендер. Халқымыздың «ұлың өссе – ұлы жақсымен ауылдас бол» деген нақыл сөзінің мол тәрбиелік маңызы бар. Халық «үй сатып алма – көрші сатып ал» деп тегін айтпаған. Мұсылмандық рәсімде де туысқандық хақысынан кейін көрші хақысы келеді. Оның мәні – көршілерді ренжітпеу, олардың мұқтаждықтарын ескеріп, шамасы жеткенше бір–біріне қарасу, оларға ешқандай зиян тигізбеу. Қазақ халқының дәстүр салтында П. бен қарыздың неше алуан түрлері бар. Олар: ұстаз алдындағы қарыз, табиғатты аялау, меймандостық қарыздары т.б. Адамға өз ісін жетік білу де басты П.. Ол үшін көп оқып, көп білу керек. Себебі, немістің ұлы ақыны Гете айтқандай: «Білімсіз тәжірибе – соқыр, ал тәжірибесіз ғылым жемісі жоқ ағаш секілді жалаң». Пайғамбар хадистерінде: «Үйретуден сараңдық қылмадым, үйренуге қорланбадым, әркімнен үйрендім, әркімге үйреттім» деген ұлағатты сөз қалған.        

Ғылым – адамзаттың қазынасы, ал білім қазынасының кілтін тауып, құпиясын ашу қажет. Қалай ашу керектігін сұраған адам сауапқа батады, яғни ізденген, білім жолын білгісі келген кісі адамгершіліктің биік деңгейіне көтеріледі. Шәкірттің ғылым сарайына енсем деп армандағаны – адамгершілік парыз. П. орындаған адам обал–сауапты жақсы біледі. Халық адамдық П–дарын орындамағандарды күнәһар деп есептейді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *